ЕСТЕЛІКТЕН

Қара қарға ақ қардың үстіндегі,
Адам ойлап табатын ұсқын ба еді.
Азынап тұрған суық ішін тартып,
Мысалы, жайсыз тиген қыстың демі.

Танытып созылмалы сараң қылық,
Келеді түсіп белден қараңғылық.
Басталып кетті бассыз арты алапат,
Бас-көзге қарамайтын баран бүлік.

Ақ қар мен баран бүлік үндескенде,
Кететін шығар ұқсап түн көшкенге.
Сыртта аяз, үй оданда өткен суық,
Кешпеген шығар мұндай күйді еш пенде.

Бүлікті баран боран емес нала,
Мұнымды соқыр сезім демес бала.
Алматы жақтан ескен жылы желдей,
Жанымды жылытады елес қана.

Елес пе, елес деген ақ құба қыз,
Қонғандай басымызға бақ бұламыз, –
Қасыма отырдың сен қыңбай қысқа,
Есіме салып жазғы шақты нағыз.

* * *

Бұлдыр-бұлдыр ойнаған құба сағым,
Сүйемін мен ауылдың бұла таңын.
Кермек дәмді, иісі танауға ұрды,
Жусанын да, содан соң, ұнатамын.

Арман құсын қырандай ілгенімде,
Қадіріңді туған жер білмедім бе?
Сенде есімде баладай жылағаным,
Тағы есімде сәбидей күлгенім де.

Мерез мезгіл жаныма қаяу сала,
Тұрмын келіп басыңа аяулы ана.
Жатаған жусан жайлап қабіріңді,
Желменен тербеледі баяу ғана.

Қаз даусындай қоймайтын созбасыңа,
Дуалы ауыз індеткен сөз басы ма?, –
Жусан дәмі сияқты кермек атқан,
Еріксіз ерік бердім көз жасыма.

Көңілсіздік көкейді тесті күле,
Жинап енді жатқанда есті, міне.
Қарап тұрып көңілім құлазиды,
Жүдеу-жадау ауылдың кескініне.

Селеудей секем алған айыр басы,
Көңілдің бұл, қарағым, қай ырғасы?
Созылып кетті неге қазақ мұңы,
Секілді «Елім-айдың» қайырмасы.

* * *

Бойы кеткен үйреніп шуға, мына,
Көңіл, шіркін, жоқ-барды қумады ма?
Өзімменен қалғанда өзім кейде,
Қуанамын ауылда туғаныма.

Салып мұздай алаңсыз қар мойынға,
Ерік беріп қыз-жігіт жарда ойынға, –
Жүрген кезде, жататын Сыр суытып,
Табиғаттың салқыны бар бойында.

Ай сәулесі ілініп тораңғылға,
О, туған жер ақ қарға орандың ба?
Сирек келер ашуы кең адамдай,
Анда-санда соғады боран мұнда.

Тауысардай адамның су шыдамын,
Кезіп Сырдың жағасын у-шу ағын, –
Қыс көрсетіп кей-кейде қытымырлық,
Құтыртып бір қоятын қу шұнағын.

Кіді мінез көрсетіп бақтан безін,
Шытынап бір тұрғанда ақпан көзің, –
Аспай-саспай ауылдық мінезбенен,
Күн райын есімде баққан кезім.

Өткеніңнен қол үзіп кетпей бекем,
Сағыныш та аңсаудан көктейді екен.
Алаңдай беремін мен ауыл жаққа,
Тұрғандай әлдене бір жетпей, көкем.

* * *

Отырған қыз беріліп бақта, мұңға,
Ұқсап сендік көңіл күй ақпа құмға, –
Сусып неге тұрмайды бір қалыпта,
Келетіндей жентке сақтадыңға.

Көзі тұнық, сықпа бел, қияқ мүсін,
Айтшы, кімнің алдында ұяттысың?…
Жаның отыр жабырқап, сезінемін,
Жел гулеткен бос құбыр сияқтысың.

Болды неге шақшадай шара басың,
Сүйгеніңмен түсті ме араға сын.
Құлазытпа көңілді құла түздей,
Қарамаса, о, неме, қарамасын.

Беріліп елден ерек бір сынға ерік,
Кеудеңді кеткен кезде күрсін керіп, –
Жападан жалғыз өскен, жел өтінде,
Мысалы, сені талдай тұрсын делік.

Қайрақтай пышақ салды төзім едің,
Таппасаң болмас енді өзің емін.
Күйе түскен текемет сияқтанған,
Өсек жеген жаныңды сезінемін.

Өмір өтті өксікпен дей көрмегін,
Басты ісіңе айналар кейде ермегің.
Отырған қыз, беріліп бақта мұңға,
Өзіңді-өзің жегідей жей бермегін.

* * *

Сақтап өткен ерекше күйді есіңде,
Бозбалаға көңілің игесін бе?, –
Көйлегіңнің етегі дөңгеленіп,
Вальс билеп жүрдің сен би кешінде.

Көңіліңнің жаққандай күйі, мына,
Қолын артып жұп-жұмыр иығыңа, –
Ол да сені тартады әңгімеге,
Туа бітті қарамай тұйығыңа.

Екеуіңе қызығып алыста Ай да,
Дегендей бір қараспен табыспай ма? –
Дөңгеленіп барады әңгелектей,
Дәл сондайлық қабақты қағыс қайда?!

Қас қағымдық сезімді соза алдың ба,
Дөңгеленген дүние көз алдымда, –
Вальс десем мен сені, теңеу ғана,
Келген бірге содан соң сөз алдыңға.

Көктем келіп, шақ еді ақпан безді,
Елестетіп жұлдыздай аққан кезді, –
О, шіркіндер бақытты, қайдан білсін,
Сырттарынан сұқ қадап баққан көзді.

* * *

Болатындай екпіні селдің десе,
Жатып алды өтінде желдің көше.
Түсімде, Апа, өңімде сияқтанып,
Неге үйге үн-түнсіз келдің кеше.

Келер деуге мынаның саяғын-ай,
Күзгі түнде қанатын жаяды Ай.
Жылы пешке арқаңды беріп қойып,
Жүнді түтіп отырсың баяғыдай.

О, не деген таусылмас төзім едің,
Болмас енді таппасам өзім емін.
Жете алмайтын түбіне сөзді қуып,
Кеткенің не дейсің сен, сезінемін.
Сөз бе, білсең, сөз деген дертім менің,
Сөзбен бірге шығады еркін демім.
Ішіп кетсем өлердей, тал бойыма,
Бітті ондай, о, Апа, бертінде мін.

Табиғат та шыққан бір ызды атағы,
Суық тиген жаныма Күз батады.
Сөз сіңірген бойына жүрегімді,
Ел мен жердің қайғысы сыздатады.

Неге тағдыр бастаған өртің демен,
Жап-жақсы ақын атандым бертінде мен.
Мұңды көзбен бермеші қарай маған,
Саған әлі сырым көп шертілмеген.

Іштім, жедім, аш болдым, торықтым да,
Әлде сол бір жайлардан қорықтың ба? –
Сенің үйге түсімде келгеніңді,
Келмейді ешбір адамға жорытқым да.

Болатындай екпіні селдің десе,
Жатып алды өтінде желдің көше.
Түсімде, Апа, өңімде сияқтанып,
Неге үйге үн-түнсіз келдің кеше.

* * *

Қылаулатып түсті де Күз ақ бетті,
Түсіретін сияқты тұзаққа епті, –
Сендік шайы көйлектің сусылындай,
Мендік жастық сусылдап ұзап кетті.

Күздің қыстай келгені қылаулатып,
Менің мұңды жаныма тұр-ау батып.
Сағынышты ілдіріп қанатына,
Тырналар да қайтуда тыраулатып.

Қыс та түсер ақбасты зәрі мықты,
Мысалы, еске салып кәрілікті.
Алға тарта бермегін жасты, жаным,
Алпыс шалған көңілдің бәрі күпті.

Өтті-кетті ұқсастау құс бағымен,
Қала-тұғын қарбалас тұста кілең, –
Төрт мезгілі сияқты табиғаттың,
Адамның да тағдыры қысқа білем.

Бұлт үйіріліп кәрілік аспаныңда,
Мұңға түпсіз беріле бастадың ба?
Шәйі көйлек сусылы сияқтанып,
Сусып өтті жастығым қас қағымда.

* * *

Қаныққандай қаншама жайға бастан,
Айдау қара жол жатыр Айға қашқан.
Ілбіп басып келемін, мың сан көзді,
Аспан таңба сияқты тайға басқан.

Суға ерте түсірген қайықтай түн,
Мақпал қара желкенін жайыпты, айқын.
Жүрегімнің басында запырандай,
Қалған мұң бар мәңгілік айықпайтын.

Үзілмеді бозбала белі қайда,
Тимегесін тағдырдың желі майда, –
Желтоқсан мен Жаңаөзен арасында,
Келе-тұғын әндер көп «Елім-айға».

Суси-суси келгендей құм қашқанға,
Дүниені дүбірлі мұң басқан ба?, –
«Құстар әні» сияқты жайлап жанды,
Тырна даусын созады түнгі аспанда.

Суық шалды табиғат кезің көпте,
Таусылмайды білемін төзім текке.
Қозғаннан ба, бойдағы қатқан қаны,
Қол құстары қадайды көзін көкке.

– Е, Жаратқан, – дегендей – байқа маңды,
Іліп көкке қойыпсың Ай тағаңды.
Айдау жолмен аспанға шығып кетсем,
Оралмайтын шығармын қайта мәңгі.

* * *

Өтті бастан неше бір жай құсалы,
Жұбатар көңілімді қай құс әні.
Жел тербеткен айдынның түбіндегі,
Дір-дір еткен ерінің Ай, мысалы.

Кездестік біз көңілсіз енжар күзде,
Е, Жаратқан болагөр сен жар бізге.
Жалғыз ағаш жайды ма жапырақты,
Бітіп аяқ тимейтін нең бар түзге.

Ауада да дымқыл бір сыз бар, білем,
Тығылатын құшаққа қыздар кілең.
Жалғыз ағаш. Белес-бел. Сен екеуміз,
Ұзамай-ақ жамылар мұз-қар сілем.

Мен, ол… Сен үшеуміз келдік қайдан,
Тірлігіміз аумастан желдік жайдан.
Кетуіміз керек-ау, сірә, біздің,
Ақ қайыңдар тербелген ендікке, Айнам.

Асқан жолдың үстінде тұрмыз жардан,
Шақырады біздерді бір ізгі арман.
Қара суық қабынып қағынғанмен,
Бақпай-тұғын сияқты қыр міз, қарғам.

Етек-жеңін жел түрген бұла күзде,
Кетіп тынсақ ақыры мына біз де, –
Сенің, менің жанымдай жапырақты,
Жалғыз ағаш қалмай ма, құла түзде?

Ел қарамас бақыты тайғанда ерге,
Аспан мәңгі мекені Ай қам жер ме?
Бізді қайдам… Тік тұрып құлайды анық,
Жалғыз ағаш жапырақ жайған жерде.