ТӘУЕЛСІЗДІК ТЕРІСІН ЖАМЫЛҒАН ТӘУЕЛДІ ГАЗЕТТЕР

Халық – жалпы, ұлт – жалқы есім. Сондықтан да, ұлт болып ұюға ұмтылмаған халық тобыр болуға лайық. Әсіресе, рухтар теке тірестігі мемлекеттілігіміз бен ұлтшылдығымызға, отан­шыл­ды­ғы­мыз бен тәуелсіздігімізге әр түрлі айла-әрекет, әр тұс­тан шабуыл жасалып, ұлы мақсат-мұратқа барар жолда аяқ­қа оралғы болып жүргендер еңсе көтере бастаған кезде, ол тіпті күр­де­ле­не, қиын­дай түсуде. Ұлт дәрежесіне көтеріле алмай, сол балаң қа­­за­­қы халық қалпымызда қалсақ, көлденең көк ат­­ты­ның шылауында, кез келгеннің тақымында кетеміз. Мұны қа­лың қа­ра­ға қа­ра­ған­да, өздерін зиялы қауым санайтын азаматтар тү­сі­не ме десек, олар да осынау аумалы-төкпелі өліара мезгілде сыр беріп қойған сы­ңай­лы. Болмаса, олардың кейбіреулері жеке бас­та­ры­ның қамдары үшін мемлекеттілігімізге, ұлт­шыл­ды­ғы­мыз­ға, отан­­шыл­­ды­­ғы­­мыз­­ға, тәуелсіздігімізге ши жүгіртетін іс-әре­кет­тер­ге барар ма еді. «Іш­тен шыққан жау жаман» деген сөз со­ған саяды.

Тобырды жолдан тайдырып, орға жығу оңай. Оған әлем­дік, іргеміздегі Ресей тарихынан көптеп мысал келтіруге болады. Соның бірі, 1905 жылғы қанды жексенбі. Саяси сауаттан ада, көкірек көзі тұмшаланған, оңы-солын танып үлгермеген жас халықтың кім көрінгеннің жетегінде кететіндігі де сонда. Аяр жанашырлыққа сеніп, маңдайын тасқа соққан кездері де аз емес. Бір қызығы, тарихтан сабақ алып, одан қорытынды шы­ғар­май­тын­ды­ғы­мыз­да. Халықты алаңға алып шығатын Гапон қай­дан да табылады. Ал, оның мақсатын, аяр әрекетін со халыққа тү­сін­ді­ре­тін­дер некен-саяқ.
Демократияны демогогияға, талап пен талғамды жал­пақ­ше­шей­лік­ке, сындарлы саясатты желөкпе желауыздыққа ай­нал­дыр­ған­дар сан түрлі айла-шарамен халық сеніміне кіріп, мұңын мұң­дап, жоғын жоқтағансып, оны басты мақсат – ұлт болып ұю, мемлекет болып тұтасу, отаншыл болып, ормандай ел болып отырсам деген ниетінен, ой-санасынан айныту. Ұлт болып қа­лып­тас­па­ған, саяси сауаты таяз халықтың сана-сабырына қа­ра­ған­да, ұшпа сезімінің ең жанды жерін білетін олар, оның оң­тай­лы тұсымен ойнап, отқа итереді. Әсіресе, қа­зір­гі солшыл радикал, тәуелсіздік терісін жамылған әлдебір, әл­де­қан­дай «обломовщина» мен «образованщинаның» шинелінен шық­қан Калита-ақшалы қалталыларға тәуелді газеттер со­­ның жемісі. Оларда ұлттық, мемлекеттілік, отан­шыл­дық, тәуелсіз ел мүд­де­сі­не қарағанда «жалпы еуропалық үй», «жалпы ха­лық­тық құн­ды­лық» деген жалпылама ұғымдар басым болады да, соларды ұлт­тың басты-басты құн­ды­лық­та­ры­на қар­сы қояды. Сөйтіп, ұлт Рухын сындырады. Космополитизм мен нигилизм, жалпы ха­лық­тық интернационализмнің озық үлгілерін бойларына боя­масыз сіңірген олар үшін то­пы­рақ­та (почва) өсіп-өнген, әлі де өсіп-өнетін әдет-ғұрып, салт-сана, ой-жүйе деген қасиетті ұғым­дар қашанда да тәрк, жат. Оған «Дат», «ХХІ-век», «451° по фаренгейту» секілді тә­уел­сіз­дік терісін жамылған тә­уел­ді газеттерде үздіксіз басылатын Масанов, Своик, Әмі­ре­құ­лов, өзін президенттікке ұсын­ған Қажыгелдин секілді аза­мат­тар­дың «өткір», халық мұ­ңын «мұңдаған» пуб­ли­цис­ти­ка­лық ой-тұжырымдары куә.
Іштен пісіп-жетілмей, сырттан телінген демократия пси­хо­ло­гия­лық дерт. Қашанда да өзгенің ойын компиляциялау абырой әпермеген. Ал, оған компиляторлық етіп, «об­ра­зо­ван­щи­на­лық алғыр­лық» таныту одан да қауіпті. Әсіресе, ол ұлттық сана-сезім, ой-жүйе қалыптасып, оң-солымызды толық танып үлгермеген кезімізде тіпті қасырет. Кітаби күйретуші теория-либерал-ра­ди­кал­дық, әлеуметтік-экономикалық, өзгелердің ой жемісі батысшыл демократияны насихаттаушы тәуелсіздік терісін жа­мыл­ған әлдекімдерге тәуелді газеттер Үкімет пен Парламент, қыз­мет басындағы кейбіреулерді, тіпті, өздерінің әріптестерін сынаймыз деп, ең қасиетті ұлттық ұғым, салт-дәстүрімізді аяқ асты етіп жатқандықтарын байқамайтын секілді. Бұны айтып отыр­ға­ным, сөз бостандығы да, со психологиялық дерттің бір түрі. Ол шектен тыс көп бойымызды алып, тілімізді шығарса, демогогияны былай қойғанда, ел арасына іріткі салатын арандатушы іс-әрекеттерге баратындығымызды ұмытпағанымыз жөн. «Ел арасын сөз бұзады» дейді ұлттық демократия үлгісі. Біз оппозициямыз, солай болу керек деген түсінік әбестік. оппозиция кетік-кемшілікті көзге шұқып, бетке салық етуші немесе көз­қа­рас­тар қайшылығынан от шығарып, халықты орға итеру емес. Қай кезде де ол ғасыр тоғысы, формация алмасу кезіндегі қиындық пен қызыққа толы өлара тұста мемлекеттілікті, ұлт­шыл­дық­ты, отаншылдықты, тәуелсіздікті қызғыштай қор­ғап, басқа түскен қиындықтан қалай шығудың жолын мең­зеу­ші бол­ған. Демократия жеке адамның мүддесі үшін беттен алып, төске шап шәлкез – шалдуарлық, Қараспанды су алдырып, түнек түн­ді төндіру болмаған. Ол менің, сенің, оның сый­лас­ты­ғын арттырып, ұлттық демократияны қалыптастыру. Төл то­пы­ра­ғы­мыз­да өсіп-өнген демократия нышандары, ұлттық құн­­ды­­лық­­тар­­ды қол­да­ныс­қа енгізу. Сөйтіп, оны – демократияны болашақ ұр­пақ­қа ұлттық шығынсыз жеткізу.
Халықтың соқыр сеніміне ие болғысы келген, тәуелсіздік терісін жамылған әлдебіреулерге тәуелді газеттер, оның (ха­лықтың) әлсіз тұсы – әлеуметтік-экономикалық қиын жағ­дай­дың қыс­па­ғы­на түскен кезін, саяси темірқазығынан адасқан сәтін, әлі де ұлт болып ұйый алмай, аумалы-төкпелі көңіл күй райында жүргендігін барынша пайдалануда. Ру тартысын қоз­ды­рып, тұтас үш жүз ортасына от тастап: «жекешелендіру ісі Ұлы жүз бен Кіші жүздің дәстүрлі одағымен Орта жүзге қарсы ба­ғыт­та өткізілді» деп пышақ кесті пікір айтушы мен «…қа­зір­гі сая­сат Қазақстанның қазақ емес тұрғындарын ығыс­ты­рып шы­ға­ру­ға нақты бағдар алғанын мойындауымыз керек» деген тон пішті жаласын басқан газеттерге мемлекеттілігіміз, ұлт­шыл­ды­ғы­мыз, отаншылдығымыз, тәуелсіздігіміздің тағ­ды­рын қа­лай сеніп тапсыра аламыз. Біз ешқандай сынға қарсы емес­піз, бірақ, ол аталған қасиетті ұғымдарымыздың шаңырағын шай­қайтын арандатушы әрекетке шақыру болмауы керек.
Ұлт тілінде шығып, ұлттың, мемлекеттің, Отанның, тә­уел­сіз­дік­тің мүддесін ойламаған газеттің қай-қайсысы болмасын, қа­зір­гі қиын-қыстау күннің ала құйын кезін пайдаланып, жеке бір адам­ның мүддесін ойласа, онда жетіскеніміз. Ас­та­на­мыз­дың тұсау кесері секілді дүбірлі тойлар өтіп, еліміз елдігін танытып жатқанда Үкімет шешімі, Президент Жарлығы, Ха­лық қолдауын алған көші-қон секілді, тағы да басқа ұлт қуа­ны­шы­на ортақтаса алмаған «Дат» газетіне өкініштен басқа еш­те­ңе айта алмаймыз. Астананың солтүстікке көшуінің стра­те­гия­лық мән-мағынасын түсіндіріп, одан ұлтқа келер болашақ – үл­кен тиім­ді­лік­тің көзін көрсете алмаған газеттен не үміт, не қа­йыр. Оған кеткен шығынды есептеп, халықтың онсыз да білетін жағ­да­йын алға тартқанша, оның болашақ ұлт мүддесі үшін ұлы іс-әрекет екендігін мақтаныш етсе еді. Солженицын мен оның сойылын соққандардың айтып та, насихаттап та жүр­ген­де­рі сол солтүстік облыстар мәселесі емес пе? Ендеше, тә­уел­сіз­дік терісін жамылған тәуелді газеттерге не жорық. «Жау жа­ға­дан ал­ған­да, бөрі етектен» деген сөз соған саяды.
Әйтпесе, бір кездегі патшалық Ресей, қазіргі де­мо­кра­тия­лық жолға түскен Ресей Санк-Петербургтің адам сүйегінің үс­тін­де тұрғызылғанын білмеді дейсіз бе, білді. Оған қарағанда, біз­дің көші-қон көш ілгері емес пе? Ендеше, қуанбасқа не себеп?! Халықтың ең әлсіз тұстары арқылы ойнап, бүгін Қа­зақ­стан­да жүріп, ертең өзге жұрттан табылатындардың жыртысын жырту өсер елдің баласына жараспайды. Содан соң, ит қалай, кім­ге үрсе де ит. Ол үшін бет жыртысып, кетісудің еш қа­жет­ті­лі­гі жоқ. Бұл сөзімде ешқандай астар, не біреуге меңзеу жоқ, бар бол­ға­ны ақиқат. Болмаса, мемлекеттілігімізді, ұлт­шыл­ды­ғы­мызды, отаншылдығымызды, тәуелсіздігімізді келімді-кетімді ешкім де қорғап, қолдап, желеп-жебей алмайды.
Біздің қазіргі басты қасіретіміз – ұлт болудан қалып бара жатқандығымыз. Біздің мемлекеттілігімізге, ұлт­шыл­ды­ғы­мыз­ға, отаншылдығымызға, тәуелсіздігімізге, ең арысы, ұлт­тық болмысымызға кім көрінген тас атып, тіл тигізеді. Кү­дік, күмәнмен қарайды. Ал, аталған қасиеттерімізді қор­ғап, қол­дап қалудың орнына солардың мақалаларын басқан тә­уел­сіз­дік­тің терісін жамылған тәуелді газеттер талап пен талғамды, демократияны демогогияға айналдырып, оларды кақпақылға салу арқылы жеке адамның мүддесін қорғайды. Оларды жанын салып қорғағандарды жерден алып, жерге салады. Кемшіліксіз жазушы, ақын, журналист жоқ, бірақ, оны сынау үшін кім-кімде болса да моралдық құқ болуы керек. Әсіресе, ол ұлттық, мемлекеттік, отандық, тәуелсіздік мүддесіне келгенде әрбір сөз­ге, ма­қа­ла­ға, жарияланымға жауапкершілікпен қарағаны жөн. Әр­бір ит бұт көтеріп тұра қалатын басылым бұта немесе құр қа­рай­ған емес. Оның аржағында тұтас ұлт, оны сүйетін оқыр­ман тұр.
Халықты саяси көзқарақтылыққа тәрбиелеу бүкіл Қа­зақ­стан­да шығатын ақпарат құралдарының міндеті, оны заң да, ар-ождан да, ең бастысы перзенттік парыз да жүктейді. Біз кем-кетік, бар-жоқты жіпке тізу арқылы, қасиетті ұлттық құн­ды­лық­та­ры­мыз­ды жоққа шығарып, аузымызды құрғақ шөп­пен сүртсек жат-жұрт, аңысын аңдығандардан неміз артық. Көл­де­нең көк атты «көшпелі» саясатты, саясатшыны насихаттау­шы тәуелсіздік терісін жамылған тәуелді газеттер ойланатын мә­се­ле көп. Қазіргі уақытша қиындықты алға салып, халықтың жо­ғын жоқтағандай болып жүрген ол басылымдардың беттеріндегі аяр жанашырлық уақытша құбылыс. Иелері саяси сахнадан кеткен күні, қалта саяздап, қолдың кірі – дүние суалғаннан соң-ақ бәрі-бәрісі орын орнына қойылады. Тек жоғарыдағы қай­та-қайта айтылған қасиетті ұғымдарға тіл тигізіп, аяққа ба­су­ға тырысқан әрекеттерге құлақ асып, аяр жанашырлықты шын жанашырлықтан айыра алмаған халықтың тобырға лайық көз­сіз сенімі, саяси сауатсыздығы, жақсы мен жаманды ажырата алмауы жанды жегідей жейді.
«Ия, мен айлық ала алмай жүрмін, ия, маған ауадай қа­­жет­­ті ақпараттар жетпей, менің Үкіметім ақсап, менің президентім кейбір жайларды елеп-ескеріп үлгере алмай жатыр. Бәрі рас. Бірақ, «Оны халық менің де кемшілігім» деп ауыр­лық­ты бірлесе көтергенде ғана, ру, жүзге бөліп, бөлшек­теп алуға әрекеттеніп жүргендерге жем болмаймыз.
Ия, «Мен жарлы-жақыбаймын, бірде жетіп, бірде жетпей жатқан кездерім де аз емес, соған қарамай маған мемлекеттігімді, ұлтшылдығымды, отаншылдығымды, тә­уел­сіз­ді­гім­ді қи, мазалама. Қалғанын қиналармын, тіпті, азаптанармын да, соған қарамай бәрін өзім жасап, үзілгенімді өзім жал­­ғап аламын. Ал, Сіздер бүкілхалықтық хаос жа­са­ма­ңыздар, ұлт болып ұйып, егемен ел, тәуелсіз мемлекет боламын де­ген­дер­дің көңіліне сенімсіздік, күдік, күмән, жалтаң да жа­сық­тық ұялатып, болашақтан үмітін үздірмеңіздер».
Қазіргі жүріп жатқан ақпарат құралдары бетіндегі мыл­­тық­­сыз майданның өтінде тұрған мемлекеттілігіміз, отан­­шыл­­ды­­ғы­­мыз, ұлтшылдығымыз, тәуелсіздігіміз әлдебір, әлдеқандай «көш­­пе­­лі» саясаткерлердің қарауылына ілінсе, онда іргелі ел­ді­гі­міз­ден не пайда. Енді, алдымызда үлкен сайлау тұр, онда ру-ру, жер-жер, топ-топқа бөлінбей, ұлы мақсат-мұрат тұтастығы жо­­лын­­да­­ғы ха­лық­ты­ғы­мыз­ды көрсете алсақ, дұрыс. Болмаған жағ­­дай­­да, ұлт болып ұюға лайықсыз тобырлық танытамыз. Көш­пе­лі, «ұша­­рын жел, қонарын сай білетін» ұшпа саясаткерлер мен өз­­­­де­­­­рін тә­уел­сіз газеттерміз деп жариялап, әлдекімдерге тә­уел­ді болып жүр­­ген басылымдар өтеді де кетеді. Қалатын біз, ұмыт­па­лық.

«Жас Алаш». 3 қараша, 1998 жыл