«ҚАЗАҚТАНУДЫҢ» ҚАРЫШТЫ ҚАДАМЫ

  • 26.02.2019
  • 579 рет оқылды
  • 0

«Адамды тану үшін онымен жолға шық» дегенді қай-қайсымыз да естіп өстік. Сапарда жүрген аз-кем уақытта жолсерігіңнің өмір жолына, мінез-құлқына қанығып, қарым-қабілетін танисың. Осы ұстаным түрін, нысанын өзгертіп, түрлі салада қолданылады.
Билік басына келген әкімнің, министрдің, басқа да биік лауазым иесінің алғашқы үш айдағы қызметін саралайтын «100 күн» деген меженің де мақсаты соған ұқсас. Жаңа басшыны бірі сынап, бірі қуанып, ал, тағы бірі күмәнданып қарсы алған халық оның алғаш қолға алған істерінен ой түйіп, өзіндік тұжырым жасайды.
Былтыр Ассамблеяның көктемгі сессиясында ұсынылып, Елбасының, қатысушылардың тарапынан қызу қолдау тапқан «Қазақтану» жобасы халыққа жол тартты. Ақмола облысының Бурабай ауданында, қасиетті Абылайхан алаңында, «Егемен Қазақстан» жазғандай, «Қазақтанудың қазығы қағылып», тұсауы кесілді. Яғни, жоғарыдағы қалыпқа салсақ, жобаның іске асырыла бастауы өзінің 100 күндік межесінен өтті. Бұл кезең қалай өтті?

АҚМОЛАДАН БАСТАЛҒАН ЖОЛ

Жобаны жұртшылыққа таныс-тырған Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Л.Прокопенко бұл жобаның «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында, қазақ мәдениетін, тарихын, философиясын, сондай-ақ қазақ халқының құндылықтарын насихаттауға ба-ғытталғанын атап көрсетті. Та-рихқа шолу жасай отырып, қазақ халқының ұлттық құндылықтарына айналған қайырымдылық, кеңдік, қонақжайлылық, сенім мен достық сияқты қасиеттерді дәріптеу арқылы жастардың бойына елге деген сүйіспеншілікті дарыту екеніне назар аудартты.
Бұдан кейін сөз алған шешендер де жобаның басты мақсаты – ұлттық құндылықтарымыз негізінде халық бірлігін одан әрі нығайту және елдегі тұрақтылықты сақтау мәселесіне ден қойып, тіпті жобаның тұсауын кес-кен облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ғосман Төлеғұл берген батада да сол ой айшықталды:
Ау, «Қазақтану», жас жоба,
Қадамын бүгін бастаған,
Тұсауың кесілді, жол болсын!
Бұралаң жолдарда сүрінбе
Шыңдарға шыққанда бүгілме
Ойға алған жоспарлар оң болсын!
Қызмет етіп халқыңа
Үйретіп, дәстүр-салтыңа
«Қазақтану», өмір сүр
Сыйлы болып жалпыға!
«Қазақтану» жобасының бір ерекшелігі – ол лекторийге қаты-сатын ғалымдар мен жазушылар, қоғам қайраткерлері, этносаралық қатынас саласының сарапшылары, медиаторлар облыс орталығынан қайтпай, өңірдегі шағын қалаларға, елді мекендерге, білім ордаларына, кәсіпорындар мен мекемелерге барып, жоба мақсатын түсіндіретіні. Қазақ халқының ұлттық құндылықтарына айналған мейірімділік, бауырмалдық, қиналғанға қол ұшын беру, татулық сияқты қасиеттерді дәріптеу арқылы жастардың бойына осы елдің ұрпағы екендігіне мақтаныш сезімін сіңіруді, туған жерге деген сүйіспеншілікті дарытуды мақсат ететіні.
Бұл мақсат Ақмола облысында «Қазақстанның қасиетті географиясы», «Жидебайдың жұлдызды даласы», «Шығыстың рухани керуені», «Қазақ тілінің ұлттық корпусы», «Ақмола облысының тарихи топонимикасы», «Рухани жаңғыру шеңберіндегі Қазақтану мәселесі», «Қазақстантану және қазақтану: ұғымдардың арақатынасы», т.б. тақырыптар бойынша сөйленген сөздерде тереңінен қамтылды. Бір қуанарлығы – халықтың жоба мақсатын түсініп, қабылдағаны, шешендер сөзіне өз өмірлерінен мысал қосып, ақпаратты байыта түскендері.
Яғни, бұл – халық арасынан осы бағытты дәріптейтін еріктілер пулын жасақтау мүмкіндігінің көрсеткіші.

ҚАЗАҚЫ ҚЫЗЫЛОРДА

Жобаның ат басын тірейтін келесі өңірі Қызылорда облысы екендігін естігенде, «қазақылықтың қаймағы тұнған жердің халқына «Қазақтану» бойынша не үйретесіздер?» деушілер де табылды.
Бұл жерде жоба атауына үстірт қараушылықты байқауға болады. «Қазақтанудың» бір ерекшелігі – оның үйрете жүріп, үйренетін форматында. Яғни, қазақтың тарихы мен дәстүрлерін, гуманитарлық және адамгершілік қағидаттарын дәріптей отырып, ұшқыр заман ағымының салдарынан ұмытылып бара жатқан сол қадір-қасиеттерімізді жаһанданған жастарға үйрету. Кеңес дәуірінде туған өзіміз де кітаптан оқып қана білетін салт-дәстүрлерімізді тірілтіп, көріп, үйрену, оның философиясын түсіну.
Бұл туралы «Айқын» газетінің бас редакторы Н.Жүсіп: «Қазақтану» деген сөзді тереңіне бойлап оқысақ, екі мағына шығады, бірі «қазақты тану», екіншісі – өзіміздің қазақтануымыз», – деп жақсы айтты.
Тұжырымдама бойынша этностар арасында насихат жұмысын жүргізу үшін мәселені өзіміз терең зерттеп, білуіміз қажет. Қызылорда сапарының бір мақсаты сол болды. Айталық, біз патшалық империя «бұратана», «киргизы» деп кемсітетін атаудан қашан құтылғанымызды білеміз бе? Қызылордалықтар ол тарихи оқиғаның 1925 жылдың 15 сәуірінде Ақмешіт қаласында бүкіл Қазақстан еңбекшілері өкілдерінің басын қосқан Қазақ АССР Кеңестерінің V съезінде жүзеге асқанын мақтана айтады. Тап осы мәртебелі жиында «киргиз» деп келген атауды «қазақ» деп өзгертуге, «Киргиз Республикасын» «Қазақ Республикасы» деп өзгертуге шешім шығарылғаны қала тарихында алтын әріптермен жазыларлық жай.
Биыл екі ғасырлық тарихи межесіне шыққан Қызылорданың соңғы жылдары ерекше көркейіп, түлегені бірден байқалады. Мұны Ассамблея Төрағасының орынбасары Л.Прокопенко өз сөзінде атап көрсетіп, өлкеде Қазақстанның үшінші жаңғыруы, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы және Президенттің Бес әлеуметтік бастамасын іске асыруда үлгі болып отырған істерді санамалап өтті. Олардың ішінде «Ұлы Дала елі» тарихи-танымдық экспедициясы, «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру мақсатында өткізілетін Қайырымгерлер мен меценаттардың форумы да бар.
Студенттер сарайында өткен жалпы отырыс алдында қазақтың көне бұйымдары мен олардың жаңғыртылған түрлері, қолөнер шеберлерінің, зергерлердің бұйымдары қойылған көрме жұрт назарын ерекше аудартты. Ал, ғалымдар мен жазушылар Құлбек Ергөбек, Мырзагелді Кемел, Сәби Аңсат, Камал Әлпейісова, Нұртөре Жүсіп, Берік Әбдіғалиұлының Сыр елі халқына, әсіресе, жастарға арнаған мағыналы, терең ойлы сөздерін аудитория ұйып тыңдағанда, бұл жақта «сөздің жетім» емес екеніне көз жеткіздік.
Түстен кейін сарапшылар топтарға бөлініп, Қорқыт Ата атындағы университетте, М.Мәметова атындағы педагогикалық; гуманитарлық, заң және техникалық; гуманитарлық-техникалық колледждерде, №5547 Әскери бөлімде, сондай-ақ Шиелі, Сырдария, Қармақшы аудандарының бірқатар объектілерінде дәрістер оқыды.
Осы сапар барысында бір тобымызға Қорқыт Ата мемо-риалдық-архитектуралық кешенін көру бұйырды. Құпиясы мол тұлғаға арналған кешеннің салыну ерекшелігі, авторлары Б.Ыбыраев, С.Исатаевтың қиялының ұшқырлығы таңқалдырады. Ойыма өзім жақында ғана жариялаған ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы дүниеге келген үйдің жүдеу-жадау жайы оралды. Былтыр Ақтөбе облысының Ойыл ауданында болып, Шығанақ Берсиев атамыздың кесенесін көргенде де көңілім алай-дүлей болған. Асқақтаған ескерткішке, оның абаттандырылған алқабына қарап тұрып, «Топырағында туған ұлыларын ұлықтауда өңір басшылары Қырымбек Көшербаевтан үлгі алуы керек қой!» деп ойлағаным рас.
«Қазақтану» жобасының арқасында Байқоңырға ат басын тіредік. С.А.Жиенқұлов атындағы колледждің оқушыларына жоба мақсаттарын түсіндіре келіп: «Бұл – бүгінгі білімді шәкірт, ертең білімді маман болып келіп, аспан мен жерді жалғап жатқан бүкіл шаруаны өз қолдарына алатын сіздерге арналған жоба. Тал сияқты адам да тамырынан нәр алады. Шыққан тегімізді, дәстүр-салтымызды, тарихымызды біліңдер, дәріптеңдер, көпке таратыңдар. Өйткені, «қазақтың тарихында біз ұялатындай ештеңе жоқ», ал, мақтан етіп, үлгі ететін жайлар өте көп» дедім.
Қызылорда облыстық ассамблеясы 41 іс-шара («Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасы бойынша – 3; «Туған жер» – 22; «Қазақстанның қасиетті жерлері» – 8; «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» – 5; «Латын әліпбиіне көшу» – 3) өткізген екен. Қатарымызға қосылған Аңсат Сәби Әбдіқадырұлы, Айтжан Оразбақов, Сәулет Сахиев сияқты зерттеуші ғалымдардың әлеуеттері олардың «Қазақтану» жобасын да табыспен жүргізе алатынына сенім ұялатты.

ҚАЗАҚТАНҒАН ҚОСТАНАЙ

Қостанай жақ туралы айтылса, оның елді асырап отырған егіні мен адамдарының орыс тілді екендігі қатар айтылады. Және солай екені рас.
Тіл – сенің қандай ұлтқа жата-тыныңды айқындайтын бірден бір көрсеткіш. Қысыңқылау көз түркі тектес ағайынның көбінде, сол сияқты Азия құрлығын мекендеген ұлттардың бәріне дерлік тән.
Кезінде Әбділда Тәжібаев ата-мыздың:
Басыма кидім ақ қалпақ
Кестелеп шетін қырғызған.
Менің де бетім жап-жалпақ –
Айырмам қайсы қырғыздан? – деп жырлауы да осы түр-келбеттік ұқ-састығымызды білдіреді. Сол, сырт көзге бәріміз бірдей болып көрінетін халықтардың ішінде бірегейлігімізді, қазақтың қазақ екенін көрсететін ана тілміздің қолданылу аясы тарылып кеткен заманды бастан кешкен бұл өлке.
«Көп қорқытады, терең батырады» деген сөз тегіннен айтылмаған. Тың игеру, бірнеше қаласының «Бүкіл одақтық комсомол құрылысы», «Жастар қаласы» деп жариялануы облысқа одақтың түкпір-түкпірінен өзге ұлт өкілдерінің ағылып келіп, орнығуына жол ашты. Кеңестік дәуірде мұндағы қазақ халқының саны мүлде азайып кетуіне себепші болған да солар.
Тәуелсіздік жылдары жағдай өте баяу да болса, жөнделе бастады. Дегенмен, пайыздық тұрғыдан алғанда тұрғындарының ширегіне әзер жетіп отырған, ең әсем көшесі Лениннің атымен аталған қалалар әлі де бар. Оларды түзетуге санасы жаңғырмай, сол баяғы кеңестік, «аға халықтық» психологияны ұстаушы топтар кедергі келтіруде. Сондықтан, «Қазақтану» тап осындай жерлерге керек жоба.
Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Ви-талий Ионо Тварионас бастап Қостанайға келген топтағы қоғам қайраткерлерінің, ғалымдар мен этносаралық қатынастар бойынша сарапшылардың мақсаты соған сәйкес-ті. Ол – «Қазақтану» жобасы аясында Қазақстан этностарына қазақ халқының салт-дәстүрлері, мәдениеті, әдебиеті, философиясы туралы терең ақпарат беру, оларды жалпыұлттық бірлік пен қоғамдық келісімнің қазақстандық үлгісін қалыптастырудың, оның қызмет етуінің және одан әрі жетілдірудің біріктіруші негіздерінің бірі ретінде маңызын түсіндіру. Және олар осы мақсатты іске асыру үшін еліміздің түкпір-түкпірінен шақырылды.
Ілияс Омаров атындағы қазақ теа-трында басталған республикалық лекторийде облыс әкімінің орынбасары Марат Жүндібаев өңірде «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру бойынша жасалып жатқан игі қадамдардан хабардар етті. Жасыратыны жоқ, түрлі этностық топтардың өкілдеріне қазақ халқының тарихы, дәстүрлері, мәдениеті, әдебиеті мен өнері, тілі мен діні, философиясы мен тұрмыс салтын тануына бағытталған жұмыстардың ауқымы қуантты.
Топтарға бөлініп жұмыс істеген кезде әкім орынбасарының сөздеріне дәлелдер алдымыздан шығып отырды. Жергілікті факторлар ға-лымдарға жаңа ой салып, іскер, кәсіпкер адамдарға идея айтқызып, шығармашыл адамдарға шабыт сыйлады. Ғалымдар: астаналық Ж.Артықбаев «Қазақтану» бойынша ата-бабалар дәуірінен келген дәстүрлерге сүйенетін оқу-әдістемелік құрал дайындау ке-ректігін ұсынса, павлодарлық С.Бастеміровтің мемлекет тари-хындағы жеті ата құбылысына байланысты танымдық әңгімелері ешкімді бейжай қалдырмады. Қызылжардан келген К.Смайылова әлемдік сын-қатерлерге біздегідей этносаралық бірлігі мықты ел ғана төтеп беретінін қадап айтты. Шығыс қазақстандық Г.Пуссеп пен жезқазғандық Д.Чумакова сан ұлтқа пана болған қазақ халқына жыр жолдарын арнады.
Рудный мен Лисаковск қала-ларына, Қарабалық ауданына барған топ мүшелері аудиторияның зиялы әңгімеге сусап қалғандығын байқап, дәрістеріне бар ғылыми-сарапшылық әлеуеттерін салды. Қатысушылардың белсенділіктерінен, сұрақтарды көп қоюынан тыңдаушылардың жаңа жобаға деген қызығушылығы, ал ассамблеяның жергілікті ұйымдары іс-шараларға мұқият дайындалғаны байқалды.
Рудныйда өткен балаларды қазақстандық бірегейлік дәстүрінде дамыту тақырыбына арналған кездесу туралы Н.Жамалбекова: «Әдеби сөздің ғажайып күші бар, ал кітап оқу – өркениеттің рухани мәдениетінің іргетасы. Біз ұмы-тылып бара жатқан отбасылық кітап оқу дәстүрін жаңғыртуымыз керек» деді. Лисаковскіден оралған Б.Алтынбеков: «Қазақтану мектеп қабырғасынан басталуы керек. Өмір жолын сан ұрпақ үлгі тұтқан отандық ағартушылардың, ғалымдардың жетістіктерін дәріптей отырып, балаларды биікке ұмтылдыруымыз керек» дейді сеніммен.
Бұл ой «Қазақтану» жобасы шеңберінде өткен Аналар кеңесінің кеңейтілген отырысында да айтылған болатын және онда елтанушылық тәрбие әр отбасында жүргізілуі керектігіне ден қойылды. Еркін, жаймашуақ әңгімелесу нысанында өткен жиында лекторий мүшелерінің сөздерін жергілікті мамандар қоштап толықтырып отырды. Облыстық Аналар кеңесінің төрайымы Шушаник Вагановна Саркисян «өмірде жеткен әр жетістігім қазақ халқының қолдауының арқасында» деп ағынан жарылса, қоғамдық кеңестің төрайымы, облыстық ассамблея мүшесі Александра Суслова сөзін «64 жасымның 62 жылы қазақ жерінде өтті. Мен бұл далаға тамырымды тереңге жіберген жанмын» деп бастады. Әрі қарай орыс тілінде Доспамбет пен Қазтуғанның жырларын оқи отырып, осы заманға иіп әкеп айтқан ойларын отырғандар ұйып тыңдады.
Этносаралық татулық пен бір-ліктің құндылығын өз тәжірибесі арқылы баяндап, қоғам санасына әсер етіп жүрген мұндай жандарды облыстан «Қазақтану» жобасын дә-ріптейтін пулға тартуға болар еді. Олар Қостанайды қазақтандыру ісіне ғана емес, тұтастай алғанда, Мемлекет басшысының Стратегиялық бағдарламаларын іске асырудағы Ассамблеяның рөлін көпшілікке жеткізуге; «Рухани жаңғыру» бағдарламасының бағыттарын түсіндіруге лайықты үлес қосары сөзсіз.
Осылайша, «Қазақтану» жобасы басталғалы өткен 100 күнде өткен іс-шаралар оның қоғамның бірлігін нығайтуға пайдалы, тегімізді танып, танытуда нәтижелі жоба болатынын көрсетті деуге болады.

Алдыңғы «
Келесі »

Пікір қалдыру

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды.