АҚЖОЛТАЙДЫҢ СҰҢҚАРЫ

  • 26.02.2019
  • 169 рет оқылды
  • 0

Өмір өткелдері

Көктерек ауылындағы орта мектепті бітіріп, арман жетегіне ерген Нұржан Исақов Қазақтың С.М. Киров атындағы мемлекеттік университетінің заң факультетінде оқып жүрген кезінен бастап, қоғамдық істерге араласып кетті. Бойдағы ерік-жігер жас жігітті жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін де үлкен асу-белестерді бағындыруға ұмтылдырды.
Еңбек жолын 1982 жылы Ішкі істер министрлігінің көліктегі Шығыс Басқармасында тергеуші болудан бас-тады. Одан кейінгі жылдары Ішкі істер министрлігінің ұйымдасқан қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі Бас басқармасында тергеуші, жедел өкілетті уәкіл, Ішкі істер министрлігінің алтын қорды қорғау жөніндегі мамандандырылған милиция бастығы, Ішкі істер министрлігінің көліктегі Шығыс Басқармасы бастығының бірінші орынбасары, тергеу комитетінің лауазымдық қылмыстарды тергеу жөніндегі Басқарма бастығы қызметтерін атқарды. Осы қызметтерді атқарып жүріп, Мәскеудегі КСРО Ішкі істер органдарының академиясын бітіріп, аталған саланың білікті маманы бола білді.
Оның біліктілігі, іскерлігі, кәсіби шеберлігі, адалдығы мен әділдігі, шындықты еш қаймықпастан бетке айтатын турашылдығы ҰҚК-нің жауапты қызметіне шақырылуына негіз болды. Сол кездегі ҰҚК басшылары жеке істерімен танысып шыққан бойда, оны ҰҚК орталық аппаратында басқарма бастығы қызметіне, көп ұзамай ҰҚК-нің Жамбыл облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары, кейіннен жаңадан құрылған Шекара қызметінің әскери полициясы Басқармасының бірінші бастығы етіп тағайындады. Осы салада қызмет атқарған жылдарындағы қол жеткізген жетістіктері де жеткілікті.
Еліміз мемлекеттігімізді нығайту жолында батыл қадамдар жасап жатқан 2002-2006 жылдары ол Президент әкімшілігіне қызметке шақырылды. Құқық қорғау органдары мен сот жүйесі мәселесі бойынша бөлімнің аға инспектор қызметін атқарған Н.Исақов бұл салада да көптеген қомақты істерді жүзеге асыра білді.
2006 жылы өмірлік тәжірибесі мол Н.Исақовты жоғарғы басшылар әлемдік құқық қорғау ұйымдарының үнемі назарында болған қылмыстық-атқару жүйесіне қарасты мекемелердегі сотталғандар жағдайының халықаралық талаптарға сәйкес келуін ұйымдастыру мақсатында Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің басшылық қызметіне жібереді. Кейіннен, яғни, 2009 жылы ол Бас Әскери прокурорының бірінші орынбасары, 2012 жылдың сәуірінде Бас прокуратураның департамент басшысы қызметіне тағайындалып, еліміздегі заңдылықтың, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының сақталуында жемісті еңбек етсе, кейінгі жылдары Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаментінің басшысы болып қызмет атқарды.
Н.Исақов мемлекеттік қызметтің қай саласында болмасын, алдына жоғары мақсаттар қоя білді, ең бастысы, олардың жүзеге асуына қол жеткізді. Еліміздің мақсаты мен мүддесін қорғап, антына адал, сертіне берік болып, мінсіз қызмет атқарған Нұржан Әзімханұлына Елбасының 2013 жылдың 7 мамырындағы Жарлығымен 3-ші дәрежелі мемлекеттік әділет кеңесшісі сыныптық шені берілді. Ол қайда да болмасын жауапкер, іскер, қадірлі азамат қалпынан өзгермеді. Орын оны көркейтпейтін, орынды ол көркейтті. Нұржан бір қызметтен екінші қызметке ауысқанда, қызметтес болған адамдары құшақтасып қоштасса, барған жерінің адамдары құшағын жайып қарсы алды. Еш- уақытта, ешбір қызметте Нұржанның артынан өсек-аяң, жәбір-жапа, сықақ-келемеж ермеді. Расында да, Нұржан текті жерден шыққан ұл және ұлы бабасы Ағыбай батырға сай ұлан бола білген ұрпақ. Өз тұстастары ішінде оның бедел-бітімі ерекше жоғары болды. Терең білімді, мінезге бай, әртүрлі саладан хабардар жан қолға алған істі бірден үйіріп әкететін. «Үлкендер ішінде кіші емес, кішілер ішінде үлкен емес, бір ғажап жан» болды.
Еліміздің құқық қорғау жүйесінің саласындағы айтулы тұлға, 3-дәрежелі мемлекеттік әділет кеңесшісі Нұржан Исақов бүгінде Қазақстан Республика-сының қорғаныс істері жөніндегі Астана қаласы бойынша департаментінің басшысы болып қызмет атқарып қана қоймай, жастарымызды еліміздің нағыз патриоты болуға тәрбиелеп дайындауда.
3-ші дәрежелі мемлекеттік әділет кеңесшісі Н.Исақов Отан алдындағы абыройлы еңбегі үшін «Құрмет» ордені, «Астананың 10 жылдығы», «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жыл-дығы» және «Ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі үлесі үшін», бас -аяғы 15 мерейтойлық медальдармен марапатталған.
«Асыл жар – ердің сәулеті. Аймауыттай ат мінсең, жақын болар алысың, адалынан жар сүйсең, оңғарылар бар ісің» демекші, университет қабырғасында отау құрып қосылған Әлия да – асыл жар, ибалы келін, ардақты ана болу әйел қауымының басты борышы екендігін бір сәтте естен шығарған емес.
Тарихи да даңқты өлке – Ақтөбе облысы Шалқар ауданының тумасы Әлия татулықтың ұйытқысы болып, дастарқаны қай кезде болмасын ағайын-туыс пен дос-жарандар үшін үнемі жаюлы. Ұрпақ өсіруімен қатар, Н.Исақовтар әулетінің абырой-беделін арттыруда ерекше үлес қосып келе жатқан Әлия қандай құрметке болса да лайық.
Бүгінде Н.Исақов құдай қосқан жары – заңгер Әлия екеуі екі ұл, үш қыз өсіріп, олардан 6 немере сүйіп, тәрбиелеп отырған мерейлі отбасы. Ананың ізін қыз басар, атаның ізін ұл басар демекші әкесінен тағылым алған үлкен ұлы Тілек бүгінгі күнде Ұлттық қауіпсіздік комитетінде абыроймен еңбек етіп жатса, Сабыры Президенттік күзет қызметінің жауапты қызметкері. Ал, ана өнегесін көрген қыздардың үлкені Күләш Жоғарғы Сотта, Ғайниі Тұңғыш Президентіміздің кітапханасында қызмет атқаруда. Кенжесі Элина мектеп оқушысы.
«Талапты бала талпынған құстай, құмары қанбас аспанға ұшпай» дегендей, олардың шығар биіктері мен алар асуларының әлі алда екендігіне Нұржан мен Әлияның қандай да бір күмәні жоқ.
Генерал – абыройлы атақ. Бұл атақты лайықтылар ғана арқалай алады. Егер, Елбасы сеніп, осы атаққа ла-йықты деп санаса, бұл сенімге секем түсірмеуім қажет деп тұжырымдайды Ағыбай батырдың ұрпағы генерал Нұржан Әзімханұлы Исақов.

«Менің бабам – Ағыбай»

– Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев – Қазақстан Республикасын әлемдік деңгейде таныстырып, елдің рухын биік ұстау мақсатында, Қазақ елінің жарқын болашағына ықпал еткен зор тұлға. Оның жарқын дәлелі «Рухани жаңғыру» бағдарламасының заңды жалғасы «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы туралы ой-пікіріңізбен бөліссеңіз?
– Әрине, қазақ даласы әйгілі ұлы тұлғалардың алтын бесігі болғаны шындық. Жоғарғы Бас Әскери Қолбасшымыз Н.Ә.Назарбаев айтқандай: «Ұлы дала әл-Фараби мен Ясауи, Күлтегін мен Бейбарыс, Әз-Тәуке мен Абылай, Кенесары мен Абай және басқа да көптеген ұлы тұлғалар шоғырын дүниеге әкелді». Сондай-ақ, даңқты, қазақ даласының қасиетті билері Қазыбек би, Төле би мен Әйтеке би және батырлары Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Шапырашты Наурызбай, Райымбек батыр, Жарылғап батыр, Жидебай батыр, Сырым Датұлы секілді ұлы тұлғалар ел тарихында мәңгі сақталған. Ұлы даланың ұлы тұлғалары ұлы қасиетті нақыл сөздерімен қазақ халқының жүрегінде мәңгілікке қалатыны ақиқат.
Енді, осы орайда, Қазақ елінің егемендігі мен тәуелсіздігі үшін, сыртқы жаулардан қорғауда үш жүздің басын алғаш рет біріктірген Абылай ханның орны тарихи шежіреде ерекше аталады. Тұғыры терең қазақтың дархан даласында оның есімі алтын әріппен жазылған. 1756 жылы Абылайдың бастауымен қазақтар, қытайлар мен қалмақтардың біріккен күшімен екі рет шайқасып, оның бірінде жеңіліп (Абылай жаралы болады), екіншісінде жеңіске жетеді. 1757 жылы Абылайдың 6 мың әскері Қытайдың 40 мың әскерімен шайқасынан соң, қытайлар жеңіліп, Абылайдан бітім сұрады. Осы жеңістен кейін қазақтың үш жүзінің сұлтандары, билері, халқы бір ауыздан Абылай ханды ақ киізге көтеріп, қазақ елінің үш жүзінің Тұңғыш мәртебелі ханын сайлады. Тегеурінді әскери қимылмен қатарластырыла жүргізілген дипломатиялық әркеттері Абылай ханды өз заманының ұлы қайраткері деңгейіне көтерді. Оның әскери іс-тәжірибесін сол кезеңде әлем мойындаған.
Ал, Кенесары Қасымұлы болса, Абылай ханның тікелей ұрпағы ретінде Қазақ елінің бүтіндігін сақтап, жан-тәнімен елдің тәуелсіздігін қорғай білген қаһарлы Хан болып, шапқыншылармен жанталасқан шайқаста батырлықпен, ерлікпен қаза тапқан Қазақ елінің соңғы ханы. Осыған орай, айтып кететін жағдай, Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев та, сол Абылай ханның ақ жолын қайталағаны ақиқат. Өйткені, Елбасымыз, сонау ХХ ғасырдың аяғында зайырлы тәуелсіз Қазақстан мемлекетінің негізін қалаған ел таңдаған Тұңғыш Президент.
Жоғарғы Бас Қолбасшымыз атап өткеніндей, қазақ даласындағы осы тарихи тұлғаларының рухы әрқашан біздің еліміздің қарулы күштерінің генералдары, офицерлер мен сарбаздарына рух беретініне сенімдімін.
– Нұржан Әзімханұлы, әскери патриоттық рух дегеніміз үлкен ұғым. Осы патриоттық тәрбие рухын іске асыру мәселесін қалай түсіндірер едіңіз?
– Менің білуімше, әр қазақ баласы ата-бабаларының рухына тағзым етіп, өзінің өмірлік жолында ата-бабасының ізін жалғастырушы ретінде бар жігерін салып, әруақты бабаларының рухына сыйынады. Осыдан бастап, ел тәуелсіздігін, ел игілігін, ел шекарасын қорғау мәселесі патриоттық рухтың үлкен тәрбиелік негізін қалайды. Мен мақтан тұтатын әйгілі Кенесары ханның үзеңгілесі, құрдасы, бас батыры болған аруақты Ағыбай батырдың ұрпақтарының бірімін. Бала кезімнен Ағыбай бабамыздың ерлігі мен батырлығын ауыл ақсақалдарынан, үлкендерінен, соғыс ардагерлерінен естіп өстім. Батырдың атақ-даңқы әр ұрпаққа һақ.Тағы бір айта кететінім, қазақ даласы һас батырлар, ойшыл терең билер, ұлы ғұламалар мен әйгілі хандардың Отаны. Осы орайда әскери патриоттық рух дегеніміз де осыда.
– «Ақжолтай Ағыбай батыр туралы көп естідім» дедіңіз. Сол үлкендерден естігеніңіздің бір үзіндісін айтып кетсеңіз?
– Ағыбай батыр өз елінің беделді, әрі атақты батыры болған. Оның даңқы, абыройы жайында Иса Байзақовтың «Қойшының ертегісі» поэмасында жазылған екен:
Білмеген Ағыбайды ел болмаған,
Тең келіп қарсыласар ер болмаған.
Ағыбайдың үш жүзге даңқы кетіп,
Ол кезіп, ол бармаған жер болмаған.
Сонымен қатар, батырдың аталып өткен ерліктерін жоғары бағалаған қазақтың ақын-жазушылары да аз болмаған. С.Сейфуллин «Ақжолтай Ағыбай батыр» атты роман, Жүсіп Алтайбаев ол туралы повесть жазып кеткен.
Халық арасында Ағыбайды «Ақжолтай» деп атаған. Ол ханның бас батыры, кеңесшісі, бас әскери қолбасшысы болған. Бұл туралы Е.Бекмаханов өзінің ғылыми еңбегінде атап көрсетеді: «Ағыбайдың кө-терілісшілер арасында қатты кұр-меттелетінін Кенесарының әйелімен арасындағы мына бір әңгімеден аңғаруға болады: бірде ханым Кенесарыдан: «Сіз қол астыңыздағы кейбір батырларыңызға мың басы, бес жүз басы деген ат бересіз, ал, осы аттардың біреуін Ағыбайға неге бермейсіз?» деп сұрайды. Сонда Кенесары: «Менің әскерімнің бастапқы шебі жауға «Абылайлап» шапса, ал, кейінгі қатары «Ағыбай» деп ұран салады. Міне, сондықтан, оған әскери атақ бермеймін», – деп жауап қатады». 1841 жылы хан оған күмістелген қанжар тарту етеді, ол қанжар кейін 1896 жылы бүкіл ресейлік көрмеде көрсетіледі.

Азамат ОМАРОВ,
журналист

Алдыңғы «
Келесі »

Пікір қалдыру

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды.