Өлеңдер

ӨМІР

І
Түсетін салмақ, ой басым,
Қазаңда.
Атымды адам қойғасын,
Азам ба?

ЕЛЕС

Тынбайды тірлік мұнда жел естімен,
Көзімнің алды тұнған белес кілең.
Жаныма жалғыз қалсам жалау болған,
Ұнатам сырласымдай Елесті мен.

СҰРАҚ

Көктем шыға қозғалып елді еліткен,
Керген Сырдың кеудесін сел желік пе ең?
Неге боран азынап тұрады да,
Ішін тартып ұлиді жел неліктен?
Деуге сірә, келмейтін теңесті айлаң,
Өткен өмір сын түзді емес пе, айнаң?
Көз алдыма көлбеңдеп көңіл жеді,
Келеді де тұрады елес қайдан?

ТЕЛЕФОНДА

Белгiсiздеу алғандығы естi кiм,
Ала құйын сапырынды кеш бүгiн.
Өзiңдi мен көрмесем де жан көке,
Сәл мұңлылау дауысыңды естiдiм.

АҚЫН ҚАБІР БАСЫНДА

Алған ажал аспастан сертің түкке,
Келіп жүрер бір жанға бертін, тіпте, –
Жер жібермей тұрғанмен тәнін бір сәт,
Жүрген жаны аспанда еркіндікте.

АҢСАУ

Қуалай соққан кезде белдеуменен,
Етегін көйлегінің жел кеулеген, –
Сен болсаң биші едің буыны босаң,
Мен болсам ақын едім ел беу деген.

ПОЙЫЗДА

Қоздатқан көңілдегі шаланы ескі,
Жылдамдық құс тістеген алады есті.
Жұлдызқұрт тізбегіндей пойызбенен,
Жарысып келе жатыр дала кешкі.

КӨҢІЛ КҮЙІ

І
Басқа түскен мына Күз бір сын еді,
Көңілімнің табылмай тұрсың емі.
Үйсіз-күйсіз ақынның өлеңіндей,
Қолды-аяққа тұрмай жел күрсінеді.

ӨКІНІШ

І
Етегін сезім-көлдің жел түрдің бе,
Жайларды көз алдыма келтірдің не.
Күйеуге шығып кеттім дегенше сен,
Одан да махаббатты өлтірдім де.

ЖАЛҒЫЗДЫҚ (баллада)

Көретін жүзін жоқ айна,
Куә етіп жұлдыз, бұла Айды, –
Жападан жалғыз тоғайда,
Сықпа бел сұлу жылайды.