«ҚАСҚЫР ДА ҚАС ҚЫЛМАЙДЫ ЖОЛДАСЫНА»

Бір үнтаспа, екі хат қолымызға тиді. Үшеуінде де бір мә­се­ле қозғалған екен. «Жазушы қиянат көрді, сендер айт­па­ған­да кім айтадыны» алға тартады. Біз қа­лам­дас­та­ры­мыз­дың бұл өтініштерін орындағымыз жоқ. «Кезінде талантты жазушы Нұрдәулет Ақыштың тап осындай бір ренішін жариялап едіңдер ғой», – дейді. «Солдаттың» өзіне ба­рың­дар, өздері жауап берсін», – деп уәж айтамыз біз. Со­ны­мыз­ға қарамай адамшылыққа жат бірқатар жайттар ай­тыл­ған үнтаспа «реті келсе көріңдермен» қолымызда қалды. Бі­рақ оны жариялаудан аулақпыз. Алайда, әңгіме көбейіп барады, алды бейресми газеттерде жариялана да бастады. Осы ретте жазушы болғаннан кейін де талантты қа­лам­да­сы­мыз марат ҚАБАНБАЙДЫҢ асыл затына дат түспеуін қа­лап, тө­мен­де­гі мақаланы жариялауды жөн көрдік. Көкейде бір ғана сұрақ: Кереметтей жазушы неге қақпақылға түсті? Көр­кем бір кітап жазғанда, ұрпаққа одан да пайда көп емес пе еді?

Бұ құдайдың құдіретін қойсаңызшы. Кезінде аяқ астынан Ке­ңес Одағы ыдырап, көз жетіп, көңіл шаларға келмейтін ке­зең-кез туды. Ол со Кеңес кезіндегідей жылы-жұмсақ, жайлы да жағымды, ың-шыңсыз қалыпты ырғақпен, бірте-бірте келе қой­са жақсы еді-ау. Жоқ, олай болмады. Өткеннің жақсы-жаманын, қажет те керек емесін таңдап-талғамай күйрете келді. Міне, осы тұста алдыңғылардың қатарында сана-сезім, ой-жемісін жеген, кәсіби шығармашылықпен жүрген үлкенді-кішілі, араларында дилетант, графоманы бар ақын-жазушылар сең­ге соғылған балықтай күй кешті. Жалына жармасып қалар қыз­мет те жоқ. Ақын, жазушы еңбегі назардан түспесе де, кей-кейде елеусіздеу қалатын шаққа жеттік. Сонымен, қоғамдық өмір­ге түскен жарықшақ алдымен сергек те сезімтал творчество адамдарының жүрегінен өтті. Олар күн көру үшін жергілікті басылым-бағдарларға қызметке орналаса бастады. Солардың арасында талантты жазушы, әрі публицист Марат Қабанбай да бар еді. Со кезде қызметін «Ана тілі» газетінен бастаған Мә­кең­нің жұлдызды шағын публицистика саласында туды. Оның өт­кір де өзекжарды жанайқайы бүгінге дейін со қасиетін бір сәт те жоғалтқан емес. Айтулы уақытта Мәкең Ақпарат және қо­ғам­дық келісім министрлігі арқылы жаңа пәтер де алды. Яғни, ол сол жылдары «Ана тілі» газетінде жүріп публицистикалық шы­ғар­ма­шы­лық­пен өндірте айналысты.
Содан кейін көп ұзамай, әр түрлі себептермен «Дат», оның артын ала «Солдат» газетіне қызметке ауысып, одан кейінгі ба­сы­лым­ның бас редакторы да болды. Бірақ, «Солдаттың» қо­жа­йын­да­ры Мараттың ұлтшылдығын, ұлтжандылығын қа­ла­ма­ған сыңайлы. «Солдаттың» мақсаты басқа ғой, түп­теп келгенде олардың қазақта шаруасы да жоқ. Бар мақ­сат­та­ры билік, мансап, ақша, айтақтаушылары шет елде. Қа­жы­гел­дин деп жүргеніміз әншейін, шын мәнінде ай­тақ­тау­шыл­ар­дың ұлты да, заты да басқа деседі. Ақыры Марат «солдаттан» кетіп тынды, әлгі бір сұхбатында да алдауға түсті.
Жеке тұлға, үлкен талант қашан да, қайда болмасын қо­ғам­дық өмірді қозғалысқа келтіріп, ондағы жұртшылықты еш уа­қыт­та бей-жай қалдырмаған. Соның айғағы, Марат көзі ті­рі­сін­де де, енді міне, өмірден өткен соң да алып-қашты сан-қилы әңгімеге арқау болып отыр. Бұ да тағдырдың жазғаны. таланттар ғұмыры осыған дейін де солай болған, осыдан кейін де солай болады. Одан астар іздеп, қысастық көру ешкімді ұш­пақ­қа шығармайды. Ол тек адам саяздығын ғана байқатады. ендеше, ол – өзін ақын-жазушы санайтын жанның, оның өлі-тірісіне қарамай жүріп жататын мәңгілік процесс. Мұның бә­рін тәп­­тіш­­теп таратып айтып жатқаным, осы өзіңіз оқып отыр­ған ма­­қа­­ла­­ны жазуға итермелеген жай болатын. Әйтпесе, әң­гі­ме дәл осы уақытта Мараттың көзі тірісінде жазған, не енді жа­зу­ға отыр­ған «кентавр» романы туралы болуы керек еді ғой. Құр­­мет­­ті де талантты жазушының жары Сәуле де, басқа жанашырлары да соны қалайтын. Сонымен, жақында «Доживем до понедельника» газетінің 19 санында «Умер Кабанбай марат, недав­ний главный редактор «Солдата». Так и не получив­ший за несколько месяцев зарплаты в «Солдате». У него не было даже денег на лекарства. И это оппози­ция?» деген ма­қа­ла жарық көрді. Енді, соның тұтас мәтініне назар ау­да­ра­йық:
«Қазақстанда жазушылар аз емес. Біз Мұхтар Әуезов, дмитрий Снегин, Сәбит Мұқанов, Иван Щеголихин, Мұзафар Әлім­баев­ты білеміз, ал, жас жазушы Марат Қабанбаевтың болғаны жөнінде көпшілік біле бермейді. Неге екенін қайдам, ешқашан кеңестік, не Қазақстан баспасөзінде де оның аты аталмайтын. Ол болса Ганс Христиан Андерсен атындағы сыйлықтың лауреаты болатын.
Міне, ол өмірден өтті. Біз үлкен Жазушыны ғана жо­ғалт­қан жоқпыз, сонымен бірге қазақ тілінің шырақшыларының бі­рі­нен айырылдық. Ол «Ана тілі» газетінде қызмет істеп жүрген кезінде ана тіліміздің тазалығы үшін күрескен бірден-бір қа­лам­гер бола­тын.
Кезінде оның таланты, тіпті, көрнекті жазушылығы туралы айтушылар да аз болды. Оның балаларға арналған «арыстан, мен, виолончель және қасапқана», «Бақбақ басы толған күн» повестері, «Кермек дәм», «Айшылық алыс жол» романы және басқа да шығармалары халықаралық әдебиет әлемінде жо­ға­ры бағаланған еді.
Өкінішке орай, жазушылар еңбегі ешкімге ке­рек емес беймезгіл уақыт туды. Арамыздан ерте кеткен талантты жа­зу­шы­ның Сейфуллин даңғылының бойында тұруына да аз-ақ қал­ған еді. Міне, осы уақытта талантты адамдарды қажет ететін «белестің» арғы жағынан Қажыгелдин пайда болды.
Ол – ақымақ емес. Бір кезде бүкіл әлемге Қазақстанның атын шығаратын, оның талантты адамдары екенін ол жақсы білетін. Міне, осы кезеңде өзінің мемлекеті үшін өмірінде ештеңе істемеген Қажыгелдин пайда болды. Сондықтан да, марат «Сол­дат­тың» редакторлығына келісті. Енді, қатты ауырып емханада жатқан РНПК мүшесінің айлығын алуға күніне ре­дак­ция­ға 3 – 4 рет барған жарын бос қайтарған оппозиционерлер оның кедейшілікте, хал үстінде жатқанмен шаруасы бол­ған жоқ. Ал, Марат Қабанбай аурудан және аштан өлудің аз-ақ алдында жатқан кезде қазіргі «Солдат» газетінің редакторы Бапи ма­шина мініп, газет шығарып жатты.
РНПК партиясының басшылары болса қозғалмайтын мү­лік­тер­ді иеленіп, керемет шетелдік машиналарды мініп, жеке кү­зет­ші­ле­рі­мен жүрді.
Тәңір-ай! Осындайда қандай гуманизм туралы әңгіме етуге болады. Туған Қазақстаннан шеттетілген оппозиция саналып, күніне бірнеше жүз долларлар төлеп, жан-жақты жетілген отельде тұрып, шетелдік іссапарда жүргендерге көз жасын көл­де­ту оңай. «Демократтар» Қазақстанда оппозицияға қырын қа­рай­ты­нын, үкіметте, парламентте орынсыз қалып, өздерінің жеке радио-телеарналары жоқтығын айтып көз жасын төгуге Мад­лен Олбрайтты асыға күтті.
Жаңа пайда болған «демократтардың» доллар есебімен грантқа қаржысы жетеді. Бір қызығы, ол гранттарды кімге және қан­­дай қызмет үшін бөледі? Тұтас ақпараттық жүйе құру туралы, оны компьютерлермен қамтамасыз ету секілді жүйесіз жо­­ба­­лар­­дың барлығы қарапайым қазақстандықтарға ешқандай да пайда әкелмейді. Демократия терісін жамылғандар болса, олар не Лондон, не Вашингтон, не одан да алыс шетелдерді аралап жүруші – бір адамдар. «Демократтардың» атқарған негізгі қыз­мет­те­рі – брифингтер, пресс-конференциялар, тренинг­тер, ақыл-есі кеміс балаларға арналған мектептерде өткізілетін ша­ра­лар­дың дең­ге­йін­де ғана. Сондай-ақ, 50 – 100 адам ғана пайдаланатын мекенжайлар мен телефондар анықтамасын бүкіл қа­­зақ­­стан­­дық­­тар­­ға деп шығаруы да аз ғана жанның мүддесі үшін.
Оппозициядағыларға билік және шетелдік демеушілер есебінен сүретін жайлы өмір керек. Олар үшін мемлекеттік немесе оппозицияда болсын, әйтеуір бір билік тұтқасы болса бол­ға­ны. Міне, осыдан келеді де «адам құқығын қорғау үшін» жүр­гі­зіп жатқан митингілер пайда болады. Ал, хал үстінде жатқан, жаны жайсаң, балаларға арнап шығарма жазатын адам үшін демократтардан қаржы табылмайды.
Қазақстанның халық жазушысы Мұзафар Әлімбаев марат Қабанбаевтың өлімі туралы, «толысып толған кезінде өмір­ден өте сымбатты және ішкі әлемі нұрлы жан өтті» деген еді. Оның шығармасындағы табиғи сәбилік те назардан тыс қалмаған. Ма­рат балаларға арнап өте көп жазды. Қазақ әдебиеті ауыр қа­за­ға ұшырады – Марат жазушы ғана емес еді, ол сонымен бірге жаңа толқынның жалынды публицисті де болатын.
Шынында да, өмірден тек талантты жазушы, публицист, журналист, редактор ғана өткен жоқ, со­нымен бірге, қарапайым да жақсы сезімтал жан өтті. Бастысы, ол өзінің бас пайдасын ғана ойламайтын. Ол қарымды қаламымен қазақ халқының мүд­де­сін қолдайтын.
Өкінішке орай, өзінің басылымы үшін тақырып та­ға­йын­дай­тын «қожайындар» пайда болып, ал, журналистер сатылатын кезең туды. «Демократ» мырзалар бұл жолы сіздер ауыр нау­қас­та­нып жатқан қызметкерлеріңіздің отбасына се­зім­тал­дық­та­ры­ңыз­ды көрсете алмадыңыздар. Адам өмірін қорғауға келгенде Қа­зақ­стан халқына жанашырлық танытатын демократиялық ба­ғыт­та­ғы басылымдар да өз беттерінде тиісті акциялар жасай алмады. Бар болғаны қарапайым адамдар мен қоңыр тіршілік иелері ғана қазақ халқының мақтанышы – талантты жа­зу­шы­ның емделуіне қол ұшын беріп, көмек жинады.
«Солдат» газетінің жаңа редакторы өз қызметкеріне бірнеше ай бойы жалақы бермей адам құқығын бұзды. Ол үшін шетелге барып адам құқының бұзылып жатқандығы туралы байбайлам салу әлдеқайда оңай болатын. Ал, Бапи мырзаға қыз­мет­кер­ле­рі­нің әйелдері жалақыға немесе дәрі-дәрмекке қаржы сұраса, оның «гуманистік сезімінің» жетілгені сонша, қаржыдан кө­мек­те­су­ге бас тартып отырды.
Сіздердің «достарыңыз» әл үстінде жатқанда, мақтаулы де­мо­кра­тизм­деріңіз бен жауапкершіліктеріңіз қайда қалды? Мүм­кін, оның ажалы аурудан да емес, амалдың қал­ма­ған­ды­ғы­нан, тығырыққа тірелгендіктен де келген болар.

Светлана Юнусова,
Міртай Ақшолақов».

Көріп отырсыздар, аталған мақаладағы жайлар жан ауыртады. Мұның өзі талантты адамдардың өмірден өткеннен ке­йін де өзінің соңында сан алуан әңгімелерге арқау болып, назардан түспейтінін тағы да бір анықтаса керек. Ендеше, бізге қазір шындық болса да, өкініш-өксік тудыратын қыжылға толы өкпе-наз керек пе? «Солдат» газетінің басшыларының Ма­­рат­тың асыл затын, ардақты атын пайдаланып, өзін қор­ла­уы­ның бізге не қажеті бар? Мұның бәрі сол «Солдат» бас­шы­ла­ры­ның азаматтық арына сын.
Біз енді Марат Қабанбайдай талантты жазушының артында қалған шығармаларына тоқтап, енді ғана қалам тарт­қан «кентавр» романы мен архивіндегі публицистикалық қол­жаз­ба­лар­ды тілге тиек етуіміз керек. Мүмкін, Мәкең – Мараттың журналистік қойын дәптерлерінде еліне жетуін күтіп жатқан ой-маржандары мол да шығар. Кезінде осы жолдарды жазып отырған пенделеріңіз жазушының жан-сырын білдіретін жазбалар жазып жүргенін де өз аузынан есіткен. Ендеше, ондай жай­лар­ға қаныққан адамдар – достары, бауырлары, қа­лам­дас­та­ры, бұрынғы қызметтестері де аз болмаса керек.
Жазушы-публицист Марат Қабанбай – қазіргі айтылып, жазылып жүрген кез келген оқиғадан жоғары жан. «Сол­дат­тың» қара табандарына қарағанда оның аты да, заты да асыл. «Солдат» ақысын жеп кетсе «солдаттығын» істеген де. Осындайда «бәлкім, Мәкең тірі қалуы да мүмкін еді-ау» дегендей де бір ой келеді, маған. Сондайда өз-өзімнен жаным түр­ші­ге­ді. Адамдар неге қайырым, мейірімнен жұрдай болып барады? «Қасқыр да қас қылмайды жолдасына» демеу­ші ме еді, бабаларымыз.
Ру, жүз жоқтауын жоқтағандай болып, жалған жанашыр­лық көрсету де ешкімге әбүйір әкелмеген. Сонау І Петрден бастап, бүгінгі Петр Своикке дейін талай айтылып, қазақ арасын арандатудан бір танбаған жайларды қайта-қайта қоп­сы­тып, қоз­дат­қан­да не пайда?
Мұны айтып отырғанымыз, кейбір өзін тәуелсіз санайтын газеттер таза әдебиет дүниесі жайлы бо­лып жатқан әңгімені бұра тартып, со ру, жүз мәселесіне әкеп тіреуіне не жорық. Бол­ма­ған жағдайда біреу айдап салды, жүдә болмаса біреудің қол­шоқ­па­ры болып отыр деп шығатынын қайтерсіз. Оған әл­де­кім, әлденелерге күпілдене кіжініп, аһ-уһ ұра жылаңқылық көр­се­те отырып, жоқ жерден жау іздеу секілді жайларды қосыңыз. Өмір тек көлеңкелі тұстардан ғана тұратын сияқты. Сонда, Жа­рат­қан Иеміздің жарығы мен таттырар тұз-дәмі қайда? Бұ да мә­се­ле. Со Мәкең – Марат Қабанбайдың аузынан жоғарыда атал­ған­дай жайлардың елдікке де, ерлікке де жатпайтынын айт­қа­нын сан естігенмін. Тіпті, мені сынап жер-жебіріме жеткен кез­де­рін­де де бір-бірімізбен сырласып, сыралғылық танытқан еді. Оны қа­зір біреу біліп, біреу білмес.
Жалпы, Мәкең қазасына байланысты және оның отбасына қолұшын беруде Қазақстан Жазушылар одағы мен ПЕН-клуб­тың, сондай-ақ жекелеген адамдардың азаматтық танытуларын кімнен жасырамыз. Бұ да елдің елдігін, азаматтардың аза­мат­ты­ғын танытса керек. Ал, жоғарыда келтірген мақаладағы жайттар жан ауыртады. Тіпті, сол әңгімені қозғаудың да керегі жоқ еді. Енді, талантты жазушы-публицист Марат Қабанбайдың аза­мат­тық тұлғасын ашу үшін оның көзі тірісіндегі шығармалары мен артында қалған қолжазбаларына назар аударғанымыз жөн.
Ендігі әңгіме талантты жазушы, әрі публицист Марат Қа­бан­бай­дың артында қалдырған мол мұрасы туралы болса игі.

«Біздің аяулы туысымыз, көрнекті жазушы, ха­лық­ара­лық Г.Х. Андерсен атындағы сыйлықтың лауреаты Марат Қабанбайдың мезгілсіз қайтыс болуына орай, қиын сәт­те демеп, көңіл білдірген барлық жамиғатқа «Қазақ әде­бие­ті» газеті арқылы мың да бір рақметімізді айтамыз.
Қабанбай әулеті».
«Қазақ әдебиеті».
19 мамыр, 2000 жыл