МӘСЕЛЕ ҚАЗАҚТА ЕМЕС, КАЗАКТА…
Бір түйгенім: Қазақстанда қазақ болып туғаннан азабы жоқ. Ары тартса өгіз өледі, бері тартсаң, арба сынадының кері. кезекте тұрып, өтініші бойынша бір қазақты алдыңнан жібере қойсаң – ұлтшылсың, қазақ пен өзге ұлт өкілі келісе алмай жатқанда әділін айтсаң ұлтшылсың, қоғамдық орында өзге ұлт жайында аузыңды ашпа, ашсаң – ұлтшылсың. Мерзімді баспасөз бетінде халықтар арасына ши жүгіртіп, іріткі салғандарды жазсаң, олар саяси қуғын көргендер болады да, сен – ұлтшылсың.
Иә, Қазақстанда қазақ болып туғаннан азабы жоқ. Н.Гунькин, Н.Сидорова, А.Ушаков секілділер Қазақстан, қазақ, назарбаев туралы не айтса да сыйымды. Тіпті, сорақысы сол, үш қайнаса сорпасы қосылмайтын фашистік тәртіп те Қазақстанда кең өріс ала бастады дейді әлгілердің бірі Н.Сидорова. Не дейсіз? Бұл қашанғы әдет. Өз істерінің әділетсіздігін іштей сезіне бастағаннан-ақ беттен алып, қоғамды, оны басқарған адамдарды қаралау қанға сіңді қасиет. Айта берді оған жергілікті ұлт өкілдері де кінәлі саналады. Міне, қазіргі Н.Гунькин төңірегіндегі әңгіме де соның жемісі. Олар қайда болмасын өздерін судан таза, сүттен аққа сайдырады. Мерзімді баспасөздерде шарды ыстық ауамен үргендей болып, өтіп жатқан атаман «дауының» сыры да сонда. Еш жерде тіркелмеген, өзін КСРО азаматы санайтын мырзаны кім кінәдан таза, кіршіксіз дей алады екен. Бұны тудырып отырған – сол баяғы казактар, казачество шырғалаңы. Қызмет барысымен, «Жетісу» казактарына жәрдемдесу қоғамы» Жарғысымен танысқан едім. Онда «членами Общества могут быть граждане Республики казахстан, других государств и лица без гражданства, достигшие 16-летнего возраста» деген жолдар бар. Сонда деймін-ау, бұл аты дардай қоғамға «Ұшарын жел, қонарын сай» білетін кім көрінгендер кіре бере ме? Мұндағы мақсат не. Ойды ой қозғайды, осындайда. Салық Бабажанов 1861 жылы 22 маусым айында №138 Санкт-Петербургте шығатын «Северная пчела» газетінде жарық көрген мақаласында «сколько я знаю настоящих, коренных, и неиспорченных примесью разнородной крови русских, они всегда и везде обходятся с киргизами кротко, честно и снисходительно» дей келіп, казактар туралы «как известно нам из истории, образовались из беглых шаек русской вольницы, пошаливавшей по большим дорогам и рекам, из русских преступников из разных бездомных скитальцев и беглецов, татар, калмыков, башкирцев, цыганов и всякого сброда, укрывавшегося в XV столетии на р. Урале от преследования и кары тогдашнего русского правительства» дегені есіңізге еріксіз түседі екен. Жоғарыдағы аталған казактар Жарғысына жүгінсек, Бабажановтың бұдан бір ғасыр бұрын жазғаны айна-қатесіз қайта қалпына келмей ме. Сонда аталған қоғам жер-жерден жиналған босқындардың «отауына» айналмасына кім кепіл. Бұған қарап бүкіл казак атаулыны кінәлауға болмас, бірақ заң орындарының ойланатын жайы.
Қашан да қиянат көріп келе жатқан қазақ әлі де болса, ешкімнің бетіне тік қарамауға тырысады. Өзге ұлт өкілдерін ренжітіп, қиянаттық жасасақ деген қаперіне кіріп пе, сірә. Соған қарамай, өздерін жариялылықтың жаршысы санайтын орыс тілді газеттердің қазақ халқына тисе беретіні несі деп ойлайсыз. Көрер көз, түйер көңілге ұят. Болмаса, «Литературная Россия» газетінің 1995 жылғы №9 (1 673) санын қараңыз, Валерий галенко деген бұрынғы депутат: «Общество разделилось на казахов и неказахов,.. Защиту казахов взяло на себя как бы само государство (надо подчеркнуть: именно «как бы», поскольку номенклатурное государство защищает всегда только само себя). Неказахи должны были защищаться сами. Так возникли. Русская община, казачьи организации, славянское движение «Лад» – деп жазады. Дәл осыны оқыған көзі қарақты, көкірегі ояу орыс қандай күй кешер еді деген сұрақ еріксіз туады. Оларға жасалып жатқан қиянаттық қай салада кең өріс алды екен. Бұның бәрі әлі де болса сұрақ. Көшеде жұмыссыз жүрген мыңдаған қазақ жастарын көргенде еріксіз әттеген-ай дейсің. Араша түсіп, төрткүл дүниеге жар салғың келеді. Бірақ, сол Қазақстанда туып, қазақ болғандығың жібермейді. Ұлтшыл атанғың келмейді. Содан әрі Галенко мырза: «и будем помнить: нас русских, славян, россиян, в Казахстане большинство. позор, если мы не справимся с таким строительством» деп ұран тастайды. Сонда кімге? Әрине, манағы сөз басында айтылған «ұшарың жел, қонарын сай» біліп жүрген, өздерін «казак» сезінетіндердің бұған аттаңдап қосылатыны – айдан анық. Өйткені, олар жоғалтатын ештеңе жоқ. Бүгін алматыда да, ертең Мәскеуде де дәл осындай орын табылатынын олар сезбейді емес, сезеді. Ендеше, Галенко мырзаның мұнысына не жорық. Казактар Жарғысы мен осынау сөздердің арасында байланыс жоқ па деп те ойлайсың… Болмаса, лайым біз қателесейік.
Міне, Қазақстанда қазақ болып туудың азабы сол. Дәп жоғарыдағыдай сөз айтып, жаза алмаймыз. Тіпті оған арың да жібермейді. Ал, айта қалып, жазғанның өзінде де ұлтшылдықтың жетегінде кете барасың. Соңының не боларын Құдайдың өзі білсін. Керісінше, Галенко секілділерге бәрін айтып жазуға болады. Ондай Құдайға шүкір, Қазақстанда жетіп артылады. Қазір оларға қатты бір сөз айтсаңыз, саяси қуғынданушы, қысым көріп, арандатуға іліккен қайраткер болып шыға келеді. ресейден араша сұрап, азап шегуші бола қалады. Аңлысын аңдыған жергілікті «Караван» секілді басылымдарға осындай «шым-шытырық» ұлтаралық тартысқа ұйтқы ауадай қажет. Одан әрі митингі, пресс-конференциялар тағысын-тағылар қара құрым қарғаша қаптады дей беріңіздер.
Сол Салық Бабажанов 1868 жылы 27 шілдеде Санкт-петербургте шығатын «Деятельность» газетінде: «войсковое сословье не приносит государству никакого дохода, никаких податных или акцизных взносов» деп жазған еді. Бұның бәрін тәптіштеп, тілге тиек етуіміздегі мақсат – кез келген жаңа құрылып жатқан ұйымға, қоғамға, бірлестікке саяси жағынан ғана емес әлеуметтік-экономикалық жағынан қарау керектігін алға тарту. Әйтпесе, қоғам, қалың ел іші болған соң телі-тентектің болмауы мүмкін емес. Ондайлардың төңірегіне өзі секілділер әуес келеді. Сөйтеді де, олар бір топқа жиылып, ұйымға айналады. казактар жарғысындағы келтірілген сөйлемге шүйліге беруіміздің сыры сонда. Жарғыдағы келтірілген жай қаңғыбастар үшін таптырмайтын пана ғой. Белгілі бір қоғамның мүшесі болып жүрген қай телі – тентектің тақиясына тар келсін.
Ел тыныштығы үшін айтылған, артында зілі жоқ сөзіңді теріс пиғыл иелері ұлтшылдық деп бағалауы әбден мүмкін. Өзіңді-өзің қорғап, сақтануға да құқың жоқ па деп қаласың, кейде.
«Заң газеті».
29 қараша, 1995 жыл