Оян, қазақ! (Босқын қырғыз бауырларыма арнадым)

  • 26.02.2019
  • 804 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Оқушыларға мағлұм, «Оян қазақ!» атты өлең кітабымды ескі үкімет шам көріп, «Қазақ оянып кетеді» деп қорқып, 1911 жылы мені судқа берді, сол себепті жыл жарымнан артық абақтыда жатып шықтым. «Оян, қазақ!» халық арасына тарамасын деп, үкімет хакім салды. Сонан кейін қолға түспеген 1000 дана шамалы «Оян, қазақ!» алғы жылдан бері бір орында жасырынып жатыр еді. Енді, құдайға шүкір, азаттық таңы атты, ескі үкімет мүрдем кетті, шағымшы «бауырларымыздың да» көзі жоғалды.
Жауыз үкіметтің жауыздығымен былтырғы 25 июнь жарлығы тақырыпты қазақ халқы қан жылады, бәрімізден артығырақ қырғыз бауырларымыз қырғынға ұшырады. Күні бүгінге шейін сол қырғыз бауырларымыздан көп ел Қытай жерінде босқындықта, ашаршылықта, қырғында. Жас балаларын бір шелек бидайға, бір тоятын тамаққа сатып, қатын-қыздарын бір қойдың пұлына айырбастап, естиярлары мойындарына дорба салып, тіленші болып кеткендігі мағлұм болып тұр.
Сондықтан, сақтаулы мың дана «Оян, қазақтың» ақшасын әлгі босқында жүрген жетім-жесірлердің пайдасына бағыштадым. Бұрынғы қақы 20 тиын еді, енді пұлы мынадай қайырлы іске жұмсалатын болған соң, алушыларға бағасы 50 тиын болсын деп мөлшерледім. Почта қақы кітап басы 2 тиын. Скидка жоқ. Бір кісіге 50 кітаптан кем сатылмайды. Ақшасын төменгі адрес бойынша күні бұрын жіберу керек. Бұлай деуімнің себебі тезірек өтіп, ақшасы ашаршылықтағы бейшараларға тезірек тапсырылсын деген. Мың дана кітап тез сатылса, сонан өнген 500 сом шамалы ақша, көп пұл болмаса да, ел-жұрт, жер-су, мал-мүлкінен айырылып, бұл күнде бір тілім нанға зар болып тұрған сорлыларға аз да болса, қорек болар еді. Бұл бейшара бауырларымызды ескеру, өлімнен-қырғыннан құтқару алаш азаматының адамшылық борышы!
«Оян, қазақты» жоғарғы шартпен ал-дыруға талабы бар, сорлы болған бауырларына жаны ашыған азаматтар мынау адрестегі Жұмағали Тілеулиннен алдырсын. Адресі: г. Петропавловск, Акмола обл., Уездная больница, фельдшеру Джумагалию Тлеулину.

Міржақып Дулатов,
«Қазақ» газеті, №212-245

Алдыңғы «
Келесі »