Өлеңдер

ДИАЛОГ

– Тұрлаусыз тiрлiк түзер көшiн келе,
Сыр бойы, тозған тоғай есiңде ме?
Сүйiсiп тұрдық жардың жағасында,
Сол кезде дiр-дiр еттi төсiң неге?

БІР КЕЛІНШЕККЕ

Көзiңнен көрдiм табын жасты мұңның,
Сеземiн мысы қара басты түннiң.
Мен сенен сұрамаймын ештеңе де,
Болмаса шетi ғана жастығыңның.

ҚУАҢ ЖАЗ

Ып-ыстық бетке ұрған қыр самалы,
Кетiрiп көңiл күйдi тұр шамалы.
Қалыпты-ау, қуаң тартып құба тал да,
Қақпай-соқпай қаңтардың бұршағы әлi.

АУЫЛҒА БАРҒАНДА

Қызылын жиып-терiп тiзген белдiң,
Мен саған жалғыз емес күзбен келдiм,
Мап-майда толқынына қызығамын,
Бетiнде қуаң шөптiң жүзген желдiң.

ЕРКIНДIК (Баллада)

Кей кезде тұрады ыз атып,
Өмiрде сор-қайғы.
Ұшырып жiбердiм ұзатып,
Тордағы торғайды.

ЭКСПРОМТ

I
Қара құйын соққандай қырдан кезбе,
Мұңның табын сезгейсiң ұрған көзге?!
Қызмет пен атақтың аузын ұрдым,
Өлең деген өмiрiм тұрған кезде.

AЖАЛ

Ұстай алмас ұштығын төзiмменен,
Бас бiлмейтiн жел бiлем сезiм деген.
Алла жазды ажалға сұмдық сенем,
Келе-тұғын кешiкпей кезiнде мен.

КӨҢIЛ КҮЙ

Тiрлiк емес тiрлiгiм тұсау кiлең,
Өтiп жатыр өмiрiм түс аудымен.
Сыртта шiлде, түсiме қар кiредi,
Қағып тұрған есiктi қыс-ау бiлем.

ОТЫЗ ЖЫЛДАН СОҢ

I
Жеңiп балаң ұшпалау шалықты ойды,
Бiр қызыңмен от сезiм алып бойды, –
Оман дария жағаңда сусыма құм,
Сүйiскенiм есiмде қалып қойды.

ТҮС

Болсын мейлi, болмасын құй өнерi,
Мендей болып шықпаған сүйенерi, –
Жетi басты айдаһар сияқтанып,
Жетi кемпiр түсiме жиi енедi.