БҰЛ ЖОЛЫ ПРЕЗИДЕНТ ТЕ, ПАРЛАМЕНТ ТЕ ҚАТЕЛІК ЖІБЕРМЕУІ ТИІС

Кеше: «Адамға табын, жер енді!», – дедік
Бүгін: «Сатамыз сені, жер енді!», – дейміз

Хош, сонымен «Жер туралы» заң жобасы талқылануға ұсы­ныл­ды. Заң жобасына берілген түсініктемеге сенсек, аталған Заң жерге меншік иелерінің құқығын қорғап, жер нарығын нақ­ты дамыту үшін жағдай туғызады екен. Оны айтасыз, жерді және жер пайдалану құқын кепілдемеге қою арқылы ипотечті несиелеуге мүмкіндік береді-мыс. Сонымен бірге, шаруа жерді сатып алып қарық болып қалатын көрінеді. Не деген батпан құй­рық десеңізші.
Ал, біздіңше жер – ұлттық құндылық. Онда да әрі кетсек, ол көп жылдардан бері жалпы халықтық меншік емес пе еді? ендеше, өзінің жерін өзіне сатып, тіпті, өзінің Жер Анасын өз­ге­ге сатып не көрінді десейші, бұл Үкіметке. Біздіңше, жерді сау­да-саттыққа салудың түп-төркінін әлеуметтік эко­но­ми­ка­лық қиын­­дық­­тан іздеп, бюджеттің олқылығын толтырамыз, жыр­ты­ғы­мыз­ды жамаймыз деу бос сөз. Оны айтасыздар-ау, «Хабар» те­­ле­­ар­­на­­сы­­ның жүргізуші-қызметкері Абдуллов және оның қы­рық сыбайласы (образбен айтқанда) либерал-ре­фор­ма­тор­лар­дың айтуынша «Жер сатылмаса, шетелдік инвестицияларды тарту» қиын­ға түседі-мыс. Не деген «көріпкелдік». «Шетелдік инвестицияларды тарту жер сатуға қарап» қалса, онда көр­ген кү­ні­міз мүш­кіл-ақ екен.
Содан соң, коммерциялық операциялар арқылы тез пайда та­бу­ға құнығып, қаржы көзінің қапысын іздеген банктер әлі өнім бермеген, оның өнім беру-бермеуін бір Құдайдың өзі білетін жерді кепілге алып, несиеге қарық қылады дегенге кім сенеді? Айта берді, экономиканы либерализациялаудан баяғыда өтіп кеткен Ба­тыс­тық алып-сатарлар Сіздің «Жер сату» опе­ра­ция­ңыздың қақ­па­ны­на түсе қойса ғой. Тауарға айналған жердің құны қа­лай ба­ғам­дал­ға­ны­мен де кері кеткен экономикамыздың тегершегін оңға айналдыра қоймасы тағы анық. Өйткені, сатушы да, саудалаушы да қалталарын оңай қақтыра қоятын ашық ауыздар емес. Сон­дық­тан, жерді сауда-саттыққа салып, пайда табамыз деуіміз біз­дің мысық тілеуіміз болып қалады.
Ал, либерал-реформаторлар өмірден көріп-түйгені мол, жер еміп өскен «почвенник-консерваторлардың» жерді сауда-сат­тық­қа салу қылмыс дегенін айып көрсе, онда тіршілік көзі Жер-Ана­­мыз­­дың обалы соларға. Жерді сату дегеніміз – коллектив­тен­ді­ру кезіндегідей халықтың, оның ішінде қазақтың қо­лы­нан жерді тартып алу деген сөз. Өйткені, жергілікті жұрт­тың жер сатып алатындай қалта-қауқары да жоқ. Міне, осыдан келеді де әлеу­мет­тік теңсіздік кең етек алады. Шама-шар­қын­ша аз да болса жер еміп күнін көрген жұрт сы­ба­ға­сы­нан айырылып, сол жерді сатып алған ақшалы қалтаға тә­уел­ді болып шыға келеді.
Айта берді, жерді сауда-саттыққа салуға алдымен эко­но­ми­ка­лық-әлеуметтік емес, саяси тұрғыдан назар аударуымыз керек. Өйт­ке­ні, оның әрбір шақырымына, әрбір қарыс-сүйемі үшін қан төгілген. Ол қасиетті Ана ретінде корғалған. Тіпті, 20 түгілі бір ғасыр қазақ жерінде тұрса да Жер ешкімге, еш уақытта сатылмауы тиіс. Сауда-саттық басталған тұстан аярлық та, жа­уыз­дық та, бірін-біріне қырын қараған қырықпышақ қырқыс та туып кетуі бек мүмкін.
Бір қызығы, менің Үкіметім мен Парламентім Ресей тарапынан жер сатылады-мыс деген сөз шықса-ақ, жерін олардан бұ­рын сатып жіберуге бейім. Өйткені, шабан қозғалуға болмайды. Олай болатын себебі, Үкімет басында отырған кейбір аға­йын­дар­дың туған жеріне деген нигилистік әрі космополиттік көз­қа­ра­сы қашанда да өзінікіне қарағанда өзгенікіні таңсық көруге бе­йім тұратындығында. Біздің асығыс, ұшпа қоз­ға­ла­ты­ны­мыз­дың сыры да сонда. Әйтпесе, жерді сату бүгінгі жағдайда ерте, сын көтермейді. Жерді жекешелендіруден алғашқы кезде 27 миллиард теңге түсетін көрінеді-мыс. Бұл бюджеттің қай жыр­ты­ғын жамап, құлдыраған экономиканың қай тұсын көтереді екен.
Сонымен, Біз Кеше: «Адамға табын, Жер енді!» деп ұран­да­сақ, Бүгін: «Сатамыз сені, Жер енді!» деп жар салып жатырмыз. Сонда, қазақ жерін эксперимент орнына айналдыруды қа­­шан қоямыз? Бұлай дейтініміз, қатеден қатеге ұрынып, одан қо­­ры­­тын­­ды шығармау біздің қанымызға сіңіп, пешенемізге жа­зыл­ма­ған шығар. Ойланайық, ағайын.

«Жас Алаш», 1999 жыл