Модернизм… Постмодернизм… Одан кейін қандай… Изм?!

Осы біз «измнен» жалыққан жоқпыз ба? Тексіз, топырақта өсіп-өніп, тамыр жаймаған жаңашылдық кімді ұшпаққа шы­ғар­ған. Талант таусылып, шығармашылық мүмкіндік сарқылған кезде сөзбен ойнау басталады. Сөйтіп, дәстүрді жоққа шы­ға­ра­тын құйтырқы «измдер» бой көтереді. Олардың жаны сірі. Әр ға­сыр­да көктен түскен дәстүрлі жеті өнерді күйрету үшін барын салып-ақ бағады. Бірақ, өкінішке орай, дәстүр қашанда да дәс­түр­лі­гін көрсеткен.

Мұны айтып отырғаным, газеттің өткен санындағы Әлия мен Әуезханның сұхбаттарын барынша мұқият оқып шығып, осындай ойға келдім. Сосын байқағаным, олардың басты кемшіліктері, көтерген мәселелерін өздерінің қансіңді ой-жүйе, болмыс-бітімімен емес, жүре келе сырттан телініп, бой­сің­ді бол­ған пікір-пайымдарымен (оларды кітапшылдар дейді) «тол­ғай­ды». Яғни, бұл – дәстүрді жоққа шығаратын табаны­ның бүрі, нық тірері жоқ космополиттік бағыт-бағдар.
Иә, әдебиетте, жалпы өнерде әртүрлі ағымның болғаны дұ­рыс. Бірақ, ол дәстүрден, топырақтан қол үзбесе керек. Әлем­дік деңгей, талап-тілекке қазақ өнерінің қай-қайсы да жасарып, жаңарған, жаңа тұрпаттағы өзіндік ұлттық дәстүр, болмыс-бітімімен жауап бергені жөн. Ал, кез келген жетекке іле­сіп, кез келген пошым-порым, кез келген болмыста көрініс беретін «хамелеон» кейіпте көріну өсіп-өнген әдебиет пен өнер­ге, мә­де­ниетке, айта берді философияға да жараспайды. Міне, Әлия мен Әуезханның басты кемшіліктері соны біліп, тү­сін­бей­тін­дік­те­рі, түсінсе де нигилистікке басып мойындамауы дер едім.
Біріншіден, сұхбат басқа тілден аударылғандай әсер қал­ды­рып, күңгірт те көмескі сөйлемдерден аяқ алып жүргісіздей күй кештіреді. Сонан соң, сырттан телінген терминдерден де көз тұнады. Енді бір таңғалдыратыны Әуезханның жан мен тән жө­нін­де­гі «солшыл» философиясы мен «тақырыпты – эпикалық са­на­ның жемісі» деуі, сондай-ақ, сөз бостандығын со «шикізат» күйінде қабылдауы, оның либерализмнің «балалық» ауруынан әлі арылмағанын көрсетеді. Ал, қазақтың қара өлеңі мен тарихи романын талқылау барысындағы кемсітіп-кекетуге құ­рыл­ған пікірі – оны барды жоққа шығаратын нигилист екеніне тағы көз жеткізеді. Әуезхан өзі мансұқ етіп отырған жайларды зерттеп-зерделемей, олардың қатпар-қатпар құпияларына үңіліп пі­кір айтпайды. Әйтпесе, қазақтың қара өлеңіндегі фи­ло­со­фия­лық ой-тұжырымдар данышпан Конфуций секілді тұлғалардың айтып, жазып қалдырғандарынан бір де кем емес.
Әуезхан «Өнер артефактық негізден суырыпсалмалық бол­мыс­қа көшіп барады» дейді. Осындағы артефакт термині (лат. арте – жасанды, факт – жасалынған. – А.Ә.) биологиялық объектілер қатынасындағы процестер жағдайында пайдаланатын термин. Оны әдеби-мәдени қатынастағы айналымға түсіру дұ­рыс-ақ делік. Сонда, Әуезханша түсінсек, өнер жасанды жа­са­лын­ған негізден… ары суырыпсалмалық болмысқа көшкені ме? Онда оның өнер атанып, зерде қалыптастыратын ұлағаты қай­сы? Өнер жасанды жасалынса несі өнер?! Не деген кереғар, ма­ғы­на­сыз­дық.
Енді бірде, ол «жазба сөз өнері, әдебиет… интеллектуалды жанрлар алдында кенжелеп қалған сыңайы бар» дейді. Оның пайымдауынша, әдебиет, сөз өнері кино, көркем авангард, философия, мәдениеттану сынды визуалды жанрлардан кенже қа­лып­ты-мыс. Бұл әбден таптаурын болған, сонау 20 – 30 жылдары Батыс, айта берді, іргеміздегі орыс өнерінің зиялыларынан қал­ған талас-тартыс. Біздің қазіргі ұққанымыз, сонау әлім­сақ­тан әдебиет пен сөз өнерінің ешқандай, ешнәрседен, ешқашан кенже қалмай, со Әуезхан секілді күстанаушылары болғанымен, мәң­гі­лік болып келе жатқаны. Міне, осы тұста оның тағы бір қа­те­ле­се­тін жайы – Батыста кітап пен ақыл-парасаттың құны, ол айт­қан­дай, әлі түсе қоймағандығы.
Сұхбат алушы Әлия «дәстүрді қорғау» жолында «өз­ге­ше ойлайтын қарсыласының» мұрнын бет етуден шаршамау әде­би ор­та­ның көркемдік-эстетикалық ың­ғай­да­ғы пі­кір­та­лас­тар­ға да­йын еместігін көрсетеді» дейді. біріншіден, дәс­түр еш­­қан­­дай қорғауды талап етпейді. Әйтпесе, орыс әдебиеті мен мә­де­ние­тін­де өздерін жаңашыл санап, «Выбросить Толстого, достоевского, Пушкина с парохода современности» деушілер мен «Қа­зақ­тың қара өлеңінің қа­быр­ға­сын күйретемін», «домбыра ес­кі­лік­тің дәстүрінен қал­ған» деп өзеурейтіндердің сан түрі өткен. Со­ған қарамай, ұлы мәртебелі дәстүр әлі күнге үзілген емес. Уа­қыт, мезгіл, заман лебіне қарап ол әлі талай жаңарып, жасарып отырады. Ал, жоқ­тан бар жасап, жаңашылдық танытамын деушілер қатты қателеседі. Әуезханның: «Жаңа әдеби, мәдени ситуация тудыру меніңше, қазіргі таңдағы маңызды мәселенің бірі. …Көне құн­ды­лық­тар­дың күші семгенмен, беделі басым» деуінің өзі асылық. Әйтпесе, жаңалық ешуақытта да таз­та­қыр­да өнбейді, тіпті, тазтақырдың өзінің құнары бар, ендеше, қан­дай жаңалық болмасын, ол – ескірген жақсылықтың жал­ға­сы, жаңарып жасарған түрі. Әдебиет тарихында футуризм, акмеизм, адамизм, имажинизм секілді талай-талай ағымдар болып, олар­дың талай-талай өкілдері өмірден өткен. Бүгінде со­лар­дың қай­сы­сы есте қалды?! Қалғандар – дәстүр жалғастырушылар толстой, Достоевский, Есенин, Мағжан, Ілияс, Әуезов секілді алыптар. Өткеннің дәстүрі мен эстетикасын жоққа шы­ға­рып, әде­биет пен мәдениеттегі, жалпы өнердегі эксперимент пен стиль шарттылығын насихаттайтын модернизм, постмодернизмді таланты, бойындағы интеллектуалды шы­ғар­ма­шы­лық қуаты сарқылғандар ғана жасайды. Құрастырады (конструкциялайды). Ендеше, «Өнер – өнер үшін» деушілер де солар.. Ал, Әуезхан мен Әлияның мансұқ ететін дәстүрін, дәс­түр ғұмыры ұзақтығын уақыт, кеңістік сан дәлелдеп келеді, дә­лел­дей береді де.
Қазіргі батыстық либерализм өкілдерінің мақсат-мүддесі – біз­­дің дәстүрге негізделген сана-сезімімізді «ләззаттану мен тояттану принципіне» жүгіндіріп, ғасырлар бойы қа­лып­тас­қан менталитетімізді шайқап, жарымжан ету. Олар қа­зақ­тың «сыл­ды­ры­нан былдыры көп қара өлеңі», «қазақтан өзге еш­кім білмейтін соғыстары», «60 процентін иранизм, арабизм, монголизмдерден тұрады» деуші Әуезхан секілділердің қо­лы­мен от кө­сей­ді. Шындыққа келгенде, бұл проблемалар да атал­ған авторға дейін сан жазылып, алуан-алуан пікірлер қай­шы­лы­ғы арқылы қа­лып­тас­қан қасиетті ұғымдар. Егер, Әуезхан қа­зақ­тың қара өле­ңін­де­гі, «Қаратаудың басынан көш келедідегі» әлеу­мет­тік-фи­ло­со­фия­лық, айта берді, саяси мән-ма­ғы­на­ны біл­ме­се, әйтпесе, «Са­ры­ағаш сазға біткен секілденіп», не «Сар желіп «Сәулем-айға» салған қандай», «Қуалай соқ­қан қо­ңыр жел» секілді іші-сырты бірдей сұлу, образды да әуез­ді сөй­лем­дер­ді құлағы естіп, көзі көрмесе, біз оны қалай кі­нә­лай аламыз?
Иисус пен Қарасай батырды тілге тиек етіп, Әуезханның соларды салыстыруы – парықсыздық. Салыстыру мен теңеудің, ұқ­са­ту мен айтудың да шегі болады. Иисус – әлемдік контекстегі тұлға. Оны жақсы көріп, жек көру туралы әңгіме қозғаудың өзі санаға сыймайды.
Ал, енді Нұрболат Масановқа келсек, бұл мәселеде «еш­қан­дай саясатшылдық» жоқ. Бұл жерде ұлттық мүдде ғана бар!
Дәстүр үшін ең қауіптісі – жартылай әдебиетші, жартылай мәдениеттанушы, жартылай философ, жартылай ақын, жартылай аудармашы… әрісі со өнердің кәсіпқоры болғандар. Оларға мода ауыстырып, әртүрлі ағымдар туғызу оңай. Оны уақыт, заман талабына сайдыра салу да қиындыққа соқпайды. Олар ғұ­мыр бойы жаңашыл-төңкерісшілер болып қаламыз деп ойлайтын болуы керек. Не болғанда да бәрі өз кез-кезеңінде болғаны дұ­рыс. Осындайда есіңе ұлы Гетенің «тот, кто в 20 лет не был «революционером», тот безнадежный сухарь; но тот, кто к 30-ти годам не стал «консерватором», тот – дурак…» дегені түседі екен…

«Қазақ әдебиеті».
21 шілде, 2000 жыл