МЕН ӨЗІНІҢ АНА ТІЛІНДЕ СӨЙЛЕП, ӨЗГЕ ТІЛДЕРДІ ЖАҚСЫ МЕҢГЕРГЕН ҚАЗАҚқА СЕНЕМІН…

– Бүгінгі қазақ руханиятындағы ең басты мәселе не?
– Қазіргі қазақ руханиятындағы ең басты мәселе – әлі де жо­ға­лып кетпей, ұлтымызды аман сақтап келе жатқан, бо­йы­мыз­да­ғы ұлттық иммунитет пен патриотизмді өлтіріп алмау. жалпы, рух, сол рухтан өретін руханият – нақты ұлттық сипатқа ие құ­бы­лыс. Ол өз тілі, өз ділі, өз болмыс-бітімі, мазмұн-мәні, тек тә­нін­де­гі қансіңді қасиеттерден қалыптаса келе, жалпыхалықтық контекстегі ұғым ретінде әлемдік айналымға түседі. Яғни, бұл ешкім, ештеңе негізсіз, себеп-салдарсыз болмайды деген түй­сік-түсінік. Ол үшін алдымен мәдениет (культура) пен өр­ке­ниет­тің (цивилизация) ара жігін ажыратып, олардың ұлт өмі­рін­де­гі алатын орнын екшеп, түсініп алуымыз керек. Ендеше, философ Н.Бер­дяев­тің пікіріне жүгінсек, «Культура родилась из культа. истоки ее – сакральны» екен де, «Цивилизация выскочка – футуристична. В цивилизации есть хамизм зазнавшегося рагуепи (елірме – А.Ә.)» көрінеді. Сосын, сол арқылы рух пен ру­ха­ният­тың негізі ұлттық-табиғи болмыстан өрбитінін жетеге жеткізіп, санаға сіңіру. Әйтпесе, көппен бірге жалпыхалықтық мә­де­ниет, әлемдік өркениетке қол жеткізейік деу – бір кездегі «еуропаны кезген» коммунизм елесін көз алдына келтіретін ұм­ты­лыс қана.
Алдымен, мәдениет – о бастағы адам мен табиғат пайда бол­­ған кезең басталған киелі (сакральный) бастау да, өр­ке­ниет – келе-келе сол адамның ақыл-ой жемісінен өрбіген құ­бы­лыс. Яғни, алдыңғысын иманнан тарату керек те, соңғысын қол жет­­кіз­­ген жетістік ретінде қабылдауымыз керек.
Осыдан келіп қорытындылайтын мәселе: біз, қазақ, алдымен сол ұлт ретінде туа бітті мәдениетімізді сақтап, оны жаңа ке­зең­нің «тезіне» салу арқылы дамытып, жалпыхалықтық мә­де­ниет­пен ұштастыруға тиіспіз. Ал, енді өркениетке келсек, ол біз­дің ақыл-ойымыздың жемісі болып, әлемдік өркениеттен үлгі алу арқылы, ұлттық мүддеде дамуы тиіс.
Мәдениет дегеніміз – рухани және материалдық құн­ды­лық­тар­дың көзі. Ол өркениетпен ұштасып, үндескен тұстан әлеу­мет­тік-экономикалық әрі материалдық тыныс-тіршілік, оң тұр­мыс­қа қол жеткіземіз. Ал, рух болса – сол киелі мәдениеттің бір көрінісі. Яғни, ол екеуі де бірін-бірі толықтырып тұрған тұ­тас бір түсінік. Оларды жоғалтып алмау үшін ұлттық түй­сі­гі­міз жоғалмасын деп тілейік. Сондықтан, рух та адам сияқты, оның да ділі, тілі, әрі тәні бар. Халықты – жалпы, ұлтты – жалқы есім десек, онда рухтың жоғарыдағы айтылған жайларға қоса, алдымен дәстүрлі топыраққа өнген тек – негізі болады. Жал­пы­ха­лық­тық ұғымның қалыптасуы үшін алдымен оның жал­пы­ұлт­тық тә­ңір жаратқан түйір қаны болмай болмайды. Ештеңе негізсіз та­қыр­ға өнбейді. Тақырдың өзінің де түп-тамыр, негізі болады. Сон­дық­тан да, кейбіреулер айтқандай, адам болу үшін, сол тү­йір қан­нан жаралған қазақ болуым керек те, өсе келе табиғи эволюциялық өсіп-өну арқылы азамат болып қалыптасуға тиіспін.
Мәдениет пен өркениет Еуропаның меншігі емес. Айта-берді олардың түп-қазығы Шығыстан, тіпті, көшпенділердің ат тұя­ғы­мен теңіздің арғы бетіне жеткен құбылыс. Жалпы, киелі мә­де­ниет­тің көзі – табиғат, сосын ұлт, одан кейін барып жал­пы­ха­лық­тық құндылықтар. Міне, осылардан кейін барып көңілге тү­йе­тін жай – әрбір ұлтқа тән рух, руханият барлығына көз жеткізу. Алдымен соны жарылқап, ұшпаққа шығарып алайық та, сосын, соларды дамыту арқылы жалпыхалықтық мәдениет пен әлем­дік өркениетке қол жеткізейік. Онсыз біреудің киім-кешегін ұрлап киген ұрыдай күй кешеміз.
Басқаларды қайдам, мәселеге осы тұрғыдан келгенде мені, қазақ азаматы ретінде, алдымен қазақты кім көрінгеннің сынап-мінейтіні қатты ойландырады. Ұлтты сынау үшін алдымен оған моральдық құқың болуы керек. Әйтпесе, кез келген ұлттың өткені, бүгіні, ертеңі туралы жазылған жайларды оқып алып, өмірден, оның ішінде нақты ұлттан қол үзген кітаби кәсіпқор­лық көрсету – қазақ рухы мен руханиятына қиянат. Сондықтан, қазақ руханиятындағы ең басты мәселе – қазақ болып қалу. Қа­зақ­ша сөйлеу, сосын барып қалған тілдерде еркін сөйлеу ар­қы­лы қазақ қабілетін таныту.
– Қазақстандық орыс тілді интеллигенцияның «Тіл! Діл! Дін!» деп «шапқылап» жүрген қазақ тілді әріптестеріне қо­сыл­мауына себеп:
а) Өз бастарының оған (тіл-діл-дінге) қажеттілігі туып тұр­ған жоқ;
в) Сол айқайлап жүргендердің өздеріне сенбейді, «көз» үшін деп есептейді;
б) Әлде…
– Орыс тілді интеллигенцияның қазақ патриоттары мен ұлт­жан­ды­ла­рын түсінбеуі, тіпті түсінгісі келмеуі – олардың 70 жыл бойғы «аға ұлт» ретіндегі эгоизмінің «тақтан» түспеуінен. Соң­ғы кездердегі «орыс газет-журналдары мықты, ал, қазақ басылымдары әлсіз» деген жалған ой-пікірлердің етек алуының да бір сыры сонда. Ондай тұжырым қалыптастырушылар – қазақтың ұлт ретінде сөз, сөйлемге, сөз бояуына қаншалықты мән-мағына беретінін білмейтіндер немесе біле тұра мойындамаушылар. Яғни, биіктен қарап үйренген көздің төменге қарауға жалған намысы жібермеуі. Одан да әрі ақиқатқа жүгінсек, орыс басылымдарында күйретуші күш басым да, қазақ басылымдарында жи­нақ­тау­шы-жасампаздық дәстүр басым. Өйткені, орыс басылымдары сырт Ресей, айта берді батыс ақпараттық кеңістігіне қарап мақ­сат-мүдде, бағыт түзейді. Қазақша айтқанда, кез келген жергілікті ұлт мәселесіне келгенде олар жон арқасын беріп тұра қалады да, «жаны ашымастың қасында басың ауырмасын» принципінде жұмыс істейді. Иә, олар күнделікті тұрмыс-тіршіліктегі жоқ-барды, кем-кетікті тілге тиек етеді. Ол – күнкөріс дең­ге­йі­нен аса алмайтын, күйбең тіршіліктің ғана көрінісі. сосын, олар­дың қазақ басылымдарында қандай мәселелер қоз­ға­лып, нендей проблемалардың әңгіме болып жатқанынан хабары жоқ. болса да атүсті. Орыс басылымдары, тіпті кейбір ин­тел­ли­гент­те­рі­нің өздері қазақ тағдырына келгенде өз алаңдарында ғана «ойнап», ал, қазақ басылымдары, айта берді интеллигенттері болса, орыс тілін былай қойғанда, ағылшын, тағы да басқа шет тіл­де­рін меңгеру арқылы тұтас алаңда «ойнайды». Бұдан кеп шы­ға­тын қорытынды, алдыңғылардың қай-қайсысы болсын қазақ ті­лін шама-шарық, бар мүмкіндіктерінше меңгерулері керек. Міне, сонда ғана мәселе екі жақты тең қалыпта шешіледі. Әйт­пе­се, бұл мәселе қазақ басылымдары мен ин­тел­ли­ген­ция­сы­ның басым жағы болып қала береді.
Ал, орыс тілінде сөйлейтін, өзінің ана тілін білмейтін қа­зақ­тар­ға келсек, өкініштен басқа айтар ештеңе жоқ. Олар қазақ ті­лін өзге ұлт өкілдері меңгеріп алып жатқан кезде, өздерінің ана тіліне немқұрайдылықпен қарауын қылмыс деп санамайынша, олар­ға сенуге болмайды… Бір қарындасым «Қазақ қай тілде сөй­ле­се де мен оған сенемін» депті («ЖА», №110, 12.09.2000), ал, мен өзінің ана тілінде сөйлеп, өзге тілдерді жақсы меңгерген қа­зақ­қа сенемін.
– Хемингуэйдің Скотт Фицджеральдқа жазған бір хатында «…мы всего лишь писатели и мы должны писать» дейтін жолдар бар екен. Біздікілерде «біз бар болғаны жазушы ғанамыздан» гөрі «мен жазушымын!» деуі басымырақ сияқ­ты. Неге екен?..
– Ол өре, көңіл көкжиегінің тарлығынан. Әйтпесе, қазір өзін жазушымын, не ақынмын деген әрбір адам алдымен нем­құ­рай­ды­лық­тан ада, мещандық сана-сезімге бой алдырмаған азамат болуы тиіс. Сонда ғана олар ұлт мүддесін ойлап, өздерін кез келген тақырыптағы мәселелерге араластыра алады. сосын ғана жалған «мен жазушымын!» түсінігінен арылады. Түп­теп келгенде, ол шын мәніндегі жазушы болса, оны ел «мен жазушымын!» демей-ақ таниды ғой.
– Соңғы кездері «Қазақтың рухын көтеру керек!» деген тенденция қалыптасқандай… Жалпы, «РУХ КӨТЕРУ» деген ұғымның анықтамасы бар ма? Оның механизмдері қан­дай?
– Онда ешқандай да механизм жоқ. Механизмнің төресі – қазақтың қоғамдық өмірдің қай саласында да, қандай жағ­дай­да да өзін-өзі ұлт мүддесі жолында немқұрайдылықтан ада, сергек те сезімтал ұстауы. Әрі білімділік пен біліктілікте өзін ешбір ұлт өкілінен кем-кетік, қораш сезінбей, олардан аспаса кем бол­мау­ға тырысуы. Сосын, өзінің ділін, тілін, яғни, өзін-өзі қазақ ретінде жан-жақты сезіне біліп, өзгелерді кемсітіп-кемітпей, ту­ған жері мен елін мақтаныш ете алуы, нақтылап айтқанда, құл­дық психологиядан арылып, өзінің ұлттық тәуелсіздігін қор­ғай алатын намысты жани білуі.
Сондай-ақ, осыншама кең даланы, тіл мен ділді әдет-ғұрып пен салт-сананы мұраға қалдырған әруақтарды имандылықпен еске ала отырып, солардың іс-әрекеттерін өлтірмей, болашақ ұр­пақ­қа тапсыруы.

«Жас Алаш».
12 желтоқсан, 2000 жыл