РУХЫМЫЗДЫ ӨРЛЕТУДІҢ НАҚЫШТАРЫ

  • 28.01.2019
  • 895 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Халқымыздың сан ғасырлық тарихына қысқаша ғана шолу жасайтын болсақ, қазақтардың оңайлықпен отарлыққа түсе қоймағанын көреміз. Егер Қазақ хандығы тұсындағы күрес үш-төрт ғасырға созылған болса, отарлыққа қарсы күрес бір жарым ғасырға созылған екен. Осыншама уақыт бойы қазақтың қаймағы бұзылмаған мәйекті тілі де, бағалы қазынадай ұлттық құндылықтары да Ресей империясына бодан болған замандарда бұзылып, сарқыла бастапты. Тарихшы ғалымдардың айтуы бойынша, бұл процесс негізінен Столыпин реформасы мен патша өкіметі кезіндегі орыс шаруаларының қазақ даласына қарай ағылған көші-қонының кезінен бастау алған. Одан кейінгі Кеңес заманындағы сталиндік қуғын-сүргін, коллективтендіру, қаптаған еңбек-түзету лагерьлері, Ұлы Отан соғысы кезіндегі депортацияланған ұлттардың Қазақстанға қоныс аударылуы, екі миллионнан аса тың игерушілердің қазақ жерінде тұрақтап қалуы, атом полигоны мен экологиялық апаттар сияқты тарихи оқиғалар да Қазақстан халқының өз еркінен тыс «көп ұлтты ел» болуына, ең бастысы – қазақ халқы санының өз жерінде, атамекенінде азайып кетуіне үлкен әсер етті. Әрине, бұл факторлардың барлығы Қазақстанның тілдік жағдайына, ұлтымыздың рухына кері әсерін тигізбей қойған жоқ. Міне, «мың өліп, мың тірілген» қазақ халқының бүкіл тарихын, ұғар құлақ болса, Президентіміз Н.Назарбаев өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында әркімнің санасына жетерліктей етіп айтып өтті. «Күллі жер жүзі біздің көз алдымызда өзгеруде. Әлемде бағыты әлі бұлыңғыр, жаңа тарихи кезең басталды. Күн санап өзгеріп жатқан дүбірлі дүниеде сана-сезіміміз бен дүниетанымымызға әбден сіңіп қалған таптаурын қағидалардан арылмасақ, көш басындағы елдермен тереземізді теңеп, иық түйістіру мүмкін емес. Өзгеру үшін өзімізді мықтап қолға алып, заман ағымына икемделу арқылы жаңа дәуірдің жағымды жақтарын бойға сіңіруіміз керек», – дей келіп, Елбасы қазақтың құрдымға кете жаздаған тілі мен мәдениетін жаңғыртуды қолға алудың жолдарын нұсқаған нақты бағдарламаларды халықтың назарына ұсынды.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасы елімізді күтіп тұрған заманауи өзгерістердің негізі болып табылады. Бірегей тарихы мен ерекше табиғи ресурсы бар біздің Шығыс Қазақстан облысында осы бағытта айтарлықтай игілікті істер атқарылып жатыр. Облыста қолға алынған отызға жуық жобаның қатарында аталмыш бағдарлама аясында жүзеге асырылып жатқан «Шығыс Қазақстанның ежелгі қазынасы», «Абай әлемі» кітаптар сериясы, «ШҚО тарихи-мәдени нысандарын сақтау жөніндегі іс-шаралар кешені», «АРТ заман», «Ертіс әуендері» сияқты қомақты жобалар бар. Оқырмандар назарына осы жобалар жетекшілерінің ұлттық бағдарламаны орындаудағы қазірге дейін атқарылған жұмыстар хақындағы әңгімелерін ұсынып отырмыз.
Гүлнар Жігітбаева, «Абай әле-мі» жобасының жетекшісі, Шы-ғыс Қазақстан облыстық Абай атындағы әмбебап кітапханасының директоры: – «Рухани жаңғыру» ұлттық бағдарламасы аясында қолға алынған маңызды бір жоба – жерлес қаламгерлеріміздің еңбектерін оқырман қауымның игілігіне айналдыруды мақсат еткен «Абай әлемі» сериясымен өңіріміздің талантты қаламгер тумаларының еңбектерін кітап етіп бастырып шығару.Облыс әкімдігінің қолдауымен Астанадағы «Фолиант» баспасынан «Абай әлемі» сериясымен Шығыс өңірі авторларының еңбектері жарық көріп жатыр. Бес жылға жоспарланған бұл жобаның шеңберінде жыл сайын жаңа кітаптар шығарылып, оқырман қауым жерлес классик тұлғалар еңбектерімен қатар жаңа қаламгерлер шығармаларымен де танысатын болады. Мұндағы бір ерекшелік бұрын жарияланбаған немесе аз тиражбен басылған жергілікті жазушылардың шығармалары қайтадан жаңғыртып шығарылады.
Жобаны жүзеге асыру үшін ақын-жазушылардың шығармаларын бағалау және жариялау жөніндегі аймақтық кеңес құрылған. Алды-мен авторлар мен олардың тізімі дайындалды. Қаржыландыру жоспары, ресурстары, автор мен олардың туындыларын іріктеу, жарық көрген кітаптарды тарату саясаты айқындалды. Электронды нұсқаларды орналастыру жоспарланды.
Ақын-жазушылардың «Фолиант-тан» жарық көретін шығармаларын бағалау және жариялау жөніндегі Кеңеске «Құрмет» орденінің иегері,танымал қаламгер Медеу Сәрсеке жетекшілік етеді. Сондай-ақ, бұл жобамен Қазақстан Жазушылар одағының облыстық филиалы, жоғары оқу орындарының ғалымдарынан құралған жұмыс тобы, бірқатар мәдени мекемелер де айналысуда. Нәтижесі қуантарлықтай. «Абай әлемі» жобасының аясында 2018 жылдың соңына дейін жалпы жиыны 13 698 дана болатын 10 автордың кітаптары жарық көрді. Оған 38 754 960 теңге бөлінген болатын.
Алғашқы жарық көрген еңбектердің басы болып Абай Құнанбайұлының, Шәкәрім Құдайбердіұлының, Мұхтар Әуезовтің, Төлеу Көбдікұлының, басқа да классик ақын-жазушылардың шығармалары қайта басылды. Жуықта Семейдегі Абай атындағы драма театрында жоба аясында алғашқылар қатарында жарық көрген осы кітаптардың тұсаукесер рәсімі өткізілді.
Светлана Нұргазиева, «Шығыс Қазақстанның ежелгі қазынасы» жобасының жетекшісі, Облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры: – Біздің жобаның міндеті Шығыс Қазақстанның тарихи-мәдени мұрасын өркениетті феномен ретінде қарастырып, сақтау және жаңғырту болып табылады. Ғылыми зерттеулерді жүргізе отырып, оларды көпшілікке таратуды және музейлік кеңістік жасауды, солар арқылы өлкеміздің тарихи-мәдени мұра нысандарын тиімді пайдалануды мақсат тұтып отырмыз. Өткен жылғы археологиялық ғылыми-зерттеу жұмыстары үш нысанда – Берелде (Катонқарағай ауданы), Шіліктіде (Зайсан ауданы) және Аблайкитте (Ұлан ауданы) жүргізілді. №5 Берел қорғанындағы олжалар бірнеше рет тоналғанына қарамастан қазақ Алтайының (б.д.д 4-3 ғғ.) ежелгі тұрғындарының салттық ұстанымын, дүниетанымын, сақ заманындағы әйел затының эстетикалық қағидаларын жорамалдауға, әйелдер киімінің үлгісін қайта жасауға мүмкіндік берді. Шілікті алқабынан Афанасий мәдениетіне жататын (3-2 мыңжылдықтың басы) даланың металл мәдениетінің бірінші кезеңіне тән және Шығыс Қазақстан аумағында алғаш рет кезіккен ежелгі үйсін мәдениетіне жататын (б.д.д. II ғ.-б.д. I ғ.) ескерткіштер табылды. Жалпы, Айнабұлақ қорымында төрт, Үлкен Қаратал қорымында үш қорған қазылды. Сонымен қатар, белгісіз болып келген бес қорым төлқұжаттандырылды.
Аблайкит кешеніндегі ғибадатхана аумағында тозда жазылған жазбалар фрагменттерінің табылуы аса маңызды жаңалық болды. Қазба жұмыстары барысында табылған материалдар, осы кешеннің Ресей, Франция архивтерінде сақталған нақты жоспарлары, нобайлары нысанды қайтадан қалпына келтіруге толық мүмкіндік береді. Мұның туристер үшін өте қызықты болары даусыз. Археологтардың үстіміздегі жылғы қазба жұмыстары өте-мөте табысты болды. Берелдегі сяньбилер қорымдарынан ат пен адамның қос қабатты жерленуі және жұптық жерленулер табылды. Барлық нысандар музейлеуге дайын. Бұл олжалар хун және ежелгі түркілер дәуірлері арасындағы «сяньби» немесе «сяньби-жужанаралық» мәдени-хронологиялық көкжиектің ара-жігін ажыратуға мүмкіндік береді. Елеке сазы-2 қорымында №4 элитарлық қорғаны кешенді зерттелді. Одан б.д.д. VIII-VII ғасырлардағы көшпелі элитаның өкілдерінің жерленген қорымдары табылды. Қорған екі қатарлы сыртқы шеңбері бар (диаметрі-50 м, ені – 0,60-1,25 м) өзеннің ірі, түсті тастарынан орта көлемді жерлеу құрылысының ең кең тараған түрі болып табылады. Тарбағатай тау бөктері мен Шілікті алқабындағы зерттеулер де қызықты деректер берді. Ертедегі көшпелі мәдениет бойынша құнды материалдарға қол жеткізілді.
Барлық жобалар бойынша үш жылдық археологиялық қазба жұмыстары аяқталды. Зерттеулер нәтижелері, қорытынды есептер өткізілуде. Бағдарлама аясында 2018 жылғы қыркүйекте Өскемен қаласында «Алтай – Түркі әлемінің бесігі» халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы өткізілді. Онда Шығыс Қазақстан облысының бірегей ескерткіштері – Берелдегі, Шіліктідегі, Аблайкиттегі, Көкентаудағы және Елеке сазындағы кешендерді зерттеудің нәтижелері назарға ұсынылды. Конференцияға Қазақстан Республикасы Президенті әкімшілігінің, Мәдениет және спорт министрлігінің өкілдері, еліміздің жетекші археологтары, түркітанушылары, шетелдік мамандар қатысты. Пленарлық отырыста З.Самашев, А.Төлеубаев, ресейлік Н.Ямпольская, П.Флегонтов, түркиялық Эмре Севинч, франциялық Марк-Оливер сияқты көрнекті ғалымдар баяндамалар жасады.Осы шара шеңберінде ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижесінде табылған құнды артефактілерден тұратын «Дала шеберлерінің алтындары» атты көрме таныстырылды.
Талғат Сүлейменов, «ШҚО тарихи-мәдени мұрасы нысандарын сақтау жөніндегі іс-шара кешенін жүзеге асыру» жобасының жетекшісі, Тарихи мұраны қорғау жөніндегі Шығыс Қазақстан облыстық мекемесінің директоры:
– Біздің жоба Шығыс Қазақстан облысы тарихи-мәдени мұраларының нысандарын мемлекет игілігінің маңызды бір бөлігі ретінде сақтауға арналған. Монументті өнер ескерткіштеріне құжаттар рәсімдеп, тіркеуге алып отыру негізгі міндетіміз болып саналады. Мұндай құжаттардың қазіргі саны – 89. Жоба аясында аталмыш ескерткіштерді төлқұжаттандырып, олардың тарихи құндылықтарына арналған сараптамалар жүргізіп отырамыз. Нысандарды бағалау құны туралы есеп дайындаймыз. Оларға қатысты жер телімдеріне актілер жасап, рәсімдейміз. Қазіргі таңға дейін 89 тарихи және мәдени ескерткішке төлқұжаттандыру жүргізіліп, сараптама жасалды.
Татьяна Стромская, «Арт- заман» мұражай жобасының жетекшісі, Невзоровтар отбасы атындағы Шығыс Қазақстан облыстық бейнелеу өнері музейінің директоры: – «Рухани жаңғыру» ұлттық бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқан игілікті істердің бірі – «Арт-заман» мұражай жобасы. Мақсат-міндеттеріміз – мұражайлар қорларының коллекцияларын толықтыру, еліміздегі классикалық және заманауи бейнелеу өнерінің үздік үлгілерін іріктеп алып, республикалық және халықаралық деңгейде назарға ұсыну, шетелдерде де танымал ету, плэнерлерге қатысу арқылы шығармашылық байланыстарды нығайту, шетел суретшілерімен тәжірибе алмасуды ұйымдастыру. Жобаны іске асыру 2017 жылы басталған болатын. 30 миллион теңгеге қазақстандық суретшілердің бейнелеу өнері туындылары сатып алынды. Шығыс Қазақстан өнер музейінің негізгі қорына тоғыз кескіндеме туындысы қабылданды. Олар Бақтияр Тәбиевтің «Бие сауу», «Сақманшы», «Даладағы талтүс», «Каспийде», «Арал маңында»,«Ескі ауыл», «Шопан ұлымен», «Аралкөл кентінде» атты картиналары мен Мағауия Аманжоловтың «Ауылда» деген жұмысы.
2018 жылдың маусым айында Ұлан ауданындағы «Көктау» отбасылық демалыс орталығының базасында суретшілердің «Алтай – Қазақстанның інжу-маржаны» атты республикалық пленэрі өткізілді. Осы жылдың қыркүйегінде Шығыс Қазақстан өнер мұражайы қазақстандық суретшілердің көркем туындыларының жаңартылған экспозициясын ұсынды. «Уақыт палитрасы» деп аталатын бұл көрме облыс орталығының тұрғындары мен қонақтарына жобаның нақты қорытындысын паш етті. Биыл ғана отандық қылқалам шеберлерінің 25 кескіндеме суретін сатып алуға 55 миллион теңге бөлінген. Аталмыш жобаны іске асыру барысында отандық бейнелеу өнері классиктерінің жұмыстарымен бірге замандастарымыздың суреттері де көптеп сатып алынды. Бұлардың қатарында Азат Тәбиевтің «Көктемгі кеш», «Ақ кемелер» лирикалық композициялары, Әлібек Шоқановтың «Тарбағатай» пейзаждары бар.
Көрмелерге келушілерге жерлесіміз Марат Жүнісовтің авторлық қорының жаңа толықтырылуы ұнайтынына сенімдіміз. «Уақыт палитрасы» көрмесінің ашылу салтанатына Алматы қаласынан арнайы шақырылған атақты суретшілер Әбілхан Қастеевтің қызы Гүлдария Қастеева мен жиен-немересі Гүлнар Сүлейменова, М. Аманжоловтың жұбайы Күлбайраш Молдабаева, қызы Құралай Аманжолова және Бақтияр Тәбиевтің ұлы Азат Тәбиев қатысты.
Ғибрат Азубаев, «Ертіс әуендері» жобасының жетекшісі, «Ертіс-концерт» КМҚК-ның директоры:
– «Ертіс-концерт» КМҚК «Рухани жаңғыру» ұлттық бағдарламасы аясындағы «Шырайлы Шығыс» іс-шарасын Бесқарағай ауданынан бастады. Аудан орталығында, Ерназар, Канонерка, Қарағайлы ауылдарында болып, жергілікті тұрғындарды өрелі өнерлерімен сусындатты. Глубокое ауданының Черемшанка ауылында да концерт қойып, жергілікті көрермендерді әуелеген әндермен, сырлы саздармен тәнті етті. Облыс әкімінің 50 адамнан тұратын симфониялық оркестрі табиғаты да, өзі де аса әсем Риддер қаласында өнер көрсетіп, тұрғындар ризашылығына бөленді.
«Ертіс-концерттің» Байжігіт атындағы қазақ ұлттық аспаптар оркестрі бұдан кейін рухани қазы-намыздың қайнар көзі Тарбағатай өңіріне жол тартты. Өнер сапарында Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткерлері – ақын Абаш Кәкенов пен әнші Әлмира Нұрғожина, мәдениет саласының үздігі Нұргүл Қабдоллаева, халықаралық, рес-публикалық сыйлықтардың лауреаттары Әділ Тұрғанбаев, Айжан Мәзкенова, Қуаныш Оралбаев және Хадхан Манайұлы да болып, ән-жырға іңкәр қауымға ұмытылмас әсер сыйлады.
Үстіміздегі жылғы көктемде Өскемен, Семей қалаларында «Ертіс-концерт» кәсіпорыны камералық оркестрінің 20 жылдық мерейтойлық концерттері өтті. Оған Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген өнер қайраткері, ТҮРКСОЙ-дың бас хатшысы, профессор Дүйсен Қасейінов, мәдениет қайраткері, дирижер Анвар Акбаров, Қырғыз-станның әйгілі скрипкашысы Талант-бек Молдаханов, халықаралық, республикалық байқаулардың лауреаттары Айжан Мәзкенова, Ольга Орлова сынды өнер майталмандары қатысты. Оркестрдің репертуарында классикалық туындылар, романстар, қазақтың күйлері мен Қазақстан сазгерлерінің шығармалары кеңінен орындалып, өнерде ұлт пен ұлыстың арасында айырмашылық жоқтығын дәлелдеп келеді. «Ертіс-концерттің» өнер ұжымдары «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында Үржар, Аягөз аудандарында да болып, құлақ құрышын қандырған әндерімен, жан тербеген саздарымен көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Бұл іс-шаралар алдағы уақытта да жалғаса беретін болады.

Бүгінгі күні Шығыс Қазақстан облысы бойынша «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында 27 жоба және 18 шағын жоба іске асырылуда. 2018 жылы бағдарламаға 15 миллиард теңге, оның ішінде жергілікті бюджеттен 5 миллиард теңге бөлінді. Бұл маңызды бағдарламалар алдағы уақытта Елбасының «Ұлы Даланың жеті қыры» тарихи мақаласында айтылған жаңа жобалармен толықтырылып, көптеген келелі де кемелді істер қолға алынбақ. Әрине, мұның барлығы тез орындала қалатын оңай шаруа емес. Тәуелсіздігімізді баянды етуге елеулі қызмет ететін бұл бағдарламаларды іске асыру жұмыстары кезең-кезеңмен, жүйелі түрде атқарыла беретін болады.

Айтмұхамбет Қасымов,
Қазақстанның Құрметті журналисі,
филология ғылымдарының кандидаты

Алдыңғы «
Келесі »