ҚАЗАҚ САЛТТАРЫНЫҢ ІНЖУ-МАРЖАНДАРЫ ҚАҒИДАЛАРЫ ҚҰРАЛ РЕТІНДЕ

  • 26.02.2019
  • 90 рет оқылды
  • 0

Бердалы Оспан,
мәдениеттанушы

Қазақ қалай амандасады?

Қазақ халқы рухани құндылықтарға өте бай халық. Салттар қазақ халқының рухани байлығының айқын көрінісі. Бұлай болуының өзінің себептері де баршылық. Қазақтардың байырғы өмірі жиі көшіп-қонуды талап ететін мал шаруашылығымен байланысты. Сондықтан, өмірдің, тұрмыс-салттың ыңғайымен өмір сүрген. Бұл жағдай көптеген салттардың еркін қалыптасуының пайда болуына жағдай тудырды.
Осындай салттардың ең бастысы амандасу. «Амандасу» деген сөздің өзі айтып тұрғандай адамның аман-есендігін, денінің саулығын білу әрі тілеу.
Қазақтың ғасырлар бойы сайын далада еркін өмір сүруі амандасуға да әсерін тигізбей қойған жоқ. Байырғы заманнан бері өзгеріске ұшырамай келе жатқан амандасу көбінесе сұрақ-жауап, және тілек түрінде көрініс табады.

Амандасу жасы үлкен кісіден басталады

Амандасудағы көңіл аударатын маңызды мәселе адамның жасына байланысты. Адамның жасы үлкен ақсақалдармен, әжелермен, аналармен, құрдастарымен, өзінен жасы кішілермен амандасудың өзіндік нақыштары мен бояулары болады. Мысалы: «Армысыз?, Амансыз ба?, Амансың ба?, Аман ба?, Аман-есенсіз бе?, Есенсіз бе?, Есенсің бе? Аман-есенсіз бе?, Аман-есенсің бе?» сынды амандасуға: «Аманбыз, өздеріңіз аман-саумысыз?» деген жауаппен амандасып жатады.
Таң талайлы!
Күн шуақты!
Кеш арайлы!
«Қайырлы таң! Қайырлы күн! Қайырлы кеш!» деп амандасуларға сол күйінде жауап беріп амандасады.
Ал, «Кеш жарық!» деп амандасуға «Ешкің арық!» деп сұрақ түріндегі амандасуға ұйқастыра жауап берілген. Бұл ауыл арасындағы бір үйден бір басқа отауға барғандағы, немесе алыс жолдан келе жатып қонуға келген жолаушының, қазақ түсінігінде құдайы қонақпен амандасудың түрі. Бұндағы «Ешкің арық» деген жауап, үйге келген қонақтың да жағдайын білу үшін айтылатын жауап. Бұл амандасудан қазақ даласында мал шаруашылығы басты кәсіп екені байқалады.
Жасы үлкен ер адамдар өздерімен қатарлас әйел адамдарға: «Қалайсыз, бәйбіше, отағасы, бала-шаға аман-есен бе?», бойжеткен қыздарға: «Аналайын, амансың ба?», сәлем салып амандасқан келіншектерге «Жақсымысың! келін бала, бақытты бол, ұл тап» деп жылы тілек тілей отырып амандасқан.
Лауазымы биік қоғам мүшелерімен аман-саулық сұрасу бір бөлек болғаны белгілі. Бұрынғы кезде қазақ халқы ақсүйек, қарасүйек деп екі топқа бөлінген. Шыңғыс ханның ұрпағы төрелер мен Мұхаммед пайғамбардың ұрпақтары саналатын қожалар ақсүйек санатында қабылданған. Ал, қарапайым халық қарасүйек деп аталған.
Қарапайым қазақтар хан, төре-сұлтандармен амандасқанда оларды «Алдияр» деп атап, екі қолын кеудесіне немесе тізерлеп тұрғанда оқ қолын оң тізесіне қоюы шарт болған. Төремен жол үстінде кездесіп қалған жағдайда қарапайым қазақ атынан түсіп, бір тізесін бүгіп амандасуы керек болған. Ал, төре оң қолын оның иығына қойып: «Аман ба?» деп жауап беретін.
Хандар елшілердің иығына да қолын қойған. 1756 жылы Кіші жүздің ханы Әбілхайырдың ордасында болған елші Джон Кестль былай деп естелік қалдырған: «Тез өткен үш сағаттай уақыт алған қабылдау барысында хан менің иығыма қолын қойды. Кейін білуімше бұл адамды силаудың ең үлкен көрінісі екен».

Ақындардың  амандасуы

Жалпы, қазақта амандасудың тағы бір түрі ақындардың амандасуы. Жыр сүлейлері көпшіліктің алдына шыққанда оң қолын, кеудесіне қойып басын иетін болған. Бұндай амандасуға халық көбінесе: «Бар бол!, Өркенің өссін!» деп жауап қайтарған. Себебі, қай ақынға болса да, халықтың қолдауы керек-ақ. Әсіресе, жас ақындарға халықпен осылай амандасу үлкен рухани қуат беретіні сөзсіз. Атақты ақын Кенен Әзірбайұлы дүйім жұрттың алдына алғаш шыққаны туралы өзінің айтуынан белгілі.
Болыс Еркебай Бұғыбазарұлы жас әнші Кененді ертіп, көрші қырғыз еліндегі Шабдан Жанбайұлының асына барады. Кезегі келгенде, жиналған халыққа амандасып болған соң, аруақ шақыра айқайлап алып енді өлең айтайын дегенде, Кененнің аузына сөз түспей қалады. Екінші ретінде де дәл солай болады. Сонда, көпті көрген бір ақсақал жас ақынға дем бере сөйлеп: – Ер кезегі үшке дейін деген, шырағым, қайта айт, – дейді. Сол кезде Кененнің аузына мына сөздер түседі:
Мен өзім Дулат деген елден
келдім,
Көл Қопа, Қордай деген жерден
келдім.
Жас бала жаңа талап мен бір
қойшы,
Туғалы мұндай жиын көрмеп
едім.
Осылайша бастаған Кенен қызынғаны сонша, тоқтамай ұзақ өлең айтады. Жиналған көпшілік дән риза болып, ақындарға сыйлық үлестіргенде, Кененге кемер белдік тиеді. Сондағы белдік ақынның қазіргі мұражай-үйінде сақтаулы тұр. Осыдан кейін Кененнің аты кең жайылады.

Қазақ қалай  амандасуы тиіс

Бүгінгі күнгі білімді жастар халқымыздың осы ең басты салты жөнінде қазақтар исламға дейін қалай амандасқан, «Ассалаумағалейкүм! – деген араб халқынан келген ғой», деп жиі сұрақ қояды. Бұл амандасу, бұндай амандасуды да жоққа шығаруға болмайды. Ол да дәстүр, салтқа айналған.
Әрине, тарихы сонау біздің дәуірімізге дейінгі сақтар кезінен алатын қазақ ұлтында өзіндік амандасу салты болған. Қазақ ұлтының өзіндік төл амандасу әдет-ғұрпында үлкен кісімен «Армысыз», жасы кішімен «Армысың» деп амандасуы тиіс. «Армысыз» деп амандасқан адамға «Бармысыз», «Бармысың» деп жауап қайтарылады.
Бұлай амандасудың түп-төркіні он бірінші ғасырда өмір сүрген ғалым Махмұт Қашқаридың «Түркі сөздігінде» жазылған. Қазақ түсінігінде «АР» ұғымының «Адам» және «Ар, ұят» деген мағыналары бар. Сондықтан да, байырғы заманнан бері «Армысыз», «Армысың» деп амандасудың арғы жағында «Арың таза ма, ешкімнің ала жібін аттаған жоқсың ба» деген сұрақ тұр. Оған «Бармысыз», «Бармысың» деп, «Өзіңнің де арың таза ма, ешкімнің ала жібін аттаған жоқсың ба» деп сұрақпен жауап қайтарылып отырған.
Осылайша біздің дана бабаларымыз осылай амандасу арқылы әр қоғам мүшесіне өзін дұрыс ұстауға міндеттеп, ары таза адамдар ғана дамыған өркениеттің биігіне жете алады» деген түсінікті өсиет ретінде ұрпақтан ұрпаққа жеткізіп отырған. «Армысыз», «Армысың» деп амандасу жоғарыда келтірілген амандасу үлгілерінің ең бастысы.

Бата беру

Қазақ дәстүрге бай халық. Соның бірі «Бата беру». Қазақтар батадан тек жақсылық күтеді. Жалпы, қазақтың тұрмыс-салтының қай жағы болмасын батасыз болмайды.

Бата қалай беріледі

Батаны әдетте үлкен кісілер береді. Ер адамдармен қатар, әйел адамдар да бата береді. Бата нәресте дүниеге келгенде, оған есім таңдалғанда, бала тәй-тәй жүріп тұсауын кескенде, баланы ашамай ерге отырғызғанда, бала мектепке барғанда, жастар отау құрғанда, құдалықта, келін түскен кезде, беташарда, қонағасы кезінде, егін жиналып біткенде, той-томалақтарда, халық мерекелерінде, сарбаздар жауға қарсы шайқасқа шығар алдында беріледі. Ақын, шеберлер ұстазынан бата алады, батырлар да үлкен әулие кісілерден, билерден бата алады. Бата беру жағдайлары да, түрлері де өте көп. Баталардың көлемі мен мазмұны да түрлі-түрлі болып келеді.
Бата беретін кісі екі алақанын алдына кеуде тұсында жайып ұстап тұрып бата береді. Басқалар да осылайша қолын жайып тұрады. Бата беріліп болған соң, көпшілік бетін сипайды. Бата түрегеп тұрып та, отырып та беріледі. Бата күн-түн демей жағдайға байланысты қай мезгіл болса да берілетін болған. Мысалы шайқасқа бара жатқан батыр Райымбек Ханкелдіұлына анасы батаны түнде берген.

Тарихи баталар

Қазақ тарихы баталар тарихы десе де болады. Себебі, тарихи тұлғаларға берілген баталар мәтіні көптеп сақталған. «Абай» энциклопедиясында мынадай мәлімет келтірілген: «Жәнібек Қошқарұлы (1693-1752). Халық арасында Шақшақ Жәнібек атанған – Шақшақ үшінші атасы. 126 жастағы Қаракерей Сары абыздан, 90 жастағы Тойған қариядан бата алған. 17 жасында жекпе-жекте қалмақтың бас батырын өлтіреді».
Атақты Аңырақай шайқасында ерлігімен аты шыққан Қойгелді батырға Төле би былай деп бата берген екен:
Аталы ұлдың сөзі баянды,
Атасыз ұлдың сөзі шаянды.
Аталы ұл Қойгелдім,
Ел үшін неден аянды?!
Желкесін үзді сұм жаудың,
Дегенде қатер таянды.
Олжа әперген еріңе
Саялат елім саяңды!
Қойгелдім, жай қолыңды,
Алла оңғарсын жолыңды!…
Ата жолын қуған ұл
Алашқа әмсе пана бол!
Ұлдарына аға бол!
Қыздарына пана бол!
Қойгелдім әмсе қыран бол,
Ел-жұртыңа ұран бол!
Халық жадында сақталған баталарды түрлі әдебиет көздерінен жинап құрастырып кітап шығарған К.Оразалинның жинағында басқа да баталар келтірілген. Солардың бірі жоңғарларға қарсы жорыққа аттанбақ болған Райымбекке анасының берген батасы:
Қолыңды жай құлыным,
Жәрдем болсын құдайым.
Медет тілеп пірлерден,
Жаратқанға жылайын.
Ғайып ерен, қырық шілтен,
Адасса жолға салып жүр,
Сыртыңнан қорғап бағып
жүр…
Жауға аттанып барасың,
Анаңның құрттың шарасын.
Қалмақтан кекті алдырып,
Жазғайсың көңіл жарасын.
Сескенбей жүр шырағым,
Атаңа жетіп барасың.
Жаратқан ие қолдасын,
Жолбарыс болсын жолдасың!

Қарақшыларға  берілген бата

Домалақ ана әулие атанған Нұрила Мақтымағзамқызы өз ауылына келе жатқан қарақшыларды көріп, кемпірдің киімін киіп отыра қалады. Жөн сұраған қарақшыларға жылқыға да, жылқышыларға да тимеуін ескертеді. Бірақ, олар Домалақ Ананың айтқанын тыңдамай жылқыны қуып кетеді де, тасып жатқан Боралдай өзенінің таяздау жерінен өтпек болғанда суға кетіп қала жаздап, әрең дегенде жағаға шығады. Содан соң, Домалақ ананың тегін адам еместігін сезіп, қайтып барып кешірім сұрайды. Сонда, Домалақ ана:
– Ендеше қолдарыңды жайыңдар!
Құдай оңдасын, аруақ қолдасын!
Адал жүріп, адал тұрыңдар
Алдарыңнан жарылқасын! –
деп бата беріпті.

Ақын Тайжанның  батасы

Қазақтың белгілі жазушысы Сәбит Мұқанұлы «Өмір мектебі» атты өмірбаяндық шығармасында халыққа кең танымал «Гәкку» әнін шығарған әнші-композитор Үкілі Ыбырайға қатысты мынадай қызықты дерек келтірген:
«Бұрын атын да еститін, өлеңдері мен әндерін де еститін Тайжан, атақты Ыбырай ақын Сандыбайұлының туған жиені боп шықты. Оның шешесі Бопыш Ыбырайдың бір әке, бір шешеден туған апасы екен. Тайжанның түр-тұлғасы да, бет-бейнесі де аумаған – Ыбырай… Ыбырай жеңілтек, ойнарқы, қалжыңбас не айтса да өлеңдетіп ұйқастыра сөйлейтін сауыққой, күлегеш. Тайжанның да мінез-құлқы сондай…
Тайжан кішкене күнінен сайқы-мазақ, жындылау боп өскен, әркімді өлеңмен сықақтап маза бермейтін болады. Он бес, он алты жасқа жеткен шамада ол тіпті құтырынып, маңайдағы елдің мазасын алады. Жұрт оны «жынданды» деп байлап тастайды. Біраз уақыт жатқанда, үйіне сөзі тыңдаулы әлдекім кеп түседі де:
–Бұныкі жын болмау керек, нағашысы Ыбырай ақынның аруағы қонған болуы керек. Ыбырайдан бата алса, жыны жазылады, бұны соған жіберу керек, – дейді.
Мезгіл қыс басталған шақ екен… Ыбырайдың мекені «Жаман жалғызтау» осы жолдың үстінде болады. Әкесі Тайжанның «бармаймын» деп байбалам салуына қарамастан, киізге бөлейді де, кірешіге қосып Ыбырайға жібереді.
Ыбырайдан «бата алғаннан» кейін Тайжанның «жыны» жазылып ақын болады. Алдағы жылдың жазында Ыбырай оны үйіріне қоспақ боп көшкен елмен алып жүреді. Нағашысы аталған Қарауыл руынан да, туған нағашысы Ыбырайдан да зор сый-құрмет көрген Тайжан, рахмет ретінде:
– Халқым сүйіп атымды қойған
Тайжан,
Егіз туған анадан Арғын,
Найман.
Осы арадан бөтен еш жұмысым
жоқ,
Бата алғалы келіп ем Ыбырайдан.
Бірің емес, бәрің де нағашымсың,
Саздай жерге өрбіген ағашымсың.
Осы жолы Тайжанды сыйлап
жібер,
Бұдан былай Тайжанның бағы
ашылсын.
Халқым сүйіп атымды қойған
Тайжан,
Егіз туған анадан Арғын,
Найман.
Он екі ата – Қарауыл, – сегіз
ата – Дәуіт,
Жиенге ұмытпайтын тиді пайдаң,– деп алғыс айтады».

Ұлыстың ұлы күні  берілетін бата

Халықтық мерекелерде берілетін баталар да бар. Мысалы «Наурыз» мерекесінде бата былайша беріледі:
Ниеттерің ақ болсын,
Наурыздың ақша қарындай.
Бастарыңа бақ қонсын,
Шаштарыңның барлық
талындай!
Санасы асыл адамның,
Көңілде кірі қалмасын.
Құты қашып жаманның,
Жақсы тапсын жалғасын!
Тыныш болсын даламыз,
Түгел болсын нуымыз.
Таза болсын ауамыз,
Тұнық болсын суымыз.
Қайғы-уайым жоқ болсын,
Оралмасын кез өгей.
Ырысымыз көп болсын
Бүгінгі наурыз көжедей.
Үлкендер Наурыз мерекесі кезінде Наурыз көже пісірген келіншектерге ризашылық батасын беретін болған:
Көже істеген келіндер,
Көпке жақын елші бол,
Бозторғайдай төлшіл бол,
Ор қояндай көзді бол,
Адам таппас сөзді бол!
Қазақ жаңа айға да бата берген:
Өткен ай өзімен кетсін,
Туған ай жарылқасын,
Аяз әлін біліп,
Күнекей күн жарлықасын!

Ұлы суретшінің  жұбайының батасы

Ұлы суретші Әбілхан Қастей-ұлының шаңырағында қонақта болып, жұбайы Сақыш апаның қолынан шай ішкенім бар. Таңғы шәйден соң, апамыз былай деп бата жасады:
Құдай жолды оңдасын,
Еш жамандық болмасын.
Денсаулығымыз зор болсын,
Дастарханымыз мол болсын!

Ақын Фариза Оңғарсынқызының қарияларға берген  батасы

Кейбірде жасы кіші сыйлы адамдар үлкендерге бата беретін жағдайлар да болған. Ақын Фариза Оңғарсынқызы қарияларға былай деп бата бергені белгілі:
Түндерің тыныш болсын,
Үйлеріңе ырыс толсын.
Келіндерің есті болсын,
Ұлдарың сесті болсын.
Балаларың қуаныш әкелсін,
Немерелер жұбаныш әкелсін.
Орындарың төр болсын,
Дастарқандарың мол болсын.
Қатарларың көп болсын,
Уайым қайғыларың жоқ болсын.
Жастардың қазасын көрмеңдер,
Зұлымдардың жазасын
көрмеңдер!
Еліңде бірлік болсын,
Жарасты тірлік болсын!

Балаға берілген бата

Бата әрқашан адамның жанынан табылады. Үлкен адамдар көңілі түссе, бейтаныс кісілерге де бата береді. Бірде автобус аялдамасында жалғыз отырған бір ақсақалмен амандастым. Қасымда кішкентай ұлым бар еді. Әлгі қария маған қарап:
– Мен Түркістан қаласында тұрамын, қазір зейнеткермін. Балаңа бата берейін, – деді.
Ұлымды алдыма алып, қарияның қасына отырып, алақанымды жайдым. Ол кісі ұлыма көптеген жақсы тілектер айтып батасын берді. Үйге келген соң күнделігіме болған жағдайды жазып қойдым. Қазір ұлым жиырма төртте, өз орнын тауып, қоғамға пайдасын келтіріп жүр. Оның осындай болып жүргеніне сол бір ақсақалдың берген батасының да оң әсері болғанына сенімдімін.

Бүгінгі күннің батасы

Қазақ батасының қоғамның дұрыс дамуына, сол қоғам мүшелерінің дұрыс жүруіне әсері өте зор. Баталарды үлкен кісілер шығарады. Бата беруші үлкендердің баталарында өз заманының өмір тынысы көрініс тауып отырған. Бұл үрдіс бүгінде де өз жалғастығын табуда. Осыдан біраз уақыт бұрын бір жиында белгілі ақын Оразақын Асқар қарияның батасын естідім:
Елбасымыз алысты көрсін,
Ел-жұртымыз табысты болсын.
Қыздарымыз сұлу,
Ұлдарымыз намысты болсын!
Көршілеріміз тыныш болсын,
Таңдағанымыз жұмыс болсын.
Малымыз төлдеп, егініміз көктеп,
Дастарханымызға ырыс толсын!
Нарық қалтаны қақпайтын болсын,
Теңгеміз теңдік сақтайтын
болсын.
Қазақстанның барлық
азаматтары
Қазақша сөйлеп, алға аттайтын
болсын!
Соғыстың беті болсыншы әрі,
Ренжімесін өміріне кәрі.
Бауыр етіміз балалар түгіл,
Сатылмасын құс балапандары!
Мәдениетіміз мәнді болсын,
Тұрмысыз сәнді болсын.
Бәрін айт та, бірін айт,
Дербестігіміз мәңгі болсын!
Қазақ халқы өз әдет-ғұрыптарын сыйлайтын халық. Жас ұрпақты тәрбиелеуде үлкен маңызды орын алатын баталар ұрпақтан-ұрпаққа жалғаса бермек.

Алдыңғы «
Келесі »

Пікір қалдыру

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды.