«Ақиқат» ұлттық қоғамдық-саяси журналы

«Ақиқат» журналы қазақ ұлтының айнасы іспеттес басылым. Ол алғаш 1921 жылдың 15 қыркүйегінде Орынборда «Қызыл Қазақстан» деген атпен жарық көрген.

 1921 жылы шыққан журналдың алғашқы сандарында ұлттық сипаттағы өзекті-өзекті мәселелер көтеріледі. «Қызыл Қазақстанның» тұңғыш редакторы Абдолла Асылбеков бастаған Ерғали Алдоңғаров, Мырзағұл Атаниязов, Нәзипа Құлжанова, Нығмет Нұрмақов, Смағұл Сәдуақасов, Ораз Жандосов, М.Фахретдинов, Хамза Жүсіпбеков, Жүсіпбек Арыстанов, Жанайдар Сәдуақасов, Мүтәли Дәулетқалиев, Рақым Сүгіров, Әйтіке Мусин, Сұлтан Сегізбаев, Ә.Байдилдин, Сейділда Төлешев, Ахмет Елшібеков және басқа да алаш қайраткерлері қостаған журналдың тұрақты авторлары  патшалық Ресейдің отаршылық саясатының кеңес өкіметі тұсында да жалғасып келе жатқанын, орыстардың қазақты тең азамат санамауын батыл сынға ала отырып, оның асқынған түрі ретінде жергілікті халықтың басты байлығы – жерін тартып алуы қазаққа өте қиын тигенін ашына жазды. Еңбекті насихаттады.

«Қызыл Қазақстан» журналы қатаң цензураның бақылауындағы оның мүмкіндігінің қаншама шектеулі, құрсаулы болғанына қарамастан қазақ қоғамының, қазақ жерінің шын мәніндегі айнасы бола білді. Басылым сандарын ақтарып отырсаңыз халықтың өмірі, қоғамдық сананың дамуы жөнінде шежіреге бергісіз мәліметтерді де табасыз. 

Абдолла Асылбеков 1921 жылғы Қазақстанда болған ашаршылық туралы нақты мәліметтерді көрсете отырып, қарсы күресуге үндесе, Смағұл Сәдуақасовтың ұлт мәселесін көтерген «Ленин және ұлт мәселесі», Ә.Байділдиннің «Ұлт мәселесі һәм Октябрь революциясы», Манап Шамильдің (Сәкен Сейфуллин) «Октябрь һәм ұлт мәселесі», О. Исабаевтың «Ұлт мәселесі һәм Октябрь төңкерісі» атты мақалаларында қазақ халқының сол кездегі жай-күйі батыл айтылды. Осындай        келелі мәселелермен қатар қазақ қаламгерлерінің алғашқы әдеби шығармалары да жарияланып тұрды.  Атап айтқанда, Мұхтар Әуезовтің «Қорғансыздың күнін», Сәкеннің «Тар жол тайғақ кешуі» мен өлеңдерін, Бейімбеттің «Шұғаның белгісі» Тұрар Рысқұловтың тарихи материалдары және басқа көптеген әдеби еңбектерді айтуға болады

«Қызыл Қазақстан» журналының атауы кеңестік кезеңде белгісіз себептермен қайта-қайта өзгеріп отырған.  1921-1924 жылға дейін «Қызыл Қазақстан» атымен шығып тұрған басылым, 1924 жылдан 1932 жылға дейін Қазақстан КП (б) өлкелік комитетінің органы ретінде «Қазақстан большевигі» деген атпен оқырманға жол тартса, 1932 жылы бірнеше ай «Ауыл коммунисі» деп басылым атауға да ие болады. Ал, 1932 жылдан 1941 жылға дейін журнал «Коммунист» деген атқа өзгертіледі. Ұлы Отан соғысы жылдарында біраз уақыт шықпай қалған басылым, 1947 жылы ақпараттық кеңістікке қайта шығады.  1952 жылы журналдың аты «Қазақстан коммунисі» тағы да жаңа атқа өзгереді.

1991  еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін, көпжылдық тарихы бар басылым өзінің болашағын айқындап, жаңаша мазмұнмен шыға бастады. Соған сәйкес, 1991 жылдың қыркүйек айынан бастап журнал «Ақиқат» деген атпен шығып келеді. «Ақиқат» атауын ұсынған журналымыздың сол кездегі бас редакторларының бірі, белгілі қаламгер Камал Смайылов.

Елуінші жылдардан бері қарай журнал басшылығына Мұхаметжан Әбдіхалықов, Ахмет Елшібеков, Нұролла Сәрсенбаев, В.Абучкин, Баймұқан Ордабаев, Құрманбек Сағындықовтар келген. Олардан кейінгі журнал шежіресіне көз салсаңыз, Мұқан Мамажановтың, Кәкімжан Қазыбаевтың, Камал Смайыловтың, Сарбас Ақтаевтың, Жұмабек Кенжалиннің, Ақат Жақсыбаевтың, Нұрмахан Оразбековтің, Темірхан Медетбековтің, Самат Ибраимовтың басшы-редакторлық қолтаңбаларын байқауға болады. 2009 жылдан бастап ел зиялыларының бас басылымы – «Ақиқат» қоғамдық-саяси журналына шығыстанушы-ғалым, филология ғылымдарының кандидаты Мұхитдин Салқынбаев басшылыққа келді.

Қазақ елінің ақпараттық кеңістігінде өзіндік брэндке айналған «Ақиқат» журналының еткен еңбегі еленбей қалған жоқ. Басылымның жемісті еңбегін жоғары бағалаған ел ағалары әруақытта тиісті сыйлықтарымен марапаттап отырды. 1976 жылы «Халықтар достығы» орденімен, 1996 жылы Қазақстан Республикасы Баспасөз және бұқаралық ақпарат істері жөніндегі ұлттық агенттігінің Құрмет Грамотасымен, 2002 жылы Қазақстан Журналистер Академиясының «Алтын жұлдыз», 2008 жылы Қазақстан Журналистер одағының сыйлықтарымен марапатталды. 2011 жылдың 1 желтоқсанында «Ақиқат» ұлттық қоғамдық-саяси журналы Байланыс және ақпарат министрлігінің Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдық мерейтойына орай «Қазақстан мемлекеттілігінің құрылуы мен дамуы»  тақырыбында өткізген конкурста «Ең үздік қоғамдық-саяси басылым» номинациясы бойынша жеңімпаз атанды.

Тәуелсіз еліміздегі журналдардың ішінде бас басылым болып табылатын «Ақиқаттың» айдарлары елге ұнамды, мазмұнының әсерлілігі, мақалаларының құндылығы көпшілікті баурап алатынын дәлелдеп жату артық болар. Әсіресе, «Заманхат» айдарымен Әл-Фараби, Абай сынды даналардың, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаев, Смағұл Сәдуақасов секілді алаш зиялылары мен Ақжан Машани, Өзбекәлі Жәнібеков және т.б. қазақтың белгілі тұлғаларының ойлы пікірлері мен салиқалы сөздері үнемі журналдың бетін ашып тұрса, «Маржан сөз» айдарымен қазақтың аузы дуалы билері мен шешендерінің тура да тауып  айтқан маржан сөздері қорытындылайды. Бұған қоса «Қазақстан қарашаңырағым», «Саясат және парасат», «Жақсы жүрген жерінде із қалады», «Тарихтан тәбәрік», «Тұлғалар тұғыры», «Рухани қазына», «Дүниетаным ділі» сияқты айдарлар оқырман көпшіліктің ыстық ықыласына ие болып отыр.  

Қазіргі таңда «Ақиқат» журналы қоғам дамуының маңызды тұстары, соның ішінде саясат, тарих, философия, экономика, мәдениет және филология салаларындағы өзекті мәселелерді уақытылы көтеріп, маңызды да ғылыми құнды мақалалардың жарық көруімен ерекшеленеді. Басылымның заман талабына, уақыт лебіне сай жылдан жылға жасап келе жатқан жарқын жаңалықтары, өсуі мен өзгеру үдерістері оқырманның көз алдында өтіп келеді. «Ақиқат» журналы қай кезде болсын ақиқаттың алдаспанына айналып, салиқалы ой толғайтын, елдегі болып жатқан жаңалықтар мен өзгерістер иіріміне бойлай отырып, мейлінше  терең сараптама жасайтын басылым ретінде қалыптасты.

 Журнал негізінен елдің стратегиялық бағыттары, Елбасының жылма-жылғы Қазақстан халқына арналған Жолдауларында көтерілген мәселелерді жан-жақты талқылап, халыққа түсіндірумен келеді. Ел зиялылары, қайраткер тұлғалар, жазушы, журналистер ұсынған әртүрлі тақырыптардағы материалдар да жиі жарияланып тұрады. Журнал республиканың барлық өңіріне тарайды.