ҚАЗАҚТЫҢ МОЦАРТЫ АТАНҒАН РАХАТ-БИ

  • 26.02.2019
  • 562 рет оқылды
  • 0

Назым САМЕТ,
«Ақиқат» қоғамдық-саяси
журналының штаттан тыс тілшісі

2017 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы негізінде «100 жаңа есім» жобасы дүниеге келді. Егемен еліміздің дамуы жолында тың идея, табысты еңбек,прагматизм тәжірибесімен ерекшеленген азаматтардың есімі тізімге енгізілді. «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпаздары дауыс беру арқылы таңдалып, іріктеу, сараптама кезеңдерінен өтті. Нәтижесінде «100 жаңа есім» веб-сайтында қатысушылар картасы құрастырылып, алты сала бойынша үздіктер есімі анықталды.
Мәдениет саласы бойынша 10405 дауыс жинап, жеңімпаздар қатарынан көрінген Рахат-Би Әбдісағин ерекше есімімен ғана емес, небәрі 18 жасында жоба тізіміне еніп, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лау-реаты атағымен де көпке танылған. Рахат-Би Төлегенұлы кітап оқу, физика, кескіндеме, жүзу жаттығуларымен қатар, музыка өнеріне ерекше ден қойған. Қазақ Ұлттық консерватория-сында сазгерлік, пианистік қабілетін шыңдаған. Әлемге әйгілі Бах, Моцарт туындыларын жинақтайтын Оңтүстік Иллинойс университетінің (АҚШ) «Discography» қорына туындылары енген еліміздің жас әрі жалғыз композиторы. Ол – заманауи музыкаларды орындаушылар мен композиторлардың халықаралық академиясының ең жас қатысушысы: Impuls (Грац, 2013, 2015, 2017), ISA (Мюрцушлаг, 2015), KlangZeitMünster (Мюнстер, 2016), ең жас лектор ICTM 2015 атақтарының иегері.
Музыканың математикамен үндестігін зерттеген дарын иесі 14 жасында (2013 жылы) «Математика және заманауи музыка» атты еңбегін жарыққа шығарады. Аталмыш туынды Мәскеу қаласында өткен байқауда алтын медальмен марапатталды. Музыка мен математиканың қатынасы туралы зерттеулері магистрлік жұмысында және ғылыми еңбектерінде жарияланды. Рахат-Би Әбдісағиннің айтуынша: «Бұл қатынас дыбыс деңгейінде қалыптасып, математикалық формуланы түзейді. Математика мен музыкаға ортақ дүние – гармония. Мен үшін математикадағы нөлдік ұғым музыкадағы кідірісті, тыныштықты білдіреді. Әлемдегі бос кеңістік (черная материя) ұғымы да содан туындайды. Өткен ғасырдың Пифагор, әл-Фараби сынды ғалымдары мен әйгілі композиторларының туындыларына музыкалық қырынан емес, математикалық қырынан қарау қажет. «Музыка мен үшін біртұтас әлем» дейді.
Жас музыкантты халықтың «қазақтың Моцарты» деп атауына толық негіз бар. Ол үш жыл ішінде Алматы қаласындағы М.Төлебаев атындағы жеті жылдық музыкалық мектепті тәмамдаған. 12 жасында кәсіби композиторлар деңгейіндегі шығармаларды жазған. 13 жасында Құрманғазы Сағырбайұлы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясының студенті атанады. Сонымен қатар Италиядағы Accademia Musicale Santa Cecilia di Bergamo-да білім алып, Астана қаласындағы Қазақ ұлттық өнер университетінде магистратура бөлімін сәтті аяқтады. Жас дарын көптеген халықаралық байқаулардың жеңімпазы, жүзден аса музыкалық шығармалардың авторы. Еуропада бұрын-соңды кездеспеген күрделі әрі қызық тілде жазылған симфониялық туындылардың иесі. Бұл пікірге әлемдік дәрежедегі музыкант мамандар да қосылады. Рахат-Бидің ең ізгі армандарының бірі – Қазақстанда жаңа композиторлық мектептің негізін қалап, оны әлемдік дәрежеде таныту. Жүрек пернелерін қозғап, эстетикалық ләззат сыйлайтын музыка өнерімен қатар техникалық ғылымдарды, тіл білімін қатар алып жүрген Рахат-Би Әбдісағин өз болашағынан зор үміт күттірері анық.

Алдыңғы «
Келесі »

Пікір қалдыру

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды.