ҒАСЫР БАСЫ МЕН СОҢЫНДА ҚАЗАҚ ТҰРМЫСЫНДА ҚАНДАЙ ҰҚСАСТЫҚТАР БАР?

1. Алдымен басын ашып алатын бір жай, қойылған сауалдың екі жағы барлығы. Бірінші жағы, оның жағымдысы да, екіншісі жағымсызы. Жағымды жағы ешқайда қашпайды, ал, кемшілікті жөндеуіміз керек. Қазіргі қазақ жағдайындағы мақсат – ға­сыр басы мен аяғындағы ұқсас кемшіліктерді көріп, олардан са­бақ алу, қорытынды шығару керек. Сонымен, қазіргі «жаңа қа­зақ» немесе өзін реформаторлар санайтын белгілі бір топтың психологиясы, іс-әрекеті, белсенділігі, ғасыр басындағы «был­ға­ры курткалы» революционерлердікінен еш аумайтындығында. Екеуінің де мақсат-мұраты – бас-көз жоқ барды күйретіп, орнына өздерінің бейұлттық, одан да әрісі бейхалықтық қо­ғам­ды бойға сіңіру. 2. Қазіргі жүріп жатқан оптимизация мен ли­бе­ра­ли­за­ция­ның ғасыр басындағы коллективизациямен ұқсастығы. Бұ­лар­дың қай-қайсысы да қазаққа оңай тимеген. Соның салдарынан қазақтың әлеуметтік-экономикалық жағдайы құл­ды­рап, салт-дәстүріндегі үрдіс, тұрмыс-тіршілігіндегі қалыпты ыр­ғақ бұзылды. Содан барып ғасыр басындағыдай ғасыр аяғында да жергілікті ұлт ауылды жерлерден кенттерге көшіп, тіршілік қамын жасауға кірісті. Ұл-қызы бұзылды. 3. Ғасыр басында Ұлт азаттық қозғалысы болса, ал, соңын ала ол Желтоқсан көтерілісіне ұласты. Бұлардың екеуінің де негізгі қозғаушы күші қа­зақ­тар еді. Бұл зауалдардың екеуінде де алдымен қазақ интеллиген­циялары зардап шекті, қудалауға түсті, тіпті, атылғандары да бар. Ал, осы екі аралықта көзге көрінбейтін «мылтықсыз майдан» жүріп жатты. 4. Ғасыр басында қазақтың кең байтақ жері сырттан келгендерге «ырыс» көзіне айналса, ал, енді ғасыр со­ңын­да, ол сауда-саттыққа түсу арқылы, кім көрінгеннің еншісінде кетпекші. Жер ұлттық құндылықтан, жалпы халықтық құн­ды­лық­қа айналмақшы. 5. Жерімізге Октябрь революция­сымен бірге енген жағымсыз өркениет жетістіктері бүгінде ба­тыс­тық үлгіде қайта жаңғырып отыр. 6. Қазіргі Үкіметтегі бел­сен­ді­ле­рі­міз­дің де кейбір әрекеттері, сол ғасыр басындағы Үкі­мет басындағылардың шолақ белсенділіктеріндей әсер береді. Яғни, ұлт мүддесінен тыс іс-әрекеттердің етек алуына жол беріп, оларға азамат ретінде немқұрайлылықпен қараулары. Тіпті, қызмет бабында да сол көзқараста болулары. 7. Ғасыр басында жаппай орыстануға бет бұрсақ, ал, енді ғасыр аяғында жаппай ағылшындануға (батысшылдық) ұмтылудамыз. Бұны біз алдымен тілден бастап, соңы күнделікті тұрмыс-салтымызға айналдырып барамыз.

«Жас алаш».
30 желтоқсан, 1999 жыл