ҚАЗІР БІЗДІҢ ҚОҒАМДЫ ӨТІРІК ЖАЙЛАДЫ…

Ақын болу – азап кешумен тең. Себебі, қоғамдағы бар­лық құбылыстарға ақындар бей-жай қарай алмайды. Жақ­сы­лық жайттарын шабыттана жырларына қосса, бұ­қа­ра­ның басына түскен қиыншылықтарды бар болмысымен сезініп, мұңға да батады. Ақыр соңында, ақынның бұл күйі өлең түрінде ащы запыран болып төгіледі. Ақын аманхан Әлім­ұлы­мен де сұхбаттасу барысында ел басына түскен тағ­дыр тауқыметіне оның да жүрдім-бардым қарай алмайтынын сезіндік.
– Аманхан мырза, бүгінгі күні жұрттың бәрі де «дағ­да­рыс-дағдарыс» деп, шуылдасып жүр. Жалпы, өзіңіздің шы­ғар­ма­шы­лы­ғы­ңыз­ға, отбасылық жағдайыңызға дағ­да­рыс­тың әсе­рі қаншалықты тиіп отыр?
– Жеке өз басым дағдарыстың әсерін соншалықты сезініп, ауыр күйді бастан кешіріп жатырмын деп айта алмаймын. Үй­де­гі жеңгең де, мен де қызмет етіп жүргендіктен, біреуден іл­ге­рі, біреуден кейін дегендей, тұрмыс кешіп жатқан жайымыз бар. Бірақ, көпшілікпен жиірек араласып тұратындықтан, қа­лың бұқараның көңіл-күйін аңдаған адамға дағдарыстың сал­қы­ны тие бастағаны сезіледі. Өзім қайбір қалаға, қандай бір елді мекенге барсам да, ең алдымен теміржол бекетіне, базарына, моншасына соғуды әдетке айналдырғанмын. Осы үшеуі бар­ған жеріңнің тіршілік-тынысынан мәлімет береді. моншада өз­ге­лер­мен бірдей киімсіз болғаныңмен, ондағы адамдармен аз да болса әңгімелесіп, сұхбаттасасың. Сол жердің тұрмыс-тірші­лі­гі­нен мәлімет аласың. Базарға барғаныңда тауарларының аз­ды­ғы, жұпынылығы тұрмыстарының нашарлығынан сыр шертеді. Өйт­ке­ні, базардағы саудагерлер – қай жердің болмасын тұр­мы­сы­ның көрсеткіші, барометрі. Қай жерде қаржы болса, олар сонда үймелейді. Теміржол бекеттері де – адамдардың то­ғы­са­тын бір мекені. Келушілер мен кетушілердің өзінен-ақ мекеннің қан­дай тұрмыста екенін аңғарып, біле бер. Осындай жағ­дай­лар­ға назар аудара жүріп, қазір белгілі бір деңгейде қиын ке­зең­нің басталып келе жатқанын сеземін. Біздің елге де дағ­да­рыс­тың жеткені, қиыншылықтың басталып жатқаны – айдан анық жайт. Оны жасырып-жабу ақымақтық дер едім.
– Соңғы кездері жаңа жыр жинақтарыңыздың шы­ғып жатқанынан бейхабармыз. Бұл да бір қаржы тап­шы­лы­ғы­ның әсерінен емес пе, қалай түсінсек екен?
– Қаржы тапшылығынан кітаптарымды шығара алмай жүр­мін деп күпіршілікке барғым келмейді. Байлық пен барлық шы­ғар­ма­шы­лық­қа керекті басты қажеттілік емес. Өмірдің мынандай қиын кезеңдерінде өзіңнің елге керектігіңді сезіне білуден ар­тық бақыт болмайды. Оның үстіне өлеңдерімді қоқысқа ай­налдыр­ғым келмейтін әдетім бар. Қоқыстың бір жерге жиналып қа­луы айналасын иістендіріп, жиіркеніш туғызады. осындай-дан сақ болуға тырысамын. Өлеңді жаза беру де осындай жи­нақ­тал­ған қоқыстардың көбеюіне әкеліп соқтырады. Сондықтан да, беталды жаза беруді қаламаймын. Өлеңнің тууын күтіп жү­ре­мін. Өзі туған өлеңнің ойлы да сырлы, жұмырланып шы­ға­ты­ны белгілі. Өлеңді тудыратын болғандықтан, оның аз болуы – заң­ды­лық. Көбіне өлеңге сыйдыра алмаған ойларымды мақала тү­рін­де беріп келемін.
– Өзге ақын-жазушылардың кейбірі мемлекеттік тапсырыспен шығармаларын шығарып та алып жатыр ғой. Сіз­ге мұндай бақ бұйырған жоқ па?
– Бір рет мемлекеттік тапсырыспен кітабымды шығаруға қол жеткіздім. «Қазығұрт» баспасынан ақын Темірғали Көп­баев «Айнұры алақанымда» деген 10 баспа табақ жинағымды шы­ға­рып берді. «Жазушы» баспасының директоры Есенғали жа­қы­ны­ма да рақмет, 10 баспа табақтық кітабымды жоспарға ен­гі­зіп берді. Ақынның жайын ақын ұғады ғой. Қолынан келген кө­ме­гін аямады.
Алайда, жоспардағы сол кітабымды кері қайтарып алуға мәж­бүр болдым. Өйткені, өлеңді кітапқа басу заңдылықтары сақ­тал­май, қаржыны үнемдеу мақсатында бірінің үстіне бірін мін­гес­ті­ріп, он баспа табақтық кітабымды тілдей етіп қоюға ты­рыс­қан. Он баспа табақ Кеңес өкіметі тұсындағы кітаптардай емес, көлемі едәуір қысқарып қалыпты. Бұл жерде баспа қыз­мет­кер­ле­рін кінәлаудан аулақпын. Негізгі кінә – жоғарыда отыр­ған­дар­да. Кітабымның шыққанын көрсем болды дейтіндей, жас ақын емеспін. Азды-көпті елге танылған, жаманды-жақсылы атым бар ақынмын. Сиырдың тіліндей кітап шығарып, елге күл­кі бол­ғым келмеді. Жоғарыдағы жүйенің ақын-жазушыларға жасап отыр­ған қиянаттарының бірі осындай. Баспагерлерді шө­міш­тен қы­сып отырған мемлекеттік ұйымдардың кінәсі – бұл.
– Ақын-жазушыларды өмірдің айнасы, қоғамның жаршысы деп жатады. Сіз де арқалы ақындарымыздың бі­рі­сіз. Көңіліңізді осы қоғамымыздағы қандай келеңсіздіктер көбірек толғандырады?
– Шынында да, ақын-жазушы азаматтар – қоғамның көр­сет­кі­ші. Гетенің: «Қоғамға түскен жарықшақ, әлемге түскен жа­рық­шақ ақынның жүрегі арқылы өтеді», – деген сөзі бар. Егер, мен ақын, жазушы, журналист ретінде өзімнің ұлтымның басына түскен қиындыққа, болмаса қоғамға келген індетке өзімше үн қосып, халыққа көмектесуге керенау болсам, онда мен еш­кім де емеспін. Ақындығым да – бір тиын. Өзін қо­ғам­нан, саясаттан бөліп қарайтын ақындарды түсіне алмаймын. отызыншы жылдардың бас жағында, фашизм еңсесін кө­те­ріп келе жат­қан кезде Черчилль Моруаға: «Сіз көрнекті жазушысыз. фашистік Гер­ма­ния­ның бой көтеріп келе жатқанын кө­ріп отырсыз. Со­лар­дың танкілері туралы, самолеттері туралы жа­зы­ңыз. солайша Еу­ро­па­ға құлаққағыс етіңіз», – деген екен. сонда моруа: «Жоқ, мен жазушымын, көркемсөз иесімін. Ондай тірлікке араласа ал­маймын», – деп жауап берген. Отыз сегізінші жылдары фашистік германия Еуропаны жаулап алған кезде, Моруа жаз­ба­ға­ны­на өкініп, бармағын тістеген.
Қазіргі экономикалық дағдарыс кезіндегі, әлемді жа­һан­да­ну үрдісі жаулап бара жатқан тұста халық кешкен тауқымет ме­нің де арқама аяздай батады. Біз осыларды жазбасақ, айтпасақ, одан шығу жолдарын көрсетуге тырыспасақ, азаматтық ретіндегі қаламгерлігіміздің құны – көк тиын. Бізге Алла сөз берді. Алланың аманатын орындап, айту құқымыздан ажырамауымыз қажет. Осылайша жоғарғы жақтағыларды, яғни, билікті құ­лақ­қа­ғыс етуге міндеттіміз. Биліктегілер Алланың берген мүм­кін­ді­гін пайдаланып, біздің құлаққағыс еткендерімізді орындай алмаса, шешпесе, онда олардың өздерінің соры. Біз адам ал­дын­да­ғы азаматтық парызымызды, Алла алдындағы аманатымызды орындап жүрміз деп есептеймін. Осындай мәселелерге келгенде қоғамнан алшақтап қалатын, қоғамнан тыс еш­қан­дай күш болмауға тиіс. Бұл жерде мен күш деп ақын-жазушыларды айтып отырмын.
Рас, көп нәрсені ішіміз сезеді. Қазір біздің қоғамды өтірік жайлады. Ең жоғарғы басшыдан бастап, көше сыпырушыға де­йін өтірік айтуға дағдыланып барады. Кез келген деңгейдегі әкім­дер де мінберге шығып алып, өтірікті шындай ғып сапырады. Және сол өтіріктеріне өздері ғана сеніп қоймай, қалың бұ­қа­ра­ны да сендіргісі келеді. Халық болса олардың айтқан өті­рік­те­рі­не іштей күліп, күйініп, ызаланып отырады. Алайда, өті­рік айтып отырған басшы не саясаткер елден ұят болады-ау деп шұрқ етпейді. Беті қызарсашы ең болмаса. Менің жанымды ауыртатын басты мәселе – қоғамды жайлаған өтірік. Өтірік бар жерде парақорлық, жалақорлық, адам өлтіру жайлап алады.
– Парақорлық, жалақорлық демекші, қоғамымызды жай­лап алған осынау дерттен қалай арылуға болар екен?
– Жемқорлықпен күресуге болады. Бірақ оны түбегейлі жо­йып жіберу мүмкін емес. Өйткені, жемқорлық – адам бо­йын­да­ғы табиғи, тарихи категория. Адам ата мен Һауа анамыздың өзі тыйым салынған жемісті жеп, жемқорлығының салдарынан жерге қуылған. Сол кезден бастап қанымызға сіңген әдет. Қа­был­дың Әбілді өлтіруі қазіргі кездегі бір ұлттың, бір тай­па­ның өзді-өзімен қырқысуы секілді жағдаяттарының бастау негізі болды. Ағайынды адамдардың өзі бір-бірімен қыр­қы­су­ға дейін барып жатқандығы – өмірде кездесіп отыратын шын­дық. алайда, жойып жібере алмайды екенбіз деп, тағы қа­рап оты­ру­ға болмайды. Қазақта мынандай әдемі сөздер бар: «Қанағат – қа­рын той­ғы­зар», «Ынсап сайын – береке», «Алаған қолым – береген», «жетімді жебей жүр». Менің әкем марқұм: «Балам, бай­лық қума, барлық қу. Байлықты қусаң, қор боласың. Өйткені, бай­лық сені қорғамайды. Байлықты өзіңнің қорғауыңа тура келеді. Оны қорғаймын деп жүргеніңде ауруға шалдығасың. Па­ра­қор, жем­қор атанасың. Одан да қанағатпен барлыққа ұмтыл», – деп отырушы еді. Жемқорлықты азайту үшін жастарымызды қа­на­ғат­шыл барлыққа баулуымыз қажет.
– Президенттің де, оның айналысында бишік ұс­та­ған­дар­дың да аузынан ылғи да: «Біз көпұлтты мемлекетпіз», – деген сөз түспейді. Осы елдің негізгі ұлты, егесі саналатын бай­ғұс қазақтардың көрген күні – өлмешінің тірлігі іспеттес. Биліктегілердің «Көп ұлттымыз» деуі жетпіс па­йыз­ға жақындаған қазақ ұлтының қазіргі хал-жайын жасырып-жабу үшін ұстанып отырған саясаты емес пе?
– Билік басындағылардың бұл сөзін қазаққа қырын қа­ра­ған­дық, менсінбеушілік деп білемін. Мұның артында «біздің мемлекетімізді тыныштық жайлаған» дегенді айту саясаты да жат­қан сыңайлы. Шындығын айтсақ, Қазақстан – мо­но­эт­ни­ка­лық, яғни, иесі бар, унитарлық мемлекет. Финляндияда, француз жерінде, Италияда өзге ұлт өкілдері көп. Құдайға шүкір, біз өзге ұлттардан басым жатырмыз. Оның үстіне осы жердің кіндік иесіміз. Отыз пайыздан асар-аспас ұлт өкілдері тұрып жат­қа­ны­на бола, көп ұлтты мемлекетпіз деу – қателік. Тағдырдың әр­қи­лы тауқыметіне байланысты елімізді сағалап келіп, паналап қалған өзге ұлт өкілдерін барлық жерде де диаспора деп атайды. Қазақша айтқанда – кірмелер. Біз жерімізді ешкімнен жаулап алған жоқпыз. Ата-бабаларымыздан мұра болып қал­ды. Сон­дық­тан да, мұрагері – қазақтар. Қазақстанда тұратын өзге ұлт диаспоралары бізді осы жердің иесі деп қарауға тиіс.
Алайда, көп жағдайда өз елімізде өзіміз кіріптарлық күй ке­шіп жататынымыз да бар. Оған себеп – «Біз көпұлтты елміз» деген сыңайлы жалған достыққа құрылған саясат. Жал­ған дос­тық саясатының өмірі ұзаққа бармайды. Оған біз Кеңес өкі­­ме­­ті­­нің құлауын дәлел етіп келтіре аламыз. Мысалы, Ма­ло­вод­ный­да­ғы, шелектегі, Түлкібастағы оқиғалар дәріптеп жүр­ген дос­ты­ғы­-мыз­дың жалғандығын айғақтағаны – ақиқат. Бір өкі­ніш­ті­сі – осы оқиғалардың барлығында да қазақтарды кінәлі етіп шы­ға­ру­ға күш салынды. Өз ұлтымыздың еңсесін өзіміз ба­су­ға тырысып отырмыз. Мұның түбі жақсылыққа апармасы аян. намысы жаншылып, еңсесі басылған ұлт алғы ғасырларға кеуде ке­ріп кіре алмайды. Билік басындағылар осыны қатты ес­кер­ге­ні абзал.
Біреулер үшін өмір сүретін жер керек. Ал, мен үшін өлетін жер керек. Өйткені, осыдан басқа менің отаным жоқ. басында осындай ой болмаған адам отанымызды кез келген уақытта сатып кетуге дайын тұрады.
– Көпұлтты дегенді былай қойып, ендігі кезекте көпдінді-міз дейтін кезге де жақындап қалған түріміз бар. Оның айқын мысалы – әлемдегі барлық діндердің айқара ашық есігімізден емін еркін кіріп, төрімізде тайраңдап жүргені. Бұ­ған не айта аламыз?
– Бұның түбі жақсылыққа апармайды. Барлық нәрсенің де шегі болуға тиіс. Көп дін дегенді түсінгім келмейді. Әлем мо­йын­да­ған төрт-ақ дін бар. Иудаизм, Будда, Христиан, ис­лам. Қазақстанда, негізінен, ислам мен православие діні қа­лып­тас­қан. Қалғандарының барлығы да – кірмелер. осындай кірме діндерге есік-тереземізді айқара ашып тастау қан­дай демократияға жататынын түсіне алмаймын. Кешегі за­ңы­мыз­ды қабылдаттырмай, қарсы шығулары жақсылықтың нышаны емес. Әлемдегі соғыстардың көпшілігі осындай дін­ара­лық идео­ло­гия­лық қарама-қайшылықтардан туындап отыр. палестина мен Израильдегі соғыс тек қана жер дауынан туып отыр­ған жоқ. Діни көзқарастардан басталған қақтығыс ға­сыр­лар­ға жал­ға­сып келе жатыр. Жер дауының соғысынан құтылуға болады. Дін­ара­лық дау өмір бойына жалғаса береді. Әлем­де­гі бар­лық сек­та­лар­ға құшағымызды айқара аша беретін бол­сақ, арты үлкен қасіретке апарып соқтырады. Осы күннің өзінде бір отбасында бірнеше діни ағымдарды ұстанушылар пайда болып келеді. Көзқарастың әрқилылығы ынтымақты өмір кешіп отыр­ған отбасылардың өзін қырғиқабақ етіп қоюда. Дінге деген мемлекеттік саясатымызды осылай жалғастыра беретін бол­сақ, елі­міз­дің болашағы бұлыңғырланып кетері – даусыз.
– Дін туралы заңға өзгерістер енгізіледі екен дегенді ес­тіп, елеңдеп қалып едік. Соңы сиырқұйымшақтанып кетті. Елі­міз­дің тұтастығына, қауіпсіздігіне, бірлігіне қажетті осындай заңдардың орта жолда тұсауланып, аяқсыз қала беруі неліктен деп ойлайсыз?
– Өйткені, бізде сырт күштердің ықпалы басым. Ішімізде де ықпал етушілер жетіп артылады. Фокина, Жовтис секілділер әр­түр­лі халықаралық ұйымдардың пердесін жамылып алып, демократияны жалаулатқан кейіп танытады. Шын мәнінде, ел мүддесін, мемлекет мүддесін ойлайтындардың жан дауысын естігіміз келмейді. Заң қабылдаушы органдарымыздың да жал­тақ­ты­ғы, болашақты болжай алмайтындығы – қажетті заң­дар­дың өз кезегінде қабылданып кетуін тежейтіндігі рас.
– Алдымызда тағы бір ұлы дүбір басталғалы жатқаны белгілі. 2012 жылы өтетін президент сайлауына қолында билігі бар «нұротандықтар» дайындықты бастап та кетті. Сіз қалай ойлайсыз, осы сайлауда Нұрсұлтан Назарбаев тағы да президенттік тақ таласына түсуі мүмкін бе?
– Ол кісі «заң» бойынша өзінің құқығын баяғыда-ақ бекіттіріп алған. «Заң» бойынша бекіттіріп алды деп, қолында билік мүмкіншілігі мол «Нұр Отан» партиясын қалыптастырып ал­ға­нын айтып отырмын. Конституциялық жолмен емес, пар­тия­лық жолмен ұсынатын болады. Сайлауға қатысу-қатыспауы өзіне байла­нысты. Әрине, «Нұр Отан» сияқты біржақты ұс­та­ным­да­ғы партия кандидатурасын ұсынып отырған соң, одан бас тарта қояды деп ойламаймын.
Іргеміздегі Ресейдің басшылары әдемі үрдістің үлгісін салып кетті. Жаның сүйсінеді екен. Нұрекең де белгілі бір мерзімде өзінің азаматтық міндетін орындады. Тәуелсіздіктің ал­ғаш­қы кезеңінде, бастапқы жылдарында елдің аяққа нық тұ­рып кетуі үшін үлес қосты. Құдайға шүкір, енді жастар да өсіп келе жатыр. Бағыт-бағдарымыз анықталды. Көштен қала қой­май­тын мемлекет болатынымызға көзіміз жетті. Уақытқа, заманға ілесе алатын жастарға орын бергеніміз де жөн болмас па еді. осыны ойлағаны дұрыс болар.
– Ел таныған ақын азаматтың көңіл төріндегі болашақ президент кім екенін білгіміздің де келетіні рас. Алдағы уа­қыт­та кімнің таққа отырғанын қалар едіңіз?
– Шындығында, кесіп айтудың өзі қиын. Алайда, аза­мат­тық үлкен мінберлерден елді сөзімен де, ісімен де соңынан ерте алатын тұлғаларға кенде емеспіз ғой. Татитын жігіттер бар­шы­лық. мысалы, Иманғали Тасмағамбетовті алайықшы. Атын атау­ға тұ­рар­лық басқалары да жетіп жатыр. Қазақ деген – іргелі ел. Ел басқаруға лайықты азаматтардың шықпауы мүмкін емес. Өйт­кені, тұлпар туар алтын құрсақты аналарымыздың жатыры аз­ғын­дап кете қойған жоқ.
– Қазіргі президентке ақындық, азаматтық тұрғыда айтсам деген өз пікіріңіз бар ма?
– Егер, президентке кездесе қалсам, айтар пікірлерім жеткілікті. Солардың бірі ретінде: «Құрметті Нұреке, сіз облыстарды аралағанда, белгілі бір сызылып қойылған маршруттармен жүр­ме­ңіз. Жоспарланып қойылған адамдармен кездеспеңіз. шынайы халықтың өзімен кездесіңіз», – деп айтар едім. Ертедегі патшалар, хандар түнде қарапайым киініп, халықтың арасында жүр­ген­ді­гі ертегілерде айтылмай ма. Осылайша қа­ра­ма­ғын­да­ғы қарапайым халықтың шынайы тұрмыс-тіршілігін жете зерттеп отырған. Соның арқасында елдегі шындық қандай, ел­дің ақи­қат ахуалы нешік екеніне көзін жеткізіп отырған. Біздің Нұ­ре­кең де шы­найы ақиқатқа көз жеткіземін десе, осылай жасауы керек. Алдын ала ұйымдастырылып қойған қойылымдарды тамашалап қайту – көзін тұмандандырғаны болмаса, ашпайтыны анық. Беріліп жатқан ақпараттардың, арнайы ұйым­дас­ты­ры­лып қойған жақсылықтардың жалғандығын түсінер еді.
– Жалпы, оппозицияға көзқарасыңыз қалай? Олардың ат­қа­рып жатқан жұмыстары арасында көңіліңізден шы­ға­ты­ны бар ма?
– Ашығын айтуым керек, көңілім көп жағдайда тола бермейді. Бізде нағыз оппози­ция жоқ. Қазіргі оппозиция ха­лық­тың тәніндегі ең сезімтал сезімімен ғана ойнайды. Солардың біреуінен де ұлттық бағдарлама көргенім жоқ. Рас, халық тұр­мы­сы­ның нашарлығын, билік басындағылардың шамалары кел­ге­нінше кемшіліктерін айтады. Тек осылай ғана ұпай тү­ген­де­сек деген пиғылды ұстанған секілді. Кемшілікпен қатар же­тіс­тік­ті, барды бар, жоқты жоқ деп те айтудың өзі ерлік емес пе?!
Бір ғұламаның: «Мемлекет халқын түгелдей жұмаққа апара алмайды, бірақ тозаққа, тамұққа түсірмеуге міндетті», – деген сөзі бар. Әсіресе, мынандай тойымсыздық жайлаған біз­дің қо­ғам­да адамның бәрін жұмаққа шығару мүмкін емес. десек те, әл-ауқатын көтеріп, тұрмысын түзеу – мемлекеттің мін­де­ті. осын­дай нәрселерді шынайы көре алған жағдайда ғана шына­йы оппозиция қалыптаса алады. Көлеңкені көре алған дұрыс, алайда жарықтың қайда екеніне бағыт сілтеу де парызымыз емес пе. осындай әрекеттерін көргенде қарным ашады.
– Ақын шығармашылығынан бірауыз өлеңді оқыр­ман­да­ры­мыз­ға ұсыну үрдісі бар еді. Сол бұйымтайымызға не дер екенсіз, Аманхан аға?
– Табан астында ауырлау тиеді екен. Дегенмен өлеңмен өс­кен қазақ емеспіз бе. Мына бір өлеңімді тыңдап көр.

Басқа түскен мына кез бір сын еді,
Көңілімнің табылмай тұрсың емі.
Үйсіз-күйсіз ақынның өлеңіндей,
Қолды-аяққа тұрмай жел күрсінеді.

Түсіре алмай қағазға мұңның сөзін,
Тиек етем тіліме түннің де өзін.
Ұялайды жаныма қайғы табы,
Тұтқан бұлт секілді күннің көзін.

Жаңылдырды жүректі, тағы ырғақтан,
Бір үн жетіп құлаққа қабір жақтан.
Әлденені сезгендей әлдекімнен,
Алаңдайды көңілім сабыр тапқан.

Сабырлық бар күз басты айналада,
Ұшпа көңіл ушықпа жайлана ма?
Мықты едім, менен де мықтылау жел,
Айдап кетті қаңбақтай айдалаға.

Меңдеп алар жүректі ырқы кілең,
Жанды жейтін бұл тірлік түрпі білем.
Қарапайым қайырымды бір қазақтай,
Өлерімді білемін бір күні мен.

«ДАТ».
№13 (139)
1 сәуір, 2009 жыл