Қ.МЫРЗАЛИЕВТІҢ ТАБИҒАТ ЛИРИКАСЫНДАҒЫ ЛИРИКАЛЫҚ ҚАҺАРМАН ТҰЛҒАСЫ

  • 26.02.2019
  • 90 рет оқылды
  • 0

Гауһар Жұмабекова,
С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің аға оқытушысы

Бұл мақалада өзінің астарлы философиялық өлеңдерімен танымал, белгілі, қадірлі ақындарымыздың бірі – Қ.Мырзалиев табиғат лирикасын жырлауда нендей үлес қосты, өзіндік үні қандай ақын екенін дәлелдей отырып, стиль ерекшелігін, лирикадағы қаһарман бейнесін қарастырамыз.
Қазіргі қазақ поэзиясындағы табиғат лирикасы дегенде, Қ.Мырзалиев өлеңдеріндегі лирикалық қаһарман өзгеше орынға ие. «Бүгінгі Қ.Мырзалиев – қазақ поэзиясындағы философиялық тенденцияның белді өкіліне айналған, ел үмітін, халық сенімін арқалаған үлкен санаткер. Бір-бірімен байланысып, үндесе жалғасып жатқан кітаптарындағы ортақ лирикалық кейіпкер бойынан адамзат баласының мәңгілік мұратынан саналатын асыл қасиеттердің жарқырай көрінуі оның тұлғасын одан сайын толықтырып, шын мәніндегі уақыт перзенті екенін дәлелдейді. Ақынның қазақ поэзиясына әкелген үлкен жаңалығы деп жасқанбай айтуға болатын жетістігі, ұзақ уақыт бойы ізденудің, оқу мен жазуды ойдағыдай ұштастырудың нәтижесінде қолы жеткен табысы – толыққанды өлең кітаптарын жасап, олардың формасын түбегейлі орнықтыруы.
«Ой орманы» кітабының екінші бөлімінде «Көкжиекте көзім де, айналада құлағым». Лирикалық кейіпкер бұл бөлімде туған жер табиғатын тамашалайды. Мұнда тарқатыла келіп түйінделетін философия жоқ, нақтылы көрініс, дәл теңеулер арқылы жасалған көркем де тартымды картиналармен ұшырасамыз. Жаңалығы да, артықшылығы да сол – ақын дала сұлулығын заман тілімен бейнелейді. «Сен алып пластина дөңгеленген, инең боп тұрады ылғи ән салғым кеп». Бұл – сурет, сонымен бірге, поэтикалық ұшқыр ой да сыйғызылған толғам. Лирикалық кейіпкердің дидарын айқындайтын факторлардың бірі – оның көру, қабылдау, түйсінудегі даралығы болса, ақынның «мартен» пештің ауызындай боп көкжиекке батты күн, «күйзелген шөп – даланың төбе шашы тік тұрған», «планерлер тәрізді ұшып-қонған шегіртке», «төрт түліктің нанындай төрт бұрышты маялар», «түтіні жер ошақтың – бейбіт күннің жалауы», «төніп тұрған ақ жаңбыр – дір-дір еткен экран» – деген тіркестердегі теңеулері өзіне лайық жүгі бар, тапқырлықпен қолданылған бояулар»
Ақынның «Боз дала» деп аталатын өлеңін мысалға келтірейік:
Боз белден құлады бір сезім көші,
Боз қырау қысынды ойлап
езілмекші.
Боран түн қылаң таң боп
бозарғанда,
Бозторғай, бебеу қақшы, безілдеші.
Басымнан сипағандай боздақ ағам,
Боздағым, сағыныштан қоздаған ән,
Боласың боза ішкендей ауа жұтып,
Боз жусан, боз көделі боз даладан.
Бір ғана «боз» деген сөз арқылы туып тұрған эпитеттерде қаншама терең сыр жатыр. Ұлттық бояу жатыр. Әдемілік пен шындық жатыр. Егер «боз үй», «боз жусан», «боз көде» ұлттық санамызға тым жақын болмай, бөгде ұғым болса, жанымызды осынша толқыта алар ма еді? Яғни, тілге жеңіл оралатын бұл суреттің тереңінде айрықша келісім көзі, көркем шындық көзі бар. Қадыр осы сияқты сөздерді сабақтағанда ботасын сауған інгендей иіп қоя беруіміз сондықтан. Қай жағынан алғандада өлең «айналасы теп-тегіс жұмыр келген», «Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиетін», мінсіз өлең. Сезім мен сурет қатар өрбіп, шешендікке ұласып жатыр. Жалпы, Қадырдың қанында шешендіктің түйіршіктері бар.
…Басымнан сипағандай боздақ ағам,
Боздағым, сағыныштан қоздаған ән.
Боласың боза ішкендей ауа жұтып,
Боз жусан, боз көделі боз даладан.
Осы шумақтағы сөздік қорды пайдаланып қана қара сөзге айналдырсақ, өлеңнің ешбір көркемдік қасиеті сақталмайды. Бірнеше сөзді жанымыздан қосып, лириканы қара сөзге айналдырып көрейік: «Даланы көрсем, боза ішкендей мас болам, маңдайымнан жақсы ағам келіп сипағандай боздағым келеді, сағыныштан кеудемде ән қоздайды». Лириканы баяндау екені рас, бірақ дәл бүгінгі прозаға үйлесімді лиризм емес. Ал өлең түрінде мүлде бөлек, поэтикалық әлденеше қабаттардан тұратын, мән-мазмұнды лирика болып шыққан. Бүгінгі поэзия талабына толығынан жауап бере алады. Көріп отырмыз, мәтін қара сөзге айналғанда «даланың» алдындағы эпитеттің бәрі түсіп қалуға тура келеді. Ал өлеңге ерекше ажар беріп тұрған сол эпитеттер. Әсіресе «боз» эпитеті арқылы өлең асқақ тұр. Осы түбірлес «боздақ», «боздағым» сөздері арқылы поэтикалық жүйе туындап тұр. Тұтас астарға айналып тұр. Я, өлеңдегі жаңағы гармониялық үйлесім белгілі дәрежеде саз береді – дейді лирика жанрын зерттеуші ғалым Б.Кәрібаева.
Ал, біздің айтпағымыз, Қ.Мырза-лиевтің бұл өлеңіндегі ең алғашқы жолды аңғармай өтуге болмайды. «Боз белден құлады бір сезім көші», – дегенде, әдетте қазақ халқы белден көш құлады деп айтады. Қазақи тұрақты қолданыстың біреуі. Осы тұрақты қолданысты ақын «сезім көші» – метафоралық тіркес арқылы жасалған ұлттық бояуы бар, бірақ, алдымен, лирикалық қаһарманның туған жер табиғатына деген махаббатының биіктігі тұрғандығын ізерлеу керекпіз. Көш сөзі, белден көштің құлау ұғымы көптік мағына беретіндігі белгілі, сол арқылы ақын үлкен бір ауқымды нәрсені аңғартуы арқылы лирикалық қаһарман сезімінің соншалықты зор екенін бағамдауға болады. Даланы көрген кезде лирикалық қаһарманның көңілі хош. Лирикалық қаһарман үшін дала – кәдімгі туыс сияқты, табиғатты адам секілді көреді, кез келген адамға емес, жақын-туысына сияқты ыстық сезім бар. Лирикалық қаһарман даланы көру арқылы туысқанының аялы алақанын сезінгендей әсер алады. «Боз дала, құшағыңды аш, қозың келді» тармағында лирикалық қаһарман өзінің Даласының қозысы болып тұр. Лирикалық қаһарман қанша есейіп, үлкейіп кетсе де, даланың қозысы және ол далаға барғанда өзін бала сияқты сезінеді. Лирикалық қаһарман балалық шағына қайта оралғандай болады. Бұдан біз ақынның қозы деген сөзді жайдан-жай алмағандығын көреміз. «Қозы» сөзі арқылы «Мен сенің балаңмын» дегенді білдіреді. Өлеңнен лирикалық қаһарманның табиғатқа еркелеуі де көрінеді. Дала – лирикалық қаһарман үшін екінші анасы сияқты. Лирикалық қаһарманның туған жерге деген махаббаты толықтай көрінуіне жоғарыда айтқан сөздер айғақ бола алады.
«Қ.Мырзалиевтің табиғаттың бір бөлшегі – жануарларға, аңдарға арналған туындылары баршылық. Соның бірі – «Қорамсақ» бөліміндегі «Арыстан» өлеңі. Өлең арыстанның қасиетін ашуға, көрсетуге бағытталғанмен, соңғы шумағы лирикалық қаһарманның өмірден түйген қорытындысы іспеттес, философиялық ой аңғарылады.
Бұрқыраған жалы қандай!
Бас қандай!
Оның пысы басады тау басқандай.
Кімге деме
Шақырайған күнге де
Тесіледі кірпік қақпай
Жасқанбай!
Осы шумақтағы «бұрқыраған» қолданысынан нақты сурет елестетеміз. Тауды басу оңай емес. Ендеше пысының өзі тау басқандай болуы арыстанның мықтылығын байқатады. Алдыңғы екі тармақтың көтеріңкі интонациямен оқылуы да арыстанның қасиетін аша түседі. Күнге тесіле қарау оңай емес. Және жай күн емес, «шақырайған» күн, бірақ, соған қарамастан тесіле қарауымен қоймай, «кірпік қақпай» қадалу жүзеге асып, соған оқырманды сендіреді. Бұл да арыстанның күштілігін, айбарлығын дәлелдейді. Екінші шумақтағы «ақырса» өрнегінен арыстанның дауыс ерекшелігін, ал, «аң базары, құс базары» тарағанына қарап, оның қаһарлығын аңғарсақ, «маңғаз әрі тәкаппар» қарауынан лирикалық қаһарманның арыстанды ерекше сипатты, асқақ кейіпте қабылдау ерекшелігін кезіктіреміз. Келесі шумақтағы «соқса сарай құлататын төрт аяқ» тармағы арқылы арыстанның мықтылығын көрсетсе, соңғы тармақтағы «дүлей күшті тас тұғырдай тұр тіреп» деген жолдары оны дамыта түседі. «Болат қамшы сияқты анау құйрықпен, // Бір қойғанда // Бұрқ етеді көк тас та!» – дегендегі жай тас емес, «көк тас» деп қолдануының өзінде беріктік бар. Сол берік тастың құйрықпен бір қойғанда «бұрқ етуі» оңай емес. Бұл арыстанның қаншалықты мықты екендігін аша түседі» десе, біз бұл өлеңді түйіндей келе, айтарымыз мынау: лирикалық қаһарман – арыстан сияқты мықтыларды қалайтыны, арыстандай айбаттыларды ұнататыны, ең бастысы – лирикалық қаһарманның өмірді тануынан, оның үлкен философиялық ой тастауы арқылы өмірдің (тіршіліктің) өз заңдылықтары мен қайшылықтары болатындығын ескертеді. Бұдан біз табиғаттың бір мықты тіршілігі – «арыстан» бейнесін ашу арқылы автор лирикалық қаһарман бейнесін сомдаған деп түсінеміз.
Енді, ақынның мына өлеңіне назар аударайықшы:
Мен үшін ауылымның әр күні өлең,
Махаббат дейтін мәңгі бар бір емен.
Ғажап қой,
Алай-дүлей бораннан соң,
Аулаға шығып алып қар күреген.
Баяғы еркін ауыл,
Еркін халық,
Күн батар көк жиекке өртін малып,
Ғажап қой,
Буын сүрткен маңдайыңнан,
Басыңнан терлеп кеткен
бөркіңді алып.
Ақынның бұл өлеңдерінің терең мазмұндылығына, заманға, қоғамға деген өткір, шыншыл көзқарасына, тереңнен толғайтын философиясында ешбір мін жоқ. Ал, табиғат лирикасын жырлағанда ақын, тек табиғатты ғана жырлап қоймай, айналасындағы барлық өмір құбылыстарымен байланыстыра, салғастыра жырлайды. «Күн батар көк жиекке өртін малып» тармағындағы «малу» – бір нәрсеге батыру ұғымын білдіретін мәндес сөздер. Күн батып бара жатқандағы күннің қызыл шапағы «өрт» сөзімен берілген ақынның ерекше қолданысы болып табылады. Лирикалық қаһарман еркін жатқан ауылдың боранын, қар күреуді ұнатады. Лирикалық қаһарманның бейнесі арқылы ауылдың табиғатын, ауыл көріністерін танимыз.
Ақын өлеңдеріндегі лирикалық қаһарман өзінің қарапайымдылығымен, асып-таспайтын салмақтылығымен, ойлылығымен бірден көзге түсетінін аңғаруға болады.
Көктем ақындардың жиі жырлайтын жыл мезгілінің бірі екендігі белгілі. Енді ақындар көктем мезгілін қалай жырлады дегенде, оларды салыстыру негізінде әркімнің өзіндік даралығын көруге болады. Мысалы: «Қ.Мырзалиев өлеңдерінде көктемді суреттеу, көктем бейнесі жиі кездеседі. Ақын көктем көрінісінің бар сұлулығын шебер бейнелейді. Лирикалық қаһарман да көтеріңкі көңіл-күй әуенімен табиғатты тамашалауымен ерекшеленеді. Мысалы: «Мақтасындай көнелеу бір көрпенің // Қардың жүні қалды бірден жығылып». Ақын көріністі нақты, дәл елестету үшін теңеуді тұрмыстан, күнделікті өмірден алады. «Көктем келіп қалыпты-ау» өлеңінде көктем көрінісін бірыңғай дыбыс үндестігіне құру арқылы келісті суретті елестетеді: «Шымырлаған шуаққа шыдай алмай // Шыңылтыр мұз кешегі кеткен кеміп». Дыбыс үндестігі әрі қарама-қарсылықты алу арқылы ақын өлеңге әсер береді» – десе, ал, А.Егеубай көктемді ақ түске ұқсату арқылы лирикалық қаһарманынан көктемді ерекше ұнататынын, барлық табиғат құбылысын ақ түске теңеу арқылы сондай адамдық қасиеттерді бағалайтыны да лирикалық қаһарманның талғампаздылықты, ақжүректілікті қалайтыны аңғарылады. Мысалы: «Ақ түсті табиғаттың гүл көктемі, // Әппақ ардай дақ түспеген», «…адамның жаны да әппақ // Ақ түсті ары да // Әлемге ақ жүрекпен ғашық ол! // Дақ түссе, // Шаң түссе жанына, // Ақ жүрек жеңеді тағы да»
Енді Қ.Аманжолов жырлаған көктем бейнесінде табиғат бар ерекшелігімен суреттеледі. Ақын аз сөзге көп мән сыйғызып, келісті сурет жасайды. Мысалы: «Күлімдеп кел тезірек, кел, көктемім, // Өмірдің «рақатына» тең көктемім. // Тігілген он бір қанат ұлы ордама, // Сұлудай тәжім етіп ен, көктемім» десе, «Мен биыл он бір қанат орда тіктім, // Төрінен орын қойып сені күттім. // Жырыммен бетіңді ашып енгізейін, // Тезірек кел, көктемім, кел, сүйіктім!» – деген өлең жолдарынан лирикалық қаһарманның көктемді ерекше жақсы көретіні, оны асыға күтуі мен оған деген сағынышы көрінеді. «Масайрап, гүл-гүл жайнап, кел тезірек, Сағынған жер анаң да тұр елжіреп, Сүті ағып, «алпыс екі тамыры иіп», Жадырап, жаны жібіп, күлімсіреп». Мұнда табиғат құбылысы адам сезімімен байланыстырылып, адам қандай күй кешсе, табиғат та соншалықты күй кешетіні берілсе, ал, мына өлең жолдарында: «Жер күліп, аспан төніп құшақтасып, // Бейне бір қосылғандай екі ғашық. // Асқандай аясынан айдын шалқып, // Кербез бел күнге қарап қойнын ашып». Мұнда да лирикалық қаһарманның сезімі табиғат құбылысымен орайластырылған. Бірақ, бұл жолдардағы ерекшелік – адам мен табиғат тұтас алынады және де табиғат көрінісі – жер мен аспанды қыз бен жігітке (екі ғашыққа, олардың сезіміне) теңеп, балама жасағанын көруге болады. «Көңлі шат, жүзінде нұр бәрінің де, // Қайғыдан хабары жоқ кәрінің де. // Бақыттың дариясы (метафоралық тіркес) шалқығандай, // Қарайды қуанышпен алтын (эпитет) күнге» – дегенде, біріншіден, лирикалық қаһарманның қуанышы, серпілісі берілсе, екіншіден, лирикалық қаһарманның көзімен берілген тіршілік салтанатын танытып тұр. Қорыта айтқанда, өлеңдегі лирикалық қаһарман – көктемнің бейнелі де, әсем көрінісін бақылаушы, соны қабылдаушы болып көрінеді.
Ғ.Орманов өлеңдерінде көктем көңілді, жайдарлы суреттеледі. Мысалы: «Күлімсіреп көк аспан, // Шалды жылы күншуақ. // Мал мен жанға үн қосқан // Жамырады (көптік ұғым) құс шулап» – деген өлеңінде лирикалық қаһарманның көзіне аспан күлімсіреп тұрғандай, тіршілік жанданғандай болып көрінеді. Өлеңнің келесі шумағын талдайық. «Жерді желдің лебізі (метафоралық тіркес) // Сүйді ақырын дегдітіп, // Жасаңғырап тек жүзі // Келеді бір өң бітіп». Ең алдымен, «ақырын дегдітіп» деген тіркес автор стилін әйгілеп тұр. Өйткені, ақынның ерекшелігі сонда, сүйгеннің өзінде «ақырын» дегдітіп қана сүйетінін және жерді желдің лебізіне сүйгізетіні, сонымен қатар, желдің «лебізді» болуы да автор стилін қуаттай түседі.
Жоғарыда айтылғандардан түйе-тініміз: Қ.Мырзалиевтың суреткер, өзіндік стилі қалыптасқан ақын екендігі өлеңдерінің мазмұны мен сөз саптауынан-ақ сезіліп тұратындығы, басқа өлеңдері тәрізді, табиғат лирикасын жырлауға үлкен үлес қосқандығы, әсіресе лирикалық қаһарман бейнесін сомдауда ақынның нағыз ақындық шеберлігі танылғандығын көреміз.
Қ.Мырзалиевтің табиғат лирика-сындағы лирикалық қаһарман ерекшелігі дегенде, алдымен, әрбір лирикалық қаһарманға дәуір, уақыт, заман әсерін, ақынның жеке, дербес стилі, тақырыптың да әсері барлығын және тілдік бояулар ақынның стиліне бағындырылып, содан ақынның мінезін, сезімін көретінімізді айтқымыз келеді.
Қ.Мырзалиев «Орман» өлеңінде:
О, табиғат!
Хауанадай кәрі ана!
Орманыңа өзге көзбен қарағам.
Зәулім-зәулім перзенттерің болмаса,
Орта бойлы ұлдарыңның бәрі аман.

Менің өзім зордан емес, борданмын
Зор боп тусам, мен де саған
қорғанмын.
Сұлап жатыр самырсындар
көк соққан
Опат болған батырындай орманның
Ақын «Орман» арқылы үлкен елдік мәселе экологияны көтереді: адамдардың табиғатқа жанашырлығын оятып, табиғатты қорғауға үндейді. Лирикалық қаһарман үшін адам да, орман да табиғаттың перзенттері. Екінші шумақтың алғашқы екі жолында лирикалық қаһарман «мен табиғатқа қорған болар едім, егер де зәулім болсам» деген ой айтады. Лирикалық қаһарман табиғаттың опат болып бара жатқанына қатты күйзеледі.
Соңғы шумаққа үңілсек:
Ақылға бір сыймайсың-ау, ажал-ай!
Аспан кескен әділетсіз жазадай
Ну тайгадан таңдап-таңдап
Ең биік
Ағаштарға түсіпті ылғи найзағай! – деуінде ақын орманды суреттеу арқылы адамдардың ең күштілері, ең мықтылары өмірден ерте кетеді, ондай адамдар көп жасамайды деген философиялық, астарлы ой тастаған.
Қазақ поэзиясында алдымен табиғат, экология мәселелерін жырларына арқау еткен ақын Қ.Мырзалиев болды.
Ақынның «Сәуір» өлеңінде көктем сипаты, сәуір айындағы жаңарулар, табиғат құбылысының жанданып, жаңа тірлікке бастауын суреттейді. Мысалы:
Жоқ қой бізде махаббаттан басқа
уайым
Жыр-көңілмен қалай ғана таспайын!
Жасыл фонтан болып көкке атылды
Жапырағын бұрқыратып жас қайың.

Найзағайдың қаһарына тап болып,
Күрсінді аспан көкірегін қақ бөліп.
Жердегі гүл ұшты көкке жұпар боп,
Көктегі бұлт қонды жерге қақ болып.
Лирикалық қаһарман сезімі табиғатпен ұштастырыла суреттелген. Алғашқы шумақ аллитерацияға құрылып, ырғақ әуезділігін әсерлі жеткізеді. Ақын екінші шумақтағы күннің күркіреуін «Найзағайдың қаһарына тап болып, // Күрсінді аспан көкірегін қақ бөліп», – деп сәтті өрнектеген. Сондай-ақ, «Күрсінді аспан көкірегін қақ бөліп» дегенде тарс-тұрс нажағай жарқылдап, күн ойнап жатқандай әсер қалдырады. «Көктегі бұлт қонды жерге қақ болып» тармағында ақын жаңбыр жауғаннан кейінгі жолда қалып қойған суды образды түрде жеткізген.
«Суреттеу құралдарының байлығы, ой-пікірдің айқындығы поэзия үшін аса қажет» – демекші, Қ.Мырзалиев поэтикалық құралдар арқылы лирикалық образдың мәдениетін көтереді. Ал, лирикалық образ дегеніміз не? «Лирикалық образ – сыршыл өлең жырларындағы ақынның өз бейнесі немесе ақын толғанысынан туған, нәзік те қуатты сезімінен туған, сол арқылы өріліп жасалған өзгеше кейіпкер». «Шымшықтардың жәудіреген көзіндей // Шым-тамшыдан моншақ тізді шыршалар», – ақынның шеберлігін танытып тұрған бейнелі сөйлемдер. «Жәудіреген» сөзі кішкентай ұғымын білдіреді, өйткені, шымшықтың өзі, көзі кішкене ғана екендігі белгілі. Ақын шымшықты суреттеп тұрған жоқ, тамшылардың шыны сияқты мөлдірлігін, моншақ тәрізді пішініне келісті қолданған. Жәудіреген емес, «мөлиген» немесе «бақырайған» және т.б. сөздерді қолданса, өлең әсерлі болмас еді, жүрекке жылы тимес еді деп ойлаймыз. «Жәудіреген» сөзінің өзі құлаққа жағымды естіліп, бірден образға айналып, нәзіктікті, рең әдемілігін көрсетеді. Сондықтан да, бір сөздің өзі өлең мазмұнын қуаттайды немесе әлсіретіп жібереді. Демек, сөздің өзін дұрыс қолданып, ұтымды пайдалана білудің өзі үлкен шеберлік, жемісті нәтиже. Зерттеуші С.Қирабаев: «Поэзияда ой мен сезімді образ ғана тоғыстырады. Өлеңге қажет шарттардың ең бастысы – ой, сезім, шеберлік» – деп айтқандай, Қ.Мырзалиевтің жырларында «ой, сезім, шеберлік» атаулы қасиеттерді түгелдей аңыстаймыз.
Қаламгердің «Бізді неге бұрынғыдай жаз айы» деп басталатын өлеңінен қазіргі заман тынысын айқын аңғаруға болады. Риторикаға құрылған философиялық, әрі көңіл-күй лирикасы. Дегенмен, табиғат та құр қалмаған, жанама түрінде көрінеді. Лирикалық қаһарманы шынайылығымен ерекше, өлеңде «тәуелсіз» лирикалық қаһарман бой көрсетеді. Лирикалық қаһарман адамдардың қатыгез, тар пейілденіп, жігіттердің жақсы қасиеттерден айырылып бара жатқандығына қатты қынжылады. Адамдардың осындай халге түсуіне табиғаттың өзі наразы екендігін «Бізді көрсе, // Орман неге шуылдап, // Бізді көрсе, // Аңдар неге үркеді?!», – жолдарынан аңғарсақ, енді бірде ақын сауал қоя отырып, адамзаттың тағдыры, адами қасиеттердің құнсызданып бара жатқандығын, адамдардың өздері өз қолдарымен барды құртуда екендігін алға тартады. Мысалы:
Неге төмен кәрияның ақ басы?!
Неге жабық ақ ниеттің қақпасы?!
Жақсы-жақсы қасиетін
Жігіттер
Жоғалтуға жақын жүрген жоқ па осы?!
Қазіргі замандағы адамдардың қатыгезденіп бара жатқандығы лирикалық қаһарманды қатты толғандырады:
Келген кезде біреу саған еңіреп,
Көңіл неге бола алмайды кеңірек?!
Ел тұрғанда,
Жер тұрғанда
Ойлайсың
Қара бастың қамын неге көбірек?!
Оңбағанда кеткенменен бір кегі,
Ойлы жандар сөзін неге іркеді?!
Бізді көрсе,
Орман неге шуылдап,
Бізді көрсе,
Аңдар неге үркеді?! Жыр шу-мақтарында «неге» сөзі он рет қайталауға түскен. Бұл қайталаулар арқылы ақын өлең мазмұнына оқырманының бірден ден қоятынына, ойлантатынына кәміл сенген. Өлеңдегі ерекшелікке келетін болсақ, кейбір ақындар өзі қойған сұрағына өзі таусылып жауап беріп жатады. Ал, Қ.Мырзалиев ше? Ол – оқырманына жұмбақ етіп қалдырады. Оқушысын толғантып қойып, шешімін өзіне тапқызуды жөн санайды. Біз ақынның бұл қырын құптап, қылығын да жаратамыз.
З.Қабдолов ақын шеберлігі туралы былай дейді: «Қадыр өлеңдерінің тақырыбы мен мазмұны – адам, адамға тән алуан түрлі сезімдер, ой-толғаныстар, адамның өмірге деген көзқарасы, адамның табиғатқа қарым-қатынасы. Бұлардың қай-қайсысы да тақырып-мазмұн ретінде тіпті жаңалық емес, сан рет толғанған сырлар, жырланған шындықтар, әбден шиыр болған тақырыптар мен мазмұндар. Бірақ осы тақырыптар мен мазмұндардың қандайы болмасын, Қадырдың жырлауында жаңа қырынан, бұрын-соңды ешкім айта қоймаған соны мағынада, тың пішінде көрінеді».
«Маған түк те керек емес – сенсеңіз» деп аталатын өлеңінде адалдық, ар, өткінші өмір секілді уақыт, сана өлшемдері айтылып, өмір-өлім туралы философиялық толғам бар. Ой мұраты – данышпан ойшылдарымыз Ж.Баласағұни, Ахмед Йүгінеки, Сүлеймен Бақырғани, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы қағидаларымен сарындас.
Маған түк те керек емес – сенсеңіз.
Қызықтырма соғымыңмен ең семіз.
Қора-қора мал ұстауға болады,
Одан бірақ көтерілмес еңсеміз.
Маған түк те керегі жоқ – сенсеңіз.
Өлең қарапайымдылығымен, аз сөзге көп мән сыйғыза білуімен қымбат. Ақынның бұл өлеңі өмір туралы, айнала, жұрт, ел және т.б. туралы ойлы, философиялық толғанысқа толы, әсері қуатты туынды.
«Қ.Мырзалиевтің «Маған болу керек еді…» деп басталатын өлеңіндегі ұлы Отанының «көк орманы», «қыр гүлі», «тау суы», «бұла таңы» болып жаратылмағанына өкінетін лирикалық қаһарман сөзінің соңында: «О бастан-ақ анам – Дала, әкем менің – Күн екен, // Осы мені ата-анамнан бөліп алған кім екен?!» – деген риторикалық сауал тастайды. Ә дегеннен байқалатыны, ақынның «ана – Даласы» динамикалық қозғалысқа түсірілместен, статикалық қалыпта – бар болғаны «әке – Күннің» жұбайы ретінде ғана аталған. Өйткені өлең логикасының өзі одан артықты тілеп тұрған жоқ».
Қ.Мырзалиевтің «Қорамсақ» кітабындағы екінші бөлімге енген «Пендешілік кім-кімге де тән деңдер» деп басталатын бір өлеңінде лирикалық қаһарманның «шынайылық», «тәуелсіз» сияқты ерекше сипаты бой көрсетеді. Мысалы: бірінші шумақтағы «Пендешілік кім-кімге де тән деңдер // Пайғамбарды менсінбейді менмендер», – дегенде пайғамбардың жолын ұстанбайтын менмендіктердің кесірінен «Судай жаңа өтіріктің бешпеті, // Ал, шындықтың жыртық-жыртық шекпені» болатынын, сондай-ақ қоғамның кеселіне айналып бара жатқан әділетсіздік, өтірік сияқты нәрселердің зардабынан лирикалық қаһарман табиғат-өмір заңдылығын елекке салған. «Сұңқарларға сықылықтап сауысқан, // Сандуғашты естіртпейді қарғалар» – тармақтарынан лирикалық қаһарман табиғаттың бір бөлшегі – құстар арқылы қазіргі заман адамдарының ақ пен қараның, күшті мен шалажансарлардың, білімді мен білімсіздің құнсызданып бара жатқандығы туралы түйіндеуін көреміз. Төртінші шумаққа үңілсек, лирикалық қаһарманды қолдағы барды қадірлей алмау ойлантады және соңғы тармақтарында («Судай жаңа өтіріктің бешпеті, // Ал шындықтың жыртық-жыртық шекпені!») қазіргі қоғамдағы әділетсіздік образды түрде суреттелген. Ойды жеткізуде ақынның шеберлігі: көзге көріне бермейтін ұсақ нәрселерді тауып алып, өмірде кездесетін ситуацияны образға салу жиі кездесетінін осы өлеңді талдау негізінде көз жеткіздік. Соңғы шумақта лирикалық қаһарманның әділдіктің таңы ататынына сенетінін, болашаққа үміт, келешекке сенім артатындығын байқауға болады. Демек, бұл өлеңде лирикалық қаһарманның көзімен қазіргі заман дерті көрсетіліп, қоғамдық мәселелер көтерілгенін көруге болады.
Қорыта келгенде, ақындардың жырларындағы лирикалық қаһармандар бейнесінде замандастар жетістігіне масаттану басымдылығынан қайғы некен-саяқ болды. Қ.Аманжоловтардың кезінде «шектелу» салдарынан адамның жан сырына, сезім иірімдеріне үңілу болмады. Бірақ кейіннен М.Мақатаевтың табиғат лирикасы дәуір тынысы, дала жаңарып, лирикалық қаһармандар бейнесінің шаттануымен ерекшеленсе, Қ.Мырзалиевтің тұсында лирикада сезім күрделілігі суреттелуімен бірге лирикалық қаһарманның бір мезетте әрі қуану, әрі қайғыру және т.с.с. сезімдері алға шықты.

Алдыңғы «
Келесі »

Пікір қалдыру

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды.