Бас редактор Аманхан ӘЛІМҰЛЫ

Бас редактор  Аманхан ӘЛІМҰЛЫ1952 жылы 20-қаңтарда Оңтүстік Қазақстан облысы, Отырар ауданы, Қожатоғай ауылында туған. 1969 жылы Қожатоғай ауылындағы Амангелді атындағы орта мектепті бітіріп, 1969-1972 жылдар аралығында азаматтық борышын Қиыр Шығыста атқарған. 1972-1975 жылдар аралығында Алматыда құрылысшы болып жұмыс істейді. Ал, 1975 жылы ҚазҰУ-ің журналистика факультетіне түсіп, оны 1980-жылы бітіріп шығады. Тұңғыш топтама өлеңдері «Бес қоңырау» атты жыр жинағына жарияланып, одан кейін оның «Жанымның жапырағы», «Кездесу», «Таудан аққан тасбұлақтар» және «Ай нұры алақанымда» атты жыр жинақтары жарық көреді. 1991-1993 жылдар аралығында Мәскеудегі М.Горький атындағы Бүкіл әлемдік Әдебиет институтының жоғарғы курсында оқып, оны сәтті аяқтап шықты.
Ақын «Жанымның жапырағы» жыр жинағы үшін М.Мақатаев атындағы сыйлықтың лауреаты атанып, өзі республикамыздағы «Қазақстан пионері» («Ұлан»), «Лениншіл жас» («Жас алаш»), «Қазақ әдебиеті», «Түркістан» газеттерінде қызмет істейді. 1994 жылдан 2012 жылға дейін «Заң газеті» басылымында жауапты хатшы, соңы шолушы болып қызметтер атқарды. 2011 жылы ақынның «Өткірдің жүзі» атты публицистикалық мақалалар жинағы жарық көрді. Ол Қазақстан Республикасының «Мәдениет қайраткері».
2012 жылдың сәуір айынан бері «Ақиқат» журналының Бас редакторы болып қызмет атқарып жүр.