Өлеңдер

ЖАЛҒЫЗ ТЫРНА

Жүректен желең желдей өткіземін,
Жанымның жабырқаулы жеткіз емін.
Жападан-жалғыз қалған сырық мойын,
Ақ тырна, айтшы қайда бет түзедің?

ТҮН

Жазғы дала. Көк төсінде толған Ай,
Көкірегінде бұлақ сәби күлкісі.
Көңіліңде құйттай кірбің болмағай,
Түн серігі, сері көңіл жылқышы.

ОРМАНДАҒЫ ҚҰРЫЛЫСҚА ҚАРАП ТУҒАН ОЙ

Ағаштар,
Ағаштар,
Барады шегініп,
Жапырақ жастары төгіліп,
Трактор, крандар үнінен,
Тынысы тарылып,
Жүрегі егіліп,
Ағаштар барады шегініп.

ТУҒАН ЖЕРДІҢ БЕЛІНДЕ

Сарғайған сары күзде кимешегі, –
(Әлдене кеудесіне түйді есебі)
Терідей тұз себілген теңбілденіп,
Бүкір бел бұйығы бір күй кешеді.

ТАҒДЫР

Көңілі ырза тағдырдың бергеніне,
Қартым шығып келеді төрге, міне.
Үш ұлының қызығын талшық етіп,
Шүкіршілік етеді көргеніне.

ҚАРТ СӨЗІ

Жылдарға құдірет жеткен бе,
Өткенді қайталамайтын?!
Бозжорға мініп көк белде,
Шақтамын шайқала алмайтын.

САҒЫНЫШ

Қарлығаш, әжем және мен,
Қос аттың буын шығарып, –
Қиюы қашқан шанамен,
Қиқулап дөңнен құладық.

АҚША ҚАР

Жауа берсін, нең бар сенің ақ қарда,
Қыстың сәні онсыз келмей жатқанда, –
Қонақтасын көк аспанның елшісі,
Иығыма, кең далама, бақтарға.

ҚАРТ

Қауырсынсыз құстай-ақ шарқ ұрды бау,
Қыстағы сымдай, жүйке, тартылдың-ау.
Қадалған қарашаға көзін сүзіп,
Сүйенген кетпеніне қартың мынау.

ҚАРА СУЫҚ

Қарашаның қарашы қырсығын-ай,
Көкке ілініп көңілсіз тұр сынық Ай.
Қара суық еседі қабырғадан,
Жабылмаған түндігі тіршілік-ай.