ТӘҢІРЛІК пен МҰСЫЛМАНДЫҚТЫ жаңылыстырып жүргендер кімдер?

Білімің жетпейтін нәрсеге пәтуа айтпа!

(Беззаз риуаят еткен Хадистен).

Құран Кәрімде: «О, халық! Не нәрсені де талқыла, сонда сен шындыққа жетесің» деп көрсетеді де, көзқарастар қай­шы­лы­ғы­нан ақиқатқа қол жеткізуге болатындығын таратып айтады. Сол қағидаға сүйенсек, газет бетіндегі кейбір айтылып, жа­зыл­ған ой-пікір, айта берді пышақ кесті тұжырымдарға өзі­міз­дің көзқарасымызды білдіріп жатуымыздың еш артықтығы жоқ. Ал, ол жаңағы Құран Кәрімде көрсеткен ақиқатқа қол жеткізе ме, жеткізбей ме, елеп-екшеу Сіздердің еншілеріңізде. Сон­дық­тан да, біз кез келген ел, жер, ұлт және халық мәселесіне келгенде ұстанған принципімізден таймай, оппоненттерімізді сынға алып жатсақ, мұнда да ерсілік болмас. Тіпті, ағымыздан ақ­та­ры­лып айтсақ, біз қарсыласымыздың жеке азамат басын емес, ұстанған принциптері мен ұстануға ұсынған идеяларын сынаймыз.
Сонымен, мұншама тәптіштеп кетуімізге себепкер болған жағ­дай, ол жақында «Алтын Орда» газетінің №18 санындағы Әлия Бөпежанованың Мұрат аға Әуезовпен «Өзімді Мұх­­тар Әуе­зов­тің жазылып бітпеген шығармасының ке­йіп­ке­рін­­дей сезінемін…» атты сұхбатындағы, олардың кейбір ой-пі­кір­ле­рі мен тұ­жы­рым­да­ры­на деген көзқарасымыз. Газет тілшісі құр­­метті Мұ­рат аға Әуезовке қазіргі кезде рухани ке­ңіс­ті­гі­міз­ді жай­ла­ған көп­те­ген идеялардың барын айта келіп: «Ал, менің­ше, қа­зақ­тың қан-қазынасында – тәңірлік… Сондықтан да, өзге небір идеяларды жатсына ма деймін» – дей келе, «өт­кен жылы бір сұх­ба­ты­ңыз­да «Тәңір діні реконструкциялауды қа­жет етеді. Бұл мә­се­ле­мен жүйелі түрде әлі ешкім де айналыс­қан жоқ де­ге­ні­ңіз де есте» деген ойлар айтады да, өзінің сауа­лын со тө­ңі­рек­те өрбітуді сұрайды. Сонда, құрметті оқыр­ман, ме­нің есіме не түсті дейсіздер ғой. Айтайын.
Менің есіме түскен жай, осыдан біраз уақыт бұрын «Заң газетіндегі» «Еркін ой мінбері» айдарымен жарияланған «Мен Құ­дай­дан қорықпағандардан қорқамын» деген мақалам. Онда мен Әуезхан Қодар мырзаның: «… почему надо возрождать идею Тенгри? Это нужно для того, чтобы нам, казахам отличать себя от мира ислама…» деген пікірі мен оралтай Біләловтің: «Меня раньше, признаюсь раздражали исламисты своим возгласом «Аллах Акпар», что означает в переводе на нормальный язык «Аллах самый крутой небесный босс», произнося это свое ритуальное заклинание к месту и не к месту. Раньше это меня раздражало, поскольку казалось глупым религиозным рвением, теперь я знаю в чем дело и раздражаюсь еще больше» дегенін мінегенмін. Бұ­дан өткен көргенсіз, бейбас «көзқарас» бола ма? Әй, қайдам! болмас-ау, болмас!.. Ол тағы да одан әрі кетіп: «…обращаться надо именно к нашему Богу – Кок Тенгри, а не к какому-нибудь … аллаху» деп түйген ойын да сынға алған едім. Дәп солардың ойын Әлия ханым өзінің сұрағында қайталап отырған жоқ па? Әри­не, қай­та­лап отыр. Маған кейде осынау азаматтар бір «қа­зан­да» қай­нап жатқан еттің көбігіндей көрінеді. Әйтпесе, олар­дың дін­бұ­зар­лық ойлары мен тұжырымдары үндесер ме еді. Бұ­лар неге Алла мен дінге соншалықты шүйлігеді десек, олар­дың ойы Әуез­хан Қодардың өзі жазғандай: «… көптеген ха­лық­тар қай­та жасалу (?) дәуірінен өткен. Діндерін қайта тек­се­ріп (?), жаңа сатыға (?) көтерілген» деген «теория» мен «прин­ципке» негізделген екен. Мұны, айрандай ұйып отырған қа­зақ хал­қы­ның арасына діни сына қағу демегенде не дейміз. Бар гәп те, мә­се­ле де осында. Егер, Хадистерімізге жүгінсек, дініміз бен ді­лі­міз­ге үш түрлі адамнан қауіп төнеді екен. Оның біріншісі: ниеті бұзық ғалымнан; екіншісі: залым патшадан; үшіншісі: өзін білермен санайтын сопыдан. Со Хадисте: «Алдыңғы екеуі қо­ғам ісіне байланысты. Залым ғалым да, залым патша да ха­лық­тың арасына іріткі салып, шындықты бұр­ма­лай­ды, ел ішіне алауыздық таратады. Ал, үшіншісі, надан сопы ғы­лым­нан хабары жоқ болса да, ешқандай қатысы жоқ іс­тер­ді дін­мен байланыстырып, өзінің жеке басының мүддесі үшін бас­қа­лар­ға тұ­зақ құрады. Бұл – қауіптің ең зоры» дейді.
Сөз жоқ, Мұрат аға Әуезов айтқандай: «Тәңіршілдік көш­пе­лі халықтың үлкен рухани жетістігі». Бірақ, ол әлгі үш «тео­ретик» айтқандай дін емес. Өйткені, онда оны теориялық жа­ғы­нан негіздейтін кітап та, канон да жоқ. Ол бар болғаны қа­зақ­тың әдет-ғұрып, салт-дәстүр, күнделікті тыныс-тіршілігіндегі қарым-қатынасқа сіңісіп, мұсылмандықпен астаса қабысып кеткен наным-таным, айта берді сенім. сосын, Тәңірлік ұлттың «сәбилік» шағының белгісі, ол хал­қы­мыз­дың өткен табиғи-тарихи процесі. Оған еш қайта орала алмаймыз. Әлгілер осыны ажырата алмайды. Олар біле-білсе адамзат сана-сезімінде ең ірі төрт дін, әрі әлемдік құбылыс ретінде қабылданып кеткен төрт кітап, сосын со төрт кітапты көк­тен түсірген бір Алла деген ұғым қалыптасқалы қашан. Сон­дық­тан, біз тәңіршілдікті қазақтың өткен жолы деп қа­был­дап, оның ұлт өмірінде алатын орнын Исламмен байланыстыра, тарихи-табиғи процесс дәреже-деңгейінде талдап-тал­қы­ла­уы­мыз керек. Ол тәңіршілдікті дін есебінде насихаттау болмауы тиіс.
Ау, ағайын, алдымен, біз, бойымызға, жүре келе, ұл­ты­мыз­ға тарихи-табиғи эволюция арқылы сіңген Ислам дінін қарқ қы­лып алсақ та жетпей ме? Әйтпесе, бүйтіп халықты жа­ңы­лыс­ты­ра­тын әрі қоғамымызда негізсіз жүйе қалыптастыратын идея­лар мен пікірлер кімге керек. Бұл туралы кезінде сыншы әрі публицист Ю.М. Бородай: «…пассионарный толчок рубежа новой эры породил оригинальную позитивную систему – христианство, перекрывшую гностические фантасмагории в Византии, а новый толчок VI – VII в.в. создал ислам – жизнеутверждающее мироощущение, подавившее сущест­вование антисистемы Ирана – зиндиков, т.е. гностиков» деген.
Ендеше, әлгі Әлия айтпақшы «қазақтың қан-қазынасына» сіңісіп, бірігіп кеткен тәңірлік пен мұсылмандықты бір-бі­рі­мен жа­ңы­лыс­ты­ра қарастырып, ел арасына іріткі салудың керегі не? Хаос­қа айналған негізсіз жүйелілік әр уақытта қантөгіске апаратын революциямен пара-пар.
Осы сұхбатта менің Мұрат ағам Әуезов «Құрандағы сү­ре­лер, айталық, өте үлкен шеберлікпен жасалған, жазылған ғой» дейді. Ау, сонда Мұрат аға, Сіз Құран сүрелерінің өзіңіз айт­қан­дай ешқандай «шеберлікпен жасалмай» не «жазылмай», олардың Пайғамбарымызға 23 жыл бойы үздіксіз көктен тү­сіп отырғандығы әлемді былай қойғанда, осындағы пендеңіз Сіз бен Біздің ойымыз бен бойымызға ғасырлап сіңісті болып кеткенін есіңізден қалай шығарып отырсыз. Әлі де солай бола береді-ау, сірә! Тіпті, басқаны былай қойғанда, өзіңіз сүйіп оқи­тын ұлы Пушкиннің өзі «Подражания Корану» деген атақ­ты өлеңінде:

С небесной книги список дан
Тебе, пророк, не для строптивых;
Спокойно возвещай Коран,
Не понуждая нечестивых!

дей келіп:

Он милосерд: он Магомету
Открыл сияющий Коран.
Да притечем и мы ко свету,
И да падет с очей туман –

демей ме? Асты сызылған жолдарға назар аударыңызшы. ендеше, сүрелер «шеберлікпен жасалмаған» да, «жазылмаған» да екен. Сосын Мұрат аға: «Бізге кезінде келген Ислам діні таза, яғни, канонды Ислам діні емес. Исламды қазақ даласына жеткізген сопылар» дейсіз. Сіз білесіз бе, Мұрат аға, со­пы­лар­ға дейін Мұхаммед (с.ғ.с.) Пайғамбарымыз өзінен кейін ислам 73 ағымға бөлініп кететіндігін айтқан. Біз қазір дәп сондай күй кешіп отырмыз. Тіпті, бүгінде ол сол Пайғамбарымыз айт­қан 73 ағымнан да асып кеткен. Ал, Сіз, соған қарамай әлгі Әуез­хан Қодар, Оралтай Біләлов, Әлияға дем беріп, Тәңіршілдікті 74-інші ағым етіп қосқыңыз келетін сыңайлы. Мен мұндай тенденцияны түсінбеймін, әрі қабылдай алмаймын да. Құрметті Мұ­рат аға, Сіз үлкен азамат, қоғам қайраткерісіз. Сон­дық­тан, Сіз­ді біз халықтың көзі, құлағы деп түсінеміз. Ендеше, Сіз­ге кез келген тақырыпта ұшқары да асығыс пікір айтуға болмайды. Айттыңыз ба, оны ел-жұрт ақиқат ретінде қа­был­дай­ды. Мұн­дай­да менің есіме исламтанушы, тарих ғылымының докторы, профессор Г.Керимовтың «…люди не всегда смогут установить различие между небесным посланием Калам улла (словом Аллаха) и словом посланника Его» дегені түседі.
Ал, енді, жоғарыдағы айтқан 73 ағымнан басқа сунниттер то­бы­ның канондық ханифийлер (Әбу Ханифа), мәліктік (Мәлік ибн Анас), шафийлік (аш-Шафи), ханбалиттік (Ахмет ибн ханбал) төрт мазһабқа бөлінетінін ескерсек, онда бүгінгі қатып қал­ған, қатқыл, «кітаби» исламды насихаттап жүргендердің дін­бұ­зар­лық ниет-құлықтарын оңай аңғаруға болады. Келтірілген төрт мазһаб бірін-бірі жоққа шығармай, ішінара кейбір жағ­дай­да ғана пікір қайшылығы болғанмен өздері сіңген жергілікті ұлт­тың нанымы мен дәстүріне негізделіп, сіңісіп кеткен. Тіпті, Имам аш-Шафи: «Фикх (құқық, заң – А.Ә.) саласында біз бә­рі­міз Әбу Ханифаның баласымыз» деген.
Со мазһабтың бірі әрі бірегейі – қазақ даласына келген ханифа (699 – 767) мазһабы, яғни, түркі әлемінің Имам Ағзам деп атап кеткен, VIII–IX ғасырларда пайда болған ханифийлер жолы. Ол таза, қазіргі ұғым-түсінікпен айтқанда демократиялық, тура жолдағы ағым. Оны Мұхаммед (с.ғ.с.) Пайғамбарымыз: «Ме­­нің халқымның арасынан Әбу Ханифа деген адам шы­­ға­­ды да, ол ақиретте халқымның шырақшысы болады» дей келіп, ол салатын «Имам Ағзам жолы ең дұрыс жол» деп пай­ғам­бар­лық танытқан еді. Әбу Ханифа Исламның діни ілі­­мін­де­гі жазба дәстүрді қалыптастырып, кітаби «сыңаржақ тал­қы­лау­лар­ды күнделікті тіршілік талаптарына» сәй­кес­тен­ді­ріп, өзі енген жергілікті ел-жұрттың табиғи болмыс-бітім, тұр­­мыс-тіршілігі, әдет-ғұрпы, салт-дәстүрімен санаса отырып, мұ­сыл­ман­дық­ты на­си­хат­та­ған. Жалпы, жоғарыдағы төрт маз­һаб өре­тін сунна хадиске негізделген. Ал, Құран Ал­ла­ның, хадис Пай­ғам­бар­дың сөзі. Сондықтан да, сунна үзіл­ді-кесілді кесім емес, ал, Құ­ран даусыз әрі кесімді. ендеше, Құ­ран­ға «әріпшілдік», «ежелеп» оқу, яғни оны со күйінде тү­сі­ніп, тура қабылдау жүр­мей­ді. Ол көп қырлы, алуан сырлы. Пайғамбарымыздың Ха­дис­те­рі­нің пайда болуының мәні де сонда. Олар діни, таза ұғым-түсініктер, тіпті, Құ­ран­ға тү­сін­дір­ме­лер десе де болады. ендеше, Әбу Ханифа маз­һа­бы­ның қа­зақ даласына енуінде тарихи-табиғи даму процесімізге тән заң­ды­лық бар екен. Ал, ол жол Қазақстан аймағына Әбду Мәлік ибн маруани тұсында келген. Сондықтан, Ислам бізге күштеп ен­гі­зіл­ген жоқ. Өйт­ке­ні, Ислам мен Қазақстан территориясын жайлаған тай­па­лар­дың Тәңірліктен өрген әдет-ғұрпы, салт-санасы, тұр­мыс-тіршіліктеріндегі кейбір қасиеттер бір-бірін жоққа шы­ға­рып, бір-біріне кереғарлық танытпайтын. Міне, осыдан келді де Тәңірлік наным-түсінік пен мұсылмандық қазақ хал­қы­ның басы мен идеологиясын біріктірген құралға айналды. Әбу Ханифа негізін қалаған Имам Ағзам жолы солай Тә­­ңір­­лік наным-түсінікпен кірігіп кетті. Сондықтан, бірін-бірі то­лық­тыр­ған осынау қасиетті ұғымдардың арасына ши жү­гір­тіп, ұлт өкілдерін бір-біріне қарсы қоюшы вахабистердің территориямызда пайда болуға ұмтылуы мені де, Сізді де, оны да, бәрімізді де алаңдатуы керек. Бұл ең бастысы – Қазақстан хал­қының тыныштығы, сосын қазақ ұлтының тұтастығы үшін қа­­жет. Иә, Сіз айтқандай Қожа Ахмет Иассауи сопылық ар­қы­лы түр­кі әлемі халықтарының дәстүрін Ислам әдіптерімен астастыра білді. Бірақ, ол Сіз айтқандай «төртінші өлшем» қос­қан жоқ. Бар болғаны қазақ даласына келген Имам Ағзам жолын ны­ғай­та түсті. Жалпы, сопылықтың қыр-сырын жақ­сы тү­­сі­­ніп, оның байыбына бара білгендер оны Исламның «жү­ре­гі» немесе «рухы» дейді де, оның негізін «жүректің оянуынан» не «жү­рек тазалығынан» таратады. Әрине, оған күдікпен қа­рау­шы­лар да жоқ емес. Бірақ, ол басқа әңгіме… Ал, бүгінде кей­бі­реу­лер Қазақстандағы мұсылман халқына, оның ішінде қа­зақ ұлтына қатып қалған, қасаң «кітаби» Исламды сіңіргісі, келеді. Біз Сауд Арабиясы, не Иран, Ирак емеспіз. Біздің өзін­дік, яғни далалық-көшпенділерге тән діни ұстаным-нанымдарымыз бар. Соған қарамай, олар Көк Тәңірі мен Алланың бір ұғым­ға айналып, Ислам мен сол Тәңіршілдіктен өрген қазақ әдет-ғұрып, салт-дәстүрі арасына сына қақпақшы. Қазақтың «Тә­ңір жарылқасын», болмаса «Алла жар болсын» деуінің арасында қанша алшақтық бар. Біздіңше ешқандай жоқ. Мә­се­ле­нің сыры сонда. Мұны түсінбейтін, түсінсе де құлаққа ілмейтін ұлт табиғатынан қол үзген, өздерін дін «білгірі» санайтындар немесе ол туралы теория қалыптастырғысы келетіндерге бұ да сабақ болса керек еді. Өкінішке орай бұлай емес. Ал, со мырзалар дүниеде арасына іріткі түскен діни ұғым мен дін со­ғы­сы­ның халыққа қаншалықты азап әкелетінін, сосын, оның мәң­гі­лік бітпейтін қан майданға айналатынын білмейтініне таң­ға­ла­мын. Әл­қис­са, олардың ниеті аруаққа сиыну секілді, тағы да бас­қа Тә­ңір­шіл­дік­тен өрген таным-нанымдарды жоққа шы­ға­ру ар­қы­лы еліміздегі қалыпты, қалыптасқан мұсылмандық пен ұлт ты­ныш­ты­ғын бұзу.
Сосын, Халифа Алтай ағамыздың әнеукүнгі бір жолы ар­уақ­­қа сиыну сияқты қазақ наным-сенім түсініктерін жоққа шы­­ға­ру­ға тырысуы да артық іс. Әсіресе, осындай бір тенденция «кі­та­би» қатқыл да қасаң мұсылмандықтың ортасынан келген оралмандар тарапынан көптеп естіліп, білініп жатады. Ау, со кі­сі­лер­дің ата-бабалары қазақ даласынан әртүрлі тарихи-әлеу­мет­тік, қо­ғам­дық-саяси жағдайлар салдарынан ел ауа көшкенге дейін ар­уақ­қа, тағы да басқа Тәңірлік пен Исламның сіңісуі арқылы пайда болған діни нанымды ұстанған еді ғой. Енді араға ға­сыр­лар салып, елге оралғанда, олар өздерінің бойына қансіңді бол­ған діни түсінік-қасиеттерден бой тартып, жүре келе бойға да, ойға да сіңген нанымдарды әрі құндылықтарды пен­де­ле­рі­ңіз­дің өзі шал­дың баласы атанып жүрген кезінде көнекөз, көкірек көзі ашық, ескіше сауатты ауылдағы ақсақал, көксақалдардың аузынан бірде-бір рет қазіргі қасаң «кітаби» діни ұғым-түсінікті насихаттайтын сөздерді есітпеген екен. Бүгінде жетпістің се­гі­зі­не иек арт­қан, Құран Кәрімді түпнұсқадан оқып, діни та­қы­рып­тың арғы-бергісін қолмен ұстап, көзбен көргендей таратып, ін­де­те ша­ғып беретін туған ағамыз Сиязхан да қазіргі ар­уақ­қа сиынудан бастап, ұлт наным-сенімінен өрген Тәңірлік құн­ды­лық­тар­дың исламмен сіңісіп кеткенін жоққа шығармайды және оны теріс насихаттаушыларды кінәлайды. Әлгі қазақтың Тә­ңір­лік наным-сенімінен өрген, сөйтіп, Исламмен сіңісіп кеткен қа­сиет­тер­ді жоқ­қа шығарып, қалыпты ұлт бойына сіңген мұ­сыл­ман­дық­ты жоқ­қа шығарушылар осы тұста қатты ой­лан­ған­да­ры жөн-ақ.
Ислам пайда болғаннан кейін 80 жылдан соң өмірге келген, 55 рет Меккеге қажылыққа барған, Мұхаммед (с.ғ.с.) Пай­ғам­ба­ры­мыз­дың көзін көріп, онымен серіктес болған кейбір сахабалармен кездесіп, пікірлескен, сөйтіп олардың «мәжбүр ету жолымен жасалған ант жарамсыз» деген принциптегі іс-әре­кет­те­рін ұстанған Әбу Ханифа жолы қашанда дұрыс жол екендігін тағы да қайталағымыз келеді. Со Мұхаммед (с.ғ.с.) Пай­ғам­ба­ры­мыз: «Адам мені мақтаныш етсе, мен Әбу ханифаны мақ­та­ныш етемін, оны кім сүйсе, мені де сүйгені. Оған кім жау болса, маған да жау болғаны» дегенінің өзі бүгінгі қа­саң да қат­қыл, «кітаби» исламды насихаттап жүргендерге са­бақ болса бек дұрыс. Мұндайда орыс шығыстанушысы П.Цвет­ков­тың: «…последователи ханифитской школы придерживались следующих правил: а) главное – смысл, а не «буква» установлений; б) применение к местным обстоятельствам является важнейшим правилом, которому должны следовать мусульманские правоведы и богословы» дегені еріксіз ау­зыңа тү­се­ді екен.
Ендеше, әртүрлі теориялар қалыптастырып, жаңа діни ұғым­дар таратушылар қандай жағдайда да өздерінің айтқан ойларымен, қозғаған пікірлеріне сақ болғаны жөн. Бәрін біліп, бәрін де көңілге қаттап, көкейге түйгенге мен де қарсы емеспін. Бі­рақ, ол күйретушілік күшке ие қасиет болмауы тиіс. Бұны Мұ­рат аға, Сіз жақсы білесіз. Ол туралы сан пікір алыстық-та. Тіп­ті, өзі­ңіз айтып-жазғандай «ислам мазмұнын мейлінше жер­гі­лік­ті ұғымдарға толтырған» жол-ағым жайында бірігіп ма­қа­ла жазып, қатып қалған, қатқыл «кітаби» Исламның біздің ұлт­қа жат екендігін тілге тиек етеміз дегенбіз де. Бұл мәселеде Сіз бен Біз­дің көзқарасымыз бірдей. Бірақ… Бірақ… Бірақ та…

«Қазақ әдебиеті».
27 маусым, 2003 жыл