«Дариға» сөзінің мән-мазмұны

  • 19.03.2019
  • 105 рет оқылды
  • 0

Серікбай Оспанұлы, Күлзада Мырзағалиева,
Қостанай мемлекеттік педагогикалық университетінің профессорлары

Қазақ ақындарының, сондай-ақ, қазақтың қара өлеңінде сирек те болса, кездесетін «Дариға, дүниеге неге келдім, келдім де бір жемтіктің соңына ердім» [1, 180 б.], – деген сияқты жолдар Торғай ақындық мектебі өкілдерінің шығармаларында жиі ұшырасады.
«Дариға», «О, дариға!», «Ой, дариға-ай!» деген бұл одағай, лепті сөз бізге парсы тілінен кіріпті. «Әттең-ай», «Қап» деген өкінішті көңіл-күйді білдіреді екен.
Ахмет Байтұрсынов:
Дариға, ол заманның бәрі де өтті,
Кәрілік деген бәле келіп жетті [2, 38б.]
Уа, дариға! Өтті бастан қызық жас!
Өзіңе жөн, өзгелерге бұзық жас
[2,83б.]
Спандияр Ақтасұлы:
А, дариға дүние
Көкірегімнің арманы.
Күндер қайда тасқандай [3, 222 б.]
Көргендерге таң болып,
А, дариға, жүргенім.
Асығыс жүрген дәулеттің
Мен пайдасын көрмедім [3, 231 б.]
А, дариға, бар болса
Бұрыңғы менің сәулетім [3, 240 б.]
«А, дариға, кісі елі
Осы екен» деп айтатын [3, 270 б.]
Әбіқай Нұртазин:
Дариға, еткен байлық заманым-ай.
Біл жылда қалдық көшпей қамалып-ай
[4,13 б.]
Орынбай ақын:
Алтында иесіз қалған маңыз бар ма,
Дариға-ай, кәрілік бір түн секілді [5,15 б.]
Сейдахмет Бейсенұлы:
Тәнімнің бар қуаты екі аяғым,
Дариға, айрыларсыз қан мен еттен [5, 76 б.]
Ал, соңғы Әбіқай Нұртазин өлеңі Қасым Аманжоловтың «Дариға, сол қыз» әнінің мәтінін еске түсіреді…
Қасым Аманжолов:
Сапырды дауыл, тебіренді теңіз,
Тулады толқын, шайқалды шың-құз.
Қып-қызыл өрттің ішінде жүрміз,
Қайда екен, қайда, дариға, сол қыз?! [9, 237 б.]
«Қайда екен, қайда, дариға, сол қыз» әр шумақ соңында үш рет, Әбіқай Нұртазаұлы «Ой, дариға-ай» деп алты шумақ соңында алты рет қайталайды. Әбіқай Қасымды, Қасым Әбіқайды білмейді, бір-бірінің өлеңін оқыған жоқ. Алайда, әдіс-тәсілдері бір. Әдебиет теориясында кезекті қайталауды екеуі де дәл басып әдемі қолдана білген. Бұл тәсіл атылған жанартаудай буырқанып, арнасынан асып төгіліп жатқан Қасым өлеңін одан сайын «өртке тиген дауылдай» өршіте түссе, Әбіқай өлеңіне жан бітіріп, динамикалық күш-қуатын арттып, әр беріп тұр.
Жоғарыдағы шумақтардан «О, дариға-ай», – деп бірде ауыр күрсініп, ішкі шер-шеменді сыртқа шығарып алғандай, бірде «Дариға-ай», – деп жастық шақты аңсап, бал дәуреннің қызықты шақтарын еске түсірген көңіл-күйді байқасақ, соңғы мына Әбіқай мен Күдері жолдарынан «Дариға», «Дариға-ай», – деп, марқайыс білдіріп, қуанышын жеткізуді аңғаруға болады:
Әбіқай Нұртазин:
Дариға, шатырлаттық бие байлап,
Сарылып келуші еді түйені айдап [5, 297 б.]
Күдері Жолдыбайұлы:
Дариға-ай, Смағұлды айт туысы артық,
Тағдыр сол дер кезінде басылды дем [5, 225 б.]
«Ақ дариға» деп аталатын халық әнінің мәтінінде:
Қолымда бір қамшым бар бүлдіргелі,
Айтайын мен бір сөзді күлдіргелі.
Орныңнан әрі отырған, ахау, бермен отыр,
Қолымда қармағым жоқ ілдіргелі-ай
Ақ дариға, ілдіргелі-ай [9, 62 б.],- деген жолдар бар.
«Ақ дариға» емес, «Ах, дариға» шығар? Өйткені, «дариғаның» ағы, қарасы жоқ. «Ах!» – өкініш. Мүмкін қыздың есімі шығар, онда «дариға» сөзін бас әріппен жазуымыз керек қой…
«Дариға» сөзі «Шіркін-ай», «Па, шіркін!» деген таңданысты, ризашылықты білдіретін сөздер орнына да, кей-кейде жетпей жатқан буын санын толтыру үшін де, күйініште де, сүйініште де қолданылады екен.
«Дариға» сөзінің қуаттылығы мен оқушыға әсер-күші оны кімнің, қалай пайдаланғанына байланысты.
Торғай ақындық мектебі өкілдерінің бір ерекшелігі – осы одағай, лепті сөзді жиі қолдануларында жатыр. Қазіргі ақындар өлеңдерінен бұл сөзді таба алмадық.

Пайдаланылған әдебиеттер:
Қара өлең. Алматы: «Жазушы», 1989.;
Байтұрсынов А. Ақ жол. Алматы: «Жалын», 1991.;
Бабалар сөзі – жүз томдық. Астана: «Фолиант», 2008, 47 т.: Батырлар жыры.;
Нұртазаұлы Ә., Әбіқайұлы А. Дүлдүл – жыр жинағы, Алматы: Қазақ университеті, 2015.;
Торғай ақындарының антологиясы. 1 т., Арқалық, 2014.;
Дулатов М. Шығармалар, Алматы: «Жазушы», 1991.;
Ахметбеков Н. Шығармалар, Алматы: «Ел – шежіре», 2007.;
Торғай ақындарының антологиясы. ІІ т., Арқалық, 2014.;
Ауыл кеші көңілді. Алматы: «Қайнар», 1993.;
Ауыл кеші көңілді. Алматы: «Қайнар», 1986.

Алдыңғы «
Келесі »

Пікір қалдыру

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды.