«ИIСI ШЫҚҚАН ТОҒАН СУДАЙ БОЛМА, ЖАҢА ҺӘМ ЖАҢАЛАН»

Күнi ертең, анау ақтаңдақ жылдары кәдiмгi адам секiлдi ре­прес­сия­ға ұшыраған Ұлыстың (қуатты мемлекет деген ұғым­­да – А.Ә.) ұлы мерекесi де табалдырықтан аттағалы тұр. ендеше, қош келдiңiз әз Наурыз! Бұл мерекенiң қасиеттiлiгi мен киелiлiгi, оның ұрпақтан ұрпаққа алмасып, тiптi, бiр кездегi қара орман қазақтай «мың өлiп, мың тiрiлгенiнде». Онда тә­ңiр­лiк­тен тамыр тартқан сенiм-наным, бағыт-бағдарлы ұстанымға не­гiз­дел­ген мұсылмандықтан өрген Иман, егемен ел, тәуелсiз мемлекет құнттаған зайырлылық та бар. 

Әр алуан үрдiс, сан қилы салт-дәстүрмен өмiр сүретiн төрт­күл дүниедегi мұсылман әлемiнiң Ұлы мерекесi қашанда да ұла­ғат­ты­лық­пен аталып өтiлiп, болашақ ұрпаққа тәлiм-тәр­бие беретiндей дәрежеде өткiзiлуi тиiс. Сондықтан да, бiз наурыз мейрамын тойлаған кезде оның сыртқы пiшiм-порымына емес, iшкi мазмұнына ерекше үңiлуге тиiспiз. Бiр кезде Ға­бит Мү­сi­ре­пов «қазақтың әдет, инабаттық, сыпайылық дәс­түр­ле­рi­не Ислам көп нәзiктiк қосқан» деген сөзiнде осындай мән-мағына бар. Оған этнографиялық насихатқа қарағанда адами негiздегi рухпен суарылған, Иманмен үндестiрiлген мерекелiк нышан керек болуының сыры сонда.
Ретi келгенде айтайық, кей-кейде бiз Наурыз мейрамының түп-төркiнiне келгенде «бас жарып, көз шығаратын» тұ­жы­рым­дар­ға әуеспiз. Мысалы, бiр бiлгiш «Наурыздың дiнге қа­ты­сы жоқ, ол тәңiрлiктен берi келе жатқан мереке» десе, ал, екiншi бi­реу­лер одан шамандық сенiм-наным мен пұтқа та­бы­ну­дың бастауын көредi. Тiптi, ендi бiр бiлгiштер Наурыз сөзiнiң түп-төр­кi­нi парсылар тарапынан өрiлетiнiн бiле тұра, оны адам­ның атына байланыстырып айтатынын қайтерсiң. Бұлардың бәрi де «өлi әрi тартты, тiрi берi тартты» дейтiн пiкiрден аспайтын тұжырымдар.
Жыл басы – Наурыз. Ол көктемгi күн мен түннiң те­ңел­ге­нi­нен бастап кiредi. Онда кезекпен айналып келiп тұратын «Ескi ай – есiрке, жаңа айда – жарылқа» деген ұғымға саятын ай жа­ңа­руы да бар. Оның аралық кезi ӨЛIРАРА. Мысалы ол туралы ке­зiн­де этнограф-ғалым Тоқтасын Өмiрзақов: «Ата-ба­ба­ла­ры­мыз­дың ӨЛIАРА-ны не күн, не ай санатына, яғни, уа­қыт­тың есебiне қоспауының бiрден-бiр себебi, әлемдiк ми­фо­ло­гия­лық таным бойынша, Жаратылыс жаратылмай тұрып, Уа­қыт пен Кеңiстiктен тыс Жаратушының бұ дүниенi алты күнде жаратып, жетiншi күнi демiн алған уақиғадан сақ­тал­ған белгi болса керек. Шын мәнiнде ӨЛIАРА уақыты осы құбылыстан қалған тәрiздi» деген пiкiр айтты.
О кiсiнiң айтып отырғаны – дәйексiз болжам. Ал, тарих ғы­лы­мы­на ол жүрмейдi. Сол ғылымда деректану деген ұғым-тү­сi­нiк бар. Сен кiм, қандай тарихшы болсаң да соған жүгiнуiң керек. Қалғанының бәрi бос сөз. Мiне, мәселеге осы тұрғыдан келгенде Тоқтасын Өмiрзақов мырза қатты қателеседi. Өзi ғана қателесiп қоймайды, өзгенi де жаңылыстырып жалған жол­ға түсiредi. Ендi мәселеге сол деректану арқылы келейiк. бiрiншiден «ӨЛIАРА» (междулуние) – ескi Ай мен жаңа Айдың ара­лық кезi. Яғни, Ай Жер мен Күннiң екi арасына келедi. Мiне, сол кездi қазақтар ӨЛIАРА деп айтады (Х.Әбiшевтiң «аспан сыры» кiтабын қараңыз – А.Ә.). Бұл ғылыми дә­лел­ден­ген жай. екiншi, әлгi ғалымның Жаратқан Иемiздiң «Бұл дү­ние­нi алты күнде жаратып, жетiншi күнi дем алған» деген тү­сi­нiк-па­йы­мы­на келейiк. Құранның 50-сүресi, 38-аятыда:

«Мы сотворили небеса и землю
И все, что между ними,
за шесть (небесных) дней,
И не коснулась Нас усталость»

десе, (В.Порохованың тәржiмасынан) ал ендi «Ветхий завет» болса «10. А день седьмой – суббота Господу, Богу твоему: не делай в оный никакого дела ни ты, ни сын твой, ни дочь твоя…
11. Ибо в шесть дней создал Господь небо и землю, море и все, что в них, а в день седьмой почил: (демалды) по сему благословил Господь день субботний и освятил его» дейдi. Бұ­дан шығатын қорытынды, этнограф-ғалым Тоқтасын Өмiр­за­қов осы тұста да қатты қателеседi. Көрiп отыр­ған­да­ры­ңыз­дай, Құранда «Алла тағала жер мен аспан әлемiн жеңiл, шаршамай-шалдықпай жаратты» десе, «Ветхий завет» болса «жаратушы аспан мен жердi жаратқаннан соң жетiншi күнi демалды» дейдi. Сөйтiп, ол Аллаға адамға тән қасиеттi таңады. Ал, «Құран» болса адам мен Алланың қызметiн, әрi болмысын жа­ңы­лыс­тыр­майды. Ендеше, бiздi таңқалдырғаны этнограф-ғалым Тоқ­та­сын Өмiрзақовтың христиандық дiни ұстанымды қазақтың ӨЛIАРА ұғымымен жаңылыстыруы. Сондықтан да, о кiсiнiң бiл­­ме­ген нәр­сесiне бәтуа айтып, өзгенi жаңылыстыруының күнә деуге де келетiн жағдай.
Мiне, бiз осынау пiкiрлердi оқып-бiлiп отырғанда есiмiзге Ахмет Байтұрсынұлының не нәрсенi болса да ғылыми дә­лел­деу керектiгiн алға тарта келе, «Исi шыққан тоған судай болма, жаңа һәм жаңалан» деген сөзi есiмiзге түседi. Ал, ұлы Әуе­зов болса Ахмет атамыздың сөзiне «Жаңаның басы» деген тү­сi­нiк­тi қосып, ұлтты ұлағатқа шақырады. Лайым, әз Наурыз жақ­сы­лық­тың басы, жаңалықтың өрiс-өзегi болсын!

«Заң газеті».
20 наурыз, 2009 жыл