ЕҢ МЫҚТЫ ҰЛТ қандай болуы тиіс?

БҮГІНДЕ тәуелсіздік алып, егемендікке қол жеткізге­ні­міз­ге он үшінші жылға аяқ басты. Егер бұған өткен кеңестік ке­зең­де­гі бес-жылдықтар белесімен қарасақ едәуір уақыт. Ал, оған тарихи тұрғыдан келсек, онда бұл жас баланың қаз тұрып, мектеп табалдырығын аттағанынан кейінгі әлі де болса жақсы мен жаманды толық айырып болмаған кезі. Ендеше, біз мәселеге соңғы пікір-тұжырым тұрғысынан келгеніміз жөн. Құдайға шү­кір, Қазақстан қазір өзінің экономикалық-әлеуметтік, саяси-қо­ғам­дық жағдайымен ТМД, яғни «үшінші әлем» (тәуелсіздікке жаңа қол жеткізген мемлекеттерді батыс солай атайды – А.Ә.) елдері арасында ең алдыңғы саптағы мемлекет қатарында болмаса да, көштен қалып жатқан жоқ. Бірақ қазақтың қазіргі қа­сі­ре­ті тәуелсіздіктің қадір-қасиетін толық түсінбей, әлі де болса әлдебір, әлдеқайдағы Батысқа не Америкаға, тіпті бол­ма­ған жағдайда, іргеміздегі «сендерді жарылқап тастаймыз» дегендерге алаңдап отыратындығы. Мұндай синдромнан арылмай болмайды.

Біздіңше, бүгінгі Қазақстан жағдайында біз тұтастыққа негізделген ең мықты ұлт болуға тиіспіз. Сонда ғана халқымыз әлемдегі алдыңғы қатарлы мемлекеттер мен елдер сапына қо­сы­лып, әлем мәдениеті мен өркениетіне өз үлесін өзінің дәс­түр­лі негізінде қоса алады. Оған баратын екі жол бар, біріншісі – іргеміздегі ірі көршілерімізді мойындау. Әрине, ол қыр көр­се­тіп, тоңмойындық танытумен іске аспайды. Екіншісі – өзіміз күш­ті мемлекет болуымыз керек. Мұндайда басы ашық жай, атал­ған ой-пікіріміздің алдыңғысы орындалмайды. Өйткені, біз ресей мен алып Қытайды әлсірете алмаймыз және олармен ара-жі­­гі­­мізді ажыратып, ат құйрығын кесісуге тағы болмайды. Оған қоса іргелес жатқан осынау үш мемлекеттің аңысын аңдып, еуропа мен Америка тұр. Ендеше, бізге бір-ақ жол бар, ол мық­ты мемлекетке ие тұтас ұлт болып қалыптасу. Ал, мемлекет болса, өзі атын алған ұлттың қай салада болмасын мүмкіндігін ашып, оны қолдап-қорғап, желеп-жебеп отыруы тиіс. Бұл туралы орыс ойшылы Н.Бердяев: «Через государство рас­крывает нация все свои потенции. С другой стороны, государство должно иметь национальную основу, нацио­нальное ядро, хотя племенной состав государства может быть очень сложным и многообразным» дейді де ойын: «Госу­дарство, не имеющие национального ядра и национальной идеи, не может иметь творческой жизни» деп түйеді. Сосын, кейбір «білгіштер» секілді Батыс пен Шы­ғыс­тың айырмасын, сондай-ақ, олардың басы еш уақытта қо­сыл­май­ты­нын жақсы білмесек, онда біз кім кө­рін­ген аяғын сүр­тіп кете беретін ел боламыз. Ондай болмау үшін алдымен адам тәр­бие­ле­уі­міз керек. Жалпы адам емес, өз ұлты мен жерін сү­йе­тін, сосын, жергілікті мекен-жайын құлай ұна­та­тын азамат тәр­бие­леу­ге тиіспіз. Ал, бір-бірімізді сыйлау – сол адамды құр­мет­теп, оның есімін жоғары қоюдан басталады.
Қазақстанның басты ресурсы – адам. Біз әлі өзіміздің рухани, өнер, иманға негізделген адами максимализміміз арқылы әлемді жаңа құндылықтармен байыта аламыз. Сондықтан, сырттан телініп өз талап-тілегі, мақсат-мүддесін көздеген сөз бос­тан­ды­ғы мен ой еркіндігіне, жалпы демократияға қа­зақ­тың өзі­нің ұлтына тән (басқа Қазақстанды жайлаған ұлт­тар өз­де­рі­нің салт-дәстүрлерін сақтау арқылы жергілікті ха­лық­тың тұрмыс-салты, қарым-қатынасымен суарылған – А.Ә.) дәс­түр­лі сөз бостандығы, ой еркіндігі, тұтастай дала демократиясын дамытып, жаңартып-жасарту арқылы ғана қарсы тұра аламыз. Біз Батыстың да, Шығыс­тың да имандылыққа негізделген қа­сиет­те­рін сараптап, електен өткізіп алу арқылы ғана ең мықты ұлт бола аламыз. Бұл өзгені жоққа шығарып, мансұқтау емес, қай­та соларды білу арқылы өзіңді асқақтату. Егер, әлдебір көзсіз сана сарабына салмай батысшылдықтың балалық ауруымен ауыр­ған­дар­дың сөзіне сеніп, олардың айтқанын істесек, біз еш уа­қыт­та өзіндік бет-пердесі бар, өзіндік экономикалық-әлеу­мет­тік тұрмысы қалыптасқан ел бола алмаймыз. Қазіргі қазақ ер­кін­ді­гі­нің (қай саладағы болмасын дәстүрлі еркіндігінің – А.Ә.) өзінше өсіп-өркендеуіне кедергі келтіріп жүргендер де солар.
Осыдан біраз уақыт бұрын Алек­сандр Казинцев деген орыс ой­шылының: «В XX столетии только русская и американская культура универсальны. Американская потому, что не уходит корнями в национальную почву (луч­шие американские писатели, такие как Фолкнер или Фрост, не в счет, не они, а именно «дядюшка Скрудж» и подоб­ная мелюзга являются символом – и оружием! – американизма). напротив, русская культура – культура Толстого, достоевского, шолохова – черпает свой универсализм в национальной почве» деген ой-пікірін оқыдым. Бұл не деген се­нім­ді­лік. Қан­дай асқақтық. Біз осылай айта аламыз ба?! Әй, қай­дам? Ал, сол ресей мен Америкадан біздің рухани құн­ды­лы­ғы­мыз кем бе? Жоқ, әрине, оларды ұқсата алмай жүр­ген өз­де­рі­міз. Сонда, қа­зақ­тар, өзіміздің бай фольклорымызды былай қой­ған­да, жыршы-жырауларымыз, рухқа толы сан алуан ұлт­­тық құн­ды­лық­та­ры­мыз­ды негізге алып, оны сәтті жал­ғас­тыр­ған мәдени өмі­рі­міз­де­гі алыптарымызды неге үлгі етпейміз? Мысалы, бе­рі­ден қайт­қан­да неге М.Әуезов, І.Жан­сү­гі­ров, Т.Әлім­құ­лов, Ә.Ке­кіл­баев, А.Сү­лей­ме­нов, Қ.Ысқақов секілді дәс­түр­лі әде­биет­ші­ле­рі­міз­ді әлем алдында алға тартпаймыз? Сұ­рақ­тан соң сұ­рақ. Сон­дық­тан, кез келген адам, мемлекет, қо­ғам, жүйе өзінің қо­ры­тын­ды қол жеткізген жетістіктерімен ба­ға­ла­на­ды. Олар ұлтқа қал­дыр­ған, ұлт пайдаланып жүрген, ұлт жал­ғас­ты­ра­тын мұра-ми­рас­қа байланысты. Оның ең бастылары ма­те­риал­дық және рухани-дәс­түр­лі құндылықтар.
Жақында бір журналистің Қазақстанда Батыс пен Шығыс өр­ке­ние­тін бір-біріне қарама-қайшы қою тенденциясы бар­лы­ғын айта келіп, Дидар Амантайға соған қалай қарайсыз дегенге сая­тын сұрақ қойса, ол: «Теріс қараймын. Жалпы, «агрессивность», жау – дұшпан іздеу, бір нәрсені бір нәрсеге қар­­сы қою – қа­раң­ғы­лық пен советизмнің қалдығы. Батыста әң­­гі­­ме арасында өз ұлтыңды айтып мақтану әбестікке (дурной тон) жатады. Бі­­рақ, батыста да өз ұлтшылдары, расистері жет­­­кі­­лік­­ті. интеллигенция, интеллектуалдар және демократия мен либерализмді жақтаған халық оларға қарсы кү­ре­се­ді» деп жауап беріпті. Егер, о «білгіш» түсінсе, ешкім ешкімді еш­кім­ге қар­сы қоймайды, бірақ Батыс пен Шығыстың бір-бі­­рі­­мен күн­нің шығып-батқанындай қосылмайтынын айтып, олар­­дың мә­де­ние­ті мен өркениетінің әртүрлі деңгейде дамып, әр­қай­сы­сы­ның өзінің дәстүрлі қарым-қатынасының болатынын салыстырып жазу арқылы ақиқатқа көз жеткізгісі келеді. Ақын Р.Кип­­линг­­тің: «О, Запад есть Запад, Восток есть Восток, и с мест они не сойдут» деуінің де сыры сонда. Оларды ешкім зорлап қоса алмайды. Қазіргі әлемдегі қоғамдық-саяси ахуалдың шым-шы­ты­рық қайшылыққа толылығы соны көрсетеді. Оны кө­ріп-біліп отырып, Батыс пен Шығыс мәселесінің мәңгілігін тү­сін­бей­тін­дер­ге еріксіз таңғаласың. Ғаламдастыру идеясының пайда болуы сол Батыс пен Шығысты жасанды тұтастыру ниетінен туып отыр­ған жағдай емес пе? Ал, оның қарсыластарының қан­ша­лық­ты екендіктері баршаға белгілі. Сондай-ақ, Дидар мырза айтып жүргендей ұлтшылдармен (расизмді қоспағанда, өйт­ке­ні ұлт­­шыл­­дар ешуақытта расист болған емес, болмайды да – А.Ә.) кү­ре­се­тін «Интеллигенция, интел­лектуалдар және демократия мен либерализмді жақтаған халықтардың» ұлты жоқ па, бар? Әйт­пе­се, елдің бәрі өзінің ұлтын жасыратын не айтуға намыстанатын «Азия дауысы» фестивалінің бас директоры Мұ­рат Ир­­ға­­лиев мырза секілді болып кетті дейсіздер ме? жалпы, тегі мен ұлтын құл немесе қу ғана жасырады. Сондықтан, бұл мә­­­се­­­ле­­­ге келгенде біз кейбір өзін «көпшіл» санайтын коммунизм еле­сін қуғандармен еш қосылып, келісе алмаймыз. Сосын, расизм мен ұлтшылдықты жаңылыстыратын адамдарды кім, не деп тү­сі­ну­ге болады? Мұрат Ирғалиев демекші, ол белгілі бір газет жур­на­ли­сі­нің «Ұлтыңыздың кім екенін айтпайсыз ба?» деген сауалына «Бұл сіз үшін өте маңызды ма?, «Мен орысша ойлаймын, демек, орыспын ба?.. Әлде, паспортымда не жазылса, соны көрсетуім керек пе?, …Менің кім екенім жұм­бақ күйінде қала берсін, мүмкін мен еврей шығармын…» деп сұ­рақ­ты сиыр­құ­­йым­­шақ­­тан­­ды­­ра келіп, «қаша» жауап береді. Қай­та­лап айтамыз, тегі мен ұлтын құл немесе қу ғана жасырады.
Тағы бір мысал, түсіріліп жатқан «Көшпенділер» фильмінің сценарийін жазған азербайжан драматургі Рустам ибрагимбеков қазақ ұлты үшін ең жауапты, ең құнды, сосын, оның бүкіл салт-дәстүр, қадір-қасиет, өмірлік-қоғамдық әрі саяси принциптерін көрсететін кинофильмді жасағалы жатып, газет тіл­ші­сі­нің «Сіз қазақтың салт-дәстүрі мен ұлттық ерекшеліктерін қаншалықты білесіз?» деген сұрағына «Ал, оны мен білуге тиіс емеспін… Кім соны жақсы білсе, шектеулі шеңбердің ішінде қалып қояды» деп жауап береді. Сонда біз қазақ ки­но­сы­ның тағдырын кімге тапсырып отырмыз? Ол кино сөзсіз аме­ри­кан­дық не батыстық үлгіде болмаса, болмай ма екен? Өнер­дің мақсаты өз ерекшелігімен оқшауланып тұру емес пе? Ұлт та солай, оның өзге ұлт­тар­ға қарағанда сөзсіз ерекшеліктері болуы керек. Тіпті оны айтасыз, Рустам мырза «Қа­зақ­қа ұнау үшін, оны қазақтың ең мықты актері ойнауы керек, ал бүкіл әлемге ұнауы үшін оны Гир (американдық актер ричард Гирді айтып отыр – А.Ә.) ойнауы тиіс» дейді. Бұл не деген ұшқары пікір, тиянақсыз тұ­жы­рым. О кісіге сонда қа­зақ­тың мықты актері өзге ұлтқа ұна­май­ды деп кім айтты. талант қайда да талант. Онда шек, шекара жоқ. Тек, ол то­пы­рақ­қа негізделген, өз ұлтының ерекшелігін көрсете білетін тұлға болсын деңіз. Мен де, мысалы, пенде ретінде мүм­кін, қатып қалған стандарт киноны, оның қатып қалған бір мойын мінезді стандарт кейіпкерін, сондай-ақ, соның рөлінде ой­на­ған қатып қалған бір мойын стан­дарт актерді ұнатпайтын шы­ғар­мын. Қайта дәстүрге бай, адамның ішкі иірімін жанды да сезімтал жеткізетін жантурин мен Әшімовті, Шәріпова мен Жа­ман­құ­лов секілді өзге ұлт­тар­дың қалпына түспей, өзінің ұлттық өнер-өрнегін көр­се­те­тін­дер­ді ұнатармын. Сосын, Сергей азимовше бізді, «Бұл фильм­нің негізгі мақсаты («Көшпеділерді» айтып отыр – А.Ә.) біз­дің кім екенімізді бүкіл әлемге таныту. Неге Аме­ри­ка­ның киносын әлем жапырыла көреді? Әрине, бұның да өз құ­пия­ла­ры бар. Ең бастысы, стандарт бойынша жасау керек» деген принциппен қазақты өзгеге таныстырғым келмейтін шы­ғар. Өйткені, қалыпқа (Азимовше айтқанда стандартқа түс­­кен – А.Ә.) түскен өмірдің де, өнердің де, тіпті қарапайым адам­­ның да, одан да әрі кеткенде мемлекет пен қоғамның да қан­дай құны бар? Алланың өзі не нәрсені болмасын өзінше ерек­шелігі бар етіп жаратты емес пе? Міне, мәселеге осы тұрғыдан келгенде біз пендеңіз жоғарыдағы, яғни, Дидар Амантайдың ті­лі­мен айтқанда, бүкіл әлемдік коммунизмді аңсаған советизм (аталмыш мырза тағы бір топырақсыз, текке негізделмеген «измді» ойлап тауып отыр-ау, сірә – А.Ә.) принципіне қар­сы­мыз. Біреуге «қараңғылыкқ пен советизм» кінәсін тағу үшін алдымен аталған автор өзінің «жалпыхалықтық» үлгі принципінен арылып, «Ұлттық философия болмайды» деген тұжырым-пікірді қарапайым халықтың сана­-сезіміне құймасын. сонда біз «Шығыс даналығы» деп бүкіл әлем мойындаған қағидалар мен топырақтан өсіп-өне келе, әлемді мойындатқан конфуций, өзіміздің Абай секілді философтарды қайда қоямыз? Ал, олар топырақ – ұлттан өсіп-өнбей, таз-тақырда пайда болды ма? Тү­сін­ген­ге ненің, қандай нәрсенің болса да негізі болады. философия алдымен адам, содан кейін барып, со адамның өзі өмір сүр­ген қоғам, ұлт, мемлекеттік қарым-қатынастан түйген тұ­жы­ры­мы. Дәп сондай ойды Индира Ганди: «Мен бәрінен бұрын үн­діс­тан­дық фило­софия аталатын өмірмен мақтанамын» деп жал­ғас­ты­ра­ды. Ендеше, ұлттық философия болмайды деген ұғым санаға сыйып, көңілге қонбайтын пікір екен. Енді бір жас жазушы Мәдина Омарова болса, «Әдебиеттен – ұлттық белгілерді іздеу қажеттілігін қажетсінбейтін кезең туды» деп ат­үс­ті ой түйетінін қайтерсің. Егер Мәдина қарындасым білсе, әлем­дік әдебиет, алдымен, ұлттық топырақта өніп-өсіп, өзіндік салт-дәстүр, әдет-ғұрып арқылы қалыптасады да, сол әлемді таң­ғал­ды­ра­ды. Оның озық үлгісі қазақ үшін «Абай жолы».
Біз сөз басында, алдымен, ең мықты ұлт болуымыз керек дедік, ал, ондай ұлт болу үшін, біз өз жері мен өз елін сүйетін арлы азамат болуға тиіспіз. Ал, азамат адамнан тәрбиеленеді. ендеше, ұлт болып болашақ ұрпағымызды тәрбиелегіміз келсе, алдымен өзіндік кескін-келбеті бар, өзіндік принцип ұстанған, өзі­нің топырағын өзгеге алмастырмайтын жылқы мінезді қазақ тәр­бие­леу­ге тиіспіз. Оған баратын жол – ұлттық идея мен идеологиямызды түзеу. Жалпы, жоғарыда келтірілген тексіздікке шақы­ра­тын ой-пікірлер мен тұжырым-түйіндер қазақ БАҚ-та­ры беттерінде жарияланбауы тиіс. Оларды жариялайтын және насихаттайтын БАҚ түрлері мен салалары Қазақстанда жет­кі­лік­ті. солар-ақ, олардың мейманасын асырып, насихатын жет­кі­зіп жат­қан жоқ па?

«Ақиқат».
№2, 2004 ж.