«ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ҰЛТ» ТУРАЛЫ БІРЕР СӨЗ

Соңғы кездері еліміздегі басылым беттерінде «Қа­зақ­стан­дық ұлт» атты пікір-тұжырым төңірегінде едәуір әңгіме болып жүр. Кезінде ол туралы бірлі-екілі газетте өз ойымызды да біл­діргеніміз бар. Енді міне, сол бір пікірлеріміздің басын біріктіріп, «Қазақ­стандық ұлт» туралы мақаламызды на­зар­ла­ры­ңыз­ға ұсынып отырмыз.

Басын ашып алайық, Қазақстан, оның ішінде қазақтың ұлт ретіндегі табиғаты дүниедегі ешбір ел-жұртқа ұқсамайтыны ақи­­қат. Оның тұрмыс-тіршілігі, салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы, тіпті, бір-бірімен аталас-құраластығының өзі сан алуан қырлы да сырлы болуы сондықтан. Әңгіме орайына қарай айтайық, қа­зақ­қа интернационализмді оқытып-тоқытудың еш реті жоқ. Ол ұлт ретінде туа бітті интернационалист. Трагедиясы да сонда. Сон­­дық­­тан да, Қазақстан ғасырлар қалыптастырған тарихи тағ­дыр­дың соқ­тық­па­лы-соқпақсыз қиындығын бастан өткізіп, бү­гін­де шын мә­нін­де­гі «халықтар отбасы» болып отыр. Соған қа­ра­май, онда отбасы, ошақ қасының иесі – қазақ. Оның тарихи-та­­би­­ғи, ғы­лы­ми-теориялық нақты негізі – ұлтта. Ұлт де­ге­ні­міз – бір тіл­де қа­лып­та­сып, аумақтық-әкімшілік, пси­хо­ло­гия­лық-ан­­тро­­по­­ло­­гия­­лық, экономикалық-рухани тыныс-тіршілігі тұ­тас тарихи категория. Осынау түсінік-тұ­жы­рым­ды бі­ліп-сезсе де мойындамайтын, бір мойын трамвай секілді ел-жер­ді се­зін­бей­тін космополиттер мен өзінің тілі, ділін, та­би­ға­тын жоқ­қа шы­ға­ра­тын нигилистер сөз жоқ «американдық ұлт» секілді әр­түр­лі топ-тобырдан құралған, құрама әлде біреу­ден өр­ген «қа­­зақ­­стан­дық ұлт» дегенді ұлықтайтынына біз еш­қан­дай шек қой­май­мыз және кү­дік­тенбейміз де. Осыдан соң амалсыз «Қа­зақ­стан­да қа­­зақ­­қа орын бар ма?..» деген сауал туатыны анық.
Осы бір тосын қойылған сауал біреулерге жаңсақ естілгендей болып, енді біреулерге арандатушылық іс-әрекеттегі бастама болып көрінер. Бірақ, олай емес. Сауалды осылай тегеу­рінді қоюға уақыт әрі қазіргі қазақ жағдайы итермелеп отыр. басын ашып алайық, бүгінде әлемде кеңестік кезеңдегідей интернационализм емес, ұлттық мақсат-мүддедегі рухтар қай­шы­лы­ғы жүріп жатыр. Оған куә Ливан мен Солтүстік ирландия, Югославия мен Грузия, бүкіл Прибалтика, Чехтар мен Сло­вак­тар­дың «неке бұзуы», Франциядағы кезекті бір сай­лау­да­ғы ұлттық майданның бас көтеруі, содан соңғы ең бір басты факт, ол – бұрынғы КСРО-ның тарап, әр ұлттың өз тек-тұяғына қай­та оралып жатуы. Ирактың америкалық бағыт-бағдардағы демократияны бойларына да, ойларына да сіңіргісі келмей, пар­ти­зан­дық соғысқа көшуі – соның айғағы. Сонымен бірге, Пу­тин­нің күні кешегі мемлекеттік билік басын реттеп, сайлау емес, та­ға­йын­дау­ға көшуі жалпақшешей либерал-демократтар же­­те­­гі­­нің ұш­пақ­қа шығармайтынын біліп, таза орыстың ұлттық мем­ле­ке­ті­нің бұрынғы шайқалған тұғырын қалпына келтіруі, сосын әкім­ші­лік-аумақтық тұтастықты көздеп, бар билікті то­лық қо­лына алуын сол ұлттық мүдде деп түсіну керек.
Мұны айтып отырғанымыз, соңғы кездері шексіз де шетсіз сөз бостандығы мен ой еркіндігін талап еткен тәуелсіздік те­рі­сін жамылып, әлдебіреулерге тәуелді болып жүрген басылымдар және журналистердің мақсат-мұраттары орындалып, кешегі Елбасымыздың ойласып, талқылауға ортаға салған, тіпті, бұл мә­се­ле­ге кейбіреулердің көзқарас, ой түйісі қандай болар екен деген сыр тарттыға келерлік шарды ыстық ауамен үр­ген­дей, то­пы­рақ-негізсіз, бос кеңістікке ілінген «қа­зақ­стандық ұлт» деген сөзінен соң, өзін ең оптимист санайтын, Құ­дай­дан үмі­ті бар журналист менің бойымды қорқыныш биледі. Осы біз о баста ұлт болып қалыптасқан, бүгінде жарымжан да болса қал­ған жанымыз бен дәстүрімізді, тілімізді болашаққа алып бара аламыз ба? Алып бара алсақ, оның әлемдегі орны қандай? Қа­зақ­стан­да қа­зақ­қа орын бар ма? Болса, неге біз «қазақстандық ұлт» дегенді таң­дау­ға салып отырмыз.
Сонымен, біз кімбіз, Құдай қарғаған елміз бе, әлде сол Алла жаратқан, жаратушысы мықты ұлтпыз ба? Ауыр сұрақ. Бірақ, қа­­зір­­гі әлемді ғаламдастыру билеп, ол шетсіз-шексіз кеңістікті керіп, тұнық ауаны жаңғырта-жарып келе жатқанда бұл сауал қо­йыл­мауы мүмкін емес. Анау Абылайдан бастап, кешегі Мұс­та­фа Шо­қай­ға, одан да берісі өмірден ерте өткен Советқазы Ақа­тай, қа­зір­гі көзі тірі Алдан Айымбетов, Әзімбай Ғалиға, Болатхан Тайжанға де­йін со­­ған жауап іздеген, іздеп те жүр. Біз де іздеп келеміз. Жар­ғақ­құ­ла­ғы­мыз жастыққа тимей, жауырынымыз жер иіскегенше іздей беретін шы­ғар­мыз. Егер, аталған сауалға жауап таппасақ, онда ұлт­­тың жер бетінен жоғалып кет-кені, ал, жауап табылып жатса, ба­ғы­мыз­дың ашылғаны. Жалпы, жанды өлтіру оңай. Оның жадын, ойын, ті­лін жойсаң болғаны. Бұлай дейтініміз мемлекет – дене, ұлт – оның жаны. Қазақстан сол екі қасиетті құн­ды­лық­ты тең ұстап келе жатыр ма? Әй, қайдам. Қазіргі ұлттық идеяны таба алмай, таба алмай емес-ау, бар нәрсені ұқсата алмай басымызды тау-тас­қа ұрып, ең ақыры, тығылар жерді «қа­зақ­­стан­дық ұлттан» тап­сақ, қай­бір жетіскеніміз. Елбасымыздың ойласып, тал­­­қы­­лау ре­тін­де ор­та­ға салған «қазақстандық ұлт» деген бірауыз сөзі бү­гін­де кең-байтақ елімізді Еуропаны кезген коммунизм еле­сін­дей ке­зіп жүр. Осы бір сөз отансыздар мен ту­ған жер деген ұғым­ды білмейтін, арқа сүйеп, табан тірері жоқтарға әде­мі азық болды. Әсіресе, орыс басылымдары мұны аспандатып алып бара жатыр. Оған куә «Новое поколение» газетінің 10 қыр­кү­йек (2004) күнгі №36 санындағы «Мы, народ казахстана…» деген та­қы­­рып­пен өткізген «дөңгелек үс­те­лі» және «блиц­опрос» айдарымен берілген топтама ма­қа­ла­сы. Сө­зі­міз­дің басын біз осы «блицопрос» ай­да­­рын­­да­­ғы екі пі­кір­мен бастасақ дейміз. Га­зет­те­гі пі­­кір­­лер­­дің үтір, нүк­тесін қал­дыр­май на­зар­ла­ры­ңыз­ға ұсынып отырмыз.
Сабит ЖУСУПОВ, политолог:
Нормально отношусь. Вполне зако­номерная практика. Это означает приоритет гражданской идентичности над этнической. Я казах или,русский – все равно казахстанец, соотношу себя с местом, где родился, вырос и живу. Многие, к сожалению, это неправильно истолковали, думают какую-то ересь об отмене признания национальности, ущербе прав. На самом деле, в США и других цивилизованных странах это уже давно принято.
Айгуль БАБАЕВА, певица:
Хоть кореец, хоть русский, он родился здесь, здесь живет, значит, он – казахстанец. Это поправка не дейст­вует, наверное, пока только в нашей стране. Что тут такого? Главное, чтобы люди правильно это понимали, и ничего плохого тогда в этом не будет. Пусть в своем кругу, в семье человек считается представителем своей национальности, но по паспорту будет просто гражда­нином нашей страны. Ведь в Германии все люди по документам немцы, а мы, как вывод, все казахстанцы.
Міне, осынау пікір-тұжырымдар космополитизм мен ни­ги­лизм­нің классикалық үлгісі. Бұлардың қолына банан мен пепси беріп қойсаң, аспанда да өмір сүре береді. Бұл утопиялық-люпендік, фарисейлік-кітапшылдықтың таза жемісі. Осынау қос азамат – Кеңестік кезең тәрбиелеген төлқұжатта ұлт көр­се­тіл­меуі керек дейтін «Совет азаматтарының» шайындылары. Бір кезде «Күн көсем» В.И. Ленин: «целью социализма является не только уничто­жение раздробленности человечества на мелкие государства и всякой обособ­ленности наций, не только сближение наций, но слияние их», – десе, бір кезде ақын «старостасы» атан­ған В.Брюсов:

Я действительности нашей не вижу,
Я не не знаю нашего века,
Родину я ненавижу
И люблю идеал человека, –

деп толғайды. Ленин мен Брюсовтың осы бір сөздері мен өлең­де­рін, әсіресе, «Родину я ненавижу» деген жолын ойларына да, бойларына да сіңіріп өскендер үшін сөз жоқ, «қазақстандық ұлт» деген кеңістік керді, ауа тілді, топырақ-негізсіз, ойдан шы­ға­рыл­ған термин ұнайды, жандарына жағады.
1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінде қазақтар ұлт ретінде КСРО Қарулы Күш­те­рі және саяси-қоғамдық идеологиямен бетпе-бет қалса, енді тәуелсіздікке қол жеткізген уақытта «қа­­зақ­­­стан­дық ұлт» дегенді қабылдамаймыз деп Желтоқсан көтерілісіне айналып соқса, онда өз мемлекетінің, өз ұлтының Қа­ру­лы күші және Қазақстандағы өзге ұлт өкілдерінің қарымта қай­та­ру­ды көз­­де­­ген мысық тілеулі күштерімен бетпе-бет қалады. Сөй­тіп, бір­­тұ­­тас қазақ екіге бөлініп, «разделяй и властвуй» деген ұғым­да­ғы күй кешеді. Ал, «қазақстандық ұлт» идея­сын қол­дау­шы­лар ұлт­тық идеядан өлердей қорқады. Оның маз­мұн-мә­нін былай қойғанда терминнің өзі қорқынышты. Сон­дық­тан да, олар «қазақстандық ұлт» сөзін қолдап, жанын сала қор­ғай­ды.
Енді, аталған дөңгелек үстелдегі бас қосқан өзін зиялы са­най­тын­дар­дың пікір-тұжырымдарына назар аударайықшы. М.Спа­нов деген біреу: меніңше «казахстанец» (Бұның өзі оңып тұр­ған­дай – А.Ә.) деп жазу әлі ерте деп қана қоймай, ол «…казахи еще сами не определились со своей национальной идентификацией, потому что когда встречается казах с казахом, он в первую очередь выясняет, к какому роду принадлежит его собеседник» деген ой түйеді. Бұл тұста айтарымыз, о мырза неге бү­кіл қа­зақ­ты, не ұлтты өз бойы, өзінің ойы, әрі сана-се­зі­мі­мен өл­шеп, те­ңес­ті­ре­ді. Ә дегеннен ру сұрап, тамыр-таныстық із­де­се, спанов мырза іздейтін шығар. Ал, біз көкірек-көзі ашық ин­тел­ли­ген­ция олай етпейміз. Біздің қазақ тарихын ұлт ретінде елеп-екшеп, айналамыздағы қоғамдық-саяси, әлеуметтік-тұр­­мыс­­тық жағ­дай­лар­ды саралау арқылы о бастағы бар ұлттық идеямызды қалай дамытып, қалай жетілдіреміз деп жүргеніміз қа­­шан. сосын о кісі бүй дейді: «…уровень образования в казахских школах нам­ного ниже, чем в русских». Бұл да қате тұ­­жы­­рым. Өті­­рік. Міне, осындай пікірлерден келіп жалпы қазақ жө­­нін­­де нашар ұғым қалыптасады. Оны қалыптастырушылар со кісі се­­кіл­­д­і­­лер. Олай дейтінім, қазіргі Қазақстанның оқыған ин­тел­ли­ген­ция­сы­ның 80 пайызын қазақ мектебін бітіргендер құ­­рай­­ды.
Қазақстанда 126 ұлт пен ұлыс тұрады екен. Сөз жоқ, бұл біз­дің ерекше байлығымыз. Оны құрметтеп, сыйлауымыз керек. Оларға экономикалық, әлеуметтік-тұрмыстық, қоғамдық-саяси жағдай жасау да мемлекетіміздің міндеті. Бірақ, ол кіндік ұлт қазақ халқына қысым жасау арқылы жүргізілмеуі тиіс. ендеше, Президентіміздің ақылдасып, ойласу үшін ұсынып отыр­ған «қазақ­стандық ұлт» дегені – қазаққа қысым жасау. Өз жерінде, өз елінде өзінің ұлттық құндылықтары мен жер-суына, кіндік атына иелік ете алмаған қазақ – қазақ емес, мемлекет – мемлекет емес. Сосын сол Спанов: «О какой идее говорить, когда нет интеллигенции?!», – дейді. Интеллигент, интеллигенция болу үшін қандай критерий керек? Білім бе? Ар-ұждан ба? Болмаса, мұ­сыл­ман­дық­қа негізделген иман жетпейтін шы­ғар. Сөзінен нақ­ты­лық байқалмайды. Сондықтан да, ол Қа­зақ­стан­да интеллигент жоқ дегенде қатты қателескен. Тіпті, өзі кім? Құ­дай­ға шү­кір, сәл ара­ғы­рақ Салық Бабажанов, Шоқан Уә­ли­ха­нов, хан Жәң­гір, сосын, тағы тағылармен қатар Мұстафа Шо­қай, Әлихан Бө­кей­ха­нов, кешегі Әуезов, бүгінгі бетке ұстар аза­мат­та­ры­мыз­дың қай-қайсысы да интеллигент және интеллигенция өкі­лі. Спа­нов­тың интеллигент, интеллигенция жөнінде мұн­дай асығыс пікір айтуы тым асқақтық не жаңсақтық.
Қазіргі интеллигенцияда алдымен ұлттық, сосын мемлекет­тік кескін-келбет, мән-мағына солғын. Өйткені, заман лебі, уа­қыт табы, қоғам ағымы олардың біреулерін жасытып, намысын сындырса, екіншілерінің барын сия сорғыштай сорып ал­ған. Біз­дің интел­лигенция идея мен фактіні ажырата алмайды. Идея фактіге негізделіп, нақты жағдайдағы өмірден өруі керек. «Қазақ­стандық ұлт» идеясы біздің мемлекеттің кіндік ұлт иесі бар кезде фактіден алшақ, теориялық негізге сүйенбеген, еш уа­қыт­та орындалмайтын абстракциялық кеңістікке ілінген, те­сік шарды үргендей ұғым-түсінік. Қазақстан – қазақтың жар дегенде жалғыз мекені. Басқа тығылатын жері, асатын тауы жоқ. Ол сол үшін өмір бақи қиян-кескі қақтығыс, от пен судың ішінде келеді. Ал, оны оңай «қазақстандық ұлт» деп ала салғысы ке­ле­тін­дер о идеяның фактіден алыс, түбі азамат соғысына апаратынын білмейді. Не білгісі келмейді. «Казахстанская правда» га­зе­ті­нің №17 қыркүйегінде «Для всех нас наша Родина – казахстан» деген тақырыппен берілген топтама мақаласы соның ай­­ға­­ғы. Бұл – сая­си жауапсыздықтың көрінісі. Өзін интеллигент санайтын АИСТ-тіктердің саяси балалық ауруы сонда. Олар фактімен идеяны ұштастыра алмайды. Мен бұл тұс­та со газеттегі ромин мадинов дегеннің қазақ ұлтын өз жер, ел атауынан айыратын: «Без создания казахстанской нации демократизация не имеет ни имени, ни социального адреса» деуін арандату деп қа­был­дай­мын. Ол кісінің мақаласының өн бойынан қа­зақ ұл­тын жоқ­қа шы­ға­ру керек деген идеяның лебі боранды күн­гі аяздай есіп, жан да, бой да түршіктіреді. Сөз жоқ, ромин Мадинов мырза – Ке­­ңес мек­­те­­бі­­нің ең озат оқушысы, ұлтты жоятын күйретуші күш­ке ие, то­­пы­­рақ негізді білмейтін со­циа­лизм­нің таза жемісі. Оның демократияны жамылып, бір ұлт­тың тамырына балта шабу ниеті еш уа­қыт­та орындалмайды да, орын­да­лу­ға келмейді де. Өйт­ке­ні, ол өмірлік фактіден қол үз­ген жалған теория. Аза­мат­тық со­ғыс­қа итермелеп, ел ты­ныш­ты­ғын бұзатын ниет кө­рі­ні­сі.
Қазақ интеллигенциясының мінез-құлқы, сана-сезімі ішкі және сыртқы екі негізгі фактордан құралып, қалып­тасқан. Оның біріншісі туа бітті текке негізделген антропологиялық-пси­хо­ло­гия­лық табиғи-тарихи процестен өніп-өссе, екіншісі сыртқы әкім­ші­лік-аумақтық отарлаушы күші басым ықпалдардың әсе­­рі­­нен келе-келе ұрпақ алмасу арқылы бұзыла қалыптасқан. Сон­­дық­­тан да, оларды патшалық отарлау саясатына кейін КСРО-дағы цен­зу­ра­лық, қоғамдық-саяси «мәдениетті» отар­лау­дың талап-ті­­ле­гі­мен қоса, оның қысымынан бас көтермей рухы жасып, ең­се­сі түс­кен интеллигенция шайындылары қалпына түсірді. ендеше, интеллигенция жоқ емес, бар. Бірақ, олар заң және заман, уа­қыт пен қо­ғам ық­па­лы­нан екі жарылған интеллигенция. Бү­гін­де біз сол ин­тел­ли­ген­ция­ның жемісін жеп отырмыз. Сондықтан да, интеллигенция қазақ халқы алдындағы жіберген қа­те­лік­те­рін елеп-екшеп, қа­зір­гі «қазақстандық ұлт» дейтін дәрежеге жеткіз­ген жағдайға кі­нә­лі екендіктерін мойындауы тиіс. Бізде қа­зір екі-ақ партия болуы керек. Олар француздар айт­пақ­шы, өлі­лер мен тірілер партиясы. Міне, біз сонда ғана де­мо­кра­тия­ның шын ма­ғы­на­сын тү­сі­ніп, ұлттық мүддемізді жат ниет-ті­лік­тер­ден қор­ғай аламыз.
Біздің интеллигенцияға мұнша шүйілуіміздің сыры, олар то­лық­қан­ды ұлттық мемлекет жолында идеялық саяси күш ретінде өзін-өзі шын мәнінде ақтаған емес. Бір кездегі осы жол­да­ғы алаштықтардың да тамырына балта шапқандар сол интеллигенция шайын­дылары. Әйтпесе, Мұстафа Шоқай шетел асып, Бай­тұр­сы­нов пен Міржақып Дулатовтар азап көріп, атылып, соң­ғы­сы Әуезов өмірбақи іштен тынып кетпес еді. Ең соң­ғы­сы ке­ше­гі 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінде де ұлттық интеллигенция табандылық көрсетпеді.
Бір кезде Олжас Сүлейменов «31 каналдан» «Қазақстан ұлты», сосын «Еуразия ұлты» деген абстракциялық бос термин­ді пайдаланған еді. Міне, сол түсінік ұғым қайта елбасы аузынан ойла­сып, талқылау ретінде болса да қайта бой көтерді. Бір кезде біз Олжас Сүлейменовтің азамат ретінде екі жақты ұпай жинау тәсілін жақсы меңгерген «флюгер» сияқты екенін жаз­ған­быз. Сол пікіріміз пікір. Географиялық, геосаяси және эт­ни­кал­дық еуразия-Қазақстан бар да, тарихи-табиғи қазақ ел-жері бар. Мұны естен шығаруға болмайды.
Ұлтшылдық психо-антропологиялық ұғым болса, ал, патрио­тизм – тарихи-географиялық түсінік. Қазақ ұлт ретінде ел-жер тү­сі­ні­гі­не ұлттық қадір-қасиетпен, яғни, ұлтшылдықпен келсе, ол – заң­ды­лық, ал, Қазақстанды жайлаған басқа ұлттар мен ұлыс­­тар қанымен қорғап, жанымен сүйген қазақтың ел-жеріне патрио­тизммен қарау керектігі ар-ождан ісі. Егер, олар олай тү­сін­бе­се, сөз жоқ, «қазақстандық ұлтты» жанын сала қолдап, қор­­ғай­­ды. Ке­ңес­тік кезеңде «халықтар отбасы» саналып, «ха­лық­тар дос­ты­ғы» лабораториясы атала дамыған Қазақстан үшін бір замандарда то­лық­қан­ды, төрт қабырғасы түгел, үшта­ған­дық-жүз­дік құ­ры­лым­да біртұтас қазақ мемлекетін құ­ра­ған ел-жұрт енді «қа­зақ­стан­дық ұлт» атанса, шынында да біз Құ­дай қар­ға­ған ел емеспіз бе демеске лаж жоқ. Дәл бүгін – ертең интел­лигенция өзінің қай жақта, қай лагерьде екенін айтып, не жазып білдірмесе, «Казахстанская правда» газеті бастап, «новое поколение» басылымы қостаған мақ­сат-мұрат орындалады. Бұл тұста ащы мысқылмен айтсақ, «ха­лық­тар отбасының» және «халықтар достығы» ла­бо­ра­то­рия­сы­ның заң­ды және тарихи-табиғи иесі қазақты тағы да жо­ға­ры­да­ғы­дай ұғым-тү­сі­нік­тер­ге зорлап кіргізуге ықпал күштердің жетегінде кетеді. Бұ­ған куә «Казахстанская правда» газетіндегі ромин мадинов пен Вла­димир Чалышевтің «қазақстандық ұлт» туралы ой-пікірлері. О азаматтар біле-білсе, тарихқа үңіле қарап, бү­гін­ге көз жү­гірт­сек, ешқандай да өркениетті мемлекет «жалпы аза­мат­тық», не «интернационалдық-таптық» негізде, болмаса «әлем азаматы» (қай жер жақсы болса сол жер Отаным) деген ұғым­дар­да қа­лып­тас­пай, керісінше, ұлттық мақтаныштар мен идеалдар негізінде еңсе көтеріпті. Мысалы, «Ғажайып фран­цуз», «ежел­­гі де мейірімді Англия, сырбаз ағылшын», «Алып германия, іскер жи­­­на­­қы неміс» секілді… Мұның бәрін тәптіштеп, таратып айтып жат­қа­ны­мыз, ешқашан, ешуақытта, еш мемлекетте Тә­уел­сіз­дік пен Ұлттық рухқа оппозиция болмаған. Өйткені, тә­уел­сіз­дік пен ұлт, ұлт­тық рух – нәзік, шікәмшіл, кірпияз. еуразия ке­ңіс­ті­гін­де тарихи-табиғи із-белгісі бар, шежіресі әлім­сақ­тан қа­лып­тас­қан ха­лық­тың заңды құқығын аяққа басып «қа­зақ­­стан­дық ұлт» деген тексіз сөзбен намысына тиюге болмайды. Мен өз басым «қа­зақ­стан­дық ұлт» деген идеяны әлемді жаулап алып келе жат­қан індет, текке негізделген мәдениетті күйретуші күш «кіші ға­лам­дас­ты­ру» деп қабылдаймын.
Батыс Америка Ресейге бағыт-бағдарын түзеген орыс газеттеріне сол керек. Олар қазіргі Президентіміздің ақылдасып, ойласу үшін ортаға салған «қазақстандық ұлт» идеясын сондай қа­зақ­тар­дың қолымен көсеп, міне, көрдіңіздер ме, қа­зақ­тар­дың өз­де­рі «қазақстандық ұлт» идеясын қолдайды дегісі келетінін еш­кім­нен жасыра алмаймыз.
Сонымен, сөз қорытындысында айтарымыз, біз әлі бұл та­қы­рып­қа сан ораламыз және оны бұдан да кең, әрі терең етіп жазатын боламыз. Өйткені, әлемде жер-суға ие, сол үшін қан төк­кен ұлт атындағы мемлекеттің «американдық ұлт» дегендей ұғым-түсінікте қалыптасуы еш мүмкін емес. Мүмкін деушілерді мен ел-жұрт арасын бұзып, азаматтық соғысқа итермелеушілер деп қабылдаймын. Белгілі тарихшы Лев Гумилевтің айтып-жазуынша ұлт-этнос 1200 – 1500 жыл өмір сүріп, даму және құл­ды­рау кезеңінен өтеді екен де, жер бетінен жойылып кетеді не өзін-өзі нашар сезіну кез-кезеңде тыныс-тіршілік кешеді екен. Әзір­ше, қазақ халқы ұлт ретінде ондай тарихи-табиғи жағдайға жете қойған жоқ. Сондықтан, бізге «қазақстандық ұлт» деген ұғым-түсінікті қабылдамақ түгілі ойлап, тілге тиек етуге болмайды.
Осыдан соң қазақ болашаққа ұлт болып бара ала ма, бара алса болашағы қандай деген ойға еріксіз беріледі екенсің. Міне, осындайда есіңе ұлы Мұстафа Шоқайдың: «Халқымыз жай әше­йін­гі адамдардың жиынтығы емес, өзіне тән мәдениеті бар (өр­ке­ние­ті де – А.Ә.) қауым екені, сондай-ақ қазіргі жү­ріп жат­­қан саяси талас-тартыстар тек «Күн астынан бір жағ­­ра­­фия­­лық орын» алу үшін ғана емес, өз мәдениетін күл­лі әлем­­­ге, соның ішінде Еуропаға да таныту екенін білуге тиіс­піз. Біз­­дің ең басты саяси міндетіміздің бірі, міне, осындай» дегені тү­се­ді. шынында да, біз «Күн астынан» елі, діл, тіл дің­гек­сіз, то­пы­рақ-тексіз «қазақстандық ұлт» идеясын іздеп, идеология­мызды соған сарп қылмай, қазақтың бүкіл өмірі, тарихи-та­би­ғи ғұ­­мы­­рын нақ­ты көрсететін ұлттық идея мен тұлғалық ба­ғыт-бағ­­дар­­ды қатар алып да­му­ға тиіспіз. Бұл әлемдік даму процесінен қол үз деген сөз емес. Әйтпесе, космополиттік-мәңгүрттік ұғым-тү­сі­нік өзін-өзі еш­қа­шан да, ешуақытта, қай заманда да ақ­та­ған емес. ендеше, өз ұл­тын сүймеген адам жалпыхалықтық ұғым – адамзатты сүйе алмайды. Ұлттың – жалқы, халықтың – жалпы есім болатыны да сон­дық­тан. Аумақтық-әкімшілік құ­ры­лы­мы бар ке­ңіс­тік­ті иеленген, тарихи-табиғи тіл-ділі қа­лып­тас­қан ұлт­тың Қа­зақ­стан атан­ған мемлекетін «халықтар отбасы» дегенді малдана отырып, қа­зақ­тың заңды аты-жөнін жо­йып, құ­қы­ғын аяқ­ас­ты ете келіп, «қа­зақ­стан­дық ұлт» деу еш ұғым-са­на­ға сыймайды. гуманист-космополиттер, өз ішімізден шыққан мәң­гүрт­тер қа­­зақ­­тың ұлт ретіндегі зоологиялық-биологиялық ұлт­тық сезімі мен инстингісінен өлердей қорқады. Олар – «аме­ри­­кан­дық ұлт» деген империализмнің универсализмін бойына сі­ңір­ген­дер. Сон­дық­тан да оларға еш сенуге болмайды. ендеше, біз бір кезде еуропаны кезген коммунизм елесіндей «қа­зақ­стан­дық ұлт» деген елесті тіпті көз алдымызға елестетуге де тиіс емеспіз.

«Ақиқат», №2, 2005 ж.