ЕСТЕ ҚАЛАР ЕРЕКШЕ СӘТТЕР

  • 28.01.2019
  • 844 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Дүниеде ешкімге бағынбайтын бір нәрсе бар. Ол – уақыт. Өмірдегі болып жатқан барлық жағдайларға шынайы түрде төрелік жасайтын да осы уақыт. Уақыт таразысынан келгенде көшкен селдей, ескен желдей өмір өтіп жатыр. Енді, міне, шамалы уақыттан соң ХХІ ғасырдың екінші онжылдығын аяқтайтын соңғы жылдың табалдырығын аттағалы отырмыз. Осы тұста өткеннің өрнегін санаға салып, салмақтап қарасақ, тиегі ағытылып, тілі шешіліп, көптеген жайт көңілдің тақтасына түсе қалары анық. Солардың көзден кеткенмен көңілімізде ерекше сақталып қалған сәттерінен бірер сөз қозғасақ артық бола қоймас.

Бірінші кезекте, әрине, Қа-зақстанның 2018 жылы әлемдік саясаттағы қол жеткізген та-быстары ойымызға оралады. Тәуелсіздік алғалы бері халық-аралық қоғамдастықтағы орнын берік нығайта түскен еліміз 2017-2018 жылдарға БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне тұрақты емес мүшесі болып сайлануы әрі 2018 жылдың 1-31 қаңтары аралығында тарихта алғаш рет аталған Кеңеске тө-рағалық етуі арқылы өзін жаңа қырынан көрсетті. Қазақстан төрағалық еткен мерзім ішінде әлемдік қоғамдастық ауқымында өзара сенім мен келісімді нығайту, ықтимал қауіп-қатерлердің алдын алу сынды күн тәртібінде тұрған өзекті мәселелерді шешуге қатысты көптеген игі істердің ұйытқысы бола білді. Мәселен, БҰҰ ҚК төрағасы ретінде Қазақстан 13-15 қаңтарда Қауіпсіздік Кеңесі мүшелерінің Ауғанстанға соңғы жеті жыл ішіндегі алғашқы сапарын ұйымдастырды, сөйтіп 2010 жылдан бері бірінші рет осы елдегі тұрақтылықты орнатуға бағытталған халықаралық қоғамдастық көмегінің тиімділігін бағалауға мүмкіндік туды. Сондай-ақ, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде Қазақстанның төрағалығымен Конго Демократиялық Республика-сындағы соңғы 20 жыл аралығында орын алып отырған әртүрлі қарулы қақтығыстарды реттеуге жәрдемдесу үшін Қауіпсіздік Ке-ңесінің қарарларына сәйкес БҰҰ тұрақтандыру миссиясы әзірленді.
Ерекше тоқтала кететін жайт, еліміздің аталған Кеңеске төрағалығының мән-маңызын Президент Н.Ә. Назарбаевтың басшылығымен «Жаппай қырып-жоятын қаруды таратпау: сенім шаралары» тақырыбында өткен Қауіпсіздік Кеңесінің алқа жиыны жоғары деңгейге көтерді. Сонымен бірге, 18 қаңтарда БҰҰ штаб-пәтерінде Қазақстан Президентінің бастамасымен Терроризмнен азат әлемге қол жеткізу тәртібі кодексінің алғашқы жобасын таныстыруға арналған жоғары деңгейлі іс-шара өтті, оған ұйымның 100-ден астам мүше мемлекетінің делегациясы қатысты. Жалпы, біздің еліміздің БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне жасаған төрағалық қызметі Қазақстанның сыртқы саясаттағы аса ірі қадамы болды.
Азулы мемлекеттермен қарым-қатынасты дұрыс жолға қою мәселесінде де жыл табысты болды. Осы ретте Н.Назарбаевтың АҚШ Президенті Дональд Трамппен қаңтардағы, ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинмен маусымдағы, Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путинмен мамыр және қарашадағы кездесулері әлемдік қауіпсіздікті нығайтуға, тұрақтылық пен орнықты дамуды қамтамасыз етуге ықпалы болғанын айтқан жөн. Иә, айта салғанға жеңіл, әйтсе де, әркімнің көкейіне қона кететін «Бейбітшілік» атаулы ұлағатты ұғым бар. Санада сынадай қағылып қалған осынау бір ауыз сөз көнекөз қариялардың: «ымыра-бірлігімізден айырмасын» деген батасымен жалғасып жататыны да тегін емес. Өйткені, халқымыз ел бірлігін, қара қазан, сары уыз баланың қамын, ағайынның татулығын мәңгі мақсат тұтқан. Сондықтан, еліміздің сыртқы және ішкі қалыптылығын тұрақты түрде қамтамасыз ету мәселесі Елбасының үнемі назарында болуын кездейсоқ дей алмайсыз. Бұл тұрғыда Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен Қазақстан Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезін өткізуді қолға алып, бүкіл әлемдік қауымдастыққа жалпыұлттық консенсус пен қоғамның топтасуының үлгісін көрсетіп келеді. Ең алғашқы съезд 2003 жылы 23-24 қыркүйекте ислам дінінің, христиандық сенімнің, иудаизм, синтоизм, индуизм және буддизмнің беделді өкілдерінің қатысуымен өткен болатын. Енді міне 2018 жылы 10-11 қазанда бұл съезд елімізде алтыншы рет өткізілді. Осы арада, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбековтің ертеректе айтқан мына әңгімесі есіме оралып отыр: «Өткен ғасырдағы бес жылға созылған сұрапыл соғыста немістер Еуропаның көптеген мемлекетінің ойранын шығарғаны белгілі. Бірақ, Швейцарияға тиіскен жоқ. Себебі, бүкіл әлемнің қаржысы сонда жинақталған еді. Менің ойымша, жаман айтпай жақсы жоқ, егер бір қиын-қыстау кезең бола қалса, біздің Астанамызды әлемдік діндер орталығы деп кие тұтатындар да табылады. Астанаға ешкім қол көтере алмайды».
2018 жыл Каспийдің құқықтық мәртебесін анықтаған жыл болып есімізде қалары анық. Заманында КСРО мен Иран мемлекетінің арасында ғана жатқан қарт Каспийге Кеңес одағы күйрегеннен кейін Иран және Ресеймен қатар әлем картасынан орын алған Қазақстан, Әзербайжан, Түркменстан елдері де иелік еткен еді. Содан бері аталған 5 мемлекеттің арасындағы теңіздің түбіндегі мол табиғи ресурстармен қатар геосаяси шекара бөлу мәселесіндегі күрмеуі көп мәселелер шешілген емес. Түйінді мәселенің түйінін тарқату Каспий елдерінің жоғары Мемлекет басшыларының Қазақстанда өткен 5-ші саммитінде мүмкін болды. Нәтижесінде, Каспийге қатысты конвенцияға қол қойылды. Аталмыш құжатта Каспий теңізіндегі тараптар қызметінің негізін қалайтын қағидаттар, теңіз айдыны мен ұлттық секторларды айыру, әскери ынтымақтастық және биологиялық ресурстарды, теңіз түбі мен жер қойнауын, жүзуді, қоршаған ортаны қорғау, шаруашылық- экономикалық ынтымақтастықты іске асыру мәселелері айқындалып, тиісінше белгіленді.
Өтіп бара жатқан жылдың айшықты белгісінің енді бірі, ол – Нұрсұлтан Назарбаевтың төлтумасы саналатын елордамыз Астана қаласының 20 жылдық мерейтойы екендігін айтқан жөн. Тұңғыш Президенттің Қазақстанның заманға лайық жаңа астанасын салу жөніндегі идеясы іс жүзінде қуатты экономикалық ірі жобаның бастауы болатын. Ал, бүгін Астана жан-жақты дамыған, мәдени ошақтары көп, қалалық қызмет көрсету деңгейі тұрғындар мен қонақтар үшін қолайлы, ел экономикасының бас қайнары ретінде әлемнің үздік қалаларының біріне айналды. Бірер мысал. Осынау қысқа ғана уақыттың ішінде елордамыз Қазақстанның негізгі өндірістік орталықтарының бірі ретінде қалыптасып, дотациялық қаладан республикалық бюджеттің донор-аймағына айналды. Бұл туралы қаланың бұрынғы әкімі Әсет Исекешев мынадай мәліметтер келтіреді: «20 жыл бойы бюджет Астанаға шын мәнінде 2,3 триллион көлемінде үлкен ақша инвестициялады. Бірақ, қазірдің өзінде Астана салықтарының өзі 6 (алты) триллион теңге көлемінде қайтарылды, яғни, алғашқы соманы 2,5 есе өтеді». Шаһарда білім және медициналық кластерлер, локомотив жинау және вагон құрылысы кешендері, сондай-ақ, Орталық Азия мен Сібірдегі жаңа ірі көлік-логистикалық орталығы, «Астана» халықаралық қаржы орталығы құрылды. 20 жылда Астана қаласы халқының саны 3,5 еседен астамға өсіп, 1 миллионнан астам адамды құрады. Осы кезеңде елорданың аумағы 258-ден 800 шаршы шақырымға дейін кеңейді. Сонымен қатар Астана халықаралық ұйымдардың саммиттері, әлемдік маңызы зор форумдар мен түрлі ауқымды шаралар өтетін тиімді үнқатысу алаңы болып табылады. Айталық, Елордада тұрақты өтіп келе жатқан Астана экономикалық форумы, Сирия дағдарысы бойынша «Астана процесі» бүгінде халықаралық қоғамдастық тарапынан мойындалған. Қорыта айтқанда, «Астананың өркендеуі – Қазақстанның өркендеуі» деген сөз тіркесі бүгіндері ел жүрегіне сіңіп, нақыл сөзге айналып үлгерді.
Адамның рухын өсіріп, эстетикалық мінез-құлқын, сана сезімін, ой-өрісін кемелдендіретін, мақсатқа шабыттандыратын өнердің бірі спорт екені белгілі. Елімізде бұл салаға үлкен мән беріліп келеді. Қазақстан Тәуелсіздігін алғаннан бері әр жылдары өтетін әлемдік деңгейдегі байрақты бәсекелерден сырт қалған емес. Мәселен, төрт жылда бір өтетін қысқы Олимпиадаға ұлттық құрамамыз бірнеше мәрте қатысып, бір алтын, үш күміс және үш қола медаль жеңіп алған болатын. 2018 жылдың 9-25 ақпан аралығында Оңтүстік Кореяның Пхенчхан қаласында өткен кезекті Олимпиада ойындарына 46 отандасымыз спорттың 9 түрінен қатысып, команда қоржынына фристайлшы (могул) Юлия Галышева жалғыз қола медаль салды. Әрине, нәтижеміз көңіл көншітерліктей болды деп айта алмаймыз. Ең өкініштісі, осы жылғы 19 шілдеде танымал қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы, Олимпиада-2014 қола жүлдегері, дарынды спортшы Денис Тен Алматыда қаскөйлердің қолынан қаза тапты. Қыршынынан қиылған спорт жұлдызының қазасы бүкіл Қазақстан халқын есеңгіретті. Денис Тен бар болғаны 25 жаста еді.
Иә, таланттан кенде емеспіз, тек асылымызды бағалап, ерекше қадірлеп, мұқият сақтай білгеніміз абзал. Шүкір, отанымыздың абыройын асқақтатып, өнер тілі арқылы қазақты жер әлемге танытып жүрген азаматтар жетерлік. Мысалы, таяуда EGEMEN QAZAQSTAN газеті жазғандай, Димаш Құдайбергенді бүгіндері танымайтын ел кем де кем. Ерекше дауыс иесінің 2018 жылы Лондон қаласында қазақ тілінде өткен концертіне ине шаншар орын қалдырмай жиналған ағылшын жұртының әнге, Димаш өнеріне деген ыстық ықыласы – тұтастай қазақ ұлтына деген құрмет пен бас июді білдірсе керек.Шанхайда өткен Халықаралық кинофестивальде Димаш Құдайберген Ұлы Жібек Жолы Мәдениетінің Елшісі болып жарияланды, әрі «Жыл әншісі» аталды. Ал, кино әлемінде 2018 жылдың үздігі атанған Самал Еслямованың орны айрықша. Мамыр айында Францияның Канн қаласынан жеткен «Самал – үздік актриса» деген ақжолтай хабар төрткүл дүние назарын қазақ еліне бұрғызса, араға аз ғана уақыт салып Түркияның Анталия қаласында өткен 55-ші Халықаралық кинофестивалі де режиссер Сергей Дворцевойдың «Айка» фильміндегі рoлі үшін талантты актрисаны үздік деп таныды.
Халық жазушысы Шерхан Мұртазаның: «Рухани әлемі кең, рухы биік ел – қайсар ел. Ондай елді ешкім жеңе алмайды. Рухы сынған, рухы жүдеген елді жеңу де жеңіл» деген ұлағатты сөзі бар. Осы орайда, 2018 жылғы 21 қарашада жария етілген Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты танымды мақаласын рухани қазынамызға қосылған құнды мұра ретінде әрі аталған еңбекті жылдың елеулі оқиғасы деп қабылдаған жөн. Себебі, мұнда тарихи санамызды қалыптастыруда өте батыл көзқарастар білдіріліп, ұлттың рухын шыңдайтын маңызды бағыттар көрсетілген. Рухани сипаттағы осынау құнды дүниемен танысуға көршілес Орталық Азия республикалары, күллі түркі әлемі, бірқатар таяу және алыс шетелдер қауымдастығы өкілдері ынта-ықылас танытуы бекер емес. Ендігі жерде санаңа сілкініс орнатып, көкірегіңде Ұлы даланың перзентімін, қайсар сақтың ұрпағымын деген мақтаныш сезімін оятатын мақаланың алға қойған мақсаттары мен міндеттерін іске асыруға бар күш-жігерді жұмылдыру керек.
Әрине, шағын мақалада жылдың барлық мәселелерін қамти алмасымыз белгілі. Дегенмен, жыл алмасып, өткенге салауат, келешекке аманат айтар тұста солардың бірсыпырасын осылайша еске түсіруді жөн санадым.

Астана

Алдыңғы «
Келесі »