КҮЗГІ ЭЛЕГИЯ

Кетер ме екен, апырмай, асып белден,
Кешеге дейін күзден жасып келген, –
Жел қуалап барады жапырақты,
Жапырақ та барады қашып желден.

Үлгермеді-ау қоштасып жазыменен,
Бітер екен ақыры назы немен.
Дарияның реңін ашып жүрген,
Асып кетті аққанат қазы белең.

Өмір өтіп барады ұяң бастан,
Тіршілік-ай, түндігі жиі алмасқан.
Топ тырнаның көшіне сап түзеген,
Қарап тұрды бір бала қия алмастан.

Салып тұрған, қара Күз, сазға бекем,
Қияметің көрсеткен аз ба, көкем.
Көз жасы мен суығы қатар келген,
Өзі бір қиқар қылық жазған екен.

Қайда барып тұрасың жеріп тектен,
Тұр ғой Алла бәрін де көріп көктен.
Өткен жылдар басымнан бұлбұл ұшып,
Қар сияқты қолымда еріп кеткен.

Бір адамды жүргендей құшып, мекер,
Бос әуреге тұрмын ба түсіп бекер.
Емес пе екен, жүрегім, көкала үйрек,
Мезгілінен ертелеу ұшып кетер.

* * *

О, мезгіл-ай, мезгіл-ай селдеп өтті,
Тосамын сұп-суық бір желге бетті.
Суырған күпсек қарды ақ түтектің,
Сарыны ұрысайлық елге жетті.

Сумаңдап таппай су да ағар жерді,
Күнінен күлбет мұздың хабар берді.
Жүр үйде күйбең қағып тоңғақ қарт та,
Іздеген қамшысын қағарға ерді.
Ауруы меңдегендей ұстамалы,
Қойды-ау, ашылмастан қыс қабағы.
Қыраттан шыққан суық қабақтанып,
Мысалы, күн Алланың мыс табағы.

Көмілген үш күн жауған қалың қарға,
Ұқсап тұр бұзылмайтын жалың жарға.
Секілді сұрау белгі иілместен,
Тоғайда қалған тағы талың бар ма?

Үйіңмен, үйінді етіп қораңды да,
Соғады қалай-қалай боран, мына.
Қарасыз көз сүрінер дала жатыр,
Күй кешіп ақ кебінге орандыға.

Құмарлау жанды жеді сөзге бастан,
Түзейтін қытымыр қыс тез бе, қасқам?!
Жанымды жауратады желбір-желең,
Тұрғандай әлденені көздеп аспан.

* * *

Мысымен көгілдір көк басқан қырды,
Бүгінгі күнің неге жастан тұрды.
Іздейтін жоғалтқанын жылап -сықтап,
Көңілім болмадың-ау аспан ғұрлы.

Күркіреп күн үніндей жүз аттының,
Қойды-ау басылмай-ақ Күз аптығың.
Жиялмай тұрған шашын қыз сияқты,
Жаңбыр да тиылмады-ау ұзақты күн.

Белді буған жоқпыз ғой бекер бекем,
Шелектеп құйған нөсер өтер, көкем.
Әзірге көкбет аспан тұр ұшығып,
Су алып аулымызды кетер ме екен?!

Апырмай, сияқты ма аспан көшкен,
Дүние болып кетті астан-кестен.
Отыз жыл арасында өтті-кетті,
Болмай тұр мұндай жағдай бастан кешкен.

Топан тасқын. Келмейді ежіктегім,
Бара жатыр ағызып кезіккенін.
Бала мысық тырнайды босағаны,
Жүр о, неме, ақырын сезіп ненің.

* * *

Қыс кетпесе, көктем де келмес еді,
Жатып қалған салбөксе сел көшеді.
Сондағыдай күлімдеп күміс Күн де,
Сондағыдай желбегей жел де еседі.

Жып-жылы жанға жайлы ескен леппен,
Көзіне бойжеткеннің көшкен көктем, –
Көлденең көк аттының көзін сатқан,
Көкейін бостан босқа тескен деп пе ең?!

Мезгілсіз ер-тоқымы бір аудымен,
Қыс өтті омырауы қырау кілең.
Бүршік жарған буыны бекіп талдың,
Төбесі тимей көкке тұр-ау, білем?!

Қанаты күйіп батқан ала кеште,
Шалқыған шалық тиіп бала, бөспе, –
Көк ілген көңіл күймен алып-ұшты,
Жайларды қай-қайдағы салады еске.

Қызыққа кенелткендей өзі бақты,
Дауысын бала бұлақ созып ақты…
Жел тербеп жапырақтар жамырайды,
Келтіріп көз алдыма қозы-лақты.