ЕУРАЗИЯ ИДЕЯСЫ МЕН ЕУРАЗИЯ ОДАҒЫ ЕКІ БАСҚА ТҮСІНІК

Бұл мақаланың негізі бір кезде жасалынып, кейбір ой-тұ­жы­рым­да­ры­мыз мерзімді басылымдарда үзік-үзік жарияланып жүр­ді. Соған қарамай, үнемі ізденіс үстінде жүретін әдетпен кө­кей­де көптен жүрген жайларды алдарыңызға тағы да тартсақ деген ой аяқ астынан келді. Оған себеп жақындағы Парламент депутаттары О.Әбдікәрімов, Ж.Тұяқбай, Ғ.Байназаров, Х.Ереже­пов, Ғ.Қалиев, Қ.Тұрысов, М.Сағдиевтің өз әріптестері Айталының тіл туралы көтерген мәселесіне өре түрегеле қарсы болуы мен күні кеше ғана «Литературная газета» 23 наурыз күнгі №10 санында жарияланған Александр Дугиннің православияға негізделіп, орыс шовинизмі құлық-ниетіндегі Еуразия идеясына байланысты «Евразийство наследует дух и стиль Московской Руси. Это продолжение той Руси, того русского государства, где элита и массы говорят на одном языке и где этот язык национальный» дей келіп, «Сейчас наблюдается бум евразийцев в двух странах – в Казахстане и Турции. Там евразийцев не десять и не двадцать, там огромное количество людей в правящих элитах воспринимают евразийство как новый государственный курс» деген ойды қозғай «…в Казахстане это означает ускоренную реализацию Евразийского Союза – проекта Назарбаева» деп айтқан пікір-тұжырымы болды. Бұ­лар­дың екеуінен де аңғарғаным Қазақстанды көптен бері космополитизм елесінің кезіп жүргендігі. Өйткені, әлгі, біздің де­пу­тат­тар­дың өздерінің туған тілін жатсынып, оған оғаш мінез-құ­лық көр­се­туі өзінің ел-жерін жоққа шығаруымен бірдей қасиет болса, ал, Дугин мырзаның әлімсақтан жалаулатып жүргені Азия мен Еуропа кеңістігін жайлаған аз ұлттарды жұтып қоя­тын идея. О мырза, қайда жүріп, қай жерде сөйлемесін кілең президент назарбаев ұсынған Еуразия одағын алға тарта береді. Және соны «көзір» етеді. Еуразия идеясы идеологының осы тұс­та­ғы білмейтін, не білсе де білмегеңдей кейіп көрсететін жағ­да­йы, Еуразия идеясы патшалық Ресей кезінен бастау алатын империялық пиғылдан ерген Еуроцентризмге қар­сы орыс шовинизмі бағыт-бағдарындағы ағым да, ал, біз­дің елбасымыз ұсынып отырған Еуразия одағы болса таза тә­­уел­сіз мемлекеттер арасындағы экономикалық байланыстан ту­ған оң идея. Сондықтан да, Еуразия идеясы мен еуразия ода­ғын еш жаңылыстыруға болмайды.

Ал, біздің тарихшы, философ, сонымен бірге академик атанып жүрген енді бір қандастарымыз, білім саласын басқарып жүрген ана бір азаматымыз Еуразия идеясы мен Еуразия ода­ғы­ның ара-жігін ашып берудің орнына, оларды бірін-бірімен жа­ңы­лыс­ты­рып, қойыртпақ ете келе, қалың қазақты әрі-сәрі ететін ма­қа­ла­лар жазып, ойлар айтып жүргеніне таңғаласың. академик Ә.Нысанбаев болса, Еуразиялық одақты «…славяндар мен тұрандықтардың іс жүзіндегі ішкі менталдық бірлігіне негізделген» идея деп ой түйетінін қайтерсіз. Біздің қайта-қай­та еуразия идеясы мен Еуразия одағын жаңылыстырмай, олар­дың ара-жігін қара ормандай қазаққа түсіндіре, ажыратып бе­руі­міз керек деп қан қақсайтынымыз да сондықтан. Егер, сол тарихшылар мен академиктер жалпы Тұрандық идеяны қа­лып­тас­ты­рып, оны Ұлттык идеямен байланыстыра, сонау патшалық ресей кезінен басталған Еуроцентризм және Еуразия идеясымен бә­се­ке­лес, яғни, ұлттық мақсат-мүддені жұтып қоюға дайын жайын құ­лық­ты идеялар тудырған, бәсекеге төтеп бере алатын идея етіп қа­лып­тас­ты­руы­мыз керек десе, айналып кетпейсің бе? Жоқ, бізде бәрі керісінше, Еуразия идеясы мен еуразия одағын араластырып, қойыртпақ құлаш-құлаш мақала жазылып жат­қа­ны. Қайта, елбасымыз анабір жылы Мәскеуде өткен еуразия одағына байланысты дөңгелек үстелде мәскеулік еуразия идеясын насихаттаушы философтар мен саясаткерлерге, оның ба­ғыт-бағ­да­рын барынша түсіндіріп, Одақтың экономикалық жа­ғы­на баса назар аударған болатын.
Біздің жарғақ құлағымыз жастыққа тимей қашаннан бері жазып та, айтып та келе жатқанымыз, «Мәскеуді үшінші Рим» санайтын дугиншілдердің насихаттап жүргені Еуразиядағы аз ұлт­тар­ды түптің түбінде жұтып қоятын жайын құлықты, еуразия идея­сы­ның басымызды зорға арашалап алған КСРО-дан бірде айыр­ма­шы­лы­ғы жоқтығы мен оның православияға негізделгендігі. Сонымен айтарымыз, шынымен Қазақстанда еуразияшылдар «огромное количество» болып, ол идея республикамызда «государственный курс» болса, онда бізді шын ма­ғы­на­сын­да Құдайдың ұрғаны. Ондай бағыт-бағдарды шынымен темірқазық етсек, онда қазіргі бар тәуелсіздігімізден қол үзе­тін­ді­гі­міз­ге сенім білдіре аламыз.

«Заң газеті».
31 наурыз, 2004 жыл