СЫРТҚЫ БАРЛАУ ТАРИХЫ

  • 26.02.2019
  • 1280 рет оқылды
  • 8

Қайыржан ТӨРЕЖАН,
журналист, Әлем халықтары
Жазушылары одағының мүшесі

Қазақстан Республикасы егемендік алып, аяғына тұра бастаған алғашқы жылдарда экономикалық, саяси тұрғыдан біршама қиыншылықтарға кездескені белгілі. Бір тудың астында жетпіс жылдан астам уақыт отырған бауырлас он бес республиканың барлығы да осындай ауыр кезеңді бастан өткерді. Кеңес үкіметі ыдырағаннан кейін дербес мемлекеттік басқару жүйесіне көшкен тәуелсіз Қазақстан үшін жас мемлекетімізге тез арада алыс-жақын шет елдермен дипломатиялық қарым-қатынастар орнату, саяси диалогтарды жоғарғы деңгейде жүргізу, саяси, экономикалық ынтымақтастықты жолға қою сияқты кезек күттірмейтін жұмыстарды жүргізу қажет болды. Мұндай жағдайда біздің елімізге өзіндік барлау құрылымын жасау тиімді еді. Сол тұста, 1992 жылдың 13 шілдесінде Қазақстанның Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен Ұлттық қауіпсіздік комитеті құрылды. Ал, 1993 жылдың 15 қазанында «Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитетінде және Қорғаныс министрлігінде барлау бөлімдерін құру туралы» №1372 жарлығына Президент қол қойды. Сол кездерде Ұлттық қауіпсіздік комитетіндегі негізгі құрылымдардың бірі болған, еліміздің тәуелсіздік алуына, аяғына нық тұруына орасан үлес қосқан қазіргі «Сырбар» Сыртқы Барлау қызметінің тарихы осы күннен басталғанмен, қазақ сыртқы барлау қызметінің тамыры тым тереңде жатыр.

Барлау қызметінің алғышарт-тарының қашан пайда болғанын кім білсін, бірақ, оның ең ежелгі мамандықтардың бірі екендігіне дау жоқ. Өйткені, қандай да болмасын қарулы қақтығыстар, ірі масштабтағы жойқын соғыстардың барлығы алдымен қарсыластары туралы жан-жақты, егжей-тегжейлі барлау мәліметтерін жинағаннан кейін ғана басталатыны белгілі. Әлемді жаулап алуды жоспарлаған Шыңғысхан, Македонский, Наполеон сияқты ұлы қолбасшылардың әрбір шабуылы барлаушылардың қарсыластары жағынан әкелген мәліметтерінің негізінде жүзеге асырылғанын тарихтан білеміз.
Қазақ хандарының құпия қызмет-шілері «ертуыл» деп аталған. Лингвистердің зерттеулерінше, ол моңғол тілінде – шолғыншы, күзетші, қарауыл, киіз үй, күрке деген бірнеше мағынаны білдіретін «ергеуіл» деген сөзінен шыққан. Ертуылды қазіргі тілге аударып айтсақ «агент», «шпион», «астыртын барлаушы» дегенді білдіреді. Әрине, біздің ата-бабаларымызда қазіргідей, өркениеті, ғылыми-техникалық жағынан дамып, құпия қызметтің айла-тәсілдері жетілдіріліп жатқан замандағыдай «экономикалық», «өндірістік», «ғарыштық» шпионаж деген түсініктер болмаған. Алайда, қазақ хандары өздерінің арнайы дайындықтан өткен ертуылдары арқылы көршілерінің тұрмыстары, әл-ауқаттары, әскерлерінің шама-шарқы туралы барлық қажетті мәліметтерді алып отырған және ол мәліметтерді өз пайдасына тиімді жаратқан. Бұл тек қазақ хандарына ғана емес, барлық елдердің билеушілеріне тән саяси да, әскери тактика.
Алайда, қай заман болмасын құпия барлаушылардың жұмысы өте маңызды және қатерлі болып саналды. Жәнібек сұлтанның ұлы Қасым хан Әбілхайырдың жіберген ертуылдарын бірнеше мәрте ұстап, жойып жібергені туралы тарихи деректер бар. Ертуылдардың жеткізетін мәліметтері үлкен қантөгістердің алдын алып немесе жаудың бетін қайтаратын кездері көп болған. Сондықтан, кейбір жағдайларда жалғыз ғана барлаушының мүлтіксіз атқарған қызметі мыңдаған жауынгердің өмірін сақтап қалады. Мысалы, кезінде Үйсіннің Қытай еліндегі елшісі хань мемлекетінің экономикасы жөнінде мәліметтер жинап, ондағы жергілікті халықтың саны туралы есеп дайындап, бері қарай жіберген. Бұл үйсіндердің көршілерімен алдағы уақыттарда жақсы қарым-қатынаста болып, дау-дамайлар туындаған жағдайда бейбіт жолмен шешуге тырысып, қарулы қақтығыстарға бармауға себеп болған.
Қазақ даласындағы қауіпсіздік қызметінің тарихы Әбілхайыр мен Жәнібек сұлтанның кезінде басталып, Абылай ханның тұсында (1740-1781) күшейе түсті. Абылай ханның құпия қызмет ертуылдарын Дерлібай мен Тұрсынбай батырлар басқарды. Бұлар Қытайда Чжо Хой бастаған жасақтың Абылайды шабуға дайындалып жатқаны туралы мәліметтерді дер кезінде жеткізеді. Соның арқасында қытайларға қарсы соққы беруге қазақ әскері дайын тұрды. Ертуылдардың сенімді ақпараттарын алған бойда Абылай хан Самарқан жақпен қарым-қатынасты жақсартып, одақтасады. Ертуылдарға қатысты тағы бір тарихи дерек бар: жоңғарлардың ішіне жасырын кіріп, астыртын жұмыс істеген ертуылдардан жеткен құпия мәліметтерді пайдаланған Абылай хан Қалдан Цереннің қосынына тұтқиылдан шабуыл жасап, жоңғарларды жеңеді. Осындай фактілерге қарағанда, Абылай ертуылдардың қызметін өте тиімді пайдаланып, оларды жоғары бағалаған. Мемлекет мүддесіне жұмыс істейтін барлау қызметі қазақ даласында осылайша қалыптасты.
Абылай хан және басқа қазақ хандары дипломатияның көмегімен халықаралық байланыстарды нығайтып, өзінің жер аумағын бекіту саясатын жүргізді. Патшалық Ресей үкіметі саудагер, тілмаш ретінде өзінің барлаушыларын Абылай ханға да жіберген. Өйткені, Абылай хан мен Қытайдағы Цин мемлекеті арасындағы дипломатиялық байланыстың қандай деңгейде екендігін білу көрші орыстарға өте қажет болды. Абылай хан Ресеймен де, Қытаймен де тығыз қарым-қатынаста болған. Көрші елдермен тепе-теңдік саясатты ұстанудың арқасында Қазақ мемлекеті тәуелсіздігін сақтап қалды. Бұл бағыттағы атқарылған жұмыстардың салмағы ең алдымен елшілерге түсті. Мысалы, 1757 жылы Абылай хан 11 адамды Қытайға елші етіп жібереді, олардың құрамына ертуылдар да кірді. Ондағы мақсаты Тарбағатайдағы қазақтардың ежелгі жайылымдарын қайтарып алу мәселесін дипломатиялық жолмен шешу болатын. Қытайдағы екінші қазақ елшілігін Орыс сұлтан басқарды. Бұл тарихи мәліметтер К.Хафизованың «Қытайдағы алғашқы қазақ елшілігі», М.Әбусейтованың «Қазақ хандарының дипломатиясы» атты еңбектерінде кеңінен жазылған.
Дипломатиялық айла-тәсілдер жаудың әлсіз немесе мықты жақтарын білуге ғана емес, кейбір кездерде өзіне одақтастар табу мақсатында да пайдаланылды. Құпия дипломатияның жұмысы осыған негізделеді. Елшіліктің қызметкері, тілмаш тағы басқа қызметтерді атқарушы болып ертуыл-барлаушылар жүрді. Сондықтан, елшілердің қызметі, батырлардың ерліктері және жаһангерлердің ашқан жаңалықтары қай елдің тарихында болмасын барлаушылардың қызметімен байланыстырылады. Олар өздері аралап келген бұған дейін беймәлім елдердің ішкі тынысы, әлеуметтік жағдайы, әскери күштері туралы құнды мәліметтерді жинақтап, қорытындылап, дамыған жақсы жақтарын үйрену үшін өз халқына ұсынады. Мысалы, әлемді шарлап, еліне 25 жылдан кейін оралған атақты жаһангер Марко Поло көрген-білгендері жайлы үлкен кітап жазғаны белгілі. Оның жазғандарына замандастары сенбеген, көпшілікке ертегі сияқты болып көрінген. Өлерінің алдында төсек тартып жатқан Марко Полоның көңілін сұрап келген бір топ жолдастары «Марко, бәлкім о дүниеге аттанар алдында шыныңды айтарсың, жазғандарыңның жартысы өтірік болар?» деп, әзіл-шыны аралас сұраған екен. Сонда, жаһангер: «менің қағазға жазып түсіргенім көргенімнің жартысына да жетпейді», деп жауап берген екен. Кейіннен оның бұл еңбектерін жаулап алу мақсатында жауынгерлік жорыққа шыққан қолбасшылар пайдаланған.
Үш теңіздің арғы жағына саяхат жасаған орыс саяхатшысы Афанасий Никитин, Орталық Азияны зерттеу үшін арнайы экспедицияға шыққан Ресей географиялық қоғамының жаһангерлері – Пржевальский, Семенов-Тяньшанский, Қашқарияға барған Шоқан Уәлиханов, Лавр Корнилов немесе Қиыр Шығысқа экспедиция жасаған Хабаров, Козлов, Певцов, Арсеньевтердің барлығы да әскери барлау жұмыстарын жүргізген. Олар кейіннен иықтарына эполет таққан Ресей империясы Бас штабының генералдары мен полковниктері болды, ал, әскери-географиялық экспедиция деген – «қосалқы» жұмыстары. Мысалы, Владимир Арсеньев 1902-1910 жылдар аралығында Қиыр Шығысқа үш мәрте экспедицияға шыққан. Саяхатшы Уссури тайгасына жергілікті ұлттың өкілі, аңшы Дерсу Узаланың өмірін жазу үшін бармағаны белгілі. Арсеньев экспедициясының басты мақсаты – ішкі жақта тығыз отырған Ресей халқын табиғи байлықтары тұнып тұрған Қиыр Шығысқа қоныстандыру мәселесі бойынша жан-жақты барлау жасау болатын. Оның жолжазбаларында көрсетілген барлау мәліметтері 1917 жылға дейін құпия сақталды, содан кейін ғана біртіндеп Ресей басылымдарында жариялана бастады. Арсеньевтің осы мәліметтері 1930 жылы кітап болып басылып шықты. Онысы қаншама өңделіп, «сүргіленіп» әдеби түрде берілсе де, шығарма саяхатшының таңғажайып әңгімелерінен гөрі әскери барлаушының мәліметтеріне қатты ұқсап тұр. Кітапта қай жерде елді мекен бар, оларда өмір сүріп жатқан қанша еркек, қанша әйел мен баланың санына дейін жазылған. Мысалы, «Население Санхобе смешанное и состоит из китайцев и тазов. Первые живут ближе к морю, вторые дальше – в горах. Китайских фанз тридцать восемь; из них насчитывается 233 человека. Тазовых фанз четырнадцать; в них живут 72 мужчины, 54 женщины и 89 детей обоего пола» немесе «У себя на родине китайцы уничтожили все живое. У них в стране остались только вороны, собаки и крысы. Даже в море, вблизи берегов, они уничтожили всех трепангов, крабов, моллюсков и всю морскую капусту. Богатый зверем и лесами Приамурский край ожидает та же участь, если своевременно не будут приняты меры к борьбе с хищничеством китайцев», деген мәліметтер жазылады. Саяхатшылардың осындай нақты деректері бойынша арнайы жоспарлар жасалып, патшалық Ресей өзінің қарулы отрядтарын солай аттандырған.
Қай елде болмасын, сыртқы барлау қызметі мемлекеттің қауіпсіздігін, тұтастығын қорғауға бағытталған. Сыртқы барлау қызметі бүкіл арнайы қызметтердің ішіндегі ең жоғары тұрған, өресі биік элиттік құрылым болып саналады. Бұл – ақылды, сақтықты, ұстамдылықты қажет ететін үлкен дипломатиялық жұмыс. Сондықтан сыртқы барлау қызметі білекті күштер емес, ой еңбегіне негізделген интеллектуалды қызмет түріне жатады. Сыртқы барлау қызметінің негізгі жұмысы тек мемлекеттік маңызы бар «құпия» және «өте құпия» құжаттардан тұрады. Бүгінгі күні шетелдік арнайы қызмет өкілдерімен «бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып», бірлесіп жұмыс істеу халықаралық терроризм, діни экстремизм, трансұлттық ұйымдасқан қылмысқа, жаппай қырып-жою қаруының және екіжақты пайдаланылатын технологиялар мен өнімдердің шекаралардан өтуіне қарсы тосқауыл қоюға бағытталған, өте тиімді тәсіл болып саналады. Бұл жағынан қарағанда, арнайы қызметтің жүгі «қырғи қабақ соғыс» кезіндегіден біршама жеңілдеді деп айтуға болады. Қай елдің барлаушылары болмасын, шет елдерде өз мемлекетінің мүддесі үшін қажетті құпия ақпараттар жинайды, арнайы тапсырмаларды орындайды. «Қанжар мен сулық рыцарьлары» деген шартты атақ алып, аттары аңызға айналған Алекс-Зорге, Штирлиц-Исаевтар сияқты барлаушылардың прототиптері осы заманда да аты-жөнін өзгертіп, өз міндеттерін құпия атқарып жүр.
Қазақстан Республикасының заң актілерін өз қызметінде басшылыққа алатын Ұлттық қауіпсіздік органдарының, Сыртқы барлау қызметінің атқаратын негізгі міндеттеріне – жеке тұлға, қоғам мен мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы мемлекет саясатын дайындау және жүзеге асыру, шет мемлекеттердің арнайы қызметтері мен ұйымдарының, сондай-ақ жеке тұлғалардың еліміздің қауіпсіздігіне залал келтіруге бағытталған барлау және басқа да қызметтерін анықтау, алдын алу және жолын кесу, Қазақстан Республикасының конституциялық құрылымын өзгертуге, біртұтастығы мен қауіпсіздігін бүлдіруге бағытталған лаңкестік және басқа да қызметтерін анықтау, алдын алу және жолын кесу, Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасының күзетілуі мен қорғалуын қамтамасыз ету, Қазақстан Республикасының Президентін, мемлекеттік органдарын, Қарулы Күштерді, еліміздің басқа да әскери құрылымдарын бейбіт және әскери уақытта үкіметтік байланыспен қамтамасыз ету сияқты мемлекеттік маңызы бар тапсырмалар енеді. Қазіргі кезде қауіпсіздік қызметінің, сыртқы барлау қызметінің органдары шетелдерде тамырын жайған халықаралық лаңкестік, экстремистік ұйымдардың әрекеттеріне, барлау, қарсы барлау, экономикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, сыбайлас жемқорлық дертінің мемлекет құрылымдарына дендеп енуіне жол бермеу бағытында кешенді түрде жұмыс жүргізіп жатыр.
Уинстон Черчильдің «Не бывает истории государств, есть биография личностей» деген тарихи сөзі бар. Сол айтқандай сыртқы барлау қызметінде өздерінің таңбасын, іздерін қалдырған тұлғалардың өмірбаяны арқылы қазақ барлауының тарихынан біраз әңгімелеп беруге тырысып көрейік.

ЕРТЕ ЗАМАННАН 1917 ЖЫЛҒА ДЕЙІНГІ  (КЕҢЕС ӨКІМЕТІНЕ ДЕЙІНГІ)  ҚАЗАҚ БАРЛАУЫНЫҢ ТАРИХЫ

БАРЛАУШЫ ШОҚАН

Шоқан Уәлихановты ағартушы, тарихшы, саяхатшы ретінде халқымыз жақсы біледі. Бірақ, оның кәсіби барлаушы болғанын көп ешкім біле бермейді. Оны Ресей армиясы Бас штабының бас басқармасы Шығыс Түркістан, Қашқарияға құпия барлау тапсырмаларын орындау үшін арнайы дайындаған. Ресей георгафиялық қоғамының мүшесі этнограф-ғалым Шоқан Уәлихановтың Қашқарияға барған сапары да ең алдымен мәліметтер жинау үшін астыртын барлау жұмысына негізделген. Оған сол кезде Қашқария немесе Шығыс Түркістан деп аталған Алтышар елінің ішкі саяси-әлеуметтік жағдайын, сауда жолдарының сапасын білу тапсырылды. Қашқария сапарына жас ғалым 1856 жылы шықты. Қайтып келгеннен кейін «Қытай империясының батыс аймағы туралы», «Құлжаға сапар күнделігі», «Құлжа және Шәуешектегі сауда туралы» атты мақалаларын жазды. Мұнда ол батыс Қытайдағы ұйғыр, сибо, солон, қалмақтардың салт-дәстүрлері, тұрмыстары, өмір сүру жағдайы туралы, XIX ғасырдың басындағы Ресей-Қытай сауда-саттығы жөнінде, жергілікті қазақтардың тұрмысымен таныстырады. Бұл саяхат ғылым әлемінде «Шоқан Уәлихановтың Қашқар экспедициясы» деген атпен кеңінен танымал болды.
Қазіргі Қытай Халық Республика-сының оңтүстік-батыс бөлігінде орналасқан Ежелгі Қашқария бір кездерде Шыңғысханның ұрпағы Бабыр құрған Үндістанның солтүстігіндегі Моғолстанның құрамына кірді. Бұл жерге Қытай, Ресей және Ұлыбритания мемлекеттері қатты қызығушылық танытты. ХІХ ғасырдың ортасында Қашқар жеріне қатысты Ресей мен Ұлыбританияның арасында қарама қайшы пікірлер пайда болды. Үндістанға орныққан ағылшындар енді Орта Азия мен Оралға қарай Ауғанстан, Қашқария және Тибет арқылы шығыстан кірмек болды.
Шығыс Түркістанды XVIII ғасырдың 60-шы жылдарында Цин империясы басып алды, сөйтіп, қытай үкіметі оны ешкіммен араластырмай, сыртқы әлемнен бөліп тастады. Алайда, Қытайдың батысында жаңадан құрылған Шыңжаңның халқы құлдыққа мойын ұсынбады. Сондықтан, бұдан кейінгі жылдарда Шығыс Түркістанда ұлт-азаттық көтерілістері жиіледі, нәтижесінде бұл аймақта бірде кішігірім мемлекеттер пайда болды, бірде қайта Цин империясының құрамына кіріп, ел ішінде тыныштық кетті. Осындай тұрақсыздық, саяси статусының анықталмауы үш ірі мемлекет – патшалық Ресей, Ұлыбритания және Цин империясының өзіндік мүдделерін түйістірді.
Шығыс Түркістан билеушілерінің Орта Азияға қашқан соңғы ұрпақтарын қытайлық Цинмен келісім бойынша Қоқан хандығында тұтқын ретінде ұстады. Солардың бірі Уәлихан төре 1857 жылы Қоқан хандығындағы бүлікті пайдаланып тұтқыннан қашып шығады да, нөкерлерімен Шығыс Түркістанға барып, Қытайдың шекара бекетін талқандайды. Жергілікті халықты қытайларға қарсы көтеріп, қарамағына жиналған қарулы қолмен Қашқарға кіреді. Уәлихан төре басқарған қысқа кезеңде бұл өңірде трагедиялық оқиғалар көп болғандықтан ол өте қатал басшы ретінде халықтың есінде қалды. Уәлихан төренің бұйрығымен ағылшын-үнді саяхатшысы Адольф Шлагинтвейттің басы шабылды, осы фактінің өзі оның аса қатыгез болғандығын көрсетеді. Ағайынды Роберт және Герман Шлагинтвейттер 1856 жылы Үндістаннан шығып, оңтүстіктен солтүстікке қарай Қарақорым, Кунь-луньнан өтіп, зерттеу жұмыстарын жүргізген алғашқы еуропалық саяхатшылар болған. Бұлар бірақ Шығыс Түркістан жеріне жете алған жоқ, ағаларының бітіре алмаған ісін аяқтау үшін үшінші Шлагинтвейт, Адольф 1857 жылы Үндістаннан Жаркентке жетіп, одан Қашқарға келеді. Адольф Шлагинтвейттің сапары Қашқардағы саяси жағдайларға қатысты болуы да мүмкін. Сонымен ол Қашқарияға саяхатшы ретінде барды, бірақ амалсыздан ондағы көтерілісшілерге қосылып, Қарғалыққа дейін жетеді. Сөйтіп оның экспедициясы осы елде болып жатқан ішкі саяси жағдайларға қатысы бар болып шыға келді. Мәліметтерге қарағанда, бұл экспедицияны Уәлихан төре ешқандай жауап алмастан жойып жіберуге бұйырады. Қашқариядағы осындай жағдайлардан кейін бұл өңірге саяси ақпарат жинайтын адамды астыртын жіберу керек болды. Орталық Азияның ішкі жағдайын білуге еуропалықтар бұрыннан мүдделі болды, Англия мен Ресей ең алдымен Азия континентін колонияға айналдыруға қатты қызықты. XIX ғасырда еуропалықтардың Орталық Азиядағы тарихи-географиялық зерттеу экспедицияларын жарысып ұйымдастыруының себебі де сол еді. Саяси жағынан тұрақсыз, шатқаяқтап тұрған Шығыс Түркістаннан қажетті ақпараттар жеткізу жұмыстары саяхатшыларға жүктелді. Осындай жағдайдарға байланысты орыс патшасы Александар ІІ-шінің бұйрығымен Ресей армиясының Бас штабының бас басқармасы Қашқариядағы жағдайды білу үшін 1858 жылы сауда экспедициясын дайындап, керуен жіберетін болды. Бұған дейін Қашқар жерінде әйгілі итальян саяхатшысы Марко Поло мен Иезуит Гоестеннен (1603 жыл) басқа Еуропа елдерінен ешкім бас сұғып көрмеген. Сырттан барғандар ол жақтан қайтпайтын, сондықтан Қашқария өзгелер үшін жеке жатқан жұмбақ ел еді. Экспедицияға баратын кандидаттарды іріктегенде негізінен барлау жұмыстарын жүргізетін, ұлты еуропалық емес адамды жіберу керек болды. Қажетті адамды іздеп, іріктей келе патша армиясының поручигі Шоқан Уәлиханов экспедицияны басқарып баруға барлық жағынан лайықты деп танылды, ол барлаушыларға қойылатын барлық талаптарға сай болып шықты. Шоқан Уәлиханов бала кезінен жан-жақты, барлық жұмыстарға қабілетті болды. Кадет кезінен алыс сапарларға шығып, үлкен жаңалықтарды ашуды армандады. Онымен Омбы кадет корпусында бірге оқыған, кейіннен саяхатшы және Орталық Азияны зерттеген Григорий Николаевич Потанин «… кадет басшылығы сол кездің өзінде-ақ 14 жасар Шоқанға болашақ зерттеуші, тіпті, ғалым ретінде қарады» деп есіне алады. Кадет корпусын бітіргеннен кейін, генерал-губернатордың адъютанты болып жүргенде де Шоқан Уәлиханов Шығыстың тарихын тереңдеп оқыды, Петербург университетінің шығыс факультетіне түсуді жоспарлады.
Сол кездегі әскери министр Сухозанетке Шоқан Уәлихановты Қашқарияға жіберу туралы ұсынысты Батыс Сібірдегі Ресей әкімшілігінің басшысы генерал Г.Х.Гасфорт жасайды. Арнайы дайындықтан өткеннен кейін, шашын тақырлап алған, үстіне ұлттық киім киген Шоқан нағыз кіре тартатын керуенші көпестің өзі болып шыға келді. Ең бастысы – ол этнография, география, топография, тарих ғылымдарымен қатар бірнеше шығыс, еуропалық тілдерді жақсы білді.
1858 жылдың көктемінде көтеріліс басылып, Уәлихан төре қашқаннан кейін Алтышарда Цин билігі қалпына келді. Бірақ, аймақтағы жағдай әлі де ширығып тұрған. Сондықтан, мұнда тек жасырын бару керек болды. Шоқан бұл сапардың өте қауіпті екенін түсінді, экспедицияны дайындауға үлкен жауапкершілікпен кірісті. Шығыс Түркістанның тарихын зерделеді, аймақтың жағдайы, шектесетін елді мекендер, Уәлихан төренің жақтастары тұратын жерлер туралы қолжетімді ақпараттарды жинады. Экспедицияны дайындауға Қоқаннан шыққан Жақып Жанқұлұлы деген кіреші көмектесті. Бұл өзі кезінде Қоқан ханынан жәбір көріп, Құлжаға қашқан екен, содан Ресеймен сауда жасап жүрген. Жақып Қашқарда бірнеше рет болған, ондағы көтеріліс жайлы жақсы біледі. Шоқан бұған қосымша өзінің танысы, Қоқандқа қарайтын Пішпек қамалының коменданты Әлішер датқаны да пайдаланады. Қашқар экспедициясына дайындық жөнінде Григорий Потанин өз естелігінде жақсы жазған.
Сөйтіп, Шоқан алдын ала дайындаған аңыз бойынша, керуен басшысы Мұсабай Тоқтабайұлының туысы, Семейлік көпес сарттың ұлы Әлімбай деген саудагер ретінде Семей өңіріндегі әйгілі саудагер Боқаш Қауіпбаевтың керуеніне ілесіп Қашқарияға шығатын болды. 43 адамнан құралған керуен 2 мың рубльдің қажетті тауарын түйеге, жылқыға артып, Семейден Қапалға қарай бет түзеді. Экспедиция ең қауіпсіз жол ретінде Ыстық көл арқылы Зәуке асуынан асып, қырғыздың Бұғы руының жайлауымен, одан әрі Мұзарт арқылы Шығыс Түркістанның Ақсу, Үш Тұрпан және Қашқар қаласына баратын маршрутты таңдайды. Архивте сақталған тізімге сәйкес, керуен үш көштен тұрған. Керуенде 100 түйе, 65 жылқы, 18 700 рубльдің тауары болған.
Әлім Әбділләбаевты (Шоқан Уәлиханов) ол жақтағы туыстары қуана қарсы алды. Әрбір шаңырақ оны арнайы қонаққа шақырып құрмет жасады. Тіпті, көп ұзамай «Әлімнің» Саратовтағы әкесіне кететінін бұлар біле тұра, оны жергілікті қыздардың біріне уақытша үйлендіреді. Туыстары оның келгені туралы таудың арғы бетіндегі Қоқан хандығында тұратын әжесіне хат жазады, әжесі Әлімге сәлем-сауқыт, алтынмен көмкерілген бөрік жібереді. Осындай жағдайда Шоқан Уәлиханов Қашқар жерінде қыстап шықты. Алайда, ол өзінің мұнда келген негізгі жұмысын ұмытқан жоқ, қазан айында жанына бес адам алып Жаркентке бармақшы болды. Бірақ, бұлар жолда келе жатқанда Уәлихан төренің қашып кеткені, Қоқанд Мәлібектің қолына өткені туралы суыт хабар жетеді. Сөйтіп, Шоқанға Жаркент сапарын тоқтата тұруға тура келді. Қашқарда қалу Шоқан үшін қауіпті болды, сондықтан поручик Уәлихановқа тезірек елге қайтуға нұсқау келді.
Шоқанның Қашқардан тезірек кетуіне басты себеп болған «керуенде орыс тыңшысы» бар деген әңгіменің шығуы еді. Бұл сыбысты таратқан Семейден Қашқарға келген Құлжа және Ташкент көпестері болды. Жергілікті халық оны жай өсек ретінде қабылдағанмен Қашқария Шоқан үшін тым қауіпті бола бастады. Сондықтан, керуен 7 март күні кері қайтатын болды. Қытай үкіметінен елден шығуға рұқсат алғанға дейін бірнеше адам Шоқанмен бірге 11 наурызға дейін Қашқарда қалды. Артынан олар керуенді қуып жетті. Бұлар дер кезінде кетіп үлгергенмен қашқарлық билік Әлімнің орыс офицері екендігін анықтап, артынан қуғыншыларын жіберді. Бірақ олар керуенді Қашқар аумағында қуып жете алмады.
Шоқан Уәлиханов 1859 жылдың 2 сәуірінде Верный бекінісіне (қазіргі Алматы) аман-есен жетті. Барлаушы Қашқарияда 5 айдан астам уақыт болып, өте құнды, мазмұны бай ғылыми материалдар жинады. Шоқан Уәлихановтың жарияланған материалдары мен зерттеулерінің нәтижелері оның ержүрек саяхатшы ғана емес, дарынды ғалым ретінде тағы бір қырынан танытып, даңқын шығарды. «Кашқар күнделіктері» атты екі жазбаларында, «Қашқарға сапарды ұйымдастыру туралы күнделік», «Қашқар жолдарын сипаттау…» сияқты экспедиция барысында жазылған материалдарында Шығыс Түркістанның сол өңірдегі көптеген керуен жолдары мен әртүрлі бағыттар көрініс тапқан.
Қашқар экспедициясын 1860 жылы сәтті аяқтап келгенде, Шоқан Уәлиханов Бас штабтың генералы Гасфорттың бұйрығымен ІІІ-дәрежелі әулие Анна орденін және 500 күміс рубль (оның бір жылдық табысы 312 рубль болған) сыйақы алған. Штаб-ротмистр Шоқан (Мұхаммед-Ханафия) Уәлиханов Омскіге жолдаған «Восстание дунган в западном крае китайской империи» деген өзінің анықтамасында Қашқариядағы саяси жағдайларды баяндаумен ғана шектелсе, «Об устройстве фактории в Кашгаре и о дорогах в Кашгар» деген Бас штабқа жіберген жолжазбаларында әскери-тактикалық бағыттағы мағлұматтар беріледі. Кейін бұл жолдармен керуенге ілесіп талай барлаушылар жүрді. Солар арқылы талай құнды мағлұматтар алынды. Бұрынғы барлаушылардың жұмыстары кейінгі барлаушылардың мәліметтерімен салыстырылып, толықтырылып отырды. Бұл – барлық елдердің барлау қызметіне тән нәрсе. Барлау қызметі тікелей мемлекеттік қауіпсіздікке бағытталған, сондықтан мемлекеттің ішкі саясаты, басқару жүйесі өзгергенмен сыртқы барлаудың атқаратын міндеттері өзгермейді. Кеңес үкіметі тұсындағы барлаушылар да патшалық Ресейден қалған «соқпақпен» жүрді.
Шоқан Уәлихановтың артынан Қашқария жеріне барлау жұмыстарымен барған тағы бір қазақстандық офицер бар. Ол – өткен ғасырдың басындағы Қазан төңкерісі кезінде ірі тарихи тұлғалардың бірі болған жерлесіміз генерал Лавр Корнилов. «Ұлы қазан социалистік революциясы тарихында» Корнилов көтерілісі туралы деректер бірнеше рет редакцияланып, өзгертіліп жазылған. Сондықтан, бұл даңқты қолбасшы, дарынды барлаушының өмірбаянына тоқтала кету жөн шығар.
Лавр Георгиевич Корнилов қолбасшы, инфантерий генералы. Әскери барлаушы, дипломат және саяхатшы-зерттеуші. Орыс-жапон және Бірінші дүниежүзілік соғыстардың ардагері. Орыс армиясының Жоғарғы басқолбасшысы. Азамат соғысына қатысушы, Еріктілер армиясын ұйымдастырушылардың бірі және оның қолбасшысы, Ресейдің оңтүстігіндегі ақтар қозғалысының көсемі. Революцияға дейінгі Ресей Лавр Корниловты алты шет тілін білетін талантты әскери барлаушы, лингвист, саяхатшы, ақын ретінде, Шығыс Түркістан, Ауғанстан, Үндістан, Қытай елдері туралы жазған деректі кітаптары үшін Ресей географиялық қоғамының күміс медалімен марапатталған ғалым ретінде білді. Ал, 1917 жылдың тамызынан бастап оны орыстар ғана емес, бүкіл әлем талантты қолбасшы ретінде басқа қырынан таныды.
Шын мәнінде генерал Лавр Корнилов сол кездерде бүкіл орыс армиясының басында тұрған адам. Уақытша үкімет тұсында орыс армиясының Жоғарғы басқолбасшысы болған генерал Корнилов 1917 жылдың 27-31 тамызында әскери диктатура орнатпақшы болғаны үшін айыпталады. Ал, Кеңес үкіметі тарихында «Генерал Ресейде помещиктер мен капиталистер билігін қалпына келтіруді жоспарлаған» деп жазылған. Сол жылдардағы оқи-ғаларға қатысты тарихи деректерде жиі кездесетін «корниловшы» деген сөз «революцияның нағыз қас жауы» деген мағынаны білдірді. Ал, ХХ ғасырдың аяғына дейін бүкіл тарих оқулықтарында генерал Лавр Корнилов «пролетариат халықтың идеялық бітіспес жауы» ретінде көрсетілді. Лавр Корниловтың шаруа отбасынан шыққаны туралы деректі кеңестік тарихшылар жасырып қалды. Осылайша патшалық Ресейдің бүкіл әскеріне билігін жүргізген генерал Корнилов Уақытша үкіметтің басшысы Керенскийдің де, енді күш алып келе жатқан большевиктердің де қас жауына айналды. Қарамағындағы әскери қолбасшылар мен жауынгерлер арасында Корниловтың беделі мықты болған. Деректерге қарағанда, қарапайым солдаттар қолбасшыларын гүлмен көмкеріп, төбелеріне көтеріп жүрген.
Лавр Георгиевич Корнилов Шығыс Қазақстан облысында, Өскемен қаласында 1870 жылы 18 тамызда шаруа-казак отбасында дүниеге келген. Шешесі жергілікті қазақтың қызы болған (Кейбір деректер бойынша, Аягөз маңының тұрғыны, Корниловтардың үйі кейінге дейін сақталған). Түркі, араб тілдерінде еркін сөйлеген, тіпті, парсы тілінде өлеңдер жазған. Қашқарияға барлау жұмыстарымен барып келгеннен кейін «Қашқар және Шығыс Түркістан» деген кітабы 1901 жылы Ташкентте басылып шықты. Сол жылы сегіз ай Иранда барлау жұмысын жүргізеді. Лаврдың қазақша білетіндігі, түр-әлпеті азиатқа ұқсағандығы барлау жұмысына өте тиімді болды. Ол жасаған Иран, Ауғанстанның солтүстік өлкелерінің картасын әскерилер бүгінге дейін пайдаланады.
Лавр Корниловтың өмірбаяны өте қызық, аз ғана ғұмырында бірнеше шет тілдерді меңгерді, бірнеше соғысқа қатысып, бірнеше елдерде барлау жасаған. Қашқария, Иран, Ауғанстаннан келгеннен кейін, 1905 жылы жапон соғысына аттанады. 1907 жылы әскери құпия агент болып Қытай жеріне кетеді. Пекинде қытайлық жас офицер Чан Кай-шимен танысып, достасады. Ол жақта төрт жыл жүреді. Одан кейін генерал-майор шенінде Амур облысында құрамына 2 жаяу әскер, 3 атты полктары кіретін шекара қызметін басқарады. 1913 жылы бригада командирі болып Владивостокқа ауысады. 1914 жылы Герман соғысына аттанады. Черемша асуында 3 мың немісті тұтқынға алады. Карпаттан Венгер жазығына түсіп, жауды тылдан шабуылдайды. 1915 жылдың ақпанында Лавр Корниловқа генерал-лейтенант атағы беріледі. Оның қысқа ғана өміріндегі өмірбаяны осындай бай.

***
Шоқан Уәлиханов, Лавр Корниловтан кейін барлау жұмыстарымен Қашқарияға астыртын барып, арнайы тапсырмаларды орындаған тағы бір қазақ – Жақып Тоқтабаев болды. 1941-1947 жылдары Жақып Тоқтабаев Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің Бірінші басқармасы желісі (барлау қызметі) бойынша шетелде ұзақ мерзімдік іссапарда болып, сондағы резидентураны басқарды. Қырқыншы жылдардың аяғы елуінші жылдардың басында ол КСРО-ның Қашқариядағы Бас консулдығында вице-консул қызметін атқарды. Одан кейінгі жылдары Жақып Тоқтабаев Павлодар облыстық қауіпсіздік қызметі басқармасы бастығының орынбасары болып, контрразведка мен тергеу жұмыстарына жетекшілік жасады. Жақып Тоқтабаев, сондай-ақ, германиялық барлау агентураларын және отанын сатқандарды іздестіру жұмыстарын басқарды. Зейнеткерлікке шығар алдында, 1953-1955 жылдары Қаз КСР Мемлекеттік қауіпсіздік министрлігінің Орталық аппаратында контрразведка бағыты бойынша оперативтік бөлімнің бастығы болды. Жақып Тоқтабаевтың атқарған жұмыстары мемлекеттік құпия ретінде жариялануға жатпайды.

(Жалғасы бар)

Алдыңғы «
Келесі »

8 Пікір бар

  1. Сыртқы барлау қызметінің тарихы тым тереңде екендігі белгілі.Барлау қызметін зерттеу одан да терең ізденісті қажет етеді

  2. Бiз, Акмоланы мекендеген Коныркулжа торенiн урпагымыз.
    Сырбар кiтабын бiрiншi дуниеге келтiрiп,Отанга енбегI ciнген азаматтардын омiр баянымен таныстырган Кайыржан Торежан iнiме улкен алгыс айтамын!

  3. кызыкты макала екен, бирак казирги жастар мундай макалаларды окымайды ау!?

  4. Оте керемет екен кызыкты

  5. ӨТЕ КЕРЕМЕТ ҚЫЗЫҚТЫ.Маған ұнады.

  6. КЭП керемет разымын тек алға

  7. Оте тартымды терен оймен жазылган

  8. Мықты жазылған,жастарға таптырмас мәліметтер.Өте керек құнды материалдар!

Пікір қалдыру

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды.