ҚАЗАҚТЫҢ РУХАНИ ӘЛЕМІ

  • 28.01.2019
  • 195 рет оқылды
  • 0

Мырзагелді Кемел,
экономика ғылымдарының докторы, профессор

Қанағат Жүкешев атты азаматтың егемендіктің бастапқы жылдарында, ұмытпасам «Қайнар» университетінде дәріс беріп жүргенде, ашық пікірталастар жиі болып жүретін күндердің бірінде ешкімге ұқсамайтын екпінді сөздерін бірер рет тыңдап едім. Содан бері мақалаларын қалдырмай оқуға тырыстым. Бүгінде өз пікірі бар және оны қай аудиторияда болса да, ашық айта алатын, өмірге бейтарап қарамайтын философ ретінде танып, мақалаларынан өзімше пікір түйетін болдым.
Автордың «Күлтөбе философиясы және имманентті қазақ мәселесі» деген мақаласын оқып қарағанда, екіұдай күй кештім. Сосын, бір-бірлеп, астын сызып мұқият оқыдым. Мақалада өз көңілімде келісетін және келіспейтін пікірлердің қатарлас сабақталатынын ұқтым. Егер, автор бізге басымдық көрсетіп жүрген көрші елден болса, онда қазақты «қалалықтар» және «ауылдықтар» деп жігін екі айыруды насихаттау үшін тапсырыспен жазылған мақала деуге де келеді екен. Бірақ, автор «бөтен елдік» емес екенін, барлық мақалалары мен сұхбаттарында өз елінің патриоты екенін көрсете жүретін жанашыр сезім иесі екенін білетіндіктен, ондай ойға бармадық.
Мақала О. Шпенглердің: «Шаруа – тарихтан тыс, қалада ұя салған мәдениет атаулыдан тыс тұрады» деген тұжырымымен басталған. Солай-ақ, делік. Кеше-бүгінгі жағдайға лайық-ақ айтылған деп қабылдалық. Бірақ Інжілде: «Әуелі сөз болған» деп айтылғандай, тарихқа жүгінсек, қала болмай тұрып, әуелі ауыл болған жоқ па еді?! «Ауыл» дегеніміз – «шаруа» дегеніміз емес пе?
Мен «Мемлекеттік басқару» деп аталатын ғылым жолында маманданғанмын, 16 жылдан бері жоғарғы мектептерде осы пәннен сабақ беремін. Сондықтан, мемлекеттің қалыптасу эволюциясын көп зерттеп, монография жаздым. Сол қалыптасу кезеңдері қазақта алдымен әулеттік басқару болғанын, сонан соң рулық басқаруға, одан хандық басқаруға көшкенімізді көрсетеді. Осы үшеуі де ауылдық және аумақтық (қалалық емес) басқару, яғни, өмір сүру қалпын реттеу жолы. Ол кездегі қала деп жүргеніміз – көлемі 10-20 гектар шамасында ғана болған. Қазақстан аумағындағы бүгінгі заманға сай келеді дейтін алғашқы қалалар да бекініс ретінде салынып, кенттік аумақта ғана болып біртіндеп ұлғайған екен. Осыдан келіп, талқылауға жатпайтын аксиома ретінде: «Қала – ауылдың баласы» деген тұжырымға келуімізге болатын сияқты.
«Жоғарғы партия мектебінде» оқығанымызда Владимир Лениннің революция жасау үшін қандай күштерді пайдалану керектігін серіктестерімен пікірлескенде, олар негізгі күш жұмысшы табы, шаруалар бұл іске жегуге жарамсыз, – деген үзілді-кесілді ой айтқандарға былай дегенін білеміз: «Шаруалар жұмысшы табы секілді шоғырланған топ емес, олар бір-бірінен алыс орналасқандықтан ұйымдасқан күш бола алмауы мүмкін, бірақ, біз халқымыздың жартысы тұратын ауыл адам-дарын революция ісінен тыс қалдырғанымыз жарамайды» деп, шаруаны қоғамнан тыс қалдырмауға үндеген. Кеңес елінің гербінде де Орақ-Балға бейнеленген еді және оны бүгінгі тұрғыдан да орынды-орынсыз санауға да келмес. Өйткені, ол кез орақ пен балғаның нағыз одағы болғанын жоққа шығара алмаспыз. «Социалистік» деп аталған, сыртқы дүниемен байланыссыз өмір сүрген тұтас бір кезеңде 70 жылдай ауыл қаланың нақты асыраушысы болғаны, қала ел экономикасында өндіргіш күш болғаны, демек екеуі бірін-бірі толықтырушы болғаны жадымыздан өше қойған жоқ.
Ақыры сол кезең туралы сөз қозғаған соң, Қанағат Жүкешев мақаласының басында-ақ: «Шаруа демократизм, адам құ-қығы, жариялылық, ашықтық идеяларынан аулақ болды» дегенімен келісуге саналы өмірімнің жартысы социализм тұсына, жартысы нарық жағдайына тап келгендіктен, екі қоғамды да зерттеуге тырысып жүргендігімнен, ешбір келісе алмадым. Ол қоғамда да өздеріне лайық жариялылық, демократия, адам құқығын қорғау кәдімгідей дамыған болатын. Тек, 1970-жылдардан бастап биліктің қай түрінің болсын алдын кеспеу, айтқанына көне бермейтіндерден есебін тауып құтылу, жетістік болмаса да, қосып жазу мен рапортомания, мадақтауға бейім-дікке жол ашылды. Ол әлі жалғасып келеді. Ал, осы ережелерді өмірге енгізушілер, автор айтқан «момын, көнбіс» ауылдықтар емес, қалада отырып, ауыл өмірінен тыс қалған қалалықтар еді ғой. Ленин оларды, нақты өмірден ажырап кеткендер, «провисавшиеся» (жерде де емес, көкте де емес, қол жетерлік жерде «ілініп қалғандар») деп атаған. Қазір де сол «үзіліп түскендер» мен қарапайым халықтың (далалық болсын, қалалық болсын) ара жігі бұрынғыдан да бетер ажырай түскен жағдайдамыз. Жалпы, шынымызды айтар болсақ, тәуелсіздік алар алдындағы кезіміз бен тәуелсіздік тұсындағы өмірімізде бәлендей айырмашылық жоқ. Бір ғана айырмашылық мемлекет мүлкінің (яғни халықтың) есебінен аса байып кеткен, шамамен халықтың 5 пайыздайын құрайтын топтың пайда болғаны. Олардың игілігі халыққа қызмет етіп жатқан жоқ. Ілуде біреуі болмаса,мақтағаны әкесінің атына мешіт салады. Олар – Мұхаммед пайғамбардың: «тапқан табысыңнан зекет беруді ұмытпа» дегенін қаперіне алуды білмейтіндер мен ұмытқандар болып тұр. Және солардың жүзден бірінен басқасы қалалықтар, «мүмкін кешегі ауылдықтар шығар, бірақ, ауылдық менталитеттен ада, қалаға сіңісіп, үрдістерін сіңіріп кеткендер». Бұл сөзіме автор қарсы уәж айта алмас.
Қазақ қазақ болғалы болмысы үш рет өзгеріске ұшыраған халық. Бірыңғай көшпелі тұрмысқа бейімделген халық отырықшылыққа асығыс, зорлықпен көшірілгенде алғаш рет «сынды». Одан кейін уақыт талабы қалаға қарай жылжуға бейімдеді, урбандану бастады. Бас-тапқыда озбыр ұлт қазақты қалаға жолатпады. Бірақ, тиіп-қашып қалаға келіп кеткендер, балаларын қалада оқытуды, қалаға қоныстануды армандады. Қонаевтың заманында бұны жоспармен, жүйелі жүргізуге мүмкіндік берілмеді. Кеңестік басқарудан құтылып, өз қолымыз аузымызға жеткендей болғанда да қалаға қоныстану стихиялы, бей-берекет, әркімнің қолы жеткендей шамада жүргізіліп жатыр.
Кеңес өкіметі тұсында дамыған қала құрылысы тәуелсіздік алар тұста қала халқын 40 пайыздан асырды. Осының бәрі қала өркениетін қалыптастыруда кемшіліктерге орын берді. Автор айтып отырғандай, ауыл тұрғыны қалаға стихиялы түрде барып жатыр. Шамасы келгендер үй сатып алып, жұмыс тауып, тыңғылықты орналасып, шамасы келмегендер жазда саяжай, қыста ешбір жағдайы жоқ, қалалық болып қалғандардың ауласына салған жатақханаға жайғасып, табылған жұмысты арзансынбай, жиренбей атқарып жүр.
Сайып келгенде урбандану жұмысын жүйелі атқарудың болмауын – қалалықтардың өз пайдасына бұрмалап, бюджетті жұлмалап, бақылаусыздыққа ұшыратып жатқандықтарының нәтижесі деуге болады. Біздің авторымыз осыны біле тұра, ауылға менменси қарап сөз айтатындай.
Автордың: «Шаруа – де-мократияға дейінгі қоғамда өмір сүретін тап», «Шаруа ұлт-ты келбеттейтін, ұлтқа тірек болатын тап емес. Шаруа мен ұлт – бір-бірімен кереғар ұғымдар» деген тұжырымдармен тіпті де келісе алмаспыз. Қазақстандық демократизмге қатысы жөнінде алдында біршама айтқан бола-тынбыз. Енді, әлемдік үрдіске жүгінсек, озық, тұрақты даму жолындағы елдерде шаруаны бұлай көкірегінен итермейді. Нарық экономикасын әбден меңгерген оларда шаруа әлі де қаланың асыраушысы. Бүкіл Еуропа шаруалары хуторлық жүйемен өмір сүреді, онысы үшін өздерін ешкімнен кем санамайды. Еуропаның үстімен түнде ұшақпен ұшып шыққанда жапырлаған хуторларды отынан танисың. 1994 жылы ауыл шаруашылығындағы жекешелендіру мәселесіне қатысты Чехия еліне барып танысқанымызда, бізді сол елді таныстыруға жалданған гид әйел қаладан 45 шақырым жерде тұратын үйіне шақырды. Ол Прагадағы сырттан келген кісілерге елді таныстыратын ұйымға тіркелген, солар арқылы жұмыс атқарады, оған қоса қаламен қарым-қатынасын пайдаланып, үйінде өндірген өнімдерін Прагаға сатуға әбден бейімделген. Қаладағы ресторандармен келісім шарты бар, кесте бойынша қыс демей, жаз демей, қанша кило бұзау еті, қанша шошқа еті, қанша құлпынай мен шие керек болса жеткізіп береді. Келісім шартта көрсетілген көлем – бұлар үшін міндетті. Қорасын көрдік, жемделіп тұрған тайыншалар мен мегежін. Көкөніс пен жеміс егілген, титімдей бос орын жоқ. Туатын малдары қала сыртында коммерциялық емес кооперативте, ішетін сүтін келісім-шартқа орай сол жерден алады. Қаладағы ресторанына шақырды, онда тамақ өнімдерін кімдер жеткізіп беретіні, олардың экологиялық тұрғыдан таза екені жазылып тұр.
Мұндай шаруа болса неге ұлтқа тірек болмасын. Бізде содан бергі 25 жылда осындай ұжым қалыптаспаса, онда біздің ұйымдастыру, үйрету жұмыстарымыздың кемдігі я жоқтығы. Бұған шаруадан гөрі каби-неттерінде сығылысып, тығылып отырған қалалықтар кінәлі. Қызметке көбіне білім-білігіне қарап емес, тамыр-таныстықпен өткізген, сол үшін жең ұшынан жалғасуға жол қойған билікшілер кінәлі. Олар өздерін қалалық сезінеді, шаруаға жирене, тыжырына қарайды. Мейіріммен қарамайды, мемлекет белгілеп берген, айлық алып отырған қызметін пара алуға бейімдейді.
Автордың: «Шаруа сауатының аздығынан билікке кімнің ке-ліп, кімнің кетіп жатқанын аңғармайды, саяси қайраткерлердің салауаттысы мен прогресшілін таңдай білмейді» – дегені өткен шақ. Бүгінде қолдағы ұялы телефон арқылы шаруаның ой-өрісі қала шенеунігінен кем түспеуіне әлеуметтік желі көмекке келді. Бұдан былай басқаруға жеңіл болсын деп халықты қараңғы ұстау қиялдан кетіп барады. Тек, ендігі жерде «адам факторы», «адами капитал» деген ұғымдарды аспанда ұшып жүрген бір нәрсе секілдендірмей, халықты бағыттаушы күш ретінде қалыптастыруымыз қажет. Бұл үшін биліктің идеологиясы құрал бола алмайды, биліктің идеологиясы биліктің өзіне ғана қызмет етіп әдеттенген.
Жақын жылдары, автор айтқандай емес, қалалық шенеуніктер ма-нипуляциялық амалдарды қолдана отырып, шаруаны қолындағы қуыршақша ойната алмайды, әкімшілік өктемдікпен, ақпараттық-психологиялық және материалдық мүмкіндіктерді пайдаланып, оларды бір арнадан ақпарат алуға мәжбүрлеуі қиын болып қалды. Бір партияға қабылдаттырып, сайлау учаскелеріне айдап кіргізіп, нұсқаумен «дауыс бергізу» де қамтамасыз етілмейтін кез кешікпей туады. Билеушiнің қай түрі болсын, халқын урбанизациялауға тыйым сала алмайтын болады. Бұған цифрландыру үдерісі қызмет етеді, жолдағы жолбике делдалдар керексіз болып қалады.
Автордың «шаруаның мәдениет жасауға зауқы да, қауқары да жоқ. Сондықтан, шаруа мәдениеті, ауыл мәдениеті деген ұғымдарда мағына жоқ» дегенімен қалай келісеміз біз?! «Тарих көшінен адасып қалып, желдің ығымен кеткен ауылда мәдениет те, білім де болған емес, болмайды да», «Өркениеттен жырақ, субаумақта қалуы халықты интеллектіден, мәдениеттен, этикадан да жырақ қалу жағдайына әкеп тіреуде» – деген сөзі тым артық. Өткен ғасырдағы озық орыс философы Николай Бердяевті студент кезінде сұғынып оқып едім. Сол Бердяевтің мәдениет туралы айтқаны күнделігімде әлі бар екен: «Культура, согласно их концепциям, сформированным в начале XX в., несет на себе отпечаток сакрального», және өркениет туралы: «Поверхностное «я» человека, очень социализированное, рационализированное, циви-лизованное, не есть личность в человеке, оно может быть даже искажением образа человека, закрытием его личности. Личность человека может быть раздавлена, человек может иметь много ликов, и его образ может быть неуловим. Человек часто играет роль в жизни и может играть не свою роль. Раздвоение личности наиболее поражает в первобытном человеке и в психически больном. В средне-нормальном цивилизованном человеке двойственность приобретает нормативный характер приспособления к условиям цивилизации и вы-зывается необходимостью лжи, как самозащиты. …Вполне социализированный и циви-лизованный человек может быть совершенно безличным, может быть рабом, не замечая этого. Личность не есть часть общества, как не есть часть рода. Проблема человека, т. е. проблема личности, первичнее проблемы общества». Демек, ауыл адамын мәдениет жөнінде де, өркениет жөнінде де қала адамынан бөліп қарауға мүлдем болмайды екен.
Автордың жазғанындай, «коммунистік билік иелері қазақтарға қатысты ғылыми негізге сүйеніп жобаланған екі бағыт ұстанды. Біріншісі – Қазақстан тұрғындарының ішіндегі жергілікті халықтың үлесін мейлінше азайту, екіншісі – олардың өзін ауылды елді мекендерде шоғырландыру. Әлеуметтік-демографиялық сая-саттағы осы екі бағыт бұдан былайғы уақыттардағы қазақтардың рухани күйін де айқындаушы факторға айналды» деуі орынды шығар. Дегенмен, қазақ елі өз билігі өзінде болмай, содыр, менменшіл елдің құрсауында болғандығын ауыл адамының «саяси сауатсыздығынан, құқықтық нигилизмнің дендеуін қарсы тұрмаудан, демократиялық мәдениеттің жоқтығынан» көруге немесе ол үшін сол кездегі билікті жазғыруға бола қоймас.
«Ауыл – қазақтың көпшілігінің туылған, өскен ортасы, кіші отаны екені рас. Отан болған соң оны сүю керек, оның қамын ойлау, ол туралы жағымды эмоция білдіру, жазу, ән салу, бәрі керек. Ауылшыл философияның арқа сүйер тірегі осы. Осы кереғарлықтың мәні қазақтың кіші Отанын сүюінің астарында Үлкен Отанының бейнесінің күңгірттеніп кетуінен көрініс берді. Екінші сөзбен айтқанда, ауыл ұғымы Қазақстан ұғымынан жоғары шығып кетті» деген автор сөзін мақұлдасақ болар, бірақ, оның негізінде «қаладан қашу» жатқан жоқ, оларды қалаға кіргізбеуге барынша күш салынды. Ол «бетке ұстар құндылық және соның өндірімі болып шығатын менталитет ретінде қазақтың санасын әбден меңдеді, ауыл киелі ұғымға айналып, фанатиктің деңгейінде қорғалатын болды. Қазақтар өзге дүниені өзінің «үңгір идеалы» – көңді ауылдың жанындағы күлтөбенің биігінен ғана бағалады. Олардың ойынша «ауылым» деп ән салып, өмір сүру керек, ауылдың келеңсіз жақтарын айтуға болмайды. Тіпті, жақсарту ниетімен, ауылдың бір мәселесін шешу мақсатында да айтуға болмайды. Ауылдағы кемшілікті айту қазаққа қарсы шығу, қорлау ретінде қабылданды».
Автордың бұл сөздері бүгінде адыра қалған ауылды жақсартудың жігерге, мейірімге, жанашырлыққа негізделмей жүргізілуін білмейтінін ғана көрсетеді. Ал, «үңгір идеалы», «көңді ауыл» деген сөздер оқыған, көзі ашық адамның салғастыруы емес.
«Ауылдан тыс жерлерде болып жатқанның бәрі – ашық қоғам адамдарының сөзі, ойы мен әрекеті, олар ұстанған бағыттар ауыл адамының кәлласына сыймады. Қазекеңнің ойлау және әрекет ету стиліндегі өзгешелік оның ерекшелігінде немесе арнайылығында емес, шаруашылығын индустриялы әдіспен жүргізетін адамдардың логикасымен қабыспайтынынан көрініс беріп жатты. Билiктiң барлық буындарындағы қазақ кадрлары мен оқығандарының бәрi дерлiктей кез келген дамыған ел экономикасында қала өнеркәсiбiнiң үлесiнiң басым болатындығын, қоғамның саяси-экономикалық, мәдени-әлеуметтiк дамуында қаланың жетекшi рөл атқаратынын, өркениеттi ұлт болып қалыптасу жолдарын тек қаладан iздеу керектiгiн, ауылда қалудың арты рухани аялардың бәрінде артта қалу, ақыры ұлттың құрып кетуіне апарып соқтыратынын түсiнбеді.
Осы уақытқа дейiн қазақ зиялысы үшін қала жат, тылсым және үрейлі болып қалып отыр. Қалаға бейiмделе алмау дерті (адаптационный синдром) ауыл әлемі өкілінің менталитетінде әлеуметтік маңыз аларлық деңгейде көрініс беретін, оның әрекетіне басшылық ететін факторлардың бастысына айналған. Қазақ зиялысы қаласы бар, өндірісі бар, экономиканың басқару тетіктерін ұстай алған халық – ұлт, қаласы жоқ, өндірістен және оны басқарудан аулақ қалған халық ешқашан ұлт болып жарытпайтыны әмбеге аян» – деген ойды мақұлдауға болар. Мақұлдар да едік, бірақ, бұл – кешегі 70-ші жылдардың әуені. Қазір, тіптен де, олай емес. Қазір ауыл адамының белгілі бір мөлшері қалада тіркелмей-ақ, қаншама қиындықтарға қарамастан өмір кешуде. Олардың ауылға қайтқысы келетіндері некен- саяқ.
Қазақ «мал соңынан еріп, далаға кеткен» жоқ, қазақты «кетірді». «Ұлттың қалыптасуы туралы теориялардың бәрінің ұлттың пайда болуы мен дамуының нарық ұстанымдарына құрылған капиталистік өндіріс тәсіліне, қала өнеркәсібіне тура тәуелділікте болатынын» біле тұра, қалаға жетуіне мүмкіндік берілмеді. Рас, қалаға баруды «бұзылып кету, шпана болу» деп ұғатындар болды. 1966 жылы мен мектеп бітіріп, оқуға түскім келгенде осындай қорқыту сөздерін өзім де естідім.
Ал, «Қазақ тарихының кезеңдерін алып қарай отырып, туған халқының қалалары мықты болған кезі мәдениеттің, білімнің, ғылымның шарықтаған, дамыған тұсына, қаладан айырылып, мал соңынан еріп, далаға кеткен кезі ұлттың ыдырауына сәйкес келетiнiн сауатты саралаған жоқ. Ұлттың қалыптасуы туралы теориялардың бәрінің ұлттың пайда болуы мен дамуының нарық ұстанымдарына құрылған капиталистік өндіріс тәсіліне, қала өнеркәсібіне тура тәуелділікте болатынын үнемі дәлелдеп келе жатқанын олар мойындағысы келмеді» – деген автор тұжырымына келісеміз. Бірақ, мойындағысы, жасағысы келмегенінің себебі де дәлдеп айтылуы тиіс еді.
Қазақты қалаға жолатпау, келе қалғанын ығыстыруға күш салу сонау Кеңес өкіметі құрылған кезден басталып, тәуелсіздік таңы атқанға дейінгі 70 жыл бойы жалғасып келді. Қазақтың арда ұлдарының бірі Смағұл Сәдуақасов өткен ғасырдың 20-жылдарында: «Егін салатын, көбінесе, орыс халқы. Мал бағатын қазақ жұрты» дей келе: «осылай жалғасып кете беруі тиіс пе? Қазақ шаруасының өз жерінен ығыстырылып, тек мал бағуға ғана жарайтын жерге ауып жатқанының себебі осы ғой», – деп, қазақты қалаға жақындатпауды түп-тамырын ашып көрсетті.
Ол қазақ крайкомының басшысы И.Голощекинді Қазақстанда ірі өндіріс орындарын ашудың керегі жоқ, тек диірмен, жүн жуатын, май шығаратын, цехтар сияқты ауыл шаруашылығына қызмет ететін майда өндіріс болса болды деген сөзі үшін қатты сынға алады. «Голощекиннің бұл сөзі Қазақстан бірыңғай аграрлық ел болып қала беруі тиіс» деген астамшылдық пиғылдан туған, ол «Қазақстанда өндіріс ошақтары болса, қазақ елі өз алдына оқшауланып кетеді» деп қателеседі, сонда, Қазақстанда шойынжол салсақ, онымен жуылған жүн тасыған дұрыс па, жоқ, дайын кездеме мен киім тасыған дұрыс па? – деп, қазақтың жүні тек Мәскеуде ғана кездеме мен киімге айналудың қаншалықты қажеті бар», – деген ойын бүкпесіз ашық айтады. «Егер, біз өзімізде өндірісті дамытсақ, онда ауылдағы «екі қолға бір жұмыс» таппай жүрген адамдарды жұмыспен қамтамасыз етеміз, сол арқылы ауыл адам-дарын қалалар мен қалалық поселкелерге қоныстандыруға жол ашамыз, яғни, елді мәдениетті болуға қарай сүйрейміз, сондықтан, біз индустрияландыруды үлкен күшпен дамытуға тиіспіз, сол арқылы біз ауыл шаруашылығын да рационализациялауға жетісеміз», – деген сөзі бүгінде көріпкелдің сөзіндей көрінеді, бұл біздің авто-рымыздың қаланы ауылға қарсы қойып, ауылды бірыңғай жамандық санаған орынсыз пікіріне жауап.
«Ауыл әлемінің адамы үшін ғарыш – кеңiстiк емес; өркениет – қауым емес; индустрия – шаруашылық жүргізетін әдіс емес; қала – тұратын мекен емес; адам еркiндiгi мен демократия – құндылық емес. Мәдениет, ғылым, техника, технология, әлеумет, саясат, азаматтық қоғам, қала адамының жан дүниесі, менталитеті, тіні, мүддесі, құндылықтары, арманы, мақсаты – көркем шығармаға тиек болатын объект емес. Өмiр қалай ағып барады, дамудың беталысы қайсы, өркениеттi қоғамдар не тындырып жатыр, онымен қазақтардың ісі шамалы. Олар үшiн қаласы көп, сонда шоғырланған халықтардың бәрi ақымақ, ал, ауылға жайғасып алып, ет жеп, қымыз iшiп, той жасаудың ретiн iздеумен күнелтiп жүрген қазақ қана данышпан. Ол жаһанданып жатқан қоғамның екпінін де, тегеурінін де, интеграциясын да, сайын даладағы сағым қуудың енді көзден бұл-бұл ұшатынын да сезген жоқ». Бұл да мойындауға тұрарлық кемістік. Дегенмен, мұны да қала адамы үйретпегені, жол көрсетпегені, жүйелі іс атқармағаны үшін бөлісуі тиіс.
Мақала соңында автордың қос қолдап қолдарлық бір ұсынысы бар, ол – үлкен қалаларға бар күшті жұмсай бермей, сонымен қатар: «ауыл тұрғынына шын жаны ашитын билік оның өзін еңбекке қосып, қолында бар шикізатын пайдаланып өнім шығаратын кәсіпорындар салуды ұйымдастыруы керек. Және ол кәсіпорындарды ірі қалалар мен мегаполистерге емес, сол ауылға жақын, шағын қалаларға орналастыру керек» деуі автордың ауылға Абайша қаһарат айтқанының бәрін жуып-шайып тұр. Рас, «Ауыл қазағының қолында астық, жеміс, көкөніс, ет, сүйек, сүт, тері және жүн бар. Демек, қалаларда тамақ және жеңіл өнеркәсіп орындарын салу керек. Егер, қалада шұжық пен сосиска, айран, май, ірімшік шығарылып, жеміс-жидек семдіріліп, мүйіздер мен сүйектерден дәрілер жасалып, былғарыдан тон, қолғап, аяқкиім тігіліп, жүннен тоқыма, маталар шығарылып, көйлектер мен костюмдер тігіліп, шет елдерге шығарылып жатса, мінеки, сонда ғана ауылдың ажары ашылып, күйі жақсарады. Ауыл адамына қолындағы бар байлығын – мал, астық, көкөніс өнімдерін кәсіпорынға сату мүмкіндігін жасап беруден асқан көмектің керегі жоқ. Сондай мүмкіндік туатын болса, ауыл өзіне баратын жолды да өзі жөндеп алатын, таза су құбырын да өзі тартып алатын, республикалық бюджетке де өзіндік үлес қоса алатын ауқаттылыққа қол жеткізеді. Билік тек шеттен келіп жатқан арзан және сапасыз тауардың ағылуына тосқауыл қойып, шағын қалалардағы кәсіпкерді тонаудан бас тартса болды» деуі шындық. Бізде әуелден осылай ұйымдастыруға мүмкіндік болды. Түрлі билік иелерінде және олардың кеңесшілерінде: «ауылдағы кәсіпорындардың мүліктерін бөліп берсек, шаруа өз ісін дөңгелетіп алып кете бермей ме?!» деген пікір басым болды. Түрлі коммуналарда ғана жұмыс істеген көнбіс, мақұлшыл шаруа бұған да үндемей көнді. Бірақ, сол кездегі тапшылық пен таршылыққа төзбеу, алған мүлкін бір жылға жетпей рәсуә етті.
Ауылдық кәсіпорындарды же-кешелендіруде де қателіктер болды: билік шаруашылық серік-тестіктерін ғана қолдады, ұсақ шаруалардың бірлесуіне қолайлы өндірістік кооперативтер қолдаусыз болғандықтан ұйымдастырылмады. Тіпті, олар туралы ақпаратты мемлекеттік статистикадан алып тастады. Шаруашылық серіктестіктері билікке де, банкке де қолайлы болды, олардан аса байлар өсіп шықты, бірақ қарапайым халық Мұхтар Әуезовті: «Халық деген бишара ғой, сойыл соғысқанда бірге соғысады, үлеске келгенде құм асайды» дегеніндей, білімсіздігі мен жігерсіздігі нәтижесінде игіліктен құр қалды. Бұл да ірі байларды қолдайтын қалалықтар ұйымдастырған қасақана әрекеттер еді. Өйткені, ірі байлардан кең көлемде пайда түседі. Расы осы.
Тәуелсіз ел болғанымызға 30 жылға жуықтап келеді. Көп іс ат-қарылды. Алдағы міндетіміздің бастысы – ауылды қалаға көзтүрткі еткісі келетін пікірлерді жеңіп, ауыл шаруашылығын экономикалық өсімнің басты драйверіне айналдыру мақсатын іс жүзінде өмірге енгізу. Билікшілер Қазақстанның жері 1 миллиард адамды асырайды деп жүр. Суармалы жер көлемін 3 миллион гектарға жеткізіп, сол жерді тиімді пайдалану жолға қойылса, онда көкөніс, жеміс, бақша, картофель, капуста, қант қызылшасы сынды өзімізде өнетін өнімдерді сырттан тасымалдауды тоқтатсақ, онда мол табысқа кенелер едік және қаншама тұрақты жұмыс орындары ашылған болар еді.
Ендігі айтпағымыз, автор ауылды сынап-сынап, ешқандай ұсыныс айтпай құтылып кетіпті. Мемлекеттік басқару саласының маманы ретінде өзім жақсы білетін оңтүстік өңірін мысалға ала отырып, мынаны айтқым ке-леді: өңірдегі Сарыағаш, Келес, Жетісай, Атакент, Қазығұрт, Тұрар Рысқұлов, Леңгір, Темірлан, Шаян, Отырар, Шолаққорған, Асықата сияқты 20-70 мың тұрғыны бар шағын қалалар мен ірі кенттер 50-200 мыңдық қалаларға айналуы тиіс. Сонда, олар азық-түлік өнімдерін өңдеуші және жұмыс беруші орталықтарға айналады. Әлемдік үрдісте де солай. Қала десе Астана мен Алматыны мегзей бергенді қоюмыз қажет. Сосын, осы аталған қалалар үшін «шағын қала» деген терминді лексиконымыздан алып тастауымыз қажет, олар ешуақытта Арқалық пен Жаңатастың кебін кешпейді, өйткені олардың тө-ңіректері ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне толы, бұл руда сияқты емес, ешқашан сар-қылмайтын шикізат.
Сосынғы айтарымыз, ешбір елде тау мен дала, облыс-облыс болып айрықшалану игілікке жеткізген емес, қайта алауыздықты өршіткен. Біздің басқа проблемаларымыз аздай, енді қала адамын әспеттеп, ауыл адамын жерге жатқызып сабағандай ету зиянды және нашар өнеге.
Рушылдығымыз жөнінде ерекше айтуға тиіспіз. Ежелгі Қытай мен Үрімде де руларға негізделген шағын мемлекеттер болған (бүгінгі Қытай 50 хандықтың бірлестігі), кейіннен өздерінің ыдырап, жоқ болып кетуінен қауіптеніп, бірігуге мәжбүр болған. Біздің рушылдығымыз тіптен тереңдеп, қазағымыздың жілік майы мен тырнақ астына дейін сіңіп кетті. Бұлай жалғаса берсе, ұлтымыздың сақталып қалуына қауіп. Бүгінгі өмір сүру қалпымыз цифрландырудың, блокчейннің, жасанды интеллекттің дамуына қарай түбегейлі өзгеру алдында тұрмыз. Ол – жаңа дәуір. Оған дайындығы ең төмен елдің бірі біздерміз. Сондықтан, ояну, жігерлену, білім-білігімізді жетілдіру бізге өте-мөте қажет. Үлкенді-кішілі билігіміздің де, зиялымыздың да, байымыз бен кедейіміздің де жадында осы мықтап сақталуы тиіс.
Бұдан жүз жылдай бұрын Смағұл Сәдуақасов бір кейіпкерінің аузына мынадай сөз салады: «Біз, міне, бәріміз де жаспыз! Бір-екі ауылдың арасында қыдыруды білеміз!.. Баяғыдан бері қыдырумен келеміз… қыдырумен ата-бабамыз өтті. Қыдырумен әке-ағамыз өтті! Бәрі де әуелде біздей бозбала еді! Осы күні қартайып шал болды. Ертең өледі… Біз де бүгін бозбала! Ертең біз де шал. Бізге де өлім! Біз осы күні не істеп жүрміз! Ертең неге жарамақпыз? Біз неге оянбаймыз? Біз неге ұйқыдамыз?» – депті. Осы сөз бүгін де өзекті. Бүгін де осылайша ағысқа ерумен, болмаса ата-анасының байлығымен тоқтықтан есіріп жүргендеріміз аз емес. Біз алда келе жатқан жаңа заманға дайындыққа, етек-жеңімізді жиюға әлі кіріскеміз жоқ.
Иса пайғамбардың ұрпақтары жиі айтатын мынадай бір мәтел бар: «Если вы всегда делаете то, что вы всегда делаете, вы всегда получаете то, что всегда получаете» деген. «Оян, қазақпен» қоса, осыны да терең насихаттауға тиіспіз.

Алдыңғы «
Келесі »

Пікір қалдыру

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды.