Инновациялық жобалардың қауқары қандай?

  • 08.11.2012
  • 379 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Шолпан Қараева,
журналист

Үкіметтің ел алдында міндеттеп алған шаруаларының бірі – индустриалды-инновациялық жоба бағдарламасы. Яғни, өндірісті жаңалау, жаңартып дамыту. Бұл әрине, талайдан бергі жалаулап келе жатқан жағымды және жағымсыз қырлары көп бастама. Индустриалды-инновациялық жоба бағдарламасы негізінде басталуын басталып алып, аяғы құрдымға кететін бағдарламалар да жетерлік бізде. Әсіресе, бұл мәселеде еліміздің денсаулық сақтау саласындағы жобаларға шағым айтушы қарапайым халық көп. Айғайы күшті, ауыл шаруашылығындағы айтулы деген жобаларда, тұралай бастаған ауыл еңсесін тіктеуге келгенде дәрменсіз. Білім саласына да қатысты көтерілген бастамалардың салмағы әлсіз. Көзбен көріп, көңілге түйіп жүрген осындай көп мәселелерден соң, кез келгеніміздің көкейімізде «мынандай әлемдік бәсеке жағдайында біздің елде өндірісті қалай көтеру керек? Неге дақпыртты күшті жобалардың игілігінен гөрі, айғайы алдыға шығып кетті» деген ой қылаң береді. Бірақ, осы мәселені ешкім де жөндеп түсіндіре алмайды да. «Индустриалдық‑инновациялық жобалары» жұмыс істеп тұрған, азуын айға білеген, елдердің өзі дайын өнімін қайда өткізерін білмей сансырап отырғанда, оларға балама боларлық отандық тауар жасап бере қоямыз, өз тауарларымыз өзге елде өтімді болып, үлкен сұранысқа ие болады дегенге сенуге бола ма?
Іргетасы құйылған өндіріс зауыттарының ертеңгі болашағына тәуекел етерлік артық қаржысы бар және оны құюға даяр өндірушіні қайдан табуға болады? Әлде, тағы да, үйренген, қанымызға сіңе бастаған қалып бойынша, шетелдік инвесторларға көзімізді сатып, алақанымызды жаямыз ба? Ал, отандық өндірісті дамыту бастамасы сөз болғанда Павлодардағы аллюминий, Қарағандыдағы кремний зауыттары әлемдік бәсекеге қабілетті делінеді. Алайда, бұлардың өзі жартылай өңдеуші кәсіпорындар екенін естен шығармасақ екен. Аллюминий мен кремний ғарыш, авиация, жоғары технология өндірістеріне керек шикізаттар, бірақ, біз «Боинг» пен «Аэрбазды», «Мигті», ең болмағанда өзбектер тәрізді «Даево» мен кәрістердің «Хюндайын» да құрастырып отырған жоқпыз ғой. Өздерінің ішкі сұранысын толық өтеп, сыртқа өнім таратып жатқан мұндайлар біздің ШҚО-дағы «Бипек Автодан» шығарамыз деген алпауыт «Крайслер Эскаладаға» күні түсе қоймасы анық. Немесе, жылдық өнімін саусақпен санауға болатын «Нивалар» мен «Шевроллелерге» де жалынуы шамалы.

«АУЫЛ ЖЫЛДАРЫНДА»
не істелді?

«Ауылды көтеру керек» деген бастама айтыла бастағанда ауыл халқы кәдімгідей болашағына үміт артқандай болған. Алайда, «айдалада ақ отаудың» кебінде отырған халық әлі күнге дейін сол қалпынан шығып, жақсарып кетті дегенге сену қиын. «Еттің 29, сүттің 40, көкөністің 43 пайызын шетелден аламыз» дейтін ресми орындардың «ауыл шаруашылық саласын реттеді» дегенге және «жақын болашақта реттей алады» дегенге кімді нандыра аларсыз? Жері тар, егістігі мен жайылымы да шамалы еуропалық елдердің өзінде 5-6 пайыз ауыл фермерлері қалған жұртын азықпен асырай алады. Ал, бізде тең жартыдан астам жұрт ауылда. Жер құнарлы, жайылым жетеді. Сөйте тұра, шетелдің еті мен сүтіне, көкөнісі мен дақылдарына тәуелдіміз. Бұл ненің көрінісі? Бұл – ауыл халқының тұрмысы мәз емес деген сөз. Қаланы асырап, экспортқа шықпақ түгілі өз күнін әрең көріп отыр деуге болады. Біздің бұл сөзімізге «сыртқа жүнін қампайтқыш», намысқой ағайынның шамдануы да мүмкін. Бірақ, қазіргі қазақ ауылдарының жағдайының мәз еместігі елге аян.

Табысы мол ел тойынуы
керек еді…

Рас, қазір «Ақтөбеде 3 гектар жерге жылыжай салынып жатыр екен, Батыс Қазақстан облысында 7 мың бас малға бордақылау кешені тұрғызылып жатқан көрінеді… бәлен жерде түглен деген мекеме іске қосылыпты» дегенді де естиміз. Бірақ, бір қызығы, мұндай кәсіпорындар, бір кезде әр ауданда, әр совхоз-колхозда бола беретін игіліктер еді ғой. Республикалық дәрежеде айтуға осындай ұсақ-түйектер ғана тілге ілінсе, мәселенің мәз емес екендігін аңғарасың. Мал өнімін бір жерден өңдеп тауарға айналдыру ісі әлі жолға қойылмаған, біз сияқты, жарты халқы сол малға ғана сүйенген ел тағы сирек.
Біраз уақыт бұрын, ауыл шаруашылық өнімдеріне салынатын кедендік баж салығын көтеру ісі қаралып, мақұлданды. Ішкі нарықтағы отандық өндірісшілер мұны пайдаланып азық бағасын көтеріп жібермейтініне ауызша кепілдік берді, ресми билік. Ал, бағаны көтертпеудің механизмі қандай болары белгісіз қалды. Былтыр күзде тиісті билік, қытай күрішін кіргізуді шектеп, «резервтегі 70 мың тонна өз күрішімізді сатамыз, баға өздігінен түседі» деген еді. Алайда, күн сайын барлық азық түрлерінің бағасы еселеп өсу үстінде. Салыстырмалы түрде алып саралайтын болсақ, мұндай мысалдар жетіп артылады.

Жарапазаннан
жалығар емеспіз

Дағдарыс атты аждаһа әлемнің есігінен сығалағалы бері түрлі көңіл-күйлерге куә болып жүрміз. «Елу елдің бірі болу мүддеміз» деп тақпақтатып жүрген тау жыққан екпініміз саябыр тартты. «Бәсекеге қабілеттілік» деген сөздерден гөрі, «дауылда жығылмай әупірімдеп тұрып қалу, оған мемлекет тарапынан көмек керек» деген ыңғайдағы сұрамсақ сөздер көп естіле бастады. Дағдарысқа қарсы күреске деп алдыңғы жылдары бөлінген 19 млрд доллардың 80 пайызы банктер мен алпауыт құрылыс компанияларының аранында жұтылып кетті…
Қиналған жұртты серпілту үшін істелетін шаралар да кей тұстарда өз-өзін ақтаудан қалды. Айналаға көз салсақ, азуын айға білеп Қытай, құлашын жазып Ресей келе жатыр… Ал, біз әлі күнге дейін экономика саласында дамып, табысымыздың өскенін жариялаудан жарапазандатудан танбай келеміз…

Алдыңғы «
Келесі »