ҰЛТТЫҚ МЕМЛЕКЕТ – ҰЛЫ ҰСТАНЫМ

  • 26.02.2019
  • 315 рет оқылды
  • Пікір жоқ

«Президент және халық» газетінің бас редакторы, профессор Марат Тоқашбаевпен сұхбат

– Осыдан бір мүшел жыл бұрын, яғни, 2005 жылы ағынан жарылып әңгіме-дүкен құрған екенбіз. Ол сұхбат «Айқын» газетінде жарық көрген. Кейін «Ағынан жарылсақ…» деген жинаққа енді. Сол кезде Сіз «Қазақстан – ZAMAN» газетінің бас редакторы болған екенсіз. Қазір «Президент және халық» басылымын басқарып отырсыз. Бұл газеттің ашылуына не түрткі болды?
– Иә, одан бері де ағылып айлар, жылжып жылдар өтіпті. Бір мүшел уақыт та адам үшін аз емес. Саналы ғұмырды шартты түрде екі мүшелден бастасақ, үш мүшел адам өзін табуымен, азамат ретінде қалыптасумен кетеді. Бала-шағасына жағдай жасауға ұмтылады. Төртінші және бесінші мүшел – қоғам үшін пайдалы еңбек ететін, жас буынға өнеге көрсететін кезі. Сіз сұхбат алған менің бесінші мүшелдегі кезім екен. Дәлірек айтқанда, 56 жаста болыппын. Тура сол 2005 жылы халықаралық «Қазақстан – ZAMAN» газетінен ауысып, «Президент және халық» газетінің жобасын қолға алдық. Қазақ-түрік достығының жалауындай болған «Қазақстан – ZAMAN» газетін үш жылдан астам уақыт басқардым. Ең бір дағдарысты кезінде басылымның аяғына қайтадан нық тұруына қызмет еттік. Жаңа ұжым қалыптастырдық. Журналист кадрлар тапшы кез ғой.Әдебиетке жақындығы бар, бұрын мектепте мұғалім болып істеген Төреғали Тәшен, Жанбақыт Борантаев, Абай Мауқара сияқты талантты жігіттерді тарттық. Ұлан Еркінбек, Ринат Кертаев, т.б жастарға білгенімізді үйреттік. Бекер обалы не керек, басылымға түрік жағынан басшылық еткен Ерсін Деміржі, Ахмет Аляз сияқты бауырларымызбен тіл табысып, олар да кез келген бастамамызға қолдау білдіріп отырды.
2005 жылы жаз ортасында жылдың соңына таман Президент сайлауы өтетіні белгілі болды. Осындай саяси науқан тұсында Ел мен Елбасы арасына дәнекер болатын басылым қажеттігі туралы ұсыныстар айтылды. Қазақстанда 100-ден астам ұлттың өкілі тұрады дегенмен, республика халқының үштен екі бөлігін құрайтын мемлекет құраушы қазақ халқының рөлін ешкім теріске шығара алмайды. Яғни, басылым тек мемлекеттік тілде ғана болуға тиіс. Ұсыныс ұнады да дереу қолға алдық. Президент Әкімшілігі тарапынан да қолдау жасалды. Энергетикалық мекемелердің көмегімен «Астана Медиа Пресс» ЖШС құрылып, көп ұзамай, республикалық қоғамдық-саяси «Президент және халық» газеті тіркелді. 2005 жылы 27 тамызда алғашқы саны шықты.
Басылымға жолдаған құттық-тауында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев газет өзінің атына лайық билік пен ха-лықтың арасында берік дәнекер болатын, Президенттің сөзін, ой-мақсатын халыққа, ал, Халықтың тілегін, мұрат-мүддесін Президентке жазбай жеткізіп тұратын қуатты баспасөз құралына айна-латындығына сенім білдірді. «Мен сіздердің газеттеріңіз әр-дайым айтса – ақиқатты айтады. Жазса – тек шындықты жазады, қоғамдық құбылыстарға ұдайы әділ бағасын береді әрі мұны өз қызметінің қатаң қағидатына айналдырады деген үміттемін», – деп жазды құттықтауында Елбасы.
Атап өтетін жайт, газет пар-тиялық ұстанымдардан ада, шынайы халық-тық басылым болуға ұмтылды. Газет жеке тұлғаларды асыра мақтау, мадақтау сияқты теріс құбылыстарға әуес болған жоқ. Шын мәнінде, мемлекетшілдік, ұлтшылдық (нацис-тік емес), әлеуметтік әділеттілік тақырыптары көтерілді. Ел мен Елбасы арасына дәнекер болуға ұмтылды. «Президент және халық» газеті солай өмірге келген.
– Қазіргі қазақ телеарналары туралы пікіріңізді білуге бола ма?

– Маған, әлбетте өзім бес жылдай қызмет істеген Qazaqstan телеарнасы жақын. Ғасыр мен ғасырдың, мыңжылдық пен мыңжылдықтың тоғысқан тұсын-да осы телеарнаны басқару менің еншіме бұйырыпты. Әрі бұл «Хабар» жеке арна боп ажырап, тәуір техника мен кадрлардың бір бөлігін алып кеткен, қаржылық орасан қиындықтар туындаған кез еді. Сондай қиын шақта ұлттық арнаны ілдалап аман алып қалуға жәрдемдескен Тыныс Өтебаев, Бақытжамал Ерманова, Гүлмария Барманбекова, Гүлжан Қасымжанова, Серік Ахметов, Сәуле Жиреншина, Ұлбосын Айтөлен, Ғалия Әженова, Абзал Әбенов, Өмірсерік Жұман, Абдолла Алтый-Сүлеймен, Мейрам Базарұлы, Бейбіт Сатыбалды, Асы Байбатша, Серік Жанболат, Гүлмира Қаракозова, Айгүл Жөңкебаева, Хадиша Сейітқұлова, Ғалым Есенсариев, Оралбек Сарбасов, Ажар Мархабаева сияқты тележурналист әріптестерімді құрметпен еске аламын.
– Электрондық ақпарат құралдарының жыл санап емес, күн санап дамып, өсіп-өркендеп келе жатқаны мәлім. Бұған бек қуаныштымыз. Бірақ, мұның кері әсері газет-журналдарға тиеді деген пікірге қалай қарайсыз? – Мұндай қауіп жоқ. Кезінде радио ойлап табылған кезде, одан соң тұрмысымызға теледидар енгенде «болды, енді, газет-журнал мен кітаптың заманы бітті» деушілер болған. Айфон, андроид қаптаған қазіргі кезде де сондай «болжам» айтушылар бар. Алайда өмір мүлде керісінше көрсеткіштерді алға тартуда.
Алла тағала нәсіп етіп, әлемнің қырықтан астам елдерінде жур-налистік сапар шегіппін, атап айтқанда АҚШ, Ұлыбритания, Германия, Жапония сияқты державалық елдерде болған кезімде бұған көзім жете түсті. Мәселен, электрондық гаджеттер көптеп шығарылатын Жапон елінің «Иомиури симбун» газеті бүгінде 13,5 млн данамен, «Асахи симбун» газеті 10 млн данамен, Американың The Wall Street Journal газеті 4 млн данамен, өзіміз редакциясында болған «Нью-Йорк таймс» газеті 880 мың данамен, «Вашингтон пост» газеті 600 мың данамен, Ұлыбританияның «Guardian» газеті 210 мың данамен таралып отыр. Гаджеттен гөрі, қолға ұстап оқитын қағаз басылымдарға деген қажеттілік алдағы уақытта да сақталатын болады. Гаджет ақпараттың таралу жылдамдығына қызмет етсе, мерзімдік қағаз басылымдар болған оқиғаға қатысты сараптамалық, талдамалық, тұ-жырымдамалық дүниелер ұсы-нады. Оқиғаның өзін, оқиғалар тізбегінен құбылысты аңдауға жәрдемдеседі. Яғни, екеуінің де өмір сүруге қақысы бар. Ал, қазақ тілді басылымдар қазақ халқы барда қажетсіз болып қалмайды. Оған қауіптенудің қажеті жоқ.
– Кезінде «Мөлдір бұлақ» журналын басқарғаныңызды, кейін «Той әлемі», «Той-шашу», «Этнопедагогика», «Қазақстан патриоты» сияқты журналдар ашқаныңыздан хабардармыз. Ол басылымдардың кейінгі тағдырынан хабардар етсеңіз?
– Мектеп оқушыларына арналған «Мөлдір бұлақ» журналы 2002 жылы «Қазақстан – ZAMAN» газе-тінің жанынан ашылған. Оның алғашқы санынан бастап бір жылдай редакторлық еткенім рас. Алайда газет пен журнал екеуіне қатар бас редактор деп жаздыртуды ыңғайсыз көрдім. Бір жылдан кейін басылымға журналист Раушан Каршалова бас редактор болып бекітілді. «Мөлдір бұлақ» қазірге дейін сол «Қазақстан – ZAMAN» газетінің жанынан шығып келеді. Бүгінгі бас редакторы Жанстан Кучукова деген әріптесіміз.
Алла тағала нәсіп етіп, Раушан екеуміз отбасын құрдық та, 2005 жылы «Президент және халық» газеті ашылғаннан кейін, әлгінде Сіз айтқан «Той әлемі», «Той-шашу», «Этнопедагогика», «Қазақстан патриоты» басылымдарын қолға алдық. Мақсат – ұлттық әдет-ғұрып, салт-дәстүрімізді насихаттау, отбасы құндылықтарын дәріптеу, отаншылдық қасиеттерді орнық-тыру болатын. Содан, «Той-шашу» екі жыл, «Этнопедагогика» төрт жыл, «Той әлемі» алты жыл шығып тұрды. Алайда, оншақты адамы бар шағын ұжымға бұл өте қиынға түсті. Оның үстіне, кез келген басылым қызметі оқырмандардың белгілі бір тобына арналатындығын ескермеппіз. Өзіндік аудиториясы қалыптаспаса, журнал өмір сүріп кете алмайды.
Шығармашылық күшімізді шашыратпау үшін ақыры бұл басылымдарды тоқтатып, негізгі күш газет пен «Қазақстан патриоты» журналына шоғырландырылды. Раушан қазір осы басылымға жетекшілік етеді. Отаншылдық тақырыпты ту еткен журнал, міне, 10 жылдан бері тұрақты шығып келеді. Мектеп оқушылары арасында танымал басылымдардың бірі.
Әдет-ғұрып, салт-дәстүр мәсе-лелерімен айналысу өте көп проб-лемаларға кезіктірді. «Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар» демекші, әдет-ғұрыптарды білместікпен шатастыру, дарақылық пен даңғазалық, дәстүр трансформациясын елемеу, жергілікті дәстүрлерді ұлттық дәстүрге айналдыруға тырысушылық сияқты қайшылықтар алдан қашқан қояндай көбейе берді. Басылым оқырмандардың сол мәселелерге қатысты сауалдарына түпкілікті, түбегейлі жауап беруі қажет еді. Сондықтан, еліміздегі белгілі этнографтардың басын біріктіретін Қазақ ұлттық әдет-ғұрып, салт-дәстүр академиясы құрылды. Академия бү-гінде ұлттық әдет-ғұрып, салт-дәстүрлерімізді жинақтаумен, оларды жүйелеумен айналысады. Осы жылдарда «Адамгершіліктің қарапайым қағидалары», «Ерлі-зайыптылық ережесі», Раушан екеуміздің «Бақыттың кілті» сияқты кітаптарымыз жарық көрді. Соңғы кітап оқырмандардың үлкен ықыласына ие болып, төрт рет басылды. Қазір бесінші басылымына әзірлік жасалып жатыр.
– Латын қарпіне көшу туралы ой-пікіріңізбен де бөліссеңіз?
– Басы ашық нәрсе сол – қазақ жазу-сызуын латын графикасына көшіру – өмір талабы. 1940 жылы Мәскеу билігі қазақ халқымен ақылдаспастан, елімізді латын графикасынан кіріл әліппесіне көшіріп жіберді. Бұл – отаршылдық жүйе үшін әдеттегі жағдай болатын. Қазақстан тәуелсіздігіне ие болған жылдарда отарсыздандыру үдерісі жүргізілуі керек пе? Керек! Сондықтан, бұл – оңды қадам.
Мемлекет басшысының арнайы қаулысымен қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру туралы Жарлығына таяуда енгізілген жаңа нұсқа бұрынғы апострофтық нұсқадан құ-тылуымызға мүмкіндік берді. Біздің «Президент және халық» газеті жариялаған республикалық «Ғалымдар одағы» тарапынан әзірленген концептуалды апострофсыз нұсқаның Елбасы тарапынан мақұлдануы – біз үшін үлкен қуаныш. Алайда, академик Оразалы Сәбден айтпақшы, бекітілген нұсқада еріндік «Ү, Ұ, У» дыбыстарының таңбалануында жүйелілік бұзылған. «І» мен «И» бас әріптерін бір ғана таңбамен белгілеу қате. «Бір дыбыс – бір таңба» қағидасы да бұзылған. Әдеттегі sh (ш), ch (ч) таңбаларын диграфтық тәсілмен беру де шатастыруға ұрындырады. Сондай-ақ жаңа, нұсқада W әрпі жоқ. Қазақша мұндай әріп жоқ десек те әдетте жиі пайдаланатын Washington, windows, world сияқты брендтік сөздерді қалай жазамыз?
– Зиялы қауым көрші елдермен интеграция туралы не ойлайды?
– Өте жақсы сұрақ екен. «Көр-шіңмен тату бол» дейді имандылық қағидаларында. Сондықтан, еліміздің көрші мемлекеттермен тату, достық қарым-қатынас орнатқаны өте орынды. Өзбекстанмен, Қырғызстанмен экономикалық байланыстарымыз енді ғана жанданып келеді. Оның ішкі потенциалы үлкен деп ойлаймын. Ұлы көршіміз – Қытай елімен байланыстарымыз ұлттық мүддемізге нұқсан келтірмейтіндей шекте болуға тиіс. Көптеп қарыз алып, оны қайтара алмай, жерінің бір бөлігінен айырылып қалған Тәжікстанның кебін кимеуіміз керек. «Судың да сұрауы бар». Қарызды қайтаруға тура келеді. Сондықтан, қарыз алғаннан гөрі, жобаларды бірлесіп жүзеге асырған пайдалы.
Ресейдің соңғы үш ғасырда қалыптасқан ұлыдержавалық астамшылығы Кеңес Одағының тарауымен жойылып кетпепті. Үстемшілдік пиғылы тең дәрежелі қарым-қатынас жасауға мүмкіндік бермейді. Соның қарапайым мысалы, кедендік алымдардың институционалдық бөлінісінің теңсіздігінен байқалады: кедендік алымдардың 88 пайызы – Ресей Федерациясына, 7,5 пайызы – Қазақстанға, 3,5 пайызы – Белоруссияға тиесілі. Интеграциялық одақтағы дауыстардың бөлінісі де мүлде әділетсіз. Ресей әй-шайға қарамай, бірден 75 пайыз дауысқа ие. Қалғаны – Қазақстан мен Белоруссияныкі. Дауыстардың осындай үлестік жағдайында кез келген мәселеде консенсусқа жету мүмкін емес. Интеграциялық талаптарға сәйкес, Қазақстан өз нарығын Ресей өндірісшілеріне айқара ашқанымен, Ресей тарапы қазақстандық өндірісшілердің қадамын қырқып отыр. Әсіресе, алкогольдік, кондитерлік өнімдерге дискриминация өте зор.
Қазақстан интеграциялық одақты құруға қатысты шартта жіберіп алған кемістіктерін тек соңғы жылдарда ғана байқап, өз мүддесін табандырақ қорғай бастады. Бұл – тәуелсіз елдің өз мүддесін өзінен басқа ешкім қорғамайтындығын түсінгені. Ресеймен арақатынаста біз құлдық психологиядан арылып, қалай да тең дәрежелі серіктес дәрежесіне жетуіміз маңызды.
– Тәуелсіз елдің ұлттық идеологиясы қандай болуы керек?
– Тәуелсіз елдегі ұлттық идеология көрші елдерге жалтақтамай, дербес болуы керек. Өкінішке қарай, Қазақстан тәуелсіздік алғанына 26 жыл өтсе де, Ресейге жалтақтауын қояр емес. Соның бір мысалы – Ресейдің ақпараттық экспансиясы. Ресейдің жүздеген телеарналары мен газет-журналдары біздің ақпарат кеңістігімізді жаулап алған. Есесіне, тиіп тұрған көршілеріміз Өзбекстан мен Қырғызстанның хабарларына зәруміз. Шынын айтқанда, тілі де, тағдыры да ұқсас түркі елдерінің мәдени дүниелерін сағынамыз.
Тәуелсіз елдің ұлттық идеологиясы менің ойымша онда тұрып жатқан барлық диаспора өкілдерінің азаматтық құқықтарына кепілдік бере отырып, ұлттық мемлекет құруға бағытталуы керек. Яғни, «Ұлттық мемлекет – ұлы ұстаным». Қазақстан халқы 18 миллионнан асты. Оның 70 пайызын қазақ халқы құрайды. Қазақ халқы үш ғасырдан астам уақыт жоңғар шапқыншылығына, ақ патша отаршылдығына қарсы елі мен жерін қорғап күресті. Оның азаттық жолындағы айқастарына басқа ұлттың бірде бір өкілі қол ұшын беріп көмектескен жоқ. Сондықтан, ешкімге жалтақтамай, өзінің ұлттық мемлекетін құру мен қалыптастыруға қазақ халқының әрі құқықтық, әрі моральдық қақысы бар. Ұлттық идеология осы бағытта жүргізілуі тиіс.
– «Қазақ қарулы күштерінің құрылғанына үш ғасыр, ал, қазақтың әскери өнерінің тарихы одан да тым әріде жатыр» деген пікіріңізді әлеуметтік желілерден көзім шалып еді. Осы ойыңызды біздің оқырмандарға тереңірек айтып берсеңіз?
– Өткен жылы 7 мамыр тұсында Қазақстан Қарулы Күштерінің 25 жылдығы аталып өтіліп жатты. Тарихы үш мың жылдық кезеңді қамтитын қазақ халқының қарулы күштерін небары ширек ғасырлық уақытпен өлшеу қиянат тәрізді көрінді. Сол арада еске 1710 жылы Үш жүздің біріккен қолын құру туралы шешім қабылданған Қарақұм Құрылтайы еске түсе кеткені. Сол жиында Табын Қараұлы Бөкенбай батырдың: «Таланған көштің, тұтқындалған бала-шағаның, бейшара бақылаушысы болып отырман. Жаудан кек аламыз, өлсек, қару ұстап өлеміз! Қыпшақ даласының сарбаздарының жалтарған кезі болды ма?! Жаудың зұлымдығына шыдап отыра алман! Жауға мінер тұлпар құрып па?! Сұр жебе толы қорамсақ қаңырап бос қалып па?!», – дегені бар ғой.
Сөйтіп, тұңғыш рет Үш Жүздің біріккен қолы жасақталған. Дұшпанға тойтарыс беріп, 1712 жылы 50 мың әскермен жоңғар жеріне басып кірген Бөкенбай батырды Қазақ халқының тұңғыш маршалы десе болады. Қазақтардың біріккен қолының қалмақтарға алғаш рет ойсырата соққы берген сол кезді Қазақ қарулы күштері құрылған дата ретінде алуға болады. 1710 жылдан есептесек, қазақ қарулы күштеріне үш ғасырдан асады екен. Қазыбек бек Тауасарұлының «Түп-тұқияннан өзіме шейін» деген кітабында қазақ әскери өнерінің стратегиялық, тактикалық небір ғажайыптары сөз етіледі. Бұл әскери өнердің кейбір ерекшеліктерін қазіргі заманғы ұрыс өнерінде де пайдалануға болады.
– Дін жолына қашан және қалай келдіңіз?
– Дін жолына келуім өте бір қызық. Өткен ғасырдың жетпісінші жылдарының ортасында Алматы облыстық «Жетісу» газетінде қызмет ететінмін. Үгіт-насихат бөлімінің тапсырмасымен мойныма атеистік насихат жүктелді. Сөйтіп жүргенде кездейсоқ Талғар бағытындағы автобуста христиан баптист жұппен танысып қалдым. Орысша сөйлегендерімен арғы жағы неміс болар, екеуі де баптист шіркеуінің жамағаты көрінеді. Таныса келе, әлгілермен достасып, жақын араласып кеттім.
Мақсатым – оларға адасқандарын түсіндіріп, атеистке айналдыру. Олар болса, қазақ журналисін өз қатарына тартуды ойласа керек. Өздері теледидар көрмейді, радио тыңдамайды. Тек әлдебір баптистік журналдар оқиды. Өте мәдениетті, білімді. Олармен пікір таластыру үшін бірдеме білуің ләзім. Мәскеуден шығатын «Наука и религия», «Наука и жизнь» сияқты журналдарды іздеп жүріп оқитын болдым. Екі жылдай мәдени түрде айтыса-тартыса келе мен оларды атеист жасай алмадым, олар да қанша тырысқандарымен мені қатарларына қоса алмады.
Есесіне, өз бетіммен жүргізген ізденістерім арқылы, әйтеуір, бір Ұлы Жаратушы күш бар екендігіне көзім жетті. Әке-шешеміз мұғалім болғанымен, үнемі «Құдайсыз қурай да сынбайды» деп отыратын жандар еді. 1990 жылы қыркүйек айында Германияда тұратын әкелі-балалы Ыдырыс, Шұғайып Ерол деген қандастарымыздың шақыруымен Кельн қаласына келгенде, сондағы «Аурупа милли гөрүш ташқилатлари» ұйымының басшысы Юсуф беймен кездестім. Қазақстандағы дін ахуалы туралы пікірлестік. Еуропада мұсылман дінінің қанат жаюы мені таң қалдырды. Сол ұйымның мешітінде Ыдырыс ағаның үйретуімен алғаш рет басым сәждеге тиді. Сөйтіп, біртіндеп намазды үйрендік.
– Содан бері қолыңыздан келгенше дін саласының насихатшысы болып келесіз. Жұма намазынан да қалмайсыз. Ертеректе қажылық парызыңызды да өтеп қайтыпсыз. Арафатта бүкіләлемдік трансляция бойынша қазақ тілінде алғаш рет репортаж жүргізген деп естиміз. Сондағы әсерлеріңіз әлі ұмытыла қоймаған шығар.
– «Алла тағала сүйікті құлын ғана мұсылман етеді» дейді ғой. Жаратушы иеміздің қазақ халқын мұсылман етіп жаратқанына шексіз шүкіршілік. Иман нұрының әсері болар, өзім қызмет істеген, басшылық жасаған басылымдарда, «Қазақстан» телеарнасында имандылық тәрбиесіне мүмкіндігінше баса назар аударуға тырысатынмын. Басылымдардағы «Имандылық» айдары, Қазақ теледидарындағы «Жұмадағы жүздесу» бағдарламасы сол ниеттің жемісі болса керек. 1999 жылы Сауд Арабиясы Ақпарат министрлігінің шақыруымен қажылық миссиясын насихаттау мақсатында Меккеге жол түсті. Арафат жазығындағы биік радио-телевизиялық орталықта «биссмилә» деп бастап алғаш рет әлемдік трансляция бойынша қазақ тілінде репортаж жүргізгенім рас. Өмірімде ең бір ұмытылмас сәт еді ол.
Іле-шала қажылық парызымызды өтедік. Артынан Сауд Арабиясының королі Абдул Азиздің қабылдуында болдым. Сол жерде Қазақстанның Сауд еліндегі елшісі Бағдат Әміреевпен танысып, оның шақыруымен ел кіндігі – Эр-Рияд қаласында бір айдай болғаным бар. Осы сапардың нәтижесінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасымен, Сауд Арабиясының Қазақстандағы елшілігімен бірлесе отырып, алты жарым сағаттық әйгілі «Қадыр түні» марафондық хабары дүниеге келді.
Рухани тазалық қашан да керемет қой. Бізде, «Президент және халық» газетінің редакциясында қызмет істейтін жастардың бәрі шылым шегуден, арақ-шараптан аулақ. Міндеттемесек те жігіттер түгелдей жұма намаздан қалмайды.
– Адамды қандай қасиеттеріне қарап бағалайсыз?
– Мен үшін ең қымбат қасиет – адалдық. Көзіңше бір рет болса да өтірік айтқан адам басқа жолы да өтірік айтуға бейім тұрады деген сөз. Жалпы, адамның рухани тазаруы тұрмыстық деңгейде өтірік айтуды доғарудан басталады. Әдетте, «мені жоқ дей сал», «заторда тұрып қалдым» дейтін өтіріктердің өзі адам жанын кірлетеді. Өмірде орындалмайтын қаншама уәде беріп жүре береміз. Ол адамның адамдық қалпын аласартады. Сондықтан, орындалатынын орындап, орындалмайтынын себебін айтып, кешірім сұрап шұбатылған «құйрықтардың» бәрін үзіп тастап жүрген жанның рақаты. Сондай-ақ өз басым отаншыл, мемлекетшіл, шынайы патриоттық қасиеттерді жоғары тұтамын.
– Адам ата мен Хауа анадан бастап, барша аға ұрпақ өзінен кейінгі жастарға көңілі толмаған екен. Ал, ұлы да ұлт ақыны Мағжан Жұмабаев «Мен жастарға сенемін» деп оларға үлкен жүк артып кетті. Сіз не дейсіз?
– Иә, жастарға көңілі толмаушылық ерте замандардан бар.Қайтейік, бүгінгі жастар – кешегі өзіміз. Бұл жастарды сыпырып тастап, орнына қоятын басқа жастарымыз жоқ. Қазақты құтқаратын – тәрбие, имандылық тәрбиесі. Мені жастардан гөрі, бастары қосылса қисалаңдап отырып рюмке көтеретін, жүз грамм десе, жүзі жайнайтын егделер мен қарттар қинайды. Ал, жұма намазда мешіттерде жастардың көптеп жиналуы қуантады. Солардан үміт етемін. Мағжан айтпақшы, мен де жастарға сенемін!
– Әңгімеңізге рақмет.

Сұхбаттасқан
Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ

Алдыңғы «
Келесі »