Өлеңдер

ПАРАДОКС

Қақ көзін жылан қабық мұз басқанда,
Қараймын күдікпенен күзгі аспанға.
Қалайша қара қарға Алла жазып,
Жасайды асқанынша жүз жастан да.

ТЕРІСҚАҚПАЙ

Тұмағын айт қазақтың шын ауыр деп!
Есенғали

Жүрегімді шалдырып ыздай мұңға,
Болмаса да от-жалын қыздай мұнда, –
Тоңазыған жанымды жылытамын,
Сәулесіне солғындау күзгі Айдың да.

СЕРЕ ТАУМЕН СЫРЛАСУ

Сере, сере, сере тау сіреспелі,
Мына тірлік бітпейтін күрес тегі, –
Басыңды бұлт буып, күз шалғалы,
Сеземін желің суық тұр ескелі.

АҢСАУ

Мен кеттiм басқа қызға үйлендiм де,
Сен қалдың өзгешелеу күйге ендiң де.
Есiмде ұзақ бiр түн омырауыңдағы,
Қойғаны ағытылмай түймең мүлде.

КӨКТЕМДI СЕЗIНУ (Экспромт)

Сiреспе, сiреспегiн, сiреспе қар,
Өлiара аман болса бiр естi алар.
Үзiлсе атан жiбiң айып көрме,
Ынсап ет Алла бердi үлеске бар.

ТIЛЕК

Деуге келмес шалғайын шалдырды, айқын,
Салқын табын жанымда қалдырды ай, күн.
Мен өтермiн, аман бол Қазақстан,
Аспан биiк, жер терең алдырмайтын.

КЕЗДЕСУ

Теңселтiп әнтек самал естi қауды,
Булығып бұлт буған кеш жылаулы.
Елеусiз естен қашан шығып кеткен,
Қуғаның ұят болды-ау ескi дауды.

БҰЛТПЕН СЫРЛАСУ

Ақ жалды төкпе бұлт, шөкпе бұлт,
Көрсетпей қырыс қабақ көпке қылық, –
Құйып бер нөсерiңдi созылмалы,
Қысқандай қытық босқа өтпе күлiп.

КҮЗГI КӨҢIЛ

Туатын ат жақты Ай келдi кезiң,
Түнгi аспан тұр аша алмай шелдi көзiн.
Iшiн тартып ұлыған шибөрiдей,
Көрсетедi келеңсiз жел мiнезiн.

ҚАЙЫРШЫ

Аяқ қолсыз қашалған тас түйiн бе,
Қайыр тiлеп отыр ол жас күйiнде.
Тиын түстес жапырақ түсiп жатыр,
Алдындағы күн жеген бас киiмге.