ЖЕЛМЕН СЫРЛАСУ

Кеш бәрі, не пайда бар сезгеніңнен,
Түзелер түсіп жай жоқ тезге міннен.
Өксіген күздің қара суығында,
Ех, жел-ай, жел-ай сендей кезбемін мен.

Тұрғандай қабар беріп жайдан нала,
Қалаға келіп қалдың қайдан ғана.
Өтіңде тұрған жалғыз жабырқаулы,
Түскендей күй кешеді Айдан бала.

Айтшы сен, меніменен, бірсің неңмен,
Жетектеп кететіндей тұрсың жеңнен.
Ех, жел-ай, жел-ай желең, қайда қоям,
Жанымды жабырқаулы күрсін жеңген.

Қария тұр сүйеніп таяғына,
Таусылар кезі демнің таяды ма?
Сені мен мендей ол да желбастанып,
Ауылын тастап кеткен баяғыда.

Жүретін тіршілікке налып көптен,
Тұрсаң да біреулерді алып беттен, –
Үрлейсің енді бірде қоздатардай,
Астында күлдің шоқты қалып кеткен…

О бастан ұнатамын желді өзім,
Ашатын кей жандардың шелді көзін.
Сенің де басылатын кезің келді,
Менің де бастығатын келді кезім.

* * *

Келмейтін жағажайда кемістікке,
Шуақты күн көзінен ең ыстық не?
Аспандай төңкерілген көз алдымда,
Сыймастан теңіз жатты кеңістікке.

Толқынмен майда ақжал араласып,
Көк сағым көкжиектен барады асып.
Көтере алмастан тұр судан басын,
Кеткендей жартас бұжыр жара басып.

Ерекше тұрмын күйде жағасында,
Жастығы қалған отты аға, осында, –
Сен болсаң таңғалмастан, қоясың тек,
Шағала қастарыңды қағасың да.

Келмейтін келе қашты балалыққа,
Ұғынып болмас, сірә, шалалық па?
Ей, теңіз түсінбедім тіліңді мен,
Не айтып тұрсың осы, далалыққа.

* * *

Қыз ернінде тұратын еріп демім,
Бір кездері бозбала, көрікті едім.

Ұқсай-тұғын еріні Айға оймақтай,
Өтті сол қыз кезінде қайғы ойлатпай.
Екеуміз де елітіп жайлы лепке,
Сүйісуші ек куә етіп Айды көкте.

Құлағанда атжақты Ай қырға талып,
Сан отырдық аяқты Сырға малып.

Белгідей бір, елеусіз, түртіп алды,
Сол кез өтіп, бүгінде жұрты қалды.

* * *

Жұрты қалған, оралмас жастық қайта,
Бір кездегі бердің-ау мастықты айта, –
Жетпіс келе жатқанда тұсау салды,
Қанша белден қар шалды астық, байқа.

Алып ұшқан бастығып желді басым,
Салмақ тартты сабырға келді жасым.
Сайға құйған тірлігім су сияқты,
Тәңір берді несібем ендігі асым.

Мойымаушы ем, бірмойын жас шағымда,
Шыныменен шау тарта бастадым ба?
Буып-түйіп отырмын ғұмырымды,
Жиып-терген сияқты қас қағымда.

Кәріліктің қабағы қыраулы екен,
Мен ұқпайтын ішбақты сыр-ау бөтен.
Ақ кебінге оранған қыстай өлме,
Есік қағып мезгіл де тұр-ау, көкем.

Бунақ-бунақ буғандай сеңді Сырға,
Жиналмасқа қалды не енді қырға.
Тұр азынап қу тірлік түндік қақты,
Келе-тұғын келмеске желді бұрға.

* * *

Сәуір айы. Шуақты нұрды төккен,
Жатыр көкке көмкеріп қырды көктем.
Мың сан қолдай жып-жылы алақаны,
Мың сан сәуле құйылып тұрды көктен.
Еріп ерте ақпанның тоң білегі,
Келді қамсыз құстардың соңғы легі.
Жатыр дүние жамырап қозы-лақтай,
Мезгіл кетіп көйлектей оңды деді.

Қыстағыдай қытымыр жоқ мінезі,
Күннің қызып келеді отты көзі.
Былдыр-былдыр бұлақтың тілі шығып,
Бұлдыр-бұлдыр мезгілдің өтті кезі.

Шоқтай жанып тұр, әне, ескен леппен,
Бойжеткеннің көзіне көшкен көктем.
Сыр жағалап барады со бір сұлу,
Бозбаланың көкейін тескен көптен.

Жұпар исі жиденің есті ала,
Жасарған бір кейіпті кешті дала.
Көңіліне жел бітіп, көктемменен
Қас қағымда қарыстай өсті бала.

Тұр алмастан көк аспан жерден көзін,
Е, Жаратқан бәрін де берген де өзің…
Көз алдыма келеді, о бастағы,
Қозы-лақтай, о, тірлік өрген кезің.

* * *

Табиғаттың бергені несіп, төкпе,
Жел де білем тұрған жоқ есіп текке…
Тең-тең бұлт легімен ойдай ауыр,
Тыным таппай барады көшіп көкте.

Жатқан дала томаға сыр ашқан ба,
Көзге ұрады көкжиек қыр асқанда.
Көшірмесі секілді көңілімнің,
Ала-құла күй кешіп тұр аспан да.

Аулай алсам бір сырды қарасынан,
Оқыс келіп қаққандай бар асынан, –
Кесіртке қысық көз жер бауырлап,
Тұр сығалап жусанның арасынан.

Ден қойғанда көктемгі таза ауаға,
Көңіл күйді келтірер саз ауа ма?..
Қаққан қазық сияқты тұрған анау,
Саршұнақ та бір жайға мәз-ау, аға.

Табиғатпен келетін жүздескенге,
Не жетеді далада із кескенге.
Астан-кестен аспан жақ болып кетті,
Аяқ асты келетін түз көшкенге.

Тасқа біткен тамыры тектес шетен,
Бекер тірлік атаулы өтпес, көкем.
Буда-буда бұлттың көкті буған,
Арты айналып нөсерге кетпес пе, екен?..

Қорқынышты…