ҰЛТШЫЛ БОЛМАЙ ҰЛЫЛЫҚ ЖОҚ

Бұлай демеске амалымыз жоқ. Өйткені достық атты қа­сиет­ті де киелі ұғымды жамылып, еліміздегі диаспоралардың, яғни, азды-көпті ұлттар мен ұлыстар өкілдерінің әлдебіреулері жер иесі қазақтың ұлттық дәстүр-салттарын екінші қатарға ысырып, тіліне қиянаттық жасап жатқаны барша қауымға белгілі. Ол әри­не күштеп жүргізілмесе де, әртүрлі қитұрқы әдіс-тәсілдермен ат­қа­ры­лып жатқаны анық. Мысалы, соның бірі – олардың Қа­зақ­стан­ды көпдінді де, көптілді мемлекет деумен бірге, қа­зір­гі кең етек алған үш тілділікті алға тартып, ана тіліміздің қа­дір-қасиетін барынша кетіруге тырысып жатқаны. Кеңестік ке­зең­де «ұлттар лабораториясы» саналған, ал, бүгінде әлі де болса со­ның салқынынан арылмаған Қазақстан үшін ұлттық идеяны қа­лып­тас­ты­ру­дың қиындығы мен қияметтігі сонда болып отыр. Оның себебі, сонау жылдары әртүрлі табиғи, тарихи про­цес­тер­дің кесірінен Қазақстанды мекендеген кейбір ұлттар мен ұлыс­тар­дың кіндік ұлт қазақ билік алып кетсе, бізге қиын болып қа­луы мүмкін деген үрейді ойларына да, бойларына да сіңірулерінен шығар. Әри­не, бұл – мезгілсіз келген үрей мен қорқыныштың синдромы ғана.

Шындығына келсек, егер әлімсақтан бері келе жатқан ел-жер иесі қазақтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы мен әдет-ғұ­рып, салт-дәстүрі, мәдениеті және рухын асқақтататын тілі жақ­сы болса, Қазақстанды мекендеген ұлттар мен ұлыстардың да жағ­дайы жан-жақты жақсы болатыны белгілі. Осыны тү­сін­бей­тін кейбіреулер, оның ішінде өз қандасымыз Болат Сұл­та­нов «…партия «Нур Отан» действительно не педалировала «русский вопрос». Но она позиционирует себя как партия всех казахстанцев. Она стремится к формированию казахстанской нации…» десе, Владимир Нүсіпханов деген азамат оның ойын одан әрі тереңдете «Казахский язык – это язык застолья, песен и айтысов. Он был у нас на кухне, там и останется. Так зачем надевать на высохшее дерево праздничные букеты. Там должен висеть венок…» дейді. Міне, осы сөз­дер­дің өзі-ақ кезіндегі «халықтар отбасы» ұғым-түсінігінің бү­гін­гі күнге дейін өміршеңдігін танытып, тәуелсіз мем­ле­ке­ті­міз­дің ұлттық негізін шайқауға тырысуы емес пе?
Бұдан келіп шығатын қорытынды, кез келген ұлт өзінің мық­ты жағын сезу арқылы, әлсіз тұстарын да біліп, оны қа­да­ға­лап отыруы керек. Біздің ең басты ұлт ретіндегі кемшілігіміз – осы қадір-қасиеттерге немқұрайды қарайтынымыз. Сорымыз – өз арамыздан шыққан тілі мен дінін жоққа шығаратын жо­ға­ры­да­ғы­дай адамдардың айтқандарына бейқам қарап, «ит үреді, керуен көшеді» деген мақалымызды малданып жүре бе­ре­тін­ді­гі­міз­де. Жалпы, ұлттық кескін-келбетімізді, тұрмыс-тіршілігімізді, адами қарым-қатынасымызды, моральдық-имани ұс­та­ны­мы­мыз­ды жоғалтпай, оны одан әрі жалғастыру қажеттігін білу үшін ас­қан оқымысты-академик болудың керегі жоқ. Бар қа­зақ ұлт­тық немқұрайлылықтан арылуы тиіс. Оны билік ба­сын­да­ғы зиялыларымыз да ешбір естен шығармаса нұр үстіне нұр. Өйт­ке­ні, ұлт пен биліктің сол ел-жұрттағы зиялылардың аралары қаншалықты алыстаса, ол мемлекетіміздің ұлттық қа­уіп­сіз­ді­гі­не соншалықты кері әсерін тигізеді. Осынау үштаған то­лық­қан­ды жұмыс істемесе, біз шынында да ғаламдастыру атты алып құбылыстың аранына жұтылып кетуіміз кәдік емес.
Жалпы, мен іргеміздегі орыс ұлтшылдығынан бастап, бас­қа да ТМД елдеріндегі, сондай-ақ, алыс шетелдердегі ұлт пен ұлыстардың ұлтшылдығынан қорықпаймын. Өйткені, ол та­би­ғи-тарихи категорияға жататын құбылыс. Әрбір ұлттың өзін сүюі – өмір заңдылығы. Бірақ, ол ұлы шовинизмге ден алдырып, өзге ұлттар мен ұлыстарды кемсітіп, қорлауға жол бермеуі тиіс. Мен өзге мемлекетте диаспора атанып жүрген ұлттар мен ұлыстардың ұлтшылдығынан қорқамын. Олардың кейбір оқығандарының өзі Қазақстанды Отаным дей отырып, оның иесі қазақтың мақсат-мүддесін, яғни, оның ең бастысы тілін әдет-ғұрып, салт-санасының эволюциялық жолмен дамуына бір­ден-бір кедергі келтіруге тырысады. Осы тұста Достоевский­дің бір кезде Ресейді француз тілі жаулап алып, орыс тілі екінші қа­тар­ға ысырылған мезгілде «Олар тіліміздің тағы да (өз ті­лін жоқ­қа шығаратындар мен басқа ұлт өкілдері – А.Ә.) ер­кін де та­би­ғи дамуына мүмкіндік бермей ме?» деген қаупін тілге ал­сақ жеткілікті. Содан соң, сол Достоевский ұлттың сана-се­зі­мі­нің қалыптасуына бірден-бір әсер ететін басты құрал тіл екенін айта келіп, орыс халқына «Стать русским, во-первых и прежде всего… Прежде всего надо каждому стать русским, то есть самим собой, и тогда с первого шага все изменится» деген ұран тастайды. Әрине, дәл осылай сөйлеп жүрген қа­зақ зиялылары да жоқ емес, бар. Бірақ оны тыңдап, құлаққа асып жат­қан билік басындағы шенеунік мырзаларды аз кездестіреміз. Тіп­ті, жоқ десек те болады. Әсіресе, соңғы кездердегі «Бо­ла­шақ» бағдарламасымен оқып келген жастарымыздың арасында ондайлар көптеп кездеседі. Сондықтан да, осы бір ұлт мүд­де­сі­не қызмет ететін бағдарламамен оқуға жіберуді жолға қою – мін­дет. Онсыз болашақ ұрпағымызды қазақ қалпында қал­ды­ру мүмкін болмай қалады.
Шынымды айтайын, кейде маған алып Қазақстаны­мыз үлкен бір шетелдіктерге арналған қонақ үй сияқты кө­рі­не­ді. Онда кім, сосын қандай ұлт өкілі жоқ дейсіз. Бәрі бар. Бі­рақ, оларға қаскөйлікпен қарау бізге жараспас, дегенмен де со­­лар­­дың бәрі де бізге ізгі ниет, жақсы құлықпен келді деп те айта алмаймыз. Олармен бірге келген тіл мен дін, әдет-ғұрып, салт-сана, мәдениет пен саясат күнделікті қарым-қа­ты­нас­та қазақтың бойына да, ойына да, қанына да мысқалдап болса да сіңіп жатыр. Оны реттейтін, реттеуге тиісті билік ба­сын­да­ғы­лар жалған да, жалпақшешей ұстанымға құралған ұжым­дар­дың өтірік достықты жамылған ниет-құлықтарының жетегінде кететініне не дейсің. Мысалы, қазір Қазақстанды жай­ла­ған әртүрлі секталардың өздерінің іс-әрекеттерін ақтап, оны бо­­ла­шақ қабылданатын дінді реттеуге тиісті заңымызға ен­ді­ріп жіберуге тырысулары соның бірден бір көрінісі. Оны қол­дау­шы­лар да өз арамыздан шыққан Жовтис, болмаса фокина секілділер. Біздің жарғақ құлағымыз жастыққа тимей ел-жұр­ты­мыз­ды, ұлттық қадір-қасиетімізді сақтап қалуға әсер ететін бір­ден-бір күш қазақтың қазақ болып қалуы деуіміздің сыры сонда.

«Заң газеті».
19 қыркүйек ,2008 жыл