ЕСІРІК САЗ ЕСТЕН АЙЫРЫП БАРАДЫ

Бүгінде радио және телеарналардағы жоспарсыз беріліп жататын «жабайы музыканы» жөнге қоятын уақыт жетті.

Музыка – көне грек тілінде өнер Құдайы атанған музадан бастау алатын киелі құндылық. Яғни, ол – көркем образ ар­қы­лы өріліп, сазды ырғаққа түскен дыбыстар жиынтығы. Қазақша әуен, саз, ән секілді ұғым-түсініктер де соған саяды. Олар­дың өнер­де­гі қатынас құралы ретінде құлаққа естіліп, көңілге қо­нуы­ның өзінде де сол қасиеттілік жатқан жоқ па? Мәселеге осы тұр­ғы­дан келгенде, арысы Бах, Моцарт, Прокофьев, свиридов, өзі­міз­дің Құрманғазы, Абай, Ақан, Біржандар, берідегі Шәм­ші, Нұр­ғи­са секілді композиторлардың ән-күйлеріндегі адам жанын тәр­бие­леп, көңіл хошымызды келтіретін құдіретке неге бас имеске?..
Міне, осындай музыканы даң-дұң, у-шуға айналдырып, құ­лақ жарғағыңды жарып жіберіп, миыңызды ашытатын «қазіргі музы­каны» тыңдағанда, айдалаға қашып кеткің келеді. Олар­дың кең етек алғаны соншалықты кез келген алыс ауылдағы және алып қаладағы көлік жүргізушілер өздерінің ра­дио­қа­был­да­ғыш­та­ры мен магнитофондарын барынша қосып қойып, қо­ғам­дық орынды «музыка базарына» айналдырып жіберетінін қай­тер­сің. Ал, мейрамхана мен кафелердегі демалуға барған ел-жұрт­тың бір-бірінің әңгімесін естірмейтіндей етіп у-шуға бөлеп жі­бе­ре­тін музыка туралы өзінше бөлек әңгіме қозғау керек. Бұ­лар – әл­де­бі­реу­лер үшін музыка, музыка болғанда жаңаша етек ал­ған рок немесе поп-музыка. Жөн-жосығына қарап тілге тиек етсек, кезінде Малайзия өкіметі қоғамдық орындарда даңғаза му­зы­ка­ға тыйым салған. Ал, біздің үкімет болса экономиканы алға тартып, тобырлық музыканың зияндығын елеп-ескермейді. жалпы, бұзылған экономи­каны түзеу оңай, ал аяқасты етілген рухты қайта қалпына келтіру – қияметтің қайымы.
Қоғам әлеуметтік-моральдық дағдарысқа ұшырағанда, болмаса ұшырауға бет алғанда ал­дымен жастары бүлінеді. Оны ел-жұрт бұзар саясаткерлер мен миссионерлер жақсы пайдалана біледі. Бір кезде басшылар коммунистік, социалистік моральды алға тартып кейбір өнердегі келеңсіз жайларға жол бермейтін бол­са, бүгінде ол ой мен ерік еркіндігін, сондай-ақ, сөз бос­тан­ды­ғын барынша малданып, олардың асығы алшысынан тү­сіп тұр­ған жайы бар.
Жалпы рок-музыка, шоу-бизнес – ешқандай заңмен қу­да­лан­бай­тын, ешкім тыйым салмайтын «есірткінің» бір түрі. Ол – негрлердің діни-наным сенімдерін насихаттайтын ән-күй­лер­ден өрген құбылыс. Сонымен бірге, онда мистикалық әдеп-ғұрыптың пұтқа табынушылық рәсімдерінен бастау алып, қан қоздыратын, сезім қатқылдандыратын, сондай-ақ, адамды ақыл-естен айыратын қадір-қасиеттің барлығы да тағы белгілі. Мұн­дай рок және поп музыка алдымен адамның фи­зио­ло­гия­лық (адам ағзасы), эмоциялық (көңіл-күй), интеллектуалдық (ақыл-ес, психология, сана-сезім) және рухани адами-мо­раль­дық болмысына әсер етеді. Әсіресе, олар әлі де болса өмірлік ұс­та­ны­мы мен көзқарастары қалыптаспаған жастарға ерекше ық­па­лын тигізеді. Оларды «музыкалық есірткі» деп атауының өзін­де идео­ло­гия­лық және медициналық мән бар. Құлақ тұн­ды­рар у-шу жас адам бойындағы сезімталдықты өлтіріп, рухани ке­рең етеді де, жүйке ауруына ұшыратады.
Сөйтіп, рок-мәдениет атауымен өмірге то­бырлық өнер келді. Соның басты көрсеткішінің негізі – дыбыс жазу және дыбыс шығарушы, сосын, дыбыс күшейткіш жан-жақты жетілген техника. Оның арты бүгінде шоу-бизнеске айналды. Яғни, ол адам сана-сезімінің тазалығына кері әсер ететін «рухани индустрия» қалыптастырды. Сөйтіп, өркениет басталған тұстан «мә­де­ниет шегінедіге» саятын қағида іске асып, классикалық му­зы­ка­ның басына қатер төнді. Соңдықтан, бүгінде саз әлемінде кім, сосын не көп деген сауал алдымызға жиі-жиі тартыла береді. Әри­не, «эстрада жұлдызы» атанған әнші мен поп-ұжымдар көп. оларды дайындап сахнаға, сондай-ақ, телерадиоарналарға шы­ға­ру оңайға айналды. Тек қалта толы қаржың мен байланысың болсын. Мұндай жағдайда сөзсіз талант екінші кезекке ше­ге­рі­ле­ді. Бұл – өнерге жолдан қосылған дилетанттарға жасыл көше ашылды деген сөз.
Дыбыс жазу және дыбыс шығару, сосын, дыбыс кү­шейт­кіш, одан да жақсысы компьютер арқылы кез келген дауысты реттеп, кез кел­ген әншісымақты «эстрада жұлдызына» айналдыруға болады. Бұл – қазіргі тілмен айтқанда, компьютерден дауысты «сорып» алу. Сөйтіп, өзіңді-өзің жасанды әнші санатына қосу. со­сын, фонограммаға құлақ тігіп, соның «жетегінде» жүре бер. Бірақ, ол «жетектегі тазы аң алмайтынның» кері ғана болып қалады деп жүрген ешбір продюсер жоқ. Қазіргі телера­дио арналарынан беріліп жүрген «Фабрика звезд», «народный артист» хабарлары – соның айғағы. Шоу-бизнестің қатерлілігі де сонда. Ол талап –талғам бұзады. Музыка сазы мен қоз­ға­лы­сы қат­қыл­да­нып, ол сахнада жын-ойнаққа айналады.
Ол туралы кезінде Американың музыка зерттеушісі Пол уинтер: «Корни у рок-н-рол­ла и у джаза одни – оба восходят к выражению негритянской души. Но джаз – это поиск музыкальный, а рок-н-ролл больше связан с так называемой «сексуальной революцией». В «роке» музыкальная основа не так важна», – деген. Осынау сөздің жаны бар. шынында да, бүгінде «Диско-бар» атанып жүрген кафелер мен мей­рам­ха­на­лар­ға барса, өздерінің қайда және кімдермен отыр­ға­нын ұмы­тып кетіп, рок және поп-музыканың ырғағына бар жан-тә­ні­мен қосыла, денесі мен сезіміне ие бола алмай есірткі шегіп алғандай кө­ңіл-күйге түсетіндерін білмей қалатын жастарымыз аз ба?! Сон­дық­тан да, сырт көзге олар музыка ретінде зиянсыз кө­рін­ген­мен, ол – есірткі, есірткі болғанда героиннен де өткен қа­сі­рет. Жастардың рухани азғындауы да осындайдан шығады.
Бір кезде Гитлер басшылығы төмендегідей бұйрық шы­ға­ра­ды. Онда: «И пуст никому не приходит в голову передавать покоренным на­родам по радио сведения из их прежней исто­рии. Передавать следует музыку и еще раз му­зыку», – деген сөз­дер бар. Дәл сондай жағдай қазір бізде де қайталанып жатыр. Әрине, мұны гитлерлік ұстаныммен салыстыруға болмайды, бірақ, алған бағыт-бағдары соған саяды. Мысалы, «Русское радио» арнасын алыңыз. Онда Қазақстан немесе Қазақ тарихы туралы еш уақытта ештеңе айтылмайды. Ол тек қана сол рок және поп-музыкамен бірге Еуропа, содан соң орыс әуендерін ғана береді. Қазақтың сазды да сырлы әңдеріне онда ешқандай орын жоқ. Болуы мүмкін емес те. Өйткені, олар үшін ұлттық қа­дір-қасиеттегі кез келген әуен мен саз қатерлі. Себебі, олар – тұ­ты­ну­шы­лар. Ал, тұтынушылардың Отанға және туған ел-жұрт­­қа деген сана-сезім мен болмыс-бітімдері нарық талап-ті­лек­те­рі және бағыт-бағдарында қалыптасып, жалаң сөз­ге айнала­ды. Олардың ұлтшылдарды жек көретіні де сон­дық­тан. Ұлт­тың жадын өшіріп, сана-сезімін улайтын бірден-бір жолды таңдаған тұтынушылардың басты құралы сол – Рок және Поп.
Бұл – ұлттың ән өнеріне берілген үлкен соққы. Қазір ұлы әнші Қайрат Байбосыновты жұтып қойғысы келіп жүргендер де, сол шоу-бизнес өкілдері. Олар үшін ұлттық өнер архаизмге ай­нал­ған сияқты болады да тұрады. Қазақстандағы те­ле­ра­дио­ар­на­лар­дың тұтынушылық қуатының негізін қалаушылар да сол шоу-бизнесті насихаттаушылар. Тіпті, «шлягер» атанып жүр­ген сөз тіркесінің өзі XVIII ғасырда Австрия мен америка сау­да­гер­ле­рі­нің сауда-саттық және өздерінің тауарларын жақ­­сы ба­ға­мен өткізген кездегі пайдаланатын қарым-қа­ты­нас­та­рын­­да­ғы ұғым-түсініктен өрген сөз. Олар үшін ұлттық музыка деген ұғым­­ның болмауының да сыры сонда. Сондықтан, мә­­де­­ниет­те­гі ең қауіпті нәрсе – сауда-саттыққа негізделген өнер­дің ұлт арасында кең етек алуы.
Шоу-бизнестің мақсаты – қаржы табу. Сөйтіп, олар киелі де қасиетті музыканы «өтімді мүлікке» айналдырады. «музыка – мү­лік» басталған тұстан тыңдарманның, әсіресе жастардың эс­те­ти­ка­лық-этикалық талғам-таразысы бұзылып, «қояншық» ау­ру­ға ұрынған жандай күй кешеді. Жалпы, тынымсыз дене қоз­ға­лы­сы ән сазын бұзып, әнші даусының жасандылығына ұрын­ды­ра­ды. Эстрада әншілері оны сезіп-білмейді. Міне, осы тұс­тан ұлттық рух қалыптастыратын музыка әлеміне ши жүгіріп, өнер­де­гі үрдіс бұзылады.
Реті келгенде айтайық, жақында «Ана тілі» газетінде «Кино деген ең алдымен бизнес» атты мақала жарық көрді. Осы ма­қа­ла­ны оқып отырып біздің ойлағанымыз – музыкадағыдай кино өнері де «индустрияға» айналған екен. «Кино – алдымен бизнес» деген ойын мақала авторы Марал Салықжанов «киноиндустрия» өнерінің дамуымен түсіндіреді және байланыстырады. Жалпы, өнерді техникалық жағынан қамтамасыз етіп, оны дамыту бар да, оның шығармашылық қадір-қасиетін арттыратын құндылықтар бар. Марал сияқты мырзалар осы бір-бі­рі­не қарама-қайшы екі ендіктегі айырмашылықты білмейді. музыканы немесе киноны техникамен жабдықтайды, ал, оны әуелі Алла, сосын табиғат беретін қасиетпен жаңылыстырмау керек. жалпы, қай өнер болсын, ол – ал­дымен ел-жұрттың кескін-келбеті, мазмұн-мәні, рухани-мәдени болмысы мен бүгінгі уа­қыт­пен үндескен тыныс-тіршілігі, әдет-ғұрпы, салт-сана се­­зім­­нің кө­рі­ні­сі. Сондықтан, музыка да, кино да – ешқандай бизнес емес. Ал, Марал мырзаның айтып отырғаны – мә­де­ниет­ті алып-сатардың сөзі. Яғни, өнердегі өзіңнің кем немесе бей­та­лант­ты­лы­ғың­ды блокбастер («Көшпенділер» фильмі – со­ның нақты мысалы) секілді ұғым-түсініктермен бүр­ке­ме­леу. ондай киноның да, музыканың да ғұмыры қысқа.
Музыкатанушы Г.Никишев рок және поп музыка жөнінде өзі­нің ойларын: «Медицинскими исследованиями установлено, что громкая ритмическая музыка вызывает резонам клеточных структур организма. Возникает «звуковое опьянение», по субъективным ошущениям аналогичное одурманиванию наркотикам или алкоголем. Более того, при постоянно слушании этой музыки развивается наркотический эффект, появляются аномалии в характере человека, растет число нервно-психических заболеваний, резко ухудшается слух», деп білдіреді. Шынында да, кейбір кезде құ­лақ­та­ры­на музыка тың­дай­тын тетікті (наушник) тығып алып, ай­на­ла­сын­да­ғы­лар­дың бар­лы­ғын ұмытып отырған жастардың аяқ-қолдарымен бірге бастары селкілдеп отырғанын көргенде Никишев мыр­за­ның сө­зі­нің растығына көз жеткізесің. Бұл жүйке-пси­хо­ло­гия­лық ау­ру­дың бірден-бір көрінісі емес пе?
Жалпы, жастарымызды осындай ес тандырып, сана-сезімнен айыра жадын өшіріп, жанын жабайыландыратын музыкадан арашалайтын заң қабылдайтын уақыт жеткен сияқты. Оның негізгі бір тармақтарында қоғамдық орындарда қо­йы­ла­тын му­зы­ка­ның, онда дем алып отырған адамдардың мазасын алмауы керектігі баса көрсетілуі тиіс. Сонда ғана жастарымызды теріс жол­ға түсуден сақтап қаламыз. мейрамханалар мен кафелерде ұлт­тың болсын, адам жанын тәрбиелейтін клас­си­ка­лық му­зы­ка­ға жол ашатын басты-басты шараларды да іске асыру ел­дің мә­де­ни өмі­рі­не ықпал ететін саладағы қыз­мет­кер­лер­ді ойландыруы тиіс. Солай етсек қана, біз шын ма­ғы­на­сын­да­ғы өр­ке­ниет­ті де мә­де­ниет­ті елдің қа­та­ры­на қосыламыз. Бү­гін­де радио және те­ле­ар­на­лар­да­ғы жоспарсыз беріліп жататын «жабайы музыканы» да жөнге қоя­тын уақыт жетті.
Әрине, олар бүгінде Қазақстанның радио және телеарналарында, сондай-ақ, күнделікті қатынас құралы саналатын автокөліктер, алып қалалардағы мейрамхана мен кафелер, оны айтасыз, алыс-жақын облыс және аудан дең­ге­йін­де­гі мәдениет орындарында ешқандай заңмен қудаланып, ты­йым салынбайтын дәрежеде дамып отыр. Біздің қасіретіміз де сонда. Аталғандай «жабайы музыкаға» келгенде нем­құ­рай­ды­лық танытып, жалпақшешейлік көрсетеміз. Сол ар­қы­лы бо­ла­шақ ұрпағымыздың қаншамасының сана-сезімі мен адами-моральдық қасиетін бұзып жүргенімізді ескермейміз. Ұлт­ты сүю – қазақ боп, қазақ тілінде сөйлеу ғана емес, оның ең басты көрсеткіші бойымыздағы немқұрайдылықтан арылу. Сонда ғана біз Еуропа елдері кемсіте-кеміте қа­рай­тын «үшін­­ші әлем» атауынан құтылып, шын мағынасындағы тә­уел­сіз мемлекеттер санатына қосыламыз. Ол үшін тәрбиелеудегі өнер­дің, оның ішінде музыканың ерекше екенін жан-жақты тү­сі­ну­ге тиіспіз.

«Жас қазақ».
16 ақпан, 2007 жыл