КӨШПЕЛІЛЕРДІҢ ЖАУЫНГЕРЛІК ӨНЕРІ

  • 28.01.2019
  • 673 рет оқылды
  • 0

Қаржаубай САРТҚОЖАҰЛЫ,
филология ғылымдарының докторы,
профессор, түрколог

«Қазіргі киім үлгісінің базалық компоненттері Дала өркениетінің ерте кезеңінен тамыр тартады. Атқа міну мәдениеті салт атты жауынгердің ықшам киім үлгісін дүниеге әкелді. Ат үстінде жүргенде ыңғайлы болуы үшін бабаларымыз алғаш рет киімді үстіңгі және астыңғы деп екіге бөлді. Осылайша кәдімгі шалбардың алғашқы нұсқасы пайда болды.
«Ұлы даланың жеті қыры» мақаласынан.

Қай заманда, қай дəуірде де, мемлекеттің іргетасы жер, халық жəне сол халықтың материалдық, рухани байлығы. Бұл үш ұғым ұлттың ұлтаны, ұлыстың ұстыны. Сондықтан болар осыдан 1300 жыл бұрын көк түріктің Білге қағаны «Ер теңі – ұлы билік» деп тасқа таңбалап, өсиет етіп қалдырып кеткен. Осы мəселені ерте түсінген ежелгі көшпенділер мемлекеттің билік жүйесін жасаған алғашқы кезеңнен бастап, отырықшы елдерден мүлдем басқаша жолды таңдаған. Азиялық жартылай отырықшы, көшпенділігі басым түрік этносы ел басқару ісін əскери-əкімшілік құрылым жасақтаған. Осылай Ұлы далада орталықтанған басқару нəтижесінде экономикалық қуатты күштердің қолына билік шо-ғырланды. Билікті сақтау үшін қару-жарақты қосын-армия қажет болды. Ол үшін қарулы күштерді бір орталықтан басқаратын жүйе құрды. Ол «ондық жүйе» деп аталды. Бұл далалық қоғамның табиғи заңдылығынан туын-даған құрылым. Осылайша ондық, жүздік, бес жүздік, мыңдық, түмендік (он мыңдық), бумындық (жүз мыңдық) далалық қосын-армия құрылымы пайда болды. Қолдың ең төменгі бірлігі «ондық» бір ауылдан немесе бір атадан жасақталады. Ондықтың бас-шысын өздері сайлап алады. Бір ата, бір ауылдың азаматтары бір ондықта болғандықтан бір-біріне жағдай жасау, сол əулеттің, рудың ар-намысын қорғау, басқаның алдында ұятты болмау сияқты азаматтық жауапкершілік, саяси-мо-ралдық деңгейге көтеріледі. Осындай психологиялық дайындық жеңімпаз армияны пайда болдырды. Əскери бір-ліктің басшылары əскерлердің соғыс шеберлігін жетілдіру, қару-жарағын дайындап, психологиялық дайындықтан өткізіп, өзінен жоғары басшылардың тапсырмасын орындауға дайын тұрады. Жүздік он ондықтан, бес жүздік елу ондықтан, мыңдық жүз ондықтан, түмен он мыңдықтай құралды. Армияның темірдей тəртібі төменгі ондықтан басталып, жоғары бас қолбасшы – басбұйрыққа дейін сақталған. Бұл дегеніңіз көшпенділер армиясының іргетасын қарапайым халық өзі қалап, сыр-ттан қандай жау келсе де соңына дейін қарсыласып, аюдай алысып, өмір мен өлімнің бірін таңдауды қалыптастырған саналы жүйе. Бейбіт заманда ондық жүйенің мүшелері малын бағып, отын жағып, көшіп-қонып, ағаш, темір, жүннен тауарын өндіріп, жүре беретін болған. Сондықтан бұл жүйені «əскери-əкімшілік құрылым» деп атаған. Сыма Циянның «Тарихи жазбалар» «сюнну баянында»: «…жігіт-желеңі шетінен садақ асынып, сайлауыт сарбаз болады. Салт бойынша олар жайшылықта мал бағып, аң аулап, күнелтеді. Жаугершілік күн туса барлық адам соғысқа аттанып, шабуылға шығады. Бұл олардың сүйегіне сіңген дəстүрі» деген тарихи дерек далалық көшпенділердің əскери-əкімшілік жүйесінің нақты сипаттамасы.
Далалықтардың соғыс өнерін ат-көліксіз елестету мүмкін емес. Ұлы да-лада атсыз азамат – мүсəпір. Соғыс аты дегеніміз – көкпарға үйретілген ат сияқты болған. Мысалы, соғыс кезінде шабуылға мінетін аттар тізгінмен бұрылмайтын етіп үйретілетін-ді. Шабуыл кезінде ат иесі жүгеннің тізгінін ердің қасына іле салып, оңға, солға, артқа, алға маневр жасап бұрып беретін бол ған. Астындағы атын осылайша үйретудің нəтижесінде атты сарбаз алға, артқа еркін бұрылып садақпен атуға, қылышпен шабуға, найзамен түйреуге, ат үстінен жауын жұлып алуға толық мүмкіндік туады. Ғұн дəуірінен бастап жорыққа аттанғанда əрбір сарбаз үш-үштен сəйгүлік атпен жүретін болған. Мысалы, бір Күлтегіннің өзі тоғыз-оғыздармен шайқаста шабуылға үйреткен «алып шабысты ақ ат», «ақ азбан», «аздық (аз тайпасынан алған) қара кер», бірінен кейін бірін алмастырып мініп соғысқаны туралы тас ұстынға қашап жазып қалдыруының өзі көп ақпарат беріп отыр.
Бүгінгі қазақ даласы мен байырғы көк түріктің Өтүкен мен Кейре (Кентай) жоталарының аралығында мекендеген халықтарда жылқы тым көп болған сияқты. Соның ішінде Ғобы даласы мен Кейре жотасын мекендеген тоғыз-оғыз тайпасының одағы жылқылы болған. Тоғыз-оғыздарды қол астына алған соң Бумын қаған жужандарға, Құтлұғ Елтеріс қаған Таң патшалығының қаһарлы шабуылдарына тойтарыс беріп І, ІІ Түрік қағанатын орнатты. Ұлы даланың атты сарбаздары тоқтамастан 6-7 тəулік бойы алыс жолды аттың күшімен алып тұрды. Ат үстінде 6-7 тəулік бойы жүру оңай шаруа емес. Əрбір сарбаз белін жалпақ кіселермен, белдік немесе арқан, құрлармен берік қылып таңып тастап 6-7 тəулікті шаршамай артқа тастайтын болған. Осылай далалық армия ойламаған жерден жауларының сыртын орап шығып, сан соқтыру, қоршауға алу, алдап соғу, із кесу сияқты тактикаларының барлығы аттың күшімен жасап келді. Əр сарбаз ерінің артқы қасына өңгере орналастырған су өтпейтін тері қоржындармен жаб-дықталған. Онда кептірілген құрт, ірімшік, талқан, құрғақ сүт салынған. Жорық жолында алып дариялар мен өзендер тап болғанда қалқыма тұлым қайық пайдаланатын болған. Тайдың, серкенің терісін бітеу сойып, илеп былғары дəрежесіне жеткізіп оны тұлымдап тігіп, ішін ауамен толтырып қалқыма тұлым қайық жасайтын болған. Сол тұлым қайыққа киім-кешегін, қоржынын салып, жетек аттарына бекемдеп тіркеп, өздері үстіне отырып немесе аттарының құйрығынан ұстап ұлы дарияларды кесіп өтеді. Аялдайтын болса, ұлы қолдың қонысын шеңбер тəріздес етіп орналастырып, шеңбердің ортасына армияның орталық аппаратын, қолбасшыларын, шаруашылық мүлкін орналастырып, əскерлерден бірнеше қабат қоршау жасақтап қауіпсіздігін сақтайды. Бұл шеңбер қонысты байырғы түріктер «eb» деп атаса, моңғолдар «Курен» деп атаған.
Ежелгі жəне ерте орта ғасырдағы Ұлы далалықтардың əскери бірнеше тактикасын сөз етсек: 1.Жауына пси-хологиялық үрей тудыру. Ондаған, жүздеген дабыл, даңғараларды ұрғылап өз армиясын жүректендірумен қатар жауын үрейлендіріп сес көрсету, мыңдаған ысқырма оқ атқылап үрей туғызу. 2.Қаша соғып қақпанға түсіру. 3.Қаша соғысып, жаудың сілесін қатыру. 4.Далалықтар соғыс алаңын жыл дам ауыстырып, ыңғайлы орыннан жаң-бырша оқ жаудырып есақылын алу. 5.Жеңілген жаудың ізіне түсіп қуалап, жау қолын кепілдікке алу. 6. Жау қолына бұрғылай кіріп опыра шабуылдау. 7.Итшілеу. 8.Жұлдыз шашу. 9.Бөрі бүл-кек сияқты тактикаларды қолданған.
Солардың бірлі-жарымына түсінік берсек: жұлдыз шашу тактикасын қолданғанда қоян-қолтық шабуыл жасап, жан алысып, жан берісіп жатқан кезде, далалықтардың əлсіреуі байқалса дабылдың үні, тудың қозғалысымен орталық командадан белгі беріледі. Сол кезде сілкілесіп жатқан қол аспандағы жұлдыздай жан-жаққа шашылып сытылып қашады. Жау жағының біразы артынан қайсысын қуарын білмей мəңгіріп қалса, біразы бытырай қашқандардың артынан бы-тырай қуады. Осы кезде дабылдың үні, тудың қозғалысымен əскерлерін далалықтар бір жерге топтастырып үлгереді де, артынан бытырай қуып келе жатқан жау қолына біріккен түрде ауыр соққы беріп, талқандайды. Бөрібүлкек тактикасы бойынша арты-нан қуып келе жатқан жауларынан тым алыстап кетпей, қарасын көрсете қашып отырып, олардың дымын құр-тып шашыратып барып қайтарма шабуылдап соққы береді. Азиялық көшпенділер соғыс тактикасын жоқтан бар қылып ойдан жасап шықпаған. Даланың ең ақылды жыртқышы, ең батыл айлакер аңы қасқырдан алған. Нақтылап айтсақ, бөрілердің шабуылын, адаммен қатынасын, психологиясын ондаған мың жылдар бойы зерттеп, танып біліп меңгерген. Нəтижесінде, қасқырлардың адам атты пендеден қорғана, көшпелілердің тəн азығын қан-дай жолмен, қандай тактика қолдана отырып, тартып алу əдіс-айласын да-лалықтар өздерінің соғыс тактикасына шебер қолдана білген.

Алдыңғы «
Келесі »

Пікір қалдыру

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды.