ЖАҢАГАЗЕТШІЛДІК

Бүгінде жаңагазетшілдік – ақпараттық кеңістіктегі індетке айналған дерт болып барады. Бірақ, соған қарамай, оны олай қа­был­дап жатқан ешкім жоқ. Тамсана, таңғала қарайды және оларды жата-жастана оқиды. Олардың арасында жеке бастың мақ­сат-мүддесі үшін ашылғандары барын былай қойғанда, күн­де­лік­ті ағымға ілесіп, ана бір желөкпе, желбас «сары басылымдармен» жарыса шығып жатқандары да бар. Мысалы, бір ғана Оң­түс­тік Қазақстанда бүкіл республикамыздағы басылымдарды қосқаннан артық 250-ге жуық газет шығады екен. Мұның жақ­сы­лы­ғы көп пе, әлде жамандығы көп пе? Оның жемісін ал­да­ғы уақыттағы ұрпақ тәрбиесінен көреміз. Олардың артында бір-бір ақшалы қалталылардың тұрғаны тағы анық. Тәртіп пен заң­ға бой ұсынғысы келмейтін тәуелсіздік терісін жамылған әлде біреулерге тәуелді газеттердің олигарх иелері болса сыртта тұрып, тілге тиек еткен кейіпкерлеріне тасадан тас атады. осындайда Н.Некрасовтың «Современники» поэмасында:

«Не у нас – во всей Европе
Прессой правит капитал,
Был же генкель, есть же Гоппе…
Ты бы ярче их сиял!
Прессе нужны коммерсанты» –

дегені бар. Өзіміздің ұлы жазушымыз Мұхтар Әуезовтің сонау 1922 жылы мерзімді баспасөз туралы: «Кейбірінің (мерзімді басылымдарды айтып отыр – А.Ә.) кім екені белгісіз. Көбі ары-бері сандалуда. Сондықтан, газеттерден қазіргі уа­қыт­та жұрттың көбі жамандау бөлімін ғана оқиды. Ол неден? себебі, жамандау қазақ мінезінде өсекшілдіктің салдары: бұл жерде газет те ел рухына жақындайды. Сондықтан, ол бө­лім­нің оқушысы көп» дейтін сөзі есіңе түседі. Оны айтасыз, ол газеттердің аттары «Ар-Дақ», «Ар-ождан», «Діл», «Ақи­қат», «Айғақ», «Айғақ-махаббат» деп айдарланып, асқақтап тұ­ра­ты­ны қайтерсің. Ұмытып барады екенбіз, олардың ішінде «Қы­зық газет», «Қымызхана», «Сөзжұмбақ», «Басқатыру» сияқты атынан жаңылысатын қаптаған қосымшалары да бар. аттарына қа­ра­саң бірі иманды, екіншісі арлы, үшіншісі әділетті. Ол – «Ха­лық мұңын мұңдап, ұлт мүддесін жоқтаймыз» дегенге саятын гөй-гөйдің көрінісі.
Тәуелсіздік терісін жамылып, әлде біреулерге тәуелді болып жүрген бұл газеттер елдің бетке ұстар азаматтарын қа­ра­лап, «жаптым жала, жақтым күйе» дегенге саятын бағыт-бағ­дар­да жұмыс істейтіндерін өздері де білмейтін секілді сыңай танытып, елді әрі-сәрі күйде қалдыратынын қайдан білсін. Ана бір жылдары сол газеттердің қазіргі сенатор, бір кездегі аудан әкімі болған Қуаныш Айтаханов пен Еңбек және халықты әлеу­мет­тік қорғау министрі Бердібек Сапарбаевты (Ол кезде Оң­түс­тік Қазақстан облысының әкімі болатын – А.Ә.) жабыла жамандап, соңына шам алып түскендей болғанын оқып-білгенде жа­ға­мыз­ды ұстағанбыз. Әйтпесе, олардың екеуі де ел-жұрт мақ­та­ны­шы, халық қалаулыларына айналған азаматтар емес пе? Әзір де сол. Оның куәсі ретінде «Діл» деген газеттің Арыс қа­ла­сын­да­ғы бір мектептің директорын ел-жұртқа «бөжей» етіп көрсетіп, барынша қаралап баққанын алға тартсақ та болады. Ондай мысалдарды оңтүстік өңірінен көптеп табамыз десек қателеспейміз.
Ал, енді сол газеттердің беттерінде шыққан «көркем» әң­гі­ме­лер­ді оқығанда төбе шашымыз тік тұрады. Сол баяғы эротика, көр­пе-төсек қызығы. Оны сырттан бақылап, сығалап тұр­ған­дай суреттеп, баяндап беретінін қайтерсіз. Оларды үлкендер әйе­лі­нен, әйелі күйеуінен, атасынан келіні, келінінен атасы, ата-анасы бала-шағасынан, бала-шағасы ата-анасынан жасырып оқып қа­рық болып қалатыны өкінішті. Жаңагазетшілдер үшін бұл да – мақ­та­ныш, бұл да – мәртебе. Өйткені газеттерінің саны көп­теп таралып жатыр емес пе? Сол шіркіндер де­мо­кра­тия­ның демагогия, сөз бостандығының аузына келгенді айтып, жазу еместігін білмейтіндігіне таң қаласың. Одан да ары барсақ, сөз бос­тан­ды­ғы мен демократияны жөн-жосықсыз оңды-солды пайдалана беру дәріні дәрігердің кеңесінсіз ішумен бірдей.
Жалпы, біздің жаңа басылымдардан бастап, жа­ңа­га­зет­шіл­дік­пен ауырғандардың ем-домы, біздіңше, олардың сол демократия мен сөз бостандығының ара қашықтығын білмеуінде. Ендеше, тәуелсіздік терісін жамылып, әлде біреулерге тәуелді болған жаңагазетшілдердің ойланатын жайлары да аз болмаса керек.

«Заң газеті».
24 ақпан, 2009 жыл