АҚЫН МЕН МОЛДА

Ақын:
Кімсің сен?
Молда:
(Таңданған кейіппен)
Молдамын. Жайлап алды аза маңды.
Келдім мен шығаруға жаназаңды.
Ақын:
Менің бе?
Молда:
Ия, сенің. Табытты көрмедің бе?
Ақын:
Тарлау екен. Сыймаспын көрге мүлде.

Молда:
Бетін аулақ. Күпірлік ете көрме.
Ақын:
Өмірімді өлеңмен өргенімде,
Шынымен, өлгенім бе?
Молда:
Өлең сыйқыр. Келеді өзі елеске.
Ақын:
Оқылатын өлеңдей Құраның да,
Алланың сөзі емес пе?
Молда:
Ақын Алла деймісің, сонда маған…
Ақын:
«Алланың өзі де рас, сөзі де рас»
Өлім құрдас,
Баста тұрмас.

Молда:
Неге сонша ойнайсын өлімменен,
Табытты ала келдім өзімменен.
Ақын:
Мен емес, жауым беріп тапсырысты,
Бүлдіріп жүрген шығар тақсыр істі…
Молда:
Онда ол ілікті Алла назарына,
Гүл емес тікен өсер мазарына.
Ақын:
Жо…жо..жоқ, тиіспеңіз,
Жүгінсін енді о, шіркін, өз арына.

Молда:
Сонда да, бәрін ұқ…
Балалық, жастық, кәрілік,
Осынау, өтер өмір үш өрімді,
Біледі Алла көресі, ішеріңді…
Ақын:
Дозақ та, ұжымақ та үйім менің,
Білмеймін қайсысына түсерімді,
Е, Жаратқан…
Молда:
Осыны білсең болды,
Бір Алла көрсетеді қалған жолды…
* * *

Бүгінде Сіз де басқа, біз де басқа,
Ерікті беріп тұрмыз үзбе жасқа.
Барады жар жағалап жалғыз үйрек,
Ұрынып қалған білем күзге, қасқа.

Сап-салқын ауа, шіркін, алып бойдан,
Арыла алмай жүрмін қалтқы ойдан.
Сан саққа кетіп сана жамырайды,
Қозыдай енесінен қалып қойған.

Желіндей жерді сызған сыздап аспан,
Көңілді шала-тұғын ыз ба, бастан?..
Өмірім өте шықты, сүйгенімен,
Мысалы, ұқсап ұшпа қызға қашқан.

Қаңбақтай жел айдаған түзден түзге,
Жастар да ұқсамайды Сіз бен бізге.
Кәрілік кәділікке келмей-тұғын,
Түскен бір суық шалып ізбе ең жүзге.

Көңілге алғандай бір түйіп демде,
Сағыныш тал бойыңды иіткенде, –
Електен өткізгендей өміріңді,
Өкініш ауыр екен күйіктен де.

Дария жағалауы қия беткей,
Өмірде өткел бермес қияметтей.
Сызылып сан тұрардай алдыңызда,
Тағдырым сонша неге ұяң етті, ей…

* * *

Ұқсады, мезгіл, делік атқа арынды,
Жеткізген көңіл қалды жат сарынды.
Шоқтай бір қарып алған қолын оқыс,
Жатты ол отқа тастап хаттарымды.

Көңіл ме, көңіл, шіркін, сызды шақта,
Мысалы, міз бақпайтын ызды қақпа.
Осылай өртеуші еді жапырақты,
Бүкір шал жиып-теріп күзгі бақта.
Айтылмай алуан-алуан сыр көздегі,
Есті қыз елестетіп тұрды өзгені.
Сөйлейді от тілімен жел шайқаған,
Сезімім балаң менің бір кездегі.

Лүпілін жүрегімнің сезбедің бе,
Тұрған қыз көңіл күйде өзге мүлде.
Ұясы махаббаттың өліп-өшті,
Айналып кетті лезде көзде күлге.

Хаттарды жиып-теріп өртегенің,
Үзгенің махаббаттың ерте демін.
Жыландай жалын тілі сумаңдаған,
Жеп жатты ғұмырымды керте менің.