ЖАСЫРЫН СЫР ТУРАЛЫ БАЛЛАДА

Балағы жерді сызған бала кезде,
Желбас ем желік қуды дала кезбе.
Көлбеңдеп көз алдыма келген шағым,
Жайларды небір еске салады өзге.

Балалық, өте шығып асық атты,
Ұрынып тосын жайға басы қатты.
Қызының өліп-өшіп сүйдім деген,
Жанына сәл-пәл үлкен жасы батты.

Онда ол қыз өрімдей он сегізде,
Жататын ұқсап шөпті жон теңізге.
Өткеннен сыр шертетін, о, көңілім,
Мезгілсіз қайтқан құстай қон көне ізге.

Көне із жол жағалай ала қашқан,
Көңілдің көлеңкесі нала басқан.
Куәсі болған талай жайдың сырбүк,
Көңілсіз көзін жерге салады аспан.

Болмайтын ыстық айда төзіп пенде,
Әлде бір бойды алған сезіктен бе?, –
Басымнан сипай-тұғын еркелетіп,
Үстінде үлкен жолдың кезіккенде.

Көзімнен көзін алып қашқан кезде,
Көргендей болушы едім аспанды өзге.
Со шағы менен емес, кездесетін,
Өзге бір жас көңілден сасқан кез бе?..

Мендегі білмейтін ол сезімді ерек,
Жүретін етіп жылы сөзін қорек.
Өзіммен алып кетер, со көңілді,
Білгенге шыдам шыңдар төзім керек.

Төсіне, көңілменен жайған кілем,
Жүруші ем алқа тағып Айдан кілең.
Ол кезде оның мені еркелетіп,
Жүргенін інісіндей қайдан білем.

Алдымда ұзын-ырға жол тұрды ызба,
Көңілді дегендей бір толтыр сызға.
Құпия күйі кетті ашылмастан,
Өлердей іңкәрлігім сол бір қызға.

Басатын уақыт, шіркін, күртік дей ме,
Мезгілсіз көктеген бір бүртіктейге, –
Келетін сол пәк сезім бұл күндері,
Ұйқымнан оятады түртіп кейде.

* * *

Жаны нәзік, сызба бел, сезімі ілме,
Ұқсай-тұғын қырмызы өзі гүлге, –
Прометей сияқты аспан жақтан,
От ұрлаған қыз көрдім көзі күлме.

Мысалы, жүзі жылы, Ай қабағы,
Көргесін жаның қалай жай табады.
Көңілім желді күнгі көлге ұқсап,
Кеудеме сыймай шексіз шайқалады.

Толқындай бірін бірі ерте қашқан,
Күндері өтіп жатыр ерке бастан.
Ұрлатып отын алған ұрма кезде,
Бір сырды мен білмейтін шерте ме, аспан?

Алдыра қоймай-тұғын жүлге шалма,
Сезімді буыны жоқ тілге салма.
Шіркін, қыз, маған ақжал қысқа ұрынған,
Кездесті екен неге? Білмесе Алла?..

Бұл деген ашылмаған сыр-ау бекем,
Мыс басты мезгілің де қыраулы екен.
Тамшыдай тамып кетер қас қағымда,
Ілініп кірпігімде тұр-ау, көкем!

* * *

Үлкен жолдың үстінде тұрған кезде,
Жел соғатын ызғарлы қырдан, кезбе.
Түн ұйқымды бұзатын жайсыз түс те,
Жағамнан алғандай бір сырдаң безбе.

Құлаққа ілмей кеңесін сөзі өтімнің,
Жан-тәнімен жабыңқы сезетінмін, –
Алып қала Алматы көшелерін,
Келетінін кезбедей кезетін күн.

Жатқан бүкір бүк түсіп тастап белді,
Алматыға үлкен жол бастап келді.
Сезіндім мен со шақта ызғары ескен,
Тұра-тұғын күш барын жасқап желді.

Қалаға келді бала жел мінезді,
Таң қылып талай тайқы шелді көзді.
Өзі де со бір желдей бас білмейтін,
Содан соң алуан-алуан елді кезді.

Төксе де нұр-шуағын аялы аспан,
Табан тірер табалмай сая бастан, –
Талай болған қанжоса жас жүрегін,
Арақпен де улады аямастан.

Сақтай алмай төзімі қалпын мықты,
Жағасынан жанының жалқы үн шықты.
Алып қала ауылға келмейді екен,
Өгей өмір көрсетті салқындықты.

Байлап беріп бағымды құса-мұңға,
О, Уақыт, адымды тұсадың ба?!
Бұл күндері ұмыттым қанша қыздың,
Тұрғанымды жылынып құшағында.

Есіп желдей бас білмес қырдан, кезбе,
Ажал, шіркін, сап-салқын ұрған көзге, –
Айтпай келіп ақыры алып кетер,
Кіді жылдар өтінде тұрған кезде.

* * *

Жандай-ақ жабырқаулы несіп баққан,
Сап-салқын тұрды бір леп есіп бақтан.
Көңілмен күпті болған сыртқа шықсам,
Жел болып шықты тағы есік қаққан.

О, мезгіл тұр-ау, білем, шараң құрып,
Көзге ұрды көрсетесің аран қылық.
Кеш түсіп келе жатыр мысық табан,
Болатын шығар қою қараңғылық.

Келуге үйге сезем еріндіңіз,
Өріктей тәтті әрі өрімді қыз, –
Осы бір көңілсіздеу кезде маған,
Әдемі болып неге көріндіңіз.

Ұқсайды төгілетін көзің көлге,
Ерекше сізге деген сезімнен бе? –
Кезіңде жылап тұрған көрінесің,
Мәжүн тал сияқтанып өзің де елге.

Сарғалдақ түске туған боянды Ай да,
Бір сезім маған деген оянбай ма?
Ең соңғы жапырақтай дір-дір еткен,
Жанымды жабырқаулы қоям қайда?