СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ КҮРЕСТЕ АЛЬТРУИЗМ ҚАҒИДАЛАРЫ ҚҰРАЛ РЕТІНДЕ

  • 26.02.2019
  • 286 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Нұрғиса КУШЕРОВ,
саясаттанушы

Қазіргі Қазақстан қоғамында сыбайлас жемқорлыққа қарсы құқықтық, әлеуметтік сыни қарым-қатынас пен шектеулердің барлық түрлері практика жүзінде қолданылуда. Тікелей жауапты құзырлы орган ретінде ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі осы күнге дейін сыбайлас жемқорлық індетімен күрестің барлық пошымдарын қарастырып, оны түрлі формада енгізумен келеді. Қатаң бас бостандығынан айыру жазаларынан бастап, барлық мүліктік тәркілеу, қоғам тарапынан жазғыру түрлі қалыпта жүзеге асуда. Соған қарамастан, сыбайлас жемқорлық фактілерінің бой тасалап қалып отырғаны белгілі. Жемқорлық белгілерінің қылаң беріп жатуы қандай да бір органның жұмыс нәтижесінің өлшемі емес. Ол қоғамдық сананың түп негізінде, адами және ақыли факторлардың өзегінен шығып отырған індет деп санаймыз. Мәселеге объективті баға беріп, жауапкершілік ауқымын мүмкіндігінше әлеуметтік қабаттардың барлығына таңатын болсақ онда Қазақстандық қоғамда іргелі құндылықтар негізін жаң-ғырту шараларын жүзеге асыру қажеттілігі туындайды. Қазақстан посткеңестік мемлекет ретінде отарлаушы мемлекеттің идеологиялық кеңістігінде ширек ғасырдан астам уақыт қалғаны белгілі. «Елу жылда ел жаңа» дейтін қазақ халқы жат елдің саяси құндылықтарын сіңіру кезеңін бастан өткерді. Біріншіден, мінез-құлықта, екіншіден, өмір тіршілігінің болмысында, үшіншіден, ұлттық таным, дүниетанымы өзгерістерге түсті. Бұнымен о баста қазақ халқы жемқорлықтан ада халық еді дегенді айтудан аулақпыз. Негізгі коррупцияға малшынған КСРО мемлекетінің ыдырауының бір себебі ретінде айтылатын сыбайлас жемқорлықтың санаға мықтап таңылған кезі де осы кез болатын. Біреудің протекторатында болған халықтың игіліктерге қол жеткізуі көп жағдайда «сатып алумен» болды. Ұзаққа бармай «Абай жолы» эпопеясында дала қазақтарының отарлаушы елдің старшындары мен басқа да әскери шенділерінің алдында артықшылықтар мен игіліктерге жету жолын еске алыңыз.
Сыбайлас жемқорлық табиғаты-ның өзін, оның болмысын алып қарайтын болсақ, ол адаммен, оның өмір тіршілігімен байланысты күйде анықталады. Яғни, оның түп негізі адам эгосында жатыр. Эгоизм термині ХVІІІ ғасырда пайда болып, Француз ойшылдарының еңбектерінде «есті эгоизм» жайында теория көрініс таба бастады. Моральдың негізгі айтар ойы адамның өз мүдделерін дұрыс түсіну. Есті эгоизм теориясына Н.Чернышевский өз нұсқасын ұсынды. «Не істеу керек?» деген философиялық талдауларында ол сұрақ түрінде жауап береді.
– Салқынқанды практиктердің адамды тек жеке пайдасына деген құмарлық басқарады деген рас па?
– Олар шындықты айтады. Жоғары мәртебелі сезімдер, мінсіз ұмтылыстар – осының барлығы әркімнің өз пайдасына ұмтылу жолында түкке тұрғысыз, түп тамырында оның өзі пайдаға ұмтылысты көздейді деп, – баяндайды.
Кеңестік генетик В.П.Эфроим-сонның пайымдауынша, есті эгоизм генетикалық деңгейде беріледі, себебі ол бір адам емес, жалпы мақсатпен байланыстырылған адамдардың тобы үшін ұзаққа созылған күрес пен табиғи іріктеу күресінде қалыптасты.
Сыбайлас жемқорлық қадам-дарына итермелеуші күш ретінде жоғарыда В.Эфроимсон пайым-дағандай адам генетикасында туабітті пайдакүнемдік (пайдакүнемдік – бұл жерде Д.Бентамның утилитаризм теориясымен сорпасы қосылмайды) қасиеттер коррупциялық іс-әрекет-теріне тура пропорционалды деп тұжырымдай аламыз. Адам эгосын өмір сүруге деген ұмтылыс, пен қатар сыбайлас жемқорлық індетін қоздататын қатерлі нүкте ретінде де қарастыруға болатын. Оны мүлде тұсаулап тастауға келмегенмен, «естілігін» артуға болады. Эгоизм мінез-құлқының адам бойында есті ер жетуіне ықпал етудің бір өлшемі альтруизм қылықтарын қарама-қарсы қою.
Ғылымға алғаш рет альтруизм ұғымын енгізген француз философы және әлеуметтанудың негізін қалаушы О.Конт болды. Альтруизм – басқалардың мүддесіне риясыз қызмет етуге деген белсенділік деп түсіндіріледі. Біреулердің немесе көпшіліктің игілігі үшін өз эгосының қызуын сумен бүркеу дегенге саяды. Джонатон Сеглоу «альтруизм – бұл субъектінің еркін іс-әрекет актісі, бірақ, альтруистік іс-әрекет альтруистік табиғатын жоғалтпаған күйде болуы керек деп тұжырымдайды». Неміс философы И.Канттың категориялық императивтері бойынша «өзгелердің өзіңе қандай қарым-қатынаста болғанын қаласаң, өзің де олармен сондай қарым-қатынас жаса» дегенге саяды.
Біздің пайымдауымызша, сыбайлас жемқорлық әрекетіне бару-бармау азаматтың жеке таңдауына қалдырылатындықтан , ол жандүниелік құбылыс деп анықтама берсек болады. Яғни, оның даму тарихының өзі біз ойлағаннан да әріректе жатуы мүмкін. Коррупциямен күрестегі елдер тарихы көрсетіп отырғандай, оның белгілері адамзат тарихымен бірге жасауда. Коррупционерлер үшін ең қатал жаза белгілейтін Қытай елінің өзінде соңғы төрт жылда 1 млн астам шенеуніктер жазаға кесілген. Осы тұрғыда Қытай компартиясының төрағасы Си Цзиньпин жүргізіп отырған «жолбарыстар мен шыбындар стратегиясы» қаншалықты тиімді екендігіне баға беру қиын. Бұл дегеніміз «қатты», «жұмсақ» күш қолданудың басқалар үшін мысалы пайдаға кенелудің алдында әлсірейді яки игіліктен мүлдем бас тартқыза алмайды.
Альтруизм қағидасы қолданысы-ның шығыс елдеріндегі (Араб жарты аралы, Магриб елдері) көрінісін алып көретін болсақ, коррупцияның ең аз деңгейі осы елдердің еншісінде екендігін статистикалық мәліметтер растайды. Исламның басты этикалық сүннеті ретінде альтруизм түсінігі өзіндік баламасымен тамырланған. «Риясыз қызмет» – шығыс елдерінде құдай тағаланың разылығы үшін ешбір қайтарымсыз, жанама пайдакүнемдік ниетінсіз қызмет ету дегенге саяды. Яғни шыншылдық, риясыз қызмет көрсету мемлекеттік қызметкер өмірінен өз өрнегін таба білген.
Сыбайлас жемқорлық амалдары адамның жеке таңдауынан шығатын мінез-құлық түрі ретінде оған қарсы иммунитетте (параны беруші, не алушы болса да – авт.) оның тұла бойында жасырынған. Біздің жағдайымызда эгоизм қылықтарын коррупция тудырғышы ретінде қарастырсақ, осы сөздің антонимі альтруизм коррупциялық іс-әрекеттің бірден-бір алдын алушы ұғым деп тұжырымдаймыз. Егер, қолына билік тиген немесе мемлекет сеніп тапсырған құзырет пайдагершілік мақсатта қолданылса, ол эгоизмнің асқынған түрі.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мемлекеттік саясаттың тиімділігін арттыруда қоғамдық сананы жаңғыртудың басты өлшемдері ретінде альтруизм құндылықтарын ерте жастан бас-тап тәрбие құралы ретінде негіздеу қажет. Жемқорлық белгілерін бір күнде қырқып тастау мүмкін еместігі бізге аян болса, оған қарсы күрес те үзіліссіз, үздіксіз жүргізілетіндігі белгілі. Тоқсан сөздің тобықтай түйіні, жемқорлыққа қарсы күрес саясатының дәмдеуіштерін альтруизм тұздығымен әрлендірсек мақсатты нәтижеге жетуіміз кәдік деген ойдамыз.

Алдыңғы «
Келесі »