БАҚЫТ ҚҰШАҒЫНДА

  • 26.02.2019
  • 431 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Сапарбай ПАРМАНҚҰЛОВ,
Қазақстан Жастар одағы сыйлығының лауреаты

Итен ақсақал столының үстінде жатқан бір құшақ газетті сырттай қарап-ақ айырды. Олардың бәрін түрлері мен тақырыптарынан бірден таниды. Өйткені, жаңадан шыға бастағандары бір көргеннен одағайлап, әдемі әспеті әрі өзіне тартымдылығымен еліктіре түсер еді. Шіркін, еліктіре тартатындары аз ғой, көбі түрлі-түсті суреттерге көңіл аударып отырады-ау деймін. Негізгі мазмұнға көңіл бөлсе ғой деп ойлайды. Газеттің әдемілігіне көз үйретіп алған соң, тақырып мәнісі, айтар ойы бар, тартымдылығы жүректі баурайтын, қызықтылығы мен зерттеу мәнері ой тастап ерекше еліктіре түссе дейсің. Алдағы күндері мына жайттарды қаузап жазса деп елеңдеп отыратыны бар. Газеттің дүниесі ойыңдағыны дөп басып жатса орынды көтерген екен деп, іштей ризашылығын кімге айтарын білмей, мақалаға көңілі толған сезімін жасыра алмай қайта-қайта көз тоқтатып шығатынын қайтерсіз. Осыған кәдімгідей бір еңсесі көтеріліп қалады.
Алдындағы көп газетті саралай қарап отырып, мына ғұмырында өзіне берілген тағдырдың жақсылығы мен қиындығына бас иіп, соған шүкіршілік етеді. Жаратқанына мың сан тәубесін айтып, іштей күбірлеп қояды.Итен ақсақал газеттерді қобырата отырып, өзінің қай санында жарияланғаны белгісіз, алғаш мақала жазған газет тігіндісін ақтара берді. Құдай-ау, қай мезгіл еді, есіне түсіре алмай отыр, ауылда көгілдір көктемнің молынан шығып жайдары жазға ұласқан кезеңі болатын-ды. Онда жетіншіні аяқтап қалған еді. Мектепте де жазғы каникулға шығамыз деп, «Қайталау – оқу Анасы!» деп жатқан кез, «әнеки, көрдіңіз бе, ол түгілі оқу екеш оқудың да анасы болады» деп жатқан сәт. Гүлге көмкерілген ауылдың жасарып, жайнаған, бояуы құлпырған әдемі қоңырқай шағы. Ауылдағы нағыз қарбалас уақыт. Иекеңнің төргі бөлмедегі бір бұрышта жатқан аудандық газеттің бір нөмірі көзіне түсті.Неге екенін қайдам, өзінен-өзі жайғасып отырып газетті асығыс ақтара бастады. Бір кезде таныс көршісі туралы жазылған мақаланы байқап қалды. Таныс кісі болған соң ба, әйтеуір, мақаланы басынан аяғына дейін бір әрпін қалдырмай оқып шықты. Оқып шықты да ойға берілді, сонда, «Мақала дегеніңіз осы ма?» деп қояды. Өзі танитын диқан туралы, оның қам-қарекеті жайлы, атқарған істері жөнінде, яғни, еңбек жолын жазыпты. Мақаланы оқып отырып, өзінің балаң көңілмен қызығушылығы ма, еңбек етіп жатқан көршілері жайында жазғысы келді. «Мен де қалам тербесем болады екен. Тек білетін адам туралы, білетін мәселені ғана айтайын. Ауылдағы проблеманы сол кейіпкердің аузына салайын» деп ой түйді.
Итен күріш алқабына барып, су суғарып жатқан диқанмен сөйлесті, оның қарбалас тірлігі, мұраптың мың сан іс-қимылы жөнінде әңгімелесті. Өзі күнде көріп жүрген таныс тірлік, оған диқанның ойлары қосылып, қызықты әңгімеге ұласты, оның бәрін түнде отырып, мана айтқан сөзін қосып, арасында кемшілікті де біраз жазды. Сосын, өзі жазғандарын үстінен қайта түзеп, әдемілеп, дәптердің бес-алты бетін толтырды. Сосын, жазған мақаласын ертеңіне мектепке бара жатып конвертке салып ауылдағы пошта жәшігіне тастап жіберді. Қызықты қараңыз, келесі аптаның аяғына қарай газетті қараса тура таныс сөйлемдер, жеңіл оқылады.Мақаланың соңына көз қырын салды. Неге екені белгісіз, өз аты-жөнін жүгіртіп оқи алмай, жүрегі лүпілдеп соғып, қолы дірілдеп кетті. Өз фамилиясы, сенерін де, сенбесін де білмеді. Таңғалды. Бұл не деген құдірет!Сөйтіп, тұңғыш мақаласы жарық көрген жас бала қуанышы қойнына сыймай үйіне жеткенше асықты. Бұл 1955 жылдың 29 мамыры күні Сырдария аудандық «Коммунизм таңы» газетінде бас-аяғы жұп-жұмыр «Сушының міндеттемесі» деп аталатын суреттемесі басылған сәттегі көңіл толқуы еді.
Болашақ журналистің осы тырнақ алды мақаласы оны үлкен өмірге жетеледі. Арманшыл бала аңсары газетке ауды. Ол алдына журналист болуды мақсат етті. Оның баспасөзге қызығушылығы осылай қалыптасты. Журналистикаға деген талабы күшейіп, бүгінде ел ардақтысы, ақсақалы атанған Итеннің балаң көңілмен, талапшыл һәм ізгі тілекпен жасаған алғашқы қадамы оңғарылды.
Өмірде таңданыс тудыратын жайттар көп кездеседі ғой. Өзі де кейін білді. Анасы Әнипа әжеміз он бір құрсақ көтерген, бірақ сәбилері бірінен соң бірі шетіней берген. Содан келіп, көпті көрген көнекөз қариялар келесі ұлын босанғанда нәрестенің өмірі ұзақ болуын ырымдап, иттің бауырынан өткізіп алуды ұйғарыпты. Ауылдағы ардақты аналар кішкентай сәбиді иттің бауырынан өткізіп алғанда қыңқ деп жыламаған деседі. Аталары – ауыл қарттары сәбиді қолға алып құлағына ұш қайтара «Сенің атың Итемген, сенің атың Итемген, сенің атың Итемген!» деп қайта-қайта сыбырлап ат қойған екен. Кейін Итен аталып кетіпті. Итен аяғын апыл-тапыл, енді, басқанда әкесі Әбсәттар қан құйлы зұлым соғысқа аттанады…
Итен ақсақал оған «тағдырының маңдайға жазғаны» деп қарап, өміріндегі ең бақытты сәтті жанарына еріксіз жас ала еске алады. Араға үш жыл уақыт салып, ағайын-туыс, ауыл-аймақ болып, орталарына бүлдіршін балаларды алып, соғыстан қайтқан солдатты сағынышпен қарсы алуға шығады. Күн сайын қара қағаз келіп, суық хабарлар елдің берекесін алған кезде алғаш рет қуаныштың ақжолтай хабаршысы тәрізді қолтығына қос балдағын сүйеп жарадар болған ел тілеушісі әкесі келіп тұр…
Қуаныштан ба екен, әкесінің көзінде жас, баласын бауырына басқан күйі еңкілдеп жылайды дейсіз… Мейірге шомылған бала ақсаңдаған әкесінің мойнында шаттыққа бөленгенін есіне түсіреді. Мақтанышқа еліккен баланың шадыман кейпі көз алдына келеді. Мұны жетекке алған анасының аялы алақанынан қыса ұстаған сәтті еске алады. Сол мәуріттегі анасы Әнипа мен әкесі Әбсәттардың аяулы бейнелері көз алдына келеді.
Итен ақсақал өмір белестерінің бәрі осы газет-жорналдарға қатысты өрбігенін бір жағынан мақтаныш көреді. Аудандық газетіңіз бар, облыстық газетіңіз бар, республикалық газеттерге белсене қатысқан сәттерін қашанда қимастық сезіммен ойға алады. Итен Қарымсақұлы Қызылорда облысы, Сырдария ауданының № 3 ауылында 1958 жылы орта мектепті бітіргеннен кейін облыстық «Ленин жолы» (қазіргі «Сыр бойы») газетінің редакциясында хат тіркеуші болып еңбек жолын бастаған. Редактор көп өтпей-ақ мектеп қабырғасынан жазу-сызуға бейімі мол талапты жастың талабын көріп әдеби қызметкерлікке жоғарылатады. Сол кезеңде облыстық газет редакциясында қызмет атқарып жүрген шығармашылық топ Итеннің қаламының ұштала түсіп, талапты жас жігіттің ширыға түсуіне мүмкіндік жасайды.Жас қалам ұшқырлана түскенде болашақ журналист жігіт Отан алдындағы борышын атқару үшін әскер қатарына шақырылады. Әскери борышын абыроймен атқарып жүрген қайсар да жігерлі жігіт Ресейдің көп таралыммен шығатын әскери басылымы «Красный боец» газетіне тұрақты мақалалар жазатын белсенді штаттан тыс тілшісі ретінде абыройға бөленіп жүреді. Сонымен қатар округ әскери тілшілерін даярлайтын арнайы мектепті ойдағыдай бітіріп шығады.
Әбден ширығып, шыңдала түскен қайсар рухты жас жігіт алпыс үштің қоңыр күзінде әскер қатарынан оралған соң Қызылорда облыстық газетінде еңбек жолын қайта жалғастырады. Талапты жас әдеби қызметкер ретінде танылып, сол еңбек ұжымында жетпіс бірінші жылға дейін тынбай еңбек етеді.
Бұдан соң 1971 жылы жаңадан ашылған Торғай облыстық «Торғай таңы» газетін шығарысты. Жауапты хатшының орынбасары болды. Қазір сол шақтар жайлы Итен ақсақалдың айтар әңгімесі көп.
–Бірде Торғай облыстық «Торғай таңы» газетінің редакторы Ә.Дүйсеновтен хат алдым,- деп сөз бастады ол, -Егер ықыласың болса кел, газетте орын бар, ойдағыдай қызмет ұсынамыз депті. Содан, қабырғаммен кеңесіп, Арқаға ауысқанды жөн санадым. Өйткені, Арқаның ауасы таза, жанға шипа, жүрекке жебеу болар әрі өрісімді ұзартып, көкжиегімді кеңейте түсейін деген тұжырымға келдім.Оныма өкінбеймін, жаңа ортада жаңа адамдармен танысып-білісіп мамандығыма байланысты өндіріс тақырыбын өндіріп жазатындай жағдайға жеттім. Елдің, жердің жаманы болмайды. Қайда жүрсем де абыройлы болдым.
И.Қарымсақұлы 1973-1980 жылдары Жезқазған облыстық «Жезқазған туы» газетінің редакциясында бөлім меңгерушісі әрі алқа мүшесі болып қызмет атқарды. Тағы да бейтаныс қала, бейтаныс адамдар. Облыстық «Жезқазған туы» газетін шығару да оңай болмағанға ұқсайды. Өйткені, ол қиын кезеңге тап келді. Ғимарат жоқ, баспахана жаңадан қалыптасты. Кадрлар да тапшы болды. Сол күндерді әріптес достары қимастықпен еске алады, естеліктер де жазып жүр. Итен ақсақалдың бірге еңбек еткен әріптесі, ақын С.Нәкенов сол жастық кездің аса қиын сәттерін сағынышпен былай деп жазған: «Хаттарды оқыған сайын көңілге бір қуаныш құйылатын сияқты. Бөлім меңгерушісі Итен Қарымсақұлы осы газеттің ең тұңғыш номерін шығарғанда, баспахананың еденіне ұйықтап шыққанын әлі күнге жыр ғып айтады. Иә, ол кезде тура сол 1973 жылдың 12 сәуірінен 13-іне қараған түнде осы 14 кабинетте 4-ақ журналист отырған еді…». Бұл сөздер «Жезқазған туы» газетінің 1977 жылғы 22 мамыр күні шығарылған 1000 – шы арнаулы мерекелік санында журналистің газет жұмысына беріле кіріскенін шын көңілмен суреттеген мақаладан алынды.
Міне, өмір деген осы. Дегенде, туған жер уақыт ілгері жылжыған сайын бауырына тартып, сағыныш сезімдеріңді әлдилей түседі, әрі елдегі ағайындар да, қартайған ата-анасы да ауылға оралғанын қолайлайды. Ақыры туған жеріне оралады. Тағы да өзінің бұрын еңбек еткен облыстық «Ленин жолы» (қазіргі «Сыр бойы» ) газетінің редакциясы, жасынан бауыр басқан ыстық ұясы құшақ жая қарсы алады. Он бір жылдан кейін, яки 1996 жылы Алматы қаласына қоныс аударып, мұнда он үш жылдан астам уақыт қалалық прокуратураның баспасөз хатшысы болды. Негізгі жұмысына қоса шығармашылықпен айналысты. «Қоңыр қалам», «Адамдар. Жылдар. Тағдырлар», «Жүрек жазбалары», «Жаса, жарық күн!» деген, негізінен құқық тақырыбына жазылған кітаптары жарық көрді.Қарымды қаламгердің туындыларының бәрі де оқырмандар тарапынан ыстық ықыласқа бөленді.
Қызылорда облысында «Прокуратура тынысы» газетін шығарса, Алматыға келген соң редакциялық кеңестің мүшесі ретінде қала құқық қорғау органдарының басылымы «Прокуратура хабаршысы – Вестник прокуратуры» және «Тура жол» газеттерін екі тілде шығаруға бас-көз болды.
Өнегелі өмірінде сан мектептен өтіп мол тәжірибе жинаған зерделі қаламгердің журналистика саласында өзіндік үлкен қолтаңбасы бар. И.Қарымсақұлы, әсіресе, мемлекеттік тіл, адам құқы, заңдылықтың сақталмауы, мемлекет қаржысын талан-таражға салған сұғанақтар, қоғам мүлкін өз иелігіндегі дүниедей иеленген қорқаулар ісі, өзге де қоғам мүлкіне қол сұғу, қасақана кісі өлтіру, ұйымдасқан қылмыстық топ жайлы жазған мақалалары кезінде жұртшылық назарын өзіне аударды. Сонымен бірге салық заңының бұзылуын, қылмыстық істердің шиыршықталып әрі өрескіл бұрмалануын жіпке тізгендей нақтылап, тиянақты тексерулер негізінде жүйе-жүйесімен дәлелді күйінде дүйім жұртқа әшкере етіп, газет оқырмандары алдына жайып тастады.
Бір сәт өткен жылдардың газет-жорнал беттеріне көз жүгіртіп өтсеңіз «Сот іс қарады», «Қылмыс – қоғамдық дерт», «Бір қылмыстың хикаясы», «Дабыл», «Суыт хабар», «Қылмыс пен тұрмыс» айдарлары ауқымында өзекті тақырыптарды жиі-жиі қаузап отырғанын айқын байқайсыз. Талмай ізденістің толымды нәтижелерін оқырманға жеткізуге асығатын қаламы қарымды журналист Итен Қарымсақұлының іскерлігі құқық саласына қалам тартқан тұста көзі қарақты адамдарға осылай мейлінше жарқырай көрінді.
И.Қарымсақұлы ұзақ жылғы журналистік жемісті қызметі үшін 1978 жылы КСРО Журналистер одағының Құрмет дипломымен, 1989 жылы «Еңбек ардагері», 2011 жылы «Қазақстан Республикасының прокуратурасына 20 жыл», 2014 жылы «Сыр бойы – 85» және 2016 жылы «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігіне 25 жыл» мерекелік медальдарымен, еліміздің Бас Прокурорының Құрмет грамотасымен марапатталды. Қазақстанның Құрметті журналисі, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Ы.Алтынсарин төс белгілерінің иегері, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты. Қызылорда қаласының Құрметті азаматы. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одақтарының мүшесі.
Бүгінгі күні И.Қарымсақұлы әулетінің адамгершілік пен ынтымақты негіз еткен үлкен шаңырағының инабаттылықтың тінін сабақтастырып отырған сәулелі дәстүрін жалғастырып келеді. Жан жары Күләйхан апамыз екеуі өскен ұрпақтың ұйтқысы болып отыр. Екеуі өсірген ұл-қыздары Серік, Бақытжан,Сәуле және Сабыржан жоғары білімді саналы азаматтар, әр салада жауапты қызметтерді абыроймен атқарып жүр. Олардан тараған он бір немеренің алды жоғары білім алып еңбекке араласты. Үш шөбересі бар. Бұл бақыт құшағы тербетіп отырған шаттықты шаңырақ. Солардың ортасында Итен Қарымсақұлының мәртебесі биік, абырой-беделі жоғары, бәйтеректей асқақ көрінуі адал еңбегінің, көңіл тазалығының және үлкен адами бітім-болмысының арқасы деп ойлаймыз. Біз әріптесімізді сексен жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтай отырып, зор денсаулық, зор бақыт тілеп, алдағы уақытта да биік белестерден көргіміз келеді.

Алдыңғы «
Келесі »