Үрей

Қай газеттен оқып, қай күні қойын дәптеріме жазғаным есімде жоқ, әйтеуір, айнала бір парақтағанда көзіме түскені: «мынау болса – Қазақ. Мұның жағдайы ешқашан өз­гер­мей­ді. Абайдан бері солай!..» деген сөйлем. Сіздің не ұқ­қа­ны­ңыз­ды қайдам, менің білетінім осынау сөздің астарында үл­кен ҮРЕЙДІҢ суық көлеңкесі жатыр. Бұны жазған өзге емес, өз қазақ газетіміз. Құдай қаққанда аты-жөні, оның жазылған уа­қы­ты есіме түспей тұрғаны. Мұны неге айтып отырсың дейсіздер ғой. Тоқталайын. Осынау тұжырымнан есік-тереземізден ӨТІРІК пен ҮРЕЙ сығалап тұр. Ол – рухани ҮРЕЙ.

ҮРЕЙ – тарихи категория. Адамның ісін қолынан түсіріп, іш­ке­нін ірің, жегенін желім еткің келсе, оны со ҮРЕЙДЕ ұста. Үр­кіт. Ол туралы арлы-бергілі зерде қалыптастыратын ақын-жазушыларымыз да, философтарымыз да, ғалымдарымыз да, қой­шы әйтеуір, өнер атаулыдан үміттінің бәрі жазған. Әлі де жазылады. Сонда да, оның сырын ашып, түбіне жеткен ешкімді сезіп, біле алмай отырмыз. Яғни, ҮРЕЙ тарихилығымен қатар мәң­гі де категория екен. Оның екі түрі бар, біріншісі Құдай та­ға­ла­ның басқа салуымен келетін ҮРЕЙ ДЕ, екіншісі қолдан жасалып, жеке мақсат-мүдде жолындағы аярлықтан дертке айналдырылатын ҮРЕЙ. Біз соның екіншісіне тоқталмақшымыз.
Аталған ҮРЕЙДІҢ екінші түрін белгілі бір топ, үлкен ха­лық­тың ішіндегі аз ұлт өкілдері ойлап тапқан. Оның, негізі космополитизм мен нигилизмде жатыр. Ол неғұрлым табан тірер топырағың, арқа сүйерің болмаса, соғұрлым әр түрлі көздер арқылы өзің тұратын жердегі ұлтты ҮРЕЙДЕ ұстап, рухын сындыру арқылы билеп-төстеп қал принципіне саятын індет. Оның басты көзі – кейбір тәуелсізбіз деп жүрген БҰҚАРАЛЫҚ АҚ­ПА­РАТ ҚҰРАЛДАРЫ, яғни, солар жаулап алуға тырысқан АҚ­ПА­РАТ­ТЫҚ КЕҢІСТІК. Осы бір қуатты күш тұрғанда қалған әлеу­мет­тік-экономикалық, саяси-мәдени жайлар екінші планға ысырылады. Иә, әлеуметтік-экономикалық іс-шаралар арқылы да ұлт­ты ҮРЕЙДЕ ұстауға болады, бірақ, ол өтпелі кез-кезеңіне қа­рай жоғары-төменді деңгейде ауытқып тұратын процесс. О да қа­уіп­ті дерт, бірақ одан айығуға болады.
Жаңа сөз басында ҮРЕЙ жөнінде көп айтылып, жазылғаны туралы тілге тиек еттік. Соның бірі – 1996 жылғы «Ақиқат» журналының сәуірдегі санындағы С.Дорженовтың «ҮРЕЙ» атты мақаласы. Енді бірі – сол кезеңде жарық көрген «Жас Алаш» газетінің «ҰЛТТЫ ҮРЕЙ БИЛЕСЕ НЕ БОЛАДЫ?» деген сауалнамасы. Одан бері де біраз уақыт өтті ғой. Аталған мә­се­ле­ге неге қайта оралып отырмыз?
Оның себебі – соңғы кездері газет-журналдар, радио-телеарналарымызда жұртты ҮРЕЙДЕ ұстайтын хабар-ошар, ма­қа­ла-баяндаулардың етек алып кетуімен бірге, кейбір ақын-жа­зу­шы­ла­ры­мыз­дың қара аспанды суалдыруы.
Сонымен, тарих ғылымының докторы, профессор Секен Дор­же­нов­тың көтерген мәселесі мен «Жас Алаш» газетінің сауалнамасы – дер кезінде қозғалған жайлар. Секең мақаласында ұл­ты­мыз­дың арлы-бергі тарихына шолу жасай отырып, оның сана-сезімін, тұрмыс-тіршілігін жайлаған ҮРЕЙДІҢ сырын жан-жақты ашуға тырысқан. Ол орындалған да. Мақала бір тыныспен оқылады. Оның бір жерінде Секең: «Құрметті оқыр­ман, «осыншама түңілгендеріңізге не себеп?» дерсіз, себебі, он жылдан бері сөз көп, іс жоқ боп кетті» дейді. Біз бұ­ған қо­сы­ла­мыз. Ал бі­рақ, келтірілген сөйлемді жалғастыра «адамша өмір сүруден қа­лып барамыз» дейді. Міне, бар гәп осы тұс­та. Осы арқылы Се­кең қатты қателеседі де, өзі ҮРЕЙ туралы жазып отырып, сол ҮРЕЙ арқылы ұлт еңсесін басады. мер­зім­ді бас­па­сөз­дер мен телерадио арналардың кұдіреттілігі де сонда.
Ұлтты ҮРЕЙ билеген тұстан құлдық психология қа­лып­та­са­ды. Қазіргі әртүрлі құйтырқы жолдармен экономикалық, сая­си, әлеуметтік-психологиялық қысым көрсетіп, ұлтқа қиянат кел­ті­ру­ші­лер­дің де мақсаты сол. Әсіресе, олардың ішінде ең қа­­уіп­­ті­­сі – әлеуметтік-психологиялық ахуал жасаушылар. Олар ұлт­­тың рухын сындырады. Әлеуметтік-экономикалық дағ­­да­­рыс­тан шығуға жол табылады. Ал, әлеуметтік-психологиялық дағ­да­рыс туғызған РУХ ҮРЕЙІНЕН айығу неғайбыл. Сон­дық­тан, біз­ге қазір ұлттық САНА қалыптастыру керек. Ұлттың руға, тай­­па­­ға, топқа бөлінуі, со ұлттық САНАҒА қарағанда ұлт­­тық СЕ­ЗІМ­НІҢ жетегінде кетуінен. Оның ар жағында, тұ­тас­тық та­ны­ту­ға жол бермейтін жеке-жеке, топ-топ болмасақ өмір сүре алмаймыз деген ҮРЕЙ салқыны жатыр. «У ішсең руыңмен іш» деу де соған саяды.
Ұлтты ҮРЕЙ билеген тұстан ұлттық хаос басталады. Ұлт­тық егемендік пен тәуелсіздікті космополитизм мен ниги­лизм өкілдері билеп, ұлттағы барды жоюға тырысады. Оларға жол бермес үшін ұлттың саяси, діни, мәдени-әдеби және басқа топтар элитасының тұтастығы қажет. Олар рухани тұтастыққа ұйыт­қы болушылар. Рухани тұтастықтың апарар шегі шын мә­нін­де­гі ұлттық ТӘУЕЛСІЗДІК. Ұлттық ТӘУЕЛСІЗДІК – тәтті сөз. Оның дәмін татқан ұлтты ешқандай да ҮРЕЙ билемек емес. Біз­де әзірше сол жетпейді.
Демократияны, сөз бостандығын демагогияға ай­нал­дыр­ған­дар қашан да ұлтты ҮРЕЙ құшағында ұстауға тыры­сады. Кейбір либерал өздерін «тәуелсізбіз» (ешқандайда тә­уел­сіз емес, ол белгілі бір ақшалы қалтаға, оның тобының мақ­сат-мүддесіне қызмет етеді. Соларға тәуелді) деп санайтын газеттер мен телерадиоарналардың көздеп-іздегені де сол. Әлі оңы-солын танып үлгермеген ұлтты үнемі ҮРЕЙ­ЛЕН­ДІ­РІП, олардың сана-сезімдерін тұрмыс тудырған ке­­лең­­сіз жайлар арқылы езіп, еңсесін көтертпестей күй кеш­тіреді.
Ұлтты ҮРЕЙ билеген тұстан ұлттық тұтастық күйрейді. Ең бастысы, жалпы халықтық ҰЖМАҚ (барлық жағынан) – космополитизм етек алады да, ұлттың әдет-ғұрып, салт-санасына ши жүгіреді. Сондықтан, қазір біздің ұлтымызға эко­но­ми­ка­лық-әлеуметтік қиындықтан түптің-түбінде алып шы­ға­тын, ұлт­қа оңы-солын ажыратуға мүмкіндік беретін саяси көз­қа­рық­ты­лық пен сауаттылық қажет. Со Секен Дорженов мырза екеу­міз­дің ойымыз «ҮРЕЙ билеген тұста құлдық психология қа­­лып­­та­­са­­ды» деген тұжырым тұсында үндеседі. Құрметті тарихшы ҮРЕЙДІҢ түп қазығын әлеуметтік-экономикалық, тіпті, сөз бостандығынан іздейді. («Зиялылардың тіліне қақпан салынуы»). Сөз жоқ, Секеңнің бұл пікірінің де жаны бар. Бірақ, ол уақытша құбылыс. Біз қашан да әлеуметтік-экономикалық дағ­­да­­рыс­­тан ерте ме, кеш пе шығамыз. Шығын да болар. Оған Қы­­тай, Жапония, Оңтүстік Корея секілді мемлекеттердің тарихы куә. Ал, рухани, сана-сезім ҮРЕЙІ ең қауіпті жау екенін әлі күн­ге дейін елеп-ескермей келе жатырмыз. Гәптің тағы бір ұш­ты­ғы осында. Ұлтқа не халыққа дүние жалғанның тек қана қа­раң­ғы­лық тұстарын ғана айтып олардың сана-сезімдерін жақ­сы­лық­тан алып қашсақ, міне, ҮРЕЙДІҢ көкесі сонда. Оны айтасыз, тіпті, төрт-бес ай айлық алмай, қаржыдан қиналған адам­ның өз-өзіне қол салуын да ерлікпен пара-пар жағдайдай насихаттайтын басылымдардың барлығын кімнен жасырамыз. болмаса, кең байтақ республикамыздың бір бұрышынан шық­қан келеңсіздікті жер дүниеге жар салып, әлемдік деңгейдегі қа­сі­рет­тей насихаттайтұғын теле-радиоарналардың барлығы да өті­рік емес. Иә, қайғының үлкен-кішісі болмайды. Біз оған келісеміз. Бірақ, сол арқылы күнделікті ертелі-кеш қоғамды, адам сана-сезімін ҮРЕЙДЕ ұстап, олардың еңсесін баса беруге еш уақытта келісе алмаймыз. Мен үшін дүние жарығымен де құнды.
Бір кезде ұлы Достоевский өзінің «Дневник писателя» атты күнделігінде 1877 жылы «… Наше время, столь неустойчивое, столь переходное, столь исполненное перемен и столь мало кого удовлетворяющее…», дей келе «Хуже того, что есть, никогда не было… 1 это царствование от реформ пропала об щая идея и всякая общая связь. Прежде хоть какая-нибудь да была, теперь никакой. Все врозь. Был хоть гаденький по- рядок, но был порядок. Теперь полный беспорядок во всем» деп жазғаны естеріңізде болар. Міне, осыдан артық не шындық, не ақиқат керек? Жазушының көтерген проблемасы бүгінгі күн­де де өз құнын кетірген жоқ. Соған қарамай, Достоевский ұлтты ҮРЕЙ­ДЕН сақтандырады. Мықты болуларын тілге тиек етеді. Өйт­ке­ні, ол – үлкен талант. Талант қашанда да уақытқа оппозиция. Сол арқылы ол уақыт тудырған қиындықты, айта берді қа­сі­рет­ті жеңуге үгіттейді Дәлел ме? Дәлел. Оның: «Не запугивайте себя сами, не говорите: «Один в пол не воин» и проч. всякий, кто искренно захотел истины, тот уже страшно силен» дей келеді де, ойын одан әрі: «Не под­ражайте некоторым фразерам, которые говорят поминутно, чтобы их слышали: «Не дают ничего делать, связывают руки, вселяют в душу отчаяние и разоча­рование» и проч. и проч. Все это фра­зеры и герои поэм дурного тона, рисую­щиеся собой лентяи. Кто хочет прино­сить пользу, тот и с буквально связан­ными руками может сделать массу добра» дегені. Сөйтіп, ол ресейге басты күйретуші күш қайдан келіп, оның суық желінің қан­ша­лық­ты, қалай соғатынын ескертеді.
Көрдіңіздер ме, үлкен таланттар қашанда ұлтты ҮРЕЙ билеуден қорғаған. Жалпы, сырттан телінген идея мен идео­ло­гия­ның мақсат-мүддесі де ұлтты со ҮРЕЙДЕ ұстау. Ал, оған мық­ты таланттары бар, сол таланттарына арқа сүйеген ұлт қана қиындыққа сыр бергеніне қарамай, оның ауырынан аман өте­ді. Сондықтан, кейбір өзін тәуелсіз га­зет, теле-радио санайтын ар­на­лар­дың үздіксіз өмірдің келеңсіз тұстарын көрсетіп, жазуына құлақ түру ҮРЕЙ жетегінде кету деген сөз. Иә, кетік-кемшілікті жазу керек. Шындық та, ақиқат та айтылмаса болмайды. Шама-шарық, қадір-қалімізше айтып та, жазып та жүр­міз. Бірақ, ол күйректікке ұрындырып, рухты сындыратын құ­рал­ға айналмауы тиіс. Өздерін жаңа бағыттағы тәуелсіз санайтын қазақ газеттеріне де соны айтар едік. Біздің ұлттың керемет қасиеті – ешуақытта өмірден түңіліп баз кешпеген. «Құ­дай­дан үмітім бар» дейтіні де сондықтан. Барды жоққа шы­ға­ру­шы нигилизм, табан тірер топырақтан ада космополитизм өкіл­де­рі­нің бірден-бір құралы да со ҮРЕЙ. Олар туралы бір кезде Павл Флоренский: «… Я верю и надеюсь, что, исчерпав себя, нигилизм (оның ішінде космополитизм де бар – А.Ә.) докажет свое ничтожество, всем надоест, вызовет ненависть к себе…», – деген.
Мұның бәрін тілге тиек етіп, оқырман назарына ұсын­ған­да­ғы мақсат – қазіргі экономикалық-әлеуметтік қиындықтың өт­пелілігін айтып, жандарын ҮРЕЙГЕ билетпеуге үндеу. Иә, сөз жоқ, қазір қиын да күрделі кезең. Бірақ, соған қарамай, бә­рі­міз­дің де Құдайдан үмітіміз бар.

«Қазақ әдебиеті».
21 шілде, 2000 жыл