ҚАЗАҚТЫҢ ҚАЛТАЙЫ
Ау, ағайын, ол неге қазақтың ғана Қалтайы. Атақты Айтматовтың өзі оны Қалекең, Қалтай Мұхаметжановты кезінде, сонау жылы-ақ «Қалыптасқан үлкен суреткер… Ол – творчестволық қуаты толыққан әйгілі драматург» демеп пе еді? ендеше, Қалекеңді бүкіл әлем таниды екен. Ал, сіздің сонша тұйықталып, оны сонша тұйықтай бөле-жара қарауыңызға жол болсын дейсіз ғой, тағы. Әлде, дүние білген азамат жазушы, драматург, қоғам қайраткері Қалтай Мұхаметжановты шектеп-шекпендегенде, мөрлеп иеленгенде не ұтасыз дегіңіз келе ме? Не дегенде де жарасымды, сауалыңыз орынды.
Сонда да, ол қазақтың Қалтайы! Бұл ұлттық тұйықтыққа бой ұрып, шектелу емес. Кезінде отаршылдық саясаттың салқыны тиіп, «Кеңес азаматы» атанып, «Әлем әдебиетінің өкілі», «Жалпыадамзаттық құндылық», «Космостық тұлға» секілді ұғым тіркестерден аяғымыз топыраққа (почва) тимей тұрған кезде, Мағжан Жұмабаевты «Шығыстың пушкині», Мұхтар Әуезовты «Орыстың Шолоховына» ұқсатып, өз тек (гена) – тірегінен қол үздіргенімізді не дейміз. Сонда, неге керісінше олар алдымен қазақтың Мағжаны, қазақтың Мұхтары болып барып, әлем әдебиетіне кірмейді. Қолына қалам ұстаған қайраткер сондай – атақ-дәреже, мәртебе-марапатқа ұмтылып жатқанда, ұлт, ұлттық деген қасиетті құндылықтардың күннен-күнге аясы тарылып айналасын от шалғандай күй кешіп жатты. Қалекеңше айтқанда ұлттық әдебиет «түтікпен су ішіп, түндікпен күн көретін» – кезең- кезде қалған еді. Міне, дәп сол уақытта Қалекең Қалтай Мұхаметжанов «Ғасырлар бойы көпшелі өмір кешкен қазақтың ұлттық тілінің, жақсы әдет-ғұрпының, мәдениетінің қалыптасуында тамаша бір сыр бар сияқты. Өйткені, біздің тілімізде өзгеше жатқан диалектілік айырма шамалы.
Осы күнгі батыс қазақтары мен шығыс қазақтарының әдеби тілінде айырма жоқтың қасы… Бұл сапарда әйел қауымының атқарған ролі мықты болса керек. Ұлттық тілімізді «Ана тілі» дейтініміз де сонда, емес пе» деген болатын. Онсыз да, «Бөлтірік бөрік астында» пьесасын жазып солақай сынның «Ұр тоқпағында» қалып, шығарманың жалпы құрылым-идеясынан кілтипан іздегендердің күдік-күңкіліне ілінген тағы сол Қалекең, өзінің «Ұлттық тұйықталуының» сырт-сырығымен сілтегенде атқа теріс мінгізілген еді. Оны айтасыз, қазақ әйелінің бақ-бақытын Кеңестік кезең ғана ашты, әйтпесе өмір бақи күң болып өтер еді деген қалыпты күйрете: «Өз басым күні бүгінге дейін санамызға сіңіп, қалып алып келген «қазақ әйелдері бұрын қор тірліктің құрбаны болып келген, әлеумет өміріне араласа алмаған» деген пікірге түгелдей қосыла бермеймін» деп тағы бір өзінің ғұмырындағы от болып жанған талан-тағдырының талқысына май құя түскенін қайтерсіз.
Ау, сонда бұл кімнің Қалтайы? Өзінің ұлтының тағдыры, тілінің тақсіреті, қазақ әйелінің Кеңестік кезеңінің теріс-тез түсінігінен бүкіл өткені сызылып жатқанына төзе алмай жанайқайына салса, ұлттық тұйықталу ма? Біздіңше, Қалекең, Қалтай Мұхаметжановтың түптің түбінде Кеңестік кезеңдегі атын да, затын да өшіруге тырысқан ұлттық құндылықтардың қайта жаңғыратынына көз жеткізгені сол кезеңнен басталса керек. Әйтпесе, ол олқылықтың өз тілімен айтқанда «Сөздің түбін шын бекітер, судың түбін шым бекітер, даудың түбін қыз бекітер» деп жазбаған болар еді ғой. «Көктөбедегі кездесуде» Гүлжанның аузымен «шындықты суға, өмірді дуға айналдырып жазуға өзіңнің етің үйренген» деп жазушыны сынаса, ғалымды Алмагүлдің тілімен «Қай ұлттан қанша қыздың қай ұлтқа шыққаны – интернационализмнің шырқау биігі санаған» кезеңді де сынап-мінейді. Дәп сол кезеңде кейбір ақын жазушылар Кеңес одағының шен-шекпен, тарту-таралғысынан «кит киіп» жатты.
«Көктөбедегі кездесу» демекші, әлем сахнасында қойылған, қазір де қойылып жүрген пьесаның телавторы әйгілі айтматов: «Біздің елде жақсы жазушы көп. Әйтсе де, жазу-сызудың «ауқымдық» жинақтаушылық тәсілін прозаиктің қалт етпес дәлдігін, ақынның әсершілдігі мен әуезділігін, философтың сарабдалдығын қатар меңгерген және мұның сыртында – әртістік іштей түлеу қабілетін дарытқан адам ғана пьеса жасай алады. Сондықтан да, бізде нағыз драматурггер тым аз, ал, мен Қалтай Мұхаметжанов досымды сондай дегдарлар санатына қосамын» дей келе, «Қалтай пьесаның алғашқы қазақша нұсқасын жазды, ал, мен оны орысшаға аудардым» дейді. Айтматовтың «адамзаттық жазушылығына» қарағанда азаматтық дегдарлығы осы соңғы сөзде. Содан кейін-ақ, Қалекең, Қалтай Мұхаметжанов та дәл Айтматов секілді атақ-дәрежеге қол жеткізе алатын еді ғой. Бұл да сол ұлттық томаға тұйықтылықтан ба? Жоқ, әрине! Бұның ар жағында үлкен құпия бір сұмдық сыр жатыр. содан соң, көп ұзамай сол Айтматов тағы да, «Әдеби материалдан спектакльдің премьерасына дейінгі соқтықпалы жолдан өткенде тағы бір ұққан маңызды нәрсем: драматургтің кәсіби білігімен қоса ғаламат шыдамдылығы, актерлар, режиссерлар коллективімен және театрдың басқа да қызметкерлерімен жарасып, тіл табыса білу қабілеті болуы керек. Осындай тәлімі үшін Қалтайға мың да бір рахмет» дейді. Бізге бұдан артық айтудың жөні келе қояр ма, екен!
Ау, сонда бұл кімнің Қалтайы?
Жазушы Вс. Иванов: «Всякое истинное искусство – современно» дейді. Бұны неге тілге тиек етіп отырмыз. Мұнда да гәп бар. Осыдан қырық бір жыл бұрын сахнаға қойылып, алуан-алуан пікір қайшылығын тудырған комедия жайлы: «Алматының сол кездегі сауықшылы-ай!» деп тамсана жазып: «Қазіргідей жалтырап жатпайтын астананың талай тұрғынының талай кебісінің табанын театрға баратын жол тоздырған шығар» десе неге таңқалмасқа. Шіркін-ай, бізге де қазір сондай күн туар ма еді деп армандайтын жағдай. Содан соң: «Ай, енді гардеробына польто өткізетін кезек қазіргі колбаса сатып алатын кезектен сынық сүйем де кем болмайтын» дейді. Пай-пай, десеңізші! Бұл да арман, бүгінде. Одан әрі: «Осындай думаншыл қауымды одан сайын желпілдеткен талай-талай кештер болатын. Ол кездегі тірі Мұхтар Әуезов пен Ғабит Мүсіреповтың жаңа пьесалары қойылып, Қалыбек Қуанышбаев, Шәкен Айманов, Серке Қожамқұлов, Елубай Өмірзақовтар ойнайтын театр аузы-мұрнынан шыққанша лық толатынын айтпасақ та белгілі» дегенде «Могиканның соңғы тұяқтары-ай» деп «қызғаныштың қызыл итін» жақсы ниетте қалай үргізгеніңді білмей қаласың. Сөйтсек, оның артында соған қарамай жастар да қарап жатпайтын дегенді аңғартатын «Сондай-сондай саңлақтар тұрғанда жүрегі даулап, пьеса жазып және оған жаңағы ағаларының «премьераларындағыдай» қарағұрым халық жиылатын жас авторлар болды деуге сене қою да қиын. Дегенмен, ондай оқиғалар да болмай тұрмайтын. Мәселен, «Бөлтірік бөрік астында» деген жарнама алғаш ілінген кезде дәл солай болды» дейтін салмақ жатыр екен. Пәллі! Қош! Сөйтсек, «Залда отырғандар алақандары қызарғанша қол соғып, сыртқа шығып алған соң: «Бұл қай күлкі?» деп кеңірдектері жыртылғанша таласа бастаған жұртқа ұлы Мұхтар Әуезов «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас алаш») газетінің бетінде «Біз бұл күлкіге дән ризамыз!» – деп басу айтқаны да есімізде. Қазақ театры мен драматургиясын өз қолынан қатар қосқан классиктің сахнаға алғашқы қолүздігін шығарып отырған тұма авторды дәл бұлай таусыла мақтағаны біреуге жаққанымен, біреуге жаға қоймайтын оғаш жомарттық көрінетіні де біз білмейтін жайт емес. Алайда, ондай кесек турай алмаса, «кем кетсе кетсін, бірақ артық кетпесін» деп таңдайына таразы орнатып, көмейіне безбен байлап, қалт-құлт етіп отырса, Әуезов Әуезов бола ала ма еді?!» деп тамсанысы тағы бар екен. Шіркін-ай, сондай безбен-берекелі абыздар қазір де болар ма, еді. Бірақ оған үлкен де ұлы талант керек қой. Бізде сол жағы кеміш тартқан ба қалай? Елміз ғой, әлі сан-саңлақ келер, түгендер бәрін.
Әзірше «Сонымен аяғындағы ала тұсауын алтын қайшымен кестірген жаңа автор, жас драматург өнерпаз қауымға осылай думандата кірді. Енді, жұрт оның сахнадағы шығармасын ғана емес, көшедегі өзін көргенде де, төбелері көкке жеткендей бір мәз-мейрам боп қалатын мінез шығарды. «Қазақ әдебиетіндегі» «Бүйенбайдың пұшпағының» өзі бір кенелтіп тастайтын. «Қалтай жазыптыны» былай қойғанда, «Қалтай айтыптының» өзі талай ішекті түйілдіріп, талай көзден жас ағызатын». Әзір де солай! Қалекең, Қалтай Мұхаметжанов қалай өзгермесе, оның туа бітті кеудесіне құйған күміс күлкісі бірде ортайған емес. Әлі де солай, талай ішекті түйілдіріп, талай көзден жас ағызып жүр. Тек, оны кейбір ішінде саусақ айнала алмайтындар ғана айтқысы, көргісі, білгісі келмейді. Ол олардың еншісінде. Бізге керегі азамат, үлкен талант иесі, ұлт жанашыры, қазіргі айтып та, жазып та жүрген жайларды бұдан қырық бір жыл бұрын айтып та, жазып та қойған сол Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсірепов, Тахауи ахтанов, Шыңғыс Айтматов, Әбдіжәміл Нұрпейісов, Асқар Сүлейменов, Әбіш Кекілбаев, Сайлаубек Жұмабеков бағасын беріп, ел тәнті болған Қалекең, Қалтай Мұхаметжанов керек.
Енді «Жә, басы Әуезов болып, жұрттың бәрінің осынша қарық болатынының сыры неде?». Осы бір сауалды көтеріп, жоғарыда біз келтірген үзінділерді жазған Әбіш Кекілбаев «Алда тағы асқар таудай парыз тұр» мақала-ниетінде өзі көтерген мәселеге жан-жақты жауап берген. Дәп сол сауал араға қырық бір жыл салып қайта қойылып отыр. Қойып отырған со «Бөлтірік бөрік астында» пьесасы, жаңа қойылым. Құдайдың құдіретін қойсаңызшы, қазіргі арамызда жүрген, бұдан қырық бір жыл бұрынғы кейіпкерлер әлі де қартаймапты, әлі де сол мінез-құлықтан, әдеттен арылмапты. Олар сахна төріне көшкенде өздерінің бет-бейнелерін натурализмге қарағанда, авторлық көркемдік шешімді былай қойғанда жаңа жас көрерменге, режиссерлық, актерлық шеберліктің шендесілуімен жеткізілген. Сахнадағы сапар – Жомарт Зейнәбіл, Марфуға – Шынаргүл Қабышева, арыстан – Ержан Жарылқасынұлы, Жұпар – Роза Әшірбекова, сайлаубек – Сүндет Бектауов өмірде әлі де бар. Бір кезде Қалтай Мұхаметжанов жасаған сұрқылтай кейіпкерлерден бүгін де арыла қойған жоқпыз. Олар одан да әлдеқайда аққаптал болып алған. Ондайларға атақ-дәреже, мансап-марапат үшін жан-жақты білгір де білікті, іскер де ізетті, әділ де әдемі боп көріну түкке тұрмайды. Заман бұзылмайды, оны бұзатын, бұзатын емес-ау, бұзуға тырысатын әлгілер. «Бөлтірік бөрік астындағының» қай кезең, қай қоғамда да мән-мағынасын жоғалтпай, қайта қойылып отырылуының сыры да сонда. Қалекең, Қалтай Мұхаметжановтың өз сөзімен айтқанда «шелектеп шабақ аулаған кәсіпқорлықтың мінезі», «Алдар Көсе мен сайтанның картоп еккені сияқты түйнегін түбіне қалдырып, тарихтың сояу сабағын арқалап келгеннен не абырой, не атақ. Менің қорқатыным сол. Қысқасы, қай тақырып болса да заманыңмен үйлесу, үндесу таппаса зая кеткен еңбек, арам төгілген тер, тұл тебіреніс, дәйіксіз даңғаза болып қала бермек». Осыны оқығанда қайбір қалың кітаптардан, жалпы шығарма атын алған дүниелерден со Қалекең айтпақшы, «май тоңдырар ызғар, қар ерітер қызу» таппағанда жаның жылайды. Сонымен, «Әңгіме тақырыптың үлкен-кішілігінде емес, таланттың температурасында» (Қ.Мұхаметжанов) екен. жалпы, «Бөлтірік бөрік астында» қай кезендегі болмасын қойылымына келсек, ол драматургиядағы классикалық үлгі. Ал, классикалық дәстүрлі үлгі қоғам, саясат-әлеуметтік жағдай қалай өзгермесін ешқандай авангарттық-эксперименттік қалыпқа түспейді және оған бағынбайды. Классикалық поэзия да, проза да, драматургия да солай. Оны иіп әкеліп аумалы-төкпелі қоғамдық формация тезіне сала алмайсың. Ол көтерген мәселе мәңгілік, қырық жыл бұрын да, қырық жыл кейін де солай болады. Өйткені, оның кейіпкері адам. Адам ата, Хау анадан басталған күнә бүгінгі күнге дейін өзінің актуальділігін жоғалтқан емес. Сондықтан, оған бүгінмен үндеспедің деу білместік. мораль, иман, ар-ождан секілді адамға тән құндылықтардың қай-қайсысына да уақыт, кеңістіктің үстемдігі жүрмейтіні де сондықтан. ендеше, «Бөлтірік бөрік астында» өзінің әдеби тамырынан қол үзбеген спектакль. Сөз бен әрекет, ой мен сезім, есеп пен ессіздік арасындағы қайшылық драмалық шығарманың тіні әртүрлі деңгейдегі қақтығысқа ұласқанда трагикомедия етек алады. Міне, осы тұста «Бөлтірік бөрік астында» спектаклі трагикомедиялық деңгейге көтеріледі.
Қалтай Мұхаметжановтың «Бөлтірік бөрік астында», «Құдағи келіпті», «Өзіме де сол керек!» пъесалары трагикомедиялық триптихке келеді. Күлдіре отырып күрсіндіру Қалекеңнің басты қасиеті. Болмаса, кеудесіне күлкі ұялаған Қалтай Мұхаметжанов болар ма еді. «Ой, жолбарысым-ай!», «Ой, данышпаным-ай!» деген сөз тіркестері сөйлеу лексиконына айналып кеткен Қалекеңнің «Біз егер де күлкіні адамзат рухының ең бір ат үстінен түспейтін күрескер сезімі дейтін болсақ, ең алдымен оның күлдіре отырып бүлдіретін, күлдіре отырып күйіндіретін, күлдіре отырып түңілетін қасиетін қадірлеуіміз керек» деуінің сыры да сонда.
«Әйелді ертіп сапарға шыққаннан гөрі, шеңгел арқалап шыққан әлдеқайда рахат».
«Кесірлігін ат тартып жүре алмайды».
«Басыңның ішінде медаль болмаған соң, бәрі бекер».
«Мировой саясаттың үлкені, үйдегі саясат».
«Қобыланды сіздің жаныңызда жіп есе алмайды. Сіз социализмді қорғадыңыз. Ол ше?… Вот, мәселе қайда жатыр».
Міне, осы бір жайлардың барлығын Қалекең кейіпкерлерінің аузынан естігенде еріксіз күлесің де күрсінесің. Бұл трагикомедия.
Неге біз қазақтың Қалтайы дегенді шегелеп айтып, томаға тұйықталғандай бола береміз. Өйткені, жазушы драматург Қалтай Мұхаметжанов кредосының біздіңше, әлемдік әдебиетке барар алдында алдымен ұлттық құндылықтарды бойына сіңіріп, шығармаларына сіңістіру екендігін мейлінше аңғарып, мейлінше сезінгеннен болса керек. Қалтай Мұхаметжанов қазақы қалжыңды шарықтау шегіне жеткізіп, оны философиялық категорияға дейін көтерген қаламгер. Әйтпесе, тағы бір кезекті күлкіге жүгінелік «Базардан не көрдіңіз» дегенге, «Бір кило алмаға екі кило ақша сұрап тұрған кемпірді көрдім» – дейді Қалекең. Қалай, күлеміз бе, жылаймыз ба?
Сонымен, қазақтың Қалтайы, Қалекең, Қалтай Мұхаметжановтың бар табиғаты, бар шығармашылығына барар жолдың жартысынан қайтсақ, ол жол ұзақ болғайдың үрдісі.
«Жас Алаш».