ХАЛЫҚ САНАҒЫ: САН АРҚЫЛЫ САПАҒА

  • 26.02.2019
  • 696 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Дина ИМАМБАЕВА,
«Ақиқат» журналының  бөлім редакторы
жазушы, тарих ғылымдарының кандидаты.

Биыл елімізде жалпыұлттық халық санағы өтеді.  Он жылда бір тұрақты түрде өткізілетін ең үлкен әлеуметтік сауалнаманың мемлекетіміз үшін  маңызы зор. Қоғамның басты байлығы, қозғаушы күші және дамуының қайнар көзі – адам, сондықтан әрбір елдің экономикалық өсімі халықтың саны мен сапасына, білімі мен мәдениетіне және өмір сүру деңгейіне байланысты. Мемлекетті өркендетіп, халықтың тұрмыс-тіршілігін жақсарту үшін де жалпыұлттық санақтың  қорытындыларына сүйенеміз.   Биылғы санақ Қазақстан тәуелсіздігін алғаннан бері үшінші рет өткізілгелі отыр. Жалпыұлттық халық санағы барысында Қазақстан Республикасында тұратын барлық адамдардың, отбасылар мен үй шаруашылықтарының бір мезгілдегі есебі жүргізіледі. Санақ барысында жинақталған мәліметтердің құпиялығын сақтауға Қазақстан Республикасының Конституциясында кепілдік берілген. 

Қазақстан Республикасы Статистика комитетінің мәліметтеріне қарағанда, 2009 жылғы халық санағының қорытындылары бойынша Қазақстан Республикасы халқының саны 16009,6 мың адамды құраған. Осының алдында өткен 1999 жылғы санақпен салыстырғанда республика халқының саны 1 миллион 28 мың адамға өскен екен. Оның ішінде қала халқы 8662,4 мың адамды, ауыл халқы – 7347,2 мың адамды құрады. Яғни, елдегі қала халқының үлесі 54,1% болса, ауыл халқы 45,9% болған. Ал, 1999 жылы олардың арақатынасы тиісінше 56,4% және 43,6%-ды құраған екен. Осы санақ қорытындысына сәйкес, еліміздегі ер адамдар саны – 7 миллион 712,2 мың, ал, әйелдер – 8 миллион 297,4 мың адам болған. Бұдан әйел халқы үлесінің ерлерден артық екені көрінеді (тиісінше 51,8% және 48,2%). 2009 жылдағы халық санағы бойынша әрбір 1000 әйелге 929 ер адамнан келген. Мемлекет құраушы ұлттың үлесіне келсек, қазақтар саны өткен санақпен (1999 жылғы) салыстырғанда 26%-ға өскен және 10 миллион 96,8 мың адамды құрады. Сонымен ел халқының жалпы санындағы қазақтардың үлесі сол кезеңде 63,1%-ды көрсеткен.
Аталған халық санағынан бері де он жыл өтті. Осы уақыт ішінде еліміздің әлеуметтік-экономикалық жағдайы едәуір өсіп, барлық салада өсім байқалды. Халқымыздың саны да, тұрмыс сапасы да біршама жақсарды. Заман ағымы көз ілеспес шапшаңдықпен дамып жатқан бүгінгі кезеңде әр мемлекет үшін адам ресурсының алатын орны зор. Экономикалық өсім ғылым мен білімнің, жаңа технологияны меңгерудің деңгейіне тікелей байланысты болғандықтан, халықтың саны мен сапасы осы талаптарға жауап бере алатындай болуға тиіс. Өйткені, саннан сапа туады. Бұл тұрғыда Қазақстан ауыз толтырып айтарлықтай елеулі жетістіктерге қол жеткізді. Әлеуметтік сала, білім, мәдениет, өнеркәсіп, т.б. салалардағы көтеріңкі көрсеткіштер осының дәлелі. Айталық, орташа жалақы шамамен 2009 жылғы 67 мың теңгеден 162 мың теңгеге, яғни 140%-ға өскен (инфляцияны шегергенде 40%). Депозиттегі қаржы көлемі 2009 жылы 6,6 трлн теңге болса, 2018 жылдың соңында көрсеткіш 18 трлн теңгеге жуықтапты. «Legatum» халықаралық зерттеу орталығы жариялаған өркен-деу индексіне сәйкес, 2017 жылдың қорытындылары бойынша Қазақстан барлық параметрлер бойынша 149 елдің ішінде 72-орынға ие болған. 2016 жылмен салыстырғанда 83-орыннан 11 позицияға жағдайын жақсартып, ілгерілеген. Қазақстан білім беру деңгейі бойынша әлемдегі алдыңғы лектегі 40 елдің қатарына кіреді. Сондай-ақ еліміз Орталық және Батыс Азия бойынша білім беру саласында ең үздік деп танылған (ҚР БҒМ мәліметтері). Соңғы он жылда балалы отбасыларды қолдауға бағытталған бюджеттің қаржыландыру шара-лары 5 есеге көбейген. Бұл мем-лекет тарапынан азаматтардың денсаулығын сақтау, ана мен балаға қамқорлық жасау жақсарғанының көрінісі. Осы және басқа да жетістіктің барлығы Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық саладағы табыстарының айқын көрсеткіші болып табылады.
Санақ нәтижесі бойынша ел тұрғындарының саны ғана емес, рес-публиканы мекендеген халықтың құрамы мен құрылымы, оның ішінде жынысы, жасы, отбасылық жағдайы, аумақтар бойынша бөлінуі, өсу не кему динамикасы, әлеуметтік ахуал, т.б. мәліметтерге қол жеткізуге болады. Сондай-ақ, санақ қорытын-дылары негізінде еліміздегі көшу-қону көрсеткіштері анықталады. Халық санының өзгеруі адамдардың жасына, отбасы жағдайына, балалар санына немесе білім деңгейіне, мамандығына, әлеуметтік жағдайына тәуелді екені белгілі. Бұл ретте отбасы институтының орны ерекше. Халық санының өсуі әр адамның отбасын құруы, оның дамуы немесе күйреуіне тікелей байланысты. Бұл айналып келгенде адам ресурстарының әлеуетін көрсетеді. Адамдардың жеке тұлғалық дамып-жетілуі, денсаулық деңгейі арқылы халықтың саны мен сапасының жай-күйін сипаттауға болады. Мұның барлығы қоғамдағы барлық процестердің өзара байланысты екенін, олардың әлеуметтік-экономикалық құбылыстарға тәуелділігін көрсетеді. Демек, халықтың ұдайы өсуі және адам сапасының жақсаруы жалпы мемлекет саясаты мен елдегі тұрақты дамудың айқын көрінісі деуге болады. Мәселен, экономикалық жағдайдың нашарлауы бала туу көрсеткішінің күрт төмендеуіне себеп болса, соңғы жылдардағы әлеуметтік саладағы жағымды ахуал бала туу санының өсуіне алып келді. Мәселен, 1999 жылдары елімізде туудың ең төменгі коэффициенті тіркелген, яғни туу 1000 адамға 14,0-ден келді. Бұл, әрине, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы уақытша қиыншылықтарға байланысты болғаны белгілі. Ал, 2017 жылы 1000 адамға шаққандағы туу көрсеткіші 21,64% болды.
Статистика комитетінің деректері бойынша, 2018 жылдың аяғына қарай республика тұрғындарының саны 18 миллион 608 мың 79 адам болды. Мамандар халық саны негізінен табиғи өсім есебінен көбейгенін айтады. Алайда, өлім деңгейі жағынан көрсеткіштеріміз әлі де көңіл көншітпейді. 2017 жылы өлім-жітімнің жалпы көрсеткіші 1000 адамға 7,38 адамнан келген. Осы ретте экономикалық жағдайымыз Орталық Азия елдерінен (Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан) озық болғанмен, бұл елдерде өлім деңгейі (1000 адамға шаққанда 6 адам)Қазақстаннан әлдеқайда төмен екенін айта кету орынды.
Қазіргі таңда елімізде тұрғын-дардың орташа өмір сүру ұзақтығы 68,5 жасты құрайды. Салыстыратын болсақ, 1998 жылы бұл көрсеткіш 64,4 жас болатын. Дегенмен, Қазақстандағы орташа жас деңгейі әлемдегі орташа өмір ұзақтығынан (71 жас) төмен.
Жоғарыда келтірілгендей, 2009 жылғы халық санағы еліміздегі мемлекет құраушы ұлт – қазақ хал-қының үлесі 63,1 пайыз болғанын көрсетті. 1999 жылы болса республикада тұратын қазақтардың саны 7985,0 мың адамды (53,4%) құраған. 2013 жылға қарай халқымыздың үлесі 65%-ға жетті. Бұл үрдіс одан беріде тек өсу қарқынын көрсетуде. Мамандардың айтуынша, қазіргі таңда қазақтар ел халқының 70%-дан астамын құрайды. Алдағы санақ осы үрдістің оң нәтижесін көрсететіні анық. Осылайша болашақта Қазақ-станның демографиялық бет-бейнесі жергілікті халық ерекшелігіне сәйкес сипатталады деген сенім мол.
ҚР Ұлттық экономика минис-трлігінің мәліметіне сәйкес, биылғы санақ жаңа технологияларды қолдану арқылы жүргізіледі. Арнайы интернет-портал ашылып, азаматтар туралы мәліметтер бірден жолданып отырады. Бұл санақты жедел әрі сапалы жүргізуге мүмкіндік бермек. Цифрлық технологияларды қолдану санақты жүргізуге жұмсалатын шығынды да біршама үнемдеуге көмектеседі. Міне, биылғы санақтың осындай ерекшелігі бар.
Әлемнің экономист-ғалымдары дүниежүзілік қаржылық дағдарыс биыл күшейе түсетінін айтуда. Бұл ең алдымен геосаяси факторларға байланысты екені белгілі. Жаһандық өзгерістер Қазақстанға да әсер етері анық. Дегенмен, уақытша экономикалық қиындықтарға қарамастан мемлекетіміз әлеуметтік салада халықты қолдау шаралар-ын одан әрі жалғастырады деп күтіледі. Әсіресе, көп балалы отбасыларға жәрдем көрсету, бала тууды ынталандырудың жаңа шараларын қолға алу маңызды. Өйткені әлеуметтік саладағы тиімді саясат қана халықтың жылдам өсуіне ықпал етеді. Демографиялық даму экономиканың өсуін, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етумен қоса, отбасы институтын нығайтуға да септігін тигізері сөзсіз. Өйткені, ұлттың ұясы – отбасы. Адам отбасында дүниеге келеді, қоршаған ортаға бейімделеді, тұлға болып қалыптасады. Елінің арқасүйер азаматы болуы да отбасындағы тәлім-тәрбиесіне, біліміне байланысты.
Сонымен, кезекті халық санағын лайықты дәрежеде өткізу – ел дамуының ұзақ мерзімдік даму стратегиясына сәйкес болашақты болжап, жаңа міндеттер мен межелер белгілеуге ықпал ететін жауапты науқан. Халықтың сандық және сапалық өсуі, жалпы демографиялық ахуал, әлеуметтік жағдай жөніндегі нақты мәліметтер қоғамның барлық саласы үшін де өте қажет. Отанымыз үшін аса маңызды іс-шараның нәтижелі өткізілуі еліміздің әр азаматының халық санағына белсенді қатысуына байланысты.

Алдыңғы «
Келесі »