НАУРЫЗДЫ ҰЙЫМДАСТЫРУҒА КӨМЕК

  • 26.02.2019
  • 198 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Бектұр Төлеуғалиев,
Маңғыстау облыстық «Қазақ тілі» қоғамдық бірлестігінің Басқарма төрағасы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстанның «Мәдениет қайраткері»

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы еліміздің бұқаралық ақпарат құралдарында, Интернет желісінде жарияланғаны белгілі. Автор ел тарихына жаңаша көзқарас тұрғысынан қарап, халқымыздың ежелгі тарихын қайта зерделеу, түрлі пайымдарды қайта тұжырымдау қажет екендігіне назар аудартады. Қазақ халқының әлемдік өркениеттің дамуына қосқан үлесін қайта саралап зерттеу жүргізуді ұсынады.

Осыған сәйкес Наурыз – еліміздің негізгі ұлттық мейрамы. Наурызды қазақтан басқа Күншығыс жұрттарының көбі, мәселен, Үндістан, Иран, Ауған, Бұхара, Кавказ, Түркістандықтар да тойлайды. Бірақ, бұлардың бәрін салыстырғанда Наурызды біздің қазақтың мейрам етуі айрықша сыйымды, артықша дәлелді. Олай болатын себебі, март айының ескіше 9-да, жаңаша 22-де күн мен түн теңесіп, қыс өтіп, жазғұтырым басталады.
Мәдениеті жоғары, ғылым мен техникасы дамыған, зауыты, фабрикасы бар елдер кыстың қысы-мын казақ сияқты біле бермеген. Бұрқасын боранға, жауын-шашынға, шыққан бұлттың түріне, желдің қай жақтан шыққанына, жаңа айдың қалай туғанына қазақтың зор мән беруінің өзі тегіннен-тегін емес. Барлық күнелтісі алдындағы малы болғандықтан, ауа райын болжау арқылы қыс жеңіл болса – құт, ауыр болса – жұт екеңдігін тәжірибе арқылы білген. Амандасқанның өзінде «мал-жаның аман ба» деп амандасатын қазақ көктемнің туғанына калай куанып, тойламасын. Жылдың басы, жаздың басы – Наурыз біздерге сондықтан үлкен мейрам. Қазіргі енді есейіп келе жатқан балаларымызға ұлттық дәстүрімізді бойына дарыту – бәріміздің міндетіміз болып саналады. Осыған дейінгі бойымызға сіңірген, көріп келе жатқан тәлім-тәрбиемізге топырақ шашуға болмас. Олай деп түсіну дұрыстыққа жатпас деп ойлаймын. Ол кездегі ортаның өзі солай болды. Біздің сол кездегі зиялы қазақ азаматтарының өзі балаларын ғылым мен техниканы окып және тіл үйрену мақсатында орыс оқуларына берді. Соның салдарынан келіп, бірте-бірте, әсіресе, калаларда қазақ мектептері өзінен-өзі жабыла бастады. Біздің кейбір азаматтарымыз «Қазақ мектептерін күштеп жаптырды» деген жалған әңгімелерге де барып жүр. Бұл туралы Д.А.Қонаев ақсақалдың жазған еңбектерінен әділдігін анықтауға болады.
Қазірдің өзінде де кейбір азаматтарымыз өз республикамызда оқу орындары жеткілікті бола тұрса да, балаларын шетел экономикасы мен тілін үйрену мақсатында Англияға, Америкаға, Түркияға, т.б. елдерге жіберіп жатыр емес пе?! Енді, біз егеменді ел болдық. Өз дәстүріміз, өз дініміз бар, конституциямыз бар, парламентіміз бар, президентіміз бар еркін елдер санатына қосылдық. Сондықтан да, біз ең бірінші тәрбиені жас ұрпақ зор тағлым, терең білім алатындай етіп бастасақ деп армандаймыз.
Наурыз тойы деп аталатын тойды да жасап жатырмыз. Сөйтсек те, жастарға қызғылықты етіп, тәлім-тәрбие алатындай дәрежеде өткізе алмай жүрген сияқтымыз. Наурыз тойында сауданы ұйымдастыратынымыз сондай, тіпті наурыз тойы емес, жәрменке сияқты көрінеді. Ақындар айтысы да көбінесе, жабық залда өткізіледі. Концерттерге де өзіміздің термеші жыршыларымыз аз қатынасады.
Дүниежүзі мұсылман елдерінің көбінде Наурыз – 21 наурыз күні болып есептеледі. Сол күні түнгі сағат үште Қыдыр-Ата келеді, ол барша адамдарға жақсылық, куаныш, шаттық алып келеді. Қыдыр-Ата келгеннен кейін адам пенделерінің үйлеріне бас сұғады, әрине, барлық үйге емес, ақ тілекті, ақ-ниетті еңбекқор, иман дарыған үйге барады. Кімнің үйінде көрінетіні, әрине, белгісіз. Әр жанұя біздің үйімізге бас сұғатын шығар деген ойда болмақ Қыдыр келген адамдар бақытты болмақшы деген халқымыздың мифологиялық түсінігі осындай болып келген. Осыған байланысты, сол күні түнде Қыдыр-Ата есігімізді кағады деп күтінуіміз керек. Ол үшін ақылы болсын, акысыз болсын, Кыдыр-Ата қызметін ұйымдастырған дұрыс сияқты Қыдыр-Ата болатын адам білімді, қазақша жақсы сөйлейтін, ақынжанды, ұстамды, көргенді болғаны дұрыс. Әрине, қала бойынша Қыдыр-Ата әрбір шағын ауданнан екі адамнан болғаны дұрыс шығар. Қыдыр-Атаның қасында жас жігіттерден жетіден кем емес жолдастары болмақ керек. Олардың әрқайсысында қолында шырақ болуы керек немесе қол фанарларын ұстайтын болар. Сондықтан да әр жанұя Қыдыр-Атаны қарсы алатындай айрықша дайындық жасайды. Балаларға Қыдыр-Атаның келетінін, оған дауыстап сәлем беру қажеттігін, ақ тілектер, тақпақтар айтуды үйрету керек. Қыдыр-Атаны күткен дастархан үстінде Наурыз көже, жеті шелпек, сүр ет, сүт тағамдары, күріш, жүгері, тары т.б. тағамдар қойылмақшы. Қыдыр-Ата есіктен енгенде шашу шашып қарсы алынады. Қыдыр-Ата ұлтына қарамастан терезесінің жарығы өшпей тұрған үйлердің кез келгеніне бара береді. Алдын ала сіздің үйге барамыз деп әзіл де болса айтылатын болса, онда үлкен ұят болмақшы. Бұл жақтары қатты ескертілуі қажет.
Қыдыр-Ата киімі де сәнді ұлттық киімдер болмақ: ақсақалды, орта бойлы болса, жарасымды болады. Сағат түнгі үштен бастап, есігі іштен кілттенбеген ашық, адамдары ұйықтамаған, қоңырау басқанда кідіріссіз есік ашатын үйлерге кірмекші. Қыдыр-Ата кірген үйге құр қол бармайды. Қасындағы жолдас жеті жігіті барған үйдің балаларына – түрлі қуыршақ, ойыншық, кәмпит, бауырсақтар береді. Жаңа-жылдан қандай тілектері бар екендігін сұрайды. Дастархандағы астан, наурыз көжеден ауыз тиіп, бата беретін болады. Осылай болса, наурыздың жаңа жыл екені, Қыдыр-Атаның келетіні, оның қарсы алудың рәсімдері әр баланың көңілінде мықтап ұялар еді, шыршаны да, Аяз-атаны да біртіндеп ұмытқан болар еді.
Наурыз тойы бізіңше наурыздың 22 күні, барлық жерлерде, ауылда, аудан орталығында, облыста бір уақытта өткені жөн. Бізде кейбір жерлерде 14 наурыз күні Наурыз тойын өткізіп жатады. Қандай елдің қағидаларында да жаңа жыл екі рет келмейді. Дүние жүзі мұсылман елдерінің көбісінде Жыл басы күн мен түн теңелгендіктен, 22 наурыз – жылдың бірінші күні екенін мойындағанымыз дұрыс болады. Бұл той сол күнгі ауа райына қарамастан өткізілгені дұрыс.
Егеменді ел болғасын, бабалары-мыздың ардақты салтын қайтадан дұрыс жалғастыруға барлық күш- жігерімізді жұмсайтын мезгіл жеткен сияқты. Әрбір ұйымдар мен ұжымдар, ірі мекемелер басшылары бұл қызметке өздері араласып, қазақтың 6-7 қанат әдемі киіз үйлерін тіккізіп, басқа да ұлттар мен ұлыс өкілдеріне әдет-ғұрыптарымызды танытқанымыз, мойындатқанымыз құптарлық іс. Бұның да «әттеген-ай» дейтін жақтарын көріп қалып жүрміз. Үй тігіледі, жасаулар ілінеді, наурыз тойын тойлаушыларды «комиссия келіп көретін еді, қонақтар келетін еді» деп кіргізбей қақпалайтынымызды, қалай түсінуге болады? Бұның біздің ата-баба дәстүріне қайшы келетін жат қылық екенін түсінуіміз керек. Тігілген үйлердің ішін жасаулап әдемілегеніміз дұрыс, комиссия емес, тойшы қауымның олардың ішіндегі басқа ұлт өкілдерінің көруі үшін, қызықтап әңгіме жасауы үшін, біздің дәстүрімізге қызығуы үшін керек.
Наурыздың сахналанған көрінісінен гөрі, өзінің табиғи түрде өткені дұрыс. Ол үшін қала сыртындағы далалық жерден 50-60 киіз үй сиятындай биіктеу жерге үйлерді жарты ай формасында, ара қашықтығы бір-бірінен 5 метрдей тігіліп, төмендегі жиналған халыққа жақсы көрінетіндей болғаны дұрыс. Көрермен тойшы қауым жиналып болған соң төрт жігіт атпен көпшілікті аралап, жарамазан айтады. Жарамазан өлең түрінде айтылса, тәуір болмақшы. Содан кейін, тігілген киіз үйлердің ортасындағы тоғыз жас жігіт пен тоғыз жас келін шығып, ортаға аласа столдар әкеліп қондырып, дастархан жаяды. Дастархан жайылып болғансын, жаңағы жастар ыдыс аяқтарды әкеліп орналастырады. Ет, сүт, жеміс, жидектер т. б. тағам түрлерін әкеліп қояды. Осыдан кейін барып ортадағы жеті үйден ақ жаулықты жеті ана шығып, дастархан басына наурыз көже, сүт тағамдарын, шұбат, қымыз әкеледі. Содан соң барып, жеті үйден жеті ақсақал қариялар шығып, дастархан басындағы ақ жаулықты аналарға «той құтты болсын» айтып барып, дастархан басына орналасады. Дастарханның айналасында жетерліктей дәрежеде отырғыштар болуы қажет. Бұның бәрі домбыра тартылып, «Ақжарма», «Сары-Арқа», «Адай», Абылдың күйлерімен қосталып тұрса, бұл көрініс, әсіресе, дәстүрге шөліркеген жастар мен балалардың есінде мәңгі калар еді.
Бұл айтылып отырған Наурыз дәстүрлері ойдан шығарылып отырған жоқ, ол ата-бабаның Наурызды мерекелеу дәстүрлерін біздерге жеткізуші – Сәбит Дөнентаевтың, Ахмет Байтұрсыновтың, Қойшығара Салғариндердің Наурыз туралы жазған деректері басшылыққа алынды. Содан кейін, тігілген үйлерден мүмкіңдігі болса, түгелдей жеті шелпек нан әкелінеді. Бұл шелпектерді әкелетіндер жас келіндер мен қыздар. Жарты ай формасында тігілген киіз үйдің ортасына ұзындығы 30-45 метрден кем емес дастархан, немесе аласа столдар орнатылып, тағамдардың бары соған қойылады. Көптеген самаурында шай ыссы күйінде қайнап тұрады. Осыдан кейін барып, осы өңірдің имамы дастархан басына келіп, өлі аруақтарға арнап аят оқиды. Аят микрофон қойылып, репредукторлар арқылы барлық жұртқа естілетіндей болуы керек. Аят кезінде жиналған көпшілік міндетті түрде жүрелеп отырады. Аят оқылып, қол жайылып болғаннан кейін, дастархандағы шелпектерден, наурыз көжелерден көпшілік ауыз тиетін болады. Содан соң, тойбастар айтқан жыршыға сыйлықтар халықтың көзінше берілуі керек. Осы кезде ел басшылары шығып, халықты құттықтап, өткен жылдағы атқарылған істер мен жаңа жылдағы істелетін жұмыстармен қысқаша таныстырып өтпекші. Осыдан соң концерт басталады. Концертте ата-баба дәстүрлерін айтып, бұрынғы жыраулардың жырлары мен термелерін айтып, күйшілер шығып, домбырамен күй сайыстарын ұйымдастырып, ақындар айтыстарын көрсетсе, нұр үстіне нұр болмақшы. Бұл әңгімемізден славян тұқымдас халықтардың 1қаңтар жаңа жыл тойын Аяз Ата мен шыршасының қажеті жоқ деген ұғым тумайды ол тойда әрине тойлана беретін болады.
Наурыз тойын өткізудегі ата-баба дәстүрінің тағы бір вариантында ел басшылары қысқаша хабарламаларын айтпастан бұрын, Құбыладан ақ түйеге мінген ақ сақалды, ұзын бойлы, жүзінде нұры бар Қыдыр-Ата көрінеді. Сол кезде көпшілікке «Жаңа жыл келеді, Қыдыр-Ата келеді» деп жар салу керек (репредуктор арқылы). Атаны сәлем беріп қарсы алып, түйесін шөгеріп, қолтықтап, үйдің алдына әкелетін жеті жас жігіт болуы керек. Үйдің алдынан дастарханның басында бұрыннан отырған қариялар, әжелер, ақжаулықты аналар қарсы алып, құтты қадам тілеп жол болсын айтып, сол жердегі тақ іспеттес орындыққа әкеліп отырғызады. Содан соң, Қыдыр-Ата: «Пенделерім, Алладан не тілейсіңдер, мен тілектеріңізді жеткіземін» деп дауыстап айтады (Бұның бәрі репредуктор арқылы беріледі). Осы жерде ел басшылары тілектерін айтуға, қандай заттардың жетіспей жатқанын, өзінің не істегісі келетінін, арасында әзіл-қалжың есебінде (қызым, саған айтамын, келінім, сен тыңданың жолымен) облыс басшыларынан сұрайтындарын қосып жіберетін көрінеді. Содан соң, Қыдыр-Ата: «Тілектеріңді естідім, менің баратын жерлерім көп», – деп рұқсат сұрайды, дастархандағы дәмнен ауыз тиеді. Содан кейін бата жасайды. Қыдыр-Ата бата жасаған кезде де жүрелеп отырып қол жайылмақшы. Осыдан кейін ойын-сауық жалғасып кетеді.
Наурыз мерекесінде ауа райы мүмкіндік беріп тұрса, қазақтың ұлттық ойындарын көрсеткен, әрине, дұрыс. «Ат жарыс», «Көкпар», «Аудары-спақ», «Қыз қуу», «Алты бақан», «Алтынқабақ», «Арқан-тартыс», «Қазақша күрес», «Жаяу жарыс», «Тең көтеру», т.б. сияқтылар.
Мәдениет-спорт мекемелері мен Қазақ тілі қоғамдары бұл шараларға мән беріп, алдын ала газеттен, радиодан, теледидардан осы мерекені ұйымдастырудың жайын кең көлемде түсіндіріп ақпарат таратқан дұрыс болар еді. Әуелдегі әзірде Наурыз мейрамына жақсы назар аударылып еді. Қазірде Наурызды тойлаудан жалыққан сияқтымыз.
Осыған байланысты Наурыз тойын осы айтылған дәрежеде өткізсек дұрыс болар еді деген ойдамыз.

Алдыңғы «
Келесі »