АҚМЕШІТ ҚАМАЛЫ ҚАЛАЙ ҚҰЛАДЫ?

Отаршыл орыс әкімдерінің басшылығымен қалың қазақ даласын қыспаққа алып, құрсаулай түсу кезеңі Сыр бойы – Ақ­ме­шіт­ті де айналып өтпеді. Жері құнарлы, балығы тайша тулаған бұл өлке патшалық Ресейдің назарына көптен бері түсіп жүр еді. Бірақ, Қоқан жағы қайта-қайта қоқаңдап, ат үстінде жүрген қазаққа баса көктеп кіру асығыстық болатынын олар да сезді. Со­ған қарамай, алғашқы шағын отряд бастаушылық жасамаса да, бар­лау­шы­лық танытып, 1852 жылы жаз айында Ақмешітке бет түзеді. Мұздай қаруланған 450 адам, екі зеңбіректі полковник Бларамберг басқарған отряд ә дегеннен-ақ қатты қарсылыққа кездесіп, Ақмешітті жартылай күйретіп, кері шегінуге межбүр болды.

Маңдайы тасқа тигеніне қарамай, екінші жорық та жасалды. Бұл 1853 жылдың көктемі еді. 1500 адамнан тұратын 18 зең­бі­рек­ті отряд Орынбордан шығып, Ақмешітке аттанды. Құ­ра­мын­да оралдық 400, орынборлық 150 орыс-казағы бар, 750 жаяу әс­кер­лі отряд жол-жөнекей кезіккен жазықсыз жандарды қанға бөк­ті­ріп, көздеген мақсаттарына да жетті. Аталған жорықты генерал-адъютант Перовский басқарды. Ақмешіт үш апта қор­ған­ды. Оның ішінде қорғанып, қарсы күреске жарайтын 300-ақ адам бар болатын. Қала қамалын қопарғыш жарылғыштармен бұ­­зып, халықты еріксіз бағындырды. Перовский отрядында жо­ға­ры­да аталған қарулы адамдармен бірге 1440 түйе, 1000 арбалы 300 башқұрт бар еді.
Осы орайда төменде назарларыңызға ұсынып отырған 1878 жылғы «Русский архив» журналының екінші кітабында жа­рық көрген граф В.А. Перовскийдің 1853 – 1856 жылдар ара­лы­ғын­да­ғы А.Я. Булгаковқа жазған 29 хаты мен жоғарыдағы келтірілген жайлар тарихи тұрғыдан келгенде құнды дерек. Әр түрлі жағ­дай­лар­ға байланысты аталған хаттардың тек Ақ­ме­шіт­ке байланысты жері ғана алынды.
16-хат
28 сәуір, (1853). Кем дегенде екі аптадан соң орынбордан Сыр-Дарияға аттанамын, аталған өзеннің бойын жағалай ағысқа қарсы жоғары қарай жүруімнің мақсаты бірнеше жылдардан бері біздің байғұс қырғыздарымызға (қазақтарға – А.Ә.) тыным бермей барымта жасап, қамал тұрғызып жатқан қо­қан­дық­тар­дың әрекеттеріне тыйым салып, жазалау. Міне, Сізге айтатын шын сөзім, барлық іс барысы осы. Задында, мен өлке асып, шектен шығып тұрған жоқпын. Өйткені, Сыр-Дария бойы біз­дің даламызбен шекаралас қызмет етіп, өзіміздің меншігімізді құ­­рай­­ды. Бұны жазып отырғаным, ретті келсе мен туралы асыра ай­тыл­ған өсек-аяңға тосқауыл боласыз ғой деп ойлаймын. айтылып жүрген сөзге қарағанда мен Хиуаға жорыққа аттанған сияқ­ты­мын, мұның барлығы мені кейін діттеген жеріңе жете алмай кері қайтты деуге ілік қой.

17-хат
12 мамыр (1853) Орынбор. Ертең емес, арғы күні жолға шы­ға­мын. Отряд пен арбалы керуен әлдеқашан жорықта. Мен өзім тоқтаусыз жүріп отырсам, 20 күннің ішінде Сыр-Дария са­ға­сы­на жетемін. Күніне 50-ден 60 шақырымға дейін жүріп отырсам ба деген ойым бар. Шойын жолмен салыстырғанда бұл, әри­не, шаян жылжыс, тағы бір есіңізге салар жай, бұл сапарда лау ат кездеспейді, тек бір атпен ғана жүруіме тура келеді, жо­рық қиын­ды­ғы­на төзу деген осы.

18-хат
17 мамыр (1853). …Мен Сізге өзімнің суретшілерім сызған картаны жолдап отырмын. Онда Сыр-Дарияның сағасына ор­на­лас­қан барлық елді мекендер көрсетілген, менің өзен жа­ға­лап жоғары жүретін жерім де сонда. Бұл карта әлі ешкімде жоқ, бай­қа­ңыз, оны алғаныңызды мақтаныш ете бермеңіз. Өзіңіз білесіз, бізде болмайтыннан құпия жасай береді ғой, бәрібір бұл карта да жарық көрмейді…

19-хат
30 мамыр (1853). 42 градус ыстықта, күннің астында хат жазып отырмын. Құрметті досым, осыдан он үш жыл бұрын дәп осы жерден 33 градус аязда Сізге хат жазған едім ғой, осындай екі жақты қысымға қасымдағы аз ғана адам төзе алған болатын. Сіздің көзалдыңызға қырғыз даласының қалай келетінін білмеймін. Сіз бізді қалың шалғынды, сылдыры тәтті мөлдір бұ­лақ­ты жермен жүріп келеді деп ойлауыңыз да мүмкін-ау. Тіпті, олай емес. Жылдың бұл мезгілінде бұлақ пен ағып жатқан су мүл­дем болмайды, қалың көкті жер сирек ұшырасады. Осыдан бір ай бұрын көлшіктеніп, бақаның мекеніне айналған. Ол бірде тұз­да­нып жатса, енді бірде қышқылданып, қалың құрақ пен жусан әдіптеніп жатады. Жүздеген шақырым бойы тұтас құм­нан бас­қа ештеңе көзге түспейді. Кеуіп сор басқан жер алыстан бір қа­ра­ған кезде дәл үйме қардай әсер береді. Жаныңа мұң ұя­ла­тар осынау көріністі бойлай мен және қасымдағы 100 қаралы зең­бі­рек­ті казак жүріп келе жатамыз. Отрядымның кеткеніне бірнеше күн болды, оларға мен енді 8 бекеттен ғана соң жете аламын. орынбордан шыққаннан бері (640 шақырым) бір күн ты­нық­қан жоқпыз, әзірше ауру-сырқау жоқ. Аттарым аман, отряд бойынша оншақты адам ғана әлсіздеу. Қысқаша айт­қан­да, әзірше жағдайымыз жаман емес.

20-хат
25 маусым (1853). Күйреген Көк-Қорған бекінісінің қар­сы алдындағы Қара-Үсектің оң жағалауы. Суы жақсы, шөбі бар. Бүгін 25 маусым. Енді, адамдар мен малдарыма дем алуға мүм­кін­дік беруге болады. Сонымен қысқа үзіліс. Аялдама, міне, осыны пайдаланып құрметті досым, мен Сізге аз ғана бір сөз айт­қым келеді…
Бүгін біз таңертең Патша ағзамның денсаулығы үшін құл­шы­лық еттік. Мен Сізді сендіріп айта аламын, осы бір аз ғана адам­ның айдалада кресттің алдында тізерлей отырып, дін жо­рал­ғы­сын жасауы бұл өлкеде алғаш рет болып отырғанына қа­ра­май Петербор сарайындағы шіркеуде жасағанға қарағанда әл­де­қай­да әсерлі де жанға жайлы шықты. Таңғы 9 еді, сынап ба­ға­на­сы 38 градусты көрсетіп тұрды, 1839 жылы 6 желтоқсанда осы айдалада 32 градус аязда Құдайға құлшылық қылғаным есімде. Осы бір мұқтаждықтар сабақтасып жатыр деп айтуға келе ме екен, сірә. Бізде қазір көлеңке жоқ. Егер, ол сатып алынатын болса, онда ол үшін мен алтын төлеуге әзірмін. Ең төзіп болмайтыны 30 мың тұқымы бар сона мен маса. Соған қарамай тек 5 адам ғана ауру, ал, жылқылар әзірше дін аман. Бүгін жаман емес, өйт­ке­ні шөп көп жемейді, ал, су болса анда-санда бір рет беріледі. Сыр-Дария тамаша өзен, тереңдігі 3-тен 6 саженға дейін, ал, кей­бір жерлері 250 саженнен кем емес. Бұл судың едәуір мөл­ше­рі мыңдаған жылдар бойы бостан-босқа ағып жатыр. Жа­ға­сын­да­ғы көк өскіндерге тигізер пайдасы шамалы. Шал­ғын­ды алқаптар 20 – 30 шақырымда бір кездесіп қалады. Ақ­ме­шіт­ке дейін әлі бір апта қиындықпен жол жүруге тура келеді. Мен 1200 шақырым жол жүрсем де, әлі де болса Орын­бор­да­ғы­дай алдымда не күтіп тұрғаны туралы ештеңе айта алмаймын. Біз­дің қорқынышымыз бір-ақ нәрсе, ол қарсыластарымыз біз­ді күт­пей қашып кетпесе екен. Сонша азаптанып жетіп, оларды кездестіре алмасақ, бізге ауыр тиері анық. Ал, енді осы жарты мың шақырымды артқа тастаған соң, қайта кері сол арыған атпен қайтуды ойлағанда үстіңнен құмырсқа жыбырлап өткендей күй кешесің. Бұдан да өткен ыстықты айтсаңызшы, оған шар­ша­ған аттарды қосыңыз.

21-хат
16 шілде (1853). Кесек қабырғасы 5 сажен, биіктігі де сондай қамалдағы 300 адам өліспей берісер емес, сондықтан, қазу жұмыстарымен бірге басқа да істермен айналысып жатырмыз. Менің жер үңгіп, тасбақа қимылға түсуімнің сыры осы. Біз жақ­тан бірнеше адам жараланып, төрт солдат өлді. Ақмешіт алынды, бірақ, соншалықты тамаша жеңіспен емес, газет ма­қа­ла­сы­на тұрмағанмен хабар беруге болар. Мақсатым солдат қанын аз төгу. Менің жорығым құпия аяқталады, бірақ, тілегім қо­қан­дық­тар қамалдың алынғанын біліп, өздерінің қирағанын тү­сін­се екен.

22-хат
Ақмешіт таңғы 4-те 28 шілдеге (1853) қараған күні алынды. Бірақ, бір білмейтінім мұны құпия ұстау керек пе, қамалды алу кезіндегі жорықты ақылға салып қарасам, барлық жағдайды хабарлап жату артық секілді. Сізге айтарым, біздің солдаттар мен казактар қабырғалардың жартысын қопарып кіргеннен ке­йін де, қамалды қорғағандар оңайлықпен беріле қоймады. Біз­дің қылыштарымыз мен штыктарымыздан 300 адам қаза болды. Несін айтасыз, бұл керемет әскери іс. Ол туралы үндемей қалу өкінішті, сондықтан, хабарлауға адъютантым эверсман кетті. Егер, ол бұған дейін Сізге барып үлгерсе, әңгімеге өзінен қа­ны­ға­сыз. Қатты шаршағандық жазуға мүмкіндік бермей отыр.

23-хат
8 қыркүйек (1853) …Тақсыр, өз лажыммен жорыққа қа­тыс­қан барлық солдаттар мен офицерлерге жылдық жалақысын беруге бұйрық бердім. Менің ұсынған барлық наградаларым бекітіледі, менің өжет жауынгерлеріме 65 Георгиев кресі таратылды. Сонымен, Ақмешітті алуға кеткен төрт айлық жорық ба­ға­ла­нып, Патша ағзам жағынан жақсы аталып өтті. Менің қан­ша­лық­ты бақытты екенімді сезінсеңіз еді.

«Заң газеті».
30 желтоқсан, 1995 жыл