АЛЛА МЕН АДАМ ЖАРАТЫЛЫСЫН ЖАҢЫЛЫСТЫРМАЙЫҚ
Алла тағала өзін бүкіл жер патшасымын
деп жар салған мақтаншақты ұнатпайды,
тек бір Алла ғана бүкіл әлемге билік ете
алады.
(Мұхаммед пайғамбардың хадистерінен)
Құрметті оқырман, Сіздерден Алла алдымен жандыда адамды, жансызда Қаламды жаратқасын ба, о екеуіне де тән; азамат ретінде де, сосын, со Қалам жолына түскесін көп білемін деуден ада, түртпектеніп ізденіп жүретініміз барлығын жасырмаймыз. Олай дейтініміз, кейбіреулердің біздің осы бір ізденістерімізді тырнақ астынан кір іздеушілік деп қабылдайтыны да бар.
Сол әдетпенен жүргенде, жақында қолымызға 1996 жылы новосибирскідегі «ЭКОР» баспасынан басылған (жарық көрген деуге аузым бармайды – А.Ә.) О.Шатохин дегеннің ағылшын тілінен аударған «Манифест Ислама» атты кітабы тиді. авторы – Мухаммад Рафи-уд-Дин. Ол аталған кітабында Исламның ұстанған бағыт-бағдарымен бірге, оның мән-мағынасы және саяси-моральдық, қоғамдық тұрғыдағы алатын орны туралы ой толғайды. Жалпы, автордың Исламға деген ниетінің қаншалықты түзу екендігін білмейміз, бірақ, соған қарамай аталған кітапты оқып отырып көңіліңе күдік, көкірегіңе түйткіл орнығады екен.
Біз осынау шағын мақаламызда әзірше со күдік пен түйткілдің бір ғана жағын сөз етпекшіміз. Ал, «Манифест ислама» атты кітапты толығымен талдап-талқылау, ол туралы пікір білдіру болашақтың еншісінде. Сонымен, аталған жинақтың «качества человека являются отражением качеств создателя» деген бөлімінде автор: «Центральным свойством человеческого создания, как и Божественного, является любовь со всеми сопутствующими ей качествами. Так как в человеке отражаются все качества Создателя, его можно назвать образом Божества. Поэтому Пророк (мир ему) говорил: «Аллах создал человека по образу и подобию Своему» дейді. Міне, дәп осы тұста ол үлкен қателік жіберіп қана қоймай, Алла мен Адам жаратылысын баяндау арқылы оқырманды жаңылыс жолға салып отыр. Олай дейтініміз, біз білетін Құран мен басқа да кітаптарда олай демейді. Мысалы, Рукайя Максудтың 2001 жылы Мәскеуде шыққан «Ислам» атты кітабында (ол да ағылшын тілінен аударылған – А.Ә.): «Бог всезнающ и всевидящ; Он совершенно «отличен» от сотворенной Им вселенной, вне времени, вечен, без начала и конца» дей келіп, «В мире не существует ничего, подобного Богу (!), и ничто не может сравниться с Ним. Ничто не разделяет Его власть, и у Него, конечно же, нет «сотоварищей» или каких-либо «родственников»» дейді.
Ендеше, аталған автор Құран Кәримнің 112-Ыхлас сүресіндегі: «Ол Алла, біреу-ақ. (1) Алла мұңсыз. (Әр нәрсе Оған мұхтаж.) (2) Ол, тумады да туылмады. (3) Әрі Оған ешкім тең емес (4)» дегенмен «Шуро» сүресінің 11-аятындағы: «Оған ешнәрсе ұқсамайды. Ол Естуші, Көруші Зат» дегенін жақсы біліп, жоғарыдағыдай ой-пікірімен тұжырымға келген. ендеше, біз де со жағындамыз. Алла не нәрсені болса да жеңіл, шаршап-шалдығусыз және еш демалыссыз сөз – бұйрық арқылы жаратқан. Сондай-ақ, ол адамды жаратушы ғана емес, оның бүкіл ғұмырын одан әрі бақылап, басқарушы да. сонан соң, Алла өзі жаратқандардың өткенін де, болашағын да білетін құдірет. Сондықтан, адамды Алланың бейнесі ретінде қабылдап, оған ұқсату астамдық.
Әлқисса, біз тілге тиек етіп отырған «Манифест Ислама» атты кітаптың оқырманды, әсіресе, орыс, оның ішінде өзінің ана тілін білмей, ол тілде жарияланған Ислам жайындағы кітаптарды оқымайтын оқырмандарды мұсылмандық жайында теріс жолға түсіріп, ол туралы жаңсақ пікір қалыптастыратынын айтқымыз келеді. Иә, «Библия» Құдай мен Адам жаратылысына басқаша көзқараспен келіп, оған өзгеше пікір білдіретіні рас. белгілі дін зерттеушісі, философ Сергей Булгаков өзінің «Свет невечерний» кітабында оның қыр-сырын аша келе: «образ божий в человеке. И сотворил Бог человека по образу своему, по образу Божию сотворил его (Быт. 1:27). И создал господь Бог человека из праха земного и вдунул в лице его дыхание жизни; и стал человек душою живою (2:7). Человек сотворен, но по образу Божию. Он создан из праха земного, из общей тварной материи, но в него вдунуто самим Богом дыхание жизни Из Себя Самого извел и как бы выделил Бог его сущность. И уже в силу такого своего происхождения человек является сыном Божиим» дейді. Ендеше, Алла мен Адам жаратылысына келгенде Ислам мен христиандықтың арасында айырмашылық бар екен. Біз осыны еш уақытта есімізден шығарып, жадымыздан бір сәтке де өшірмеуге тиіспіз.
Қорыта айтқанда, жоғарыдағыдай «Манифест Ислама» секілді кітаптарды оқығанда мейлінше сақ болғанымыз жөн. Сөз соңында құрметті оқырманға жеткізеріміз, Алла мен Адам жаратылысын ажырата білу әр қайсысымыздың азаматтық та, мұсылмандық та міндетіміз.
«Заң газеті».
30 қазан, 2002 жыл