«КҮНГЕ ЖАҚЫН ЕЛДІҢ ЖҮРЕГІ ЖЫЛЫ, МЕЙІРІМДІ БОЛАДЫ»
«Ауылға ұрланып келіп қайтамын»
Есімі елге танымал ақындар «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы Ұлықбек Есдәулетов, «Жазушы» баспасының директоры Есенғали Раушанов, «Қазақ» радиосының бас редакторы Ғалым Жайлыбаевпен бірге жүрген аманхан Әлімов те кездесуге келген қалың жұртшылықты ә дегеннен-ақ өзінің толғанысқа толы ашық әңгімесімен баурап алды.
– Оңтүстік Елі қашанда маңдай теріне ғана сенген, өз күшіне ғана сүйенген бейнетқор ел. Қиындықты да көп көрген, ауыртпалықты да қайыспай көтере білген көнбіс ел. Соған қарамастан, бұл елде жаны жайсаң, жүрегі жылы, мейірімді адамдар көп тұрады. Өйткені, бұл ел күнге жақын ел, – деп толғана сөйледі ақын жігіт. – Менен бір студент: «Аманхан аға, Сіз ауылға келіп тұрасыз ба?» деп сұрады. Мен ешуақытта туған ауылымнан қол үзген емеспін. Көбіне поезбен ұрланып келіп, Арыстан түсемін де, туған жерім Қожатоғайға тартамын. Ауылда үш-төрт күндей балық аулап қайтамын. Мұны ешкім де білмей қалады. Тәкен Әлімқұлов ауруханада жатқанда қайтыс боларынан бір күн бұрын көңілін сұрап келген Тоқаш ақынға: «Мені Бабаатаға жерлеңдер» деп өтініш білдірген екен. Туған жердің қасиеті мен құдіреті емес пе, бұл! Әйтпесе, қазақтың көрнекті қаламгеріне Кеңсайдан орын табылмады дейсіз бе? Тәкен ағамыздың аузына Алланың салып тұрған сөзі ғой бұл.
Енді бір сәт Аманхан ақын өзінің өмірдегі және өлеңдегі алғашқы ұстаздары туралы да толғана сөйлеп кетті.
– Мен өзімнен кейінгі жас ақындарға айтамын. Сендер білім жағынан да, ақындық талант жағынан да, мүмкін, менен асып-түсіп жатқан шығарсыңдар. Мен бұған таласпаймын. Бірақ, менің сендерден бір артықшылығым бар. Мен алдыңғы толқын ағаларым – Қуандық Шаңғытбаевтың, Тоқаш Бердияровтың, хамит Ерғалиевтің қолын алып, сөзін тыңдап, қасында жүрдім. жастау кезімде жазған «Әке хаты» деген алғашқы өлеңімді мархабат ағам «Оңтүстік Қазақстан» газетіне жариялап, «түбінде сен үлкен ақын болуың керек» деп маған қанат бітірді. Мен өмір бақи жақсы адамдардан сабақ алып келе жатырмын. алматыда оқуға түсе алмай құрылысшы болып жүргенімде де талай адамның шарапатын көрдім. Дүниеде жақсы адамдар көп болмаса, өмір де сүреңсіз тартар еді. Қоғамды ұстап тұрған жақсы адамдар.
«Кемпірдің ақындығы бізден артық»
Оқырмандар тарапынан Аманхан ақынға қойылған сұрақтар да аз болмады. Біз олардың ішіндегі ең қызықты дегендеріне тоқтала кетейік.
– Сіздің сын мақалаларыңызды «Қазақ әдебиеті» газетінен оқып тұрамыз. Белгілі сыншы-ғалым Зейнолла Қабдолов: «Біреуді сынау үшін өзің одан жоғары тұруың керек» дейді. Сіз өзіңізді әдебиет саласында мықтымын деп санайсыз ба?
– Қазір мен өзімді «мықтымын» десем, бұл өте ұят болады. Бұлай деп айтуға менің құқығым жоқ. Бұлай деп есептеген де, ойлаған да емеспін. Сын мақалаларымды байыптап оқысаңыздар, қалай жазғанымды, не үшін жазғанымды түсінерсіздер деп ойлаймын. Кейде Есенғали екеуміздің бір-бірімізді әзілдеп: «Бұл аптада сен классик бол, келесі аптада мен болайын» – дейтініміз бар. Бұл достар арасындағы ойын. Оны шын деп қабылдауға болмайды.
– Сіз көбіне жас ақындарды сынайсыз. Неге? Әлде сіздің сақа ақындарға тісіңіз батпай ма?
– Меніңше бұл сұрақты қойған адам менің жазғандарымды асығыс, атүсті оқып шыққан болуы керек. Мен Әбдіжәміл Нұрпейісовтен бастап, Иранбек Оразбаев, Исрайл Сапарбаев – бәрін сынағанмын. Және бұл сындарымның ешқайсысын біржақты жазылған деп есептеген емеспін. Мен өз пікірімді әр уақытта ашық айтамын. Тіпті, бір жолы «Қазақ әдебиеті» газетінде жүргенімде редакцияға өлеңдерін әкелген марқұм Аманжол ІІІәмкенов ағамызды бір-екі рет ренжітіп қайтарғаным да бар. сынау деген жек көру емес, маған көмектесіп отыр деп түсіну керек. Өзім де талай рет сынға ұшырадым. Бірақ, ешуақытта өкпелеген емеспін. Сенің шығармаңа деген өз ойын, пікірін білдірген жанға не үшін өкпе артуым қажет?
– Қазіргі жастар поззиясы туралы не айтасыз?
– Мен жастарға сенемін. Жақсы ақындар бар.
– Жас ақындарға қандай кеңес берер едіңіз?
– Мен қарапайым халық арасында жүргенді жақсы көремін. Бірде Есенғали екеуміз Арыстан түскен соң ауылға бару үшін автобусқа отырдық. Автобусымыз шлагбаум алдына тоқтады. Бір шеттен вагондарын шұбалта сүйреткен тепловоз көрінді. Мен: «Мына поезд жай келе жатыр ғой» дедім. Қасымдағы Есенғали мені: «баяу келе жатыр» деп түзетті. Екеуміз де құрғақ ақпараттық-информация бердік. Ал, алдыңғы орындықта бір кемпір отырған болатын. Сол айтады: «Ессізқалғырдың сызып келе жатқанын қарашы!» Міне, бұл кісі ақын.
Өзін ақын санап жүрген біз құрғақ сөзбен ғана айтып тұрмыз. Қазақ халқы образбен, теңеумен сөйлеген халық. Сондықтан жас ақындарға «қара сөздің қаймағы ел арасында, халықтан көбірек үйренуге тырыс» дер едім.
«Қазақстанда тек қазақ проблемасы бар»
– Ана тіліміз қашан теңдік алады?
– Ана тіліміз әлдеқашан теңдік алған. Оның теңдігін енді отбасымызда қазақша сөйлеу арқылы нығайтуымыз керек.
– Жаһандану дәуірінде қазақ ұлтын қалай сақтап қалуға болады?
– Қазақ ұлтын жойылып кетуден сақтаудың жалғыз жолы бар. Ол бойкүйездіктен арылу. Халықта мынадай нақыл бар. Досыңнан қорықпа, азар болса сатып кетер дейді. Дұшпаныңнан қорықпа, азар болса өлтіріп тастар дейді. Қорықсаң немқұрайдылықтан қорық: ол сатып та кетпес, өлтіріп те тастамас, бірақ бұл тірліктер оның үнсіз келісімімен жасала береді… жасала береді… Бойында қаны бар адам өзінің елінің, тілінің, мемлекетінің тағдырына ешуақытта бей-жай қарамауы тиіс.
– Қазақстанда ұйғыр проблемасы бар ма? «Ұйғыр автономиясын» құруға қалай қарайсыз? Жалпы, «көпұлтты Қазақстан» дегенді қалай түсінесіз?
– Біз шындығында да көпұлтты Қазақстанбыз. Бірақ, біз унитарлық-этникалық мемлекетпіз. «Көпұлттылық» дегенді алға тартып, оның унитарлық негіздеріне зиянын тигізетін болса, мен қарсымын. Бұл жер – қазақтікі, Қазақ мемлекетінікі. Қалғаны – диаспора. Қазақстанда шешілмей отырғаны тек қазақтың мәселесі, басқа ұлттардың проблемасы шешілген. алматыда кедейлер кім? Қазақ. Үйсіз-күйсіз жүргендер кім? Қазақ. «Шаңырақ» пен «Бақайдың» проблемасы да қазақтікі. Сондықтан, біз демократиялық және ақпараттық майданда жеңіліп қалмау үшін де жанталаса қимылдауымыз керек.
– Біз мемлекеттік тұрғыдан не себепті ұлттық мүддемізді қорғай алмай келеміз?
– Біз өзімізді тәуелсіз ел қатарына жатқызғанымызбен, әлі экономикалық және саяси тұрғыдан толық тәуелсіздікке қол жеткізе қойған жоқпыз. Бұл бірте-бірте қалыптасып келе жатқан құбылыс. Әлі күнге дейін іргеміздегі Ресейге жаутаңдай береміз. Заңдарымыздың өзі орысша дайындалады. Қазақтың табиғатына, менталитетіне сәйкес келе бермейді. Заңдардың орындалмай жатқаны да осыдан. Алдан Әйімбетов марқұм қазақтың шын мәніндегі тәуелсіздігін армандап кетті. Олжас Сүлейменов және басқа да орыс тілді зиялыларымыздың қолдан жасалған таным-түсінігін қабылдай алмаймын.
«Орысша тәрбиеленгендер екі сөйлейді»
Әңгімеміз одан әрі мәртебелі меймандар орналасқан «клара Сапар» қонақүйінде жалғасты.
– Олжас Сүлейменов те қазақтың үлкен бір тұлғасы ғой. Алайда, оның қазақтың ұлттық мүддесіне қатысты көзқарасын кезінде аяусыз, сынға алдыңыз. Одан бері ол туралы пікіріңіз өзгерген жоқ па?
– «Жас Алаш» газетінде жарияланған менің бірқатар мақалаларыма орай, сол «Жас Алашта» Олжас Сүлейменов жауап жазды. Онда да ақталады. Жалпы, мен орысша тәрбиеленген, таным-түсінігі орысша қалыптасқан адамдарға сенбеймін. Олар екі сөйлейді. Қазақ аудиториясында бөлек, орыс тілді аудиторияда басқаша айтады. Қай-қайсының да ыңғайын тауып сөйлеуге бейімделіп алған. Ғылымда «двойной стандарт» деген ұғым бар. Міне, біз кез келген уақытта ұлттық мүддемізге қатысты ой-пікірлердің ішінен, оның шын асылын жалған жасығынан айыра білуге үйренуіміз керек.
– Әбеке, оппозициялық партияға көзқарасыңыз қандай?
– Мен еліміздегі кез келген оппозициялық партияға сенімсіздікпен қараймын. Оларда ұлттық идея, ұлттық мүдденің жоқтығына қарным ашады. Бұлардың мақсаты – билікке таласу ғана. Белгілі бір топтың билік жолындағы күресі ғана бар. Мәселеге ұлттық мүдде тұрғысынан келмегендіктен, олар әлсіз ыдыраулы.
– «Нұр-Отан» партиясына қалай қарайсыз?
– «Нұр-Отан» Президенттің партиясы, соның көзқарасын, ұстанымын қолдайды. Ресейдегі «Единая Россия» партиясы сияқты. Мұндай партияның пайдасы да, зияны да бар. пайдасы – мемлекеттің нығаюына ықпал етеді, зияны – билік басындағы адамды пұтқа бас игендей табындыртады, халықтан бөліп тастауға бейім тұрады.
– Әбеке, біз бұрын ақын Аманханды білуші едік. Кейін философияға бейім, дүниетанымы кең, әрбір мәселеге үлкен әлеуметтік мән бере қарайтыныңызды аңғарамыз. Бұл Мәскеуде оқудың әсері ме дейміз. Өзіңізге сондай өзгеріс байқала ма?
– Мен Мәскеудегі әдебиет институтына барғанға дейін басқа адам едім. Интернационалдық тәрбие алдық. Өзге ұлттарға қиянат жасамау, теңдік, түсіністік, бірлік қажеттігін жан-тәнімізбен түйсініп өстік. Ал, Мәскеуге барып келген соң менің көзқарасым кілт өзгерді. Өйткені, өз жеріңде өзіңнің қадір-қасиетің байқала бермейді екен. Сыртқа шыққанда көзің ашылады. Алған білімің, өмірлік тәжірибең, жасыңның ұлғаюы қосылады да, сені үлкен ойларға итермелейді. Егер, біреулер менің ақындығымнан гөрі, жер, ел, тіл туралы публицистикалық мақалаларымды жоғары бағаласа, бұл жаңағы айтылған үш компоненттің қосылғанынан деп білемін.
«Оңтүстіктің жақсысы мен жаманы»
– Әбеке, бағанадан бері қоғамдық маңызы бар үлкен мәселелерді көтердіңіз. Енді, елге қарай жақындайық. Бізде өзіңіз қатысып отырған «Ұлысымның ұйытқысы – Оңтүстік» атты жақсы бір іс-шара өткізілуде. Осыған орай, біздің Оңтүстік туралы бұрынғы және қазіргі көзқарасыңыз қалай? Жақсы-жаман жақтарының сыры неде? Осыған не дейсіз?
– Кездесу кезінде айтып өткенімдей, күннің шуағын, жылылығын мол қабылдаған елдің жүрегі де мейірімді келеді. Оңтүстіктің осы бір қасиетін жоғары бағалаймын. Бойында жылуы бар адам дүниенің бәрін жылы көріп, жақын тартып тұрады. Сондықтан, біздің Оңтүстіктің мейірімділігі, кеңпейілділігі, қонақжайлылығы, бәрі-бәрі – күнге жақындықтан. Адамдардың мінез-құлқы да табиғат әсеріне сай қалыптасатынын айтқан жөн. Сәуле аз, жарық жетімсіз жерлерде біреулерге күле қарау да оңай емес. Олар ішкі сезімін шығара бермейді. Ал, мейірім бар жерде жақсылық бар, адамды сүю бар. Ресейде Вологда деген жер бар. Вологодская область дейді. Бүл жер орыс жазушыларын шығарудың «конвейері» сияқты. Өйткені, бұл жерде – тіл бай. Оларда таза орыстық мінез бар. Мен кейде қалжыңдап: «Қазақстандағы Вологда бұл – Шымкент» деймін. Өйткені, қазақтың ақын-жазушыларының дені осы өңірде туып-өскен.
– Ал ұнамайтын жағы…
– Ұнамайтын жағы – ешуақытта мәселенің басын ашып айт-пайтыны. Мұның өзі біреудің көңіліне тиіп қала ма деп сақтанудан туып жатады. Мұны сырт жұрт басқаша жориды. Бұлар «саудагерлер» дейді, «өзбектен үйренген» дейді. «Алдап кетеді» дейді. Әрине, отырықшы елдің, сауда-саттығы ерте дамыған елдің ат үстінде күн кешкен көшпелі жұрттың өмір салтына қарағанда, өз ерекшеліктері бар. Алды-артын ойластырып сөйлеуге, пысықтыққа, есесін жібермеуге бейім келеді. Алайда, «алдап кетудің» жалпыға тән емес, кез келген қалада кездестіруге болатынындай, бірді-екілі адамға жат қылық екенін былайғы жұрт түсінгісі келмейді. Сондықтан, мұндай жағдайға «повод» бермеуіміз керек.
«Рушылдықты қоздыратындарға қынжыламын»
– Сыртта жүрген жерлес жазушыларымыз Шымкенттің жаманаты шығып жатса қандай ойда болар екен?.. Елдің еңсесін түсірер бұл жағдайды қалай түзетсек екен деп толғанған да боларсыздар…
– Әрине, итің жаман десе, ашуланатын қазақпыз. Туған жерін қадір тұтпайтын ақын-жазушы бар ма? Жаман аурумен Шымкенттің аты әлемге танылғанда біз де қатты күйіндік. Сондай-ақ, «ҚТ» және «ДТ» деген бәлені қоздырып, аспандатып жіберген Мұхтар Мағауин болды. Бұл арқылы үлкен ғалым өзінің беделін түсіріп алды. Сол рушылдықты қоздырып жүргендер басқа облыстарда да көп болмаса, аз емесін жақсы білемін. Соған қарамастан, рушылдық дертін Оңтүстік облысына таңа беретініне қынжыламын.
– Қаламгердің қоғамдағы орны туралы не айтасыз?
– Не айтайын, қаламгердің бірі – өзім. Алла маған сөз берді. Мен соны халыққа жеткізуге тиіспін. Менің айтқандарымнан, жазғандарымнан, мүмкін ештеңе өзгере қоймас. Бірақ, біз айтуымыз керек. Журналист, қаламгер проблеманы көтереді. Бірақ шешіп бере алмайды. Оны жүзеге асыратын – билік. Ақынның, жазушының, журналистің міндеті қазіргі кезде бейтарап қалмау. Мен сол үшін жұмыс істеймін. Өлеңге сыймаған ойымды публицистикалық мақалада айтамын. Бұл екеуі де қару. Ертең мемлекетіміз аяғына тұрып, тәуелсіздігіміз толық баянды болғанда ғана көсемсөзді қоя тұрып, таза өлең жазуға кірісетін шығармын.
– Шығармашылығыңызға шабыт, еңбегіңізге жеміс тілейміз!
Ертай БЕКҚҰЛ,
Суханберді ОРАЗАЛЫҰЛЫ
«Оңтүстік Қазақстан».
31 наурыз, 2007 жыл